Білім саласына басымдық беріледі

Білім саласына басымдық беріледі
ашық дереккөз
Білім саласына басымдық беріледі
«Мектепке жол» жобасы аясында облыста 12 мектеп салу жоспарланған. Бұл бір ауысымда 9200 жаңа оқушы орнын, екі ауысымда 18,4 мың орын ашуға мүмкіндік береді. Заманауи технологиялық және инженерлік жабдықтармен, ыңғайлы оқу және корпустық жиһазбен жабдықталатын білім ошақтарының құрылысына жауапты «Samruk- Kazyna Construction» акционерлік қоғамы жайлы мектептердің сәулеттік және дизайнерлік шешімдерінің жалпыхалықтық талқылауын жариялады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Мемлекет. Біртұтас Ұлт. Берекелі Қоғам» атты Жолдауында «Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан- жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды. Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады. Жалпы, мектеп салу Үкімет және әкімдіктер үшін басты міндеттің бірі болуы керек», – деп тапсырма берген болатын. Биыл аймақта 7 мектептің құрылысы басталады. Бұл мектептер келесі жылы пайдалануға берілмек. Атап айтқанда, 300-600 орындық оқу орындары 2024 жылдың 1 қыркүйегіне дейін, ал 900-2000 орындық мектептер келер жылдың соңына дейін балалардың игілігіне беріледі. Ал, 5 жайлы мектептің құрылысы келесі жылы басталып, 2025 жылы тапсырылады деп жоспарланып отыр. Жалпы, 2023-2025 жылдар аралығында ел бойынша жаңа форматтағы 369 заманауи мектеп салынып, 738 мыңға жуық білім ошағы ашылады. Жамбылдықтар да ел болашағы – жастар білім алатын оқу орындарының құрылысына бей-жай қарамай, «Samruk-Kazyna Construction» сайтына өтіп, мектептердің келбеті, архитектурасы, сыртқы және ішкі дизайны, интерьері және көлемдік- жоспарлау шешімдері көрсетілген сауалнамаға қатыса алады. Конструктивті сын, ескертулер мен ұсыныстар биыл 17 қыркүйекке дейін қабылданып, қаралады. Одан кейін, жайлы мектептердің жобалық- сметалық құжаттамасы мемлекеттік сараптамаға жіберіледі деп күтілуде. Аталған компанияның Басқарма Төрағасы Мәулен Айманбетов: – Біздің мақсатымыз – ұлттық жобаны жүзеге асыру барысын барынша ашық ету. Сондықтан, мектептердің жобасын бүкіл халық болып талқылауды жөн көрдік. Біз алғашқылардың бірі болып мұндай бастаманы іске асырып жатырмыз. Оқу ошақтары сапалы білім беріп қана қоймай, оқушылардың қарым- қабілеттерін дамытып, белсенділігін арттырып, болашақ мамандығын таңдауға жол ашады. Ең бастысы, жайлы мектептер балаларды, жастар мен ересектерді өзіне тартатын орталыққа айналуға тиіс. Сол себепті, қазақстандықтарды сауалнамаға белсене қатысуға шақырамын, – деп мектептерді жобалауға аса көңіл бөлетінін айтты. Жобалық-сметалық құжаттама толық, егжей-тегжейлі және жан- жақты ойластырылған болуы керек. Өйткені, оқушылар үшін қолжетімді, қауіпсіз және жайлы білім беру ортасын құру қажет. Тараз қаласы бойынша Шөлдала алабында 600 орын, №13 шағынауданында 1200, №15 шағынауданындағы 1200 және 2000 орындық мектептер келер жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде. Шу қаласы мен Тоғай алқабындағы 600 орындық білім ошағының құрылысы 2025 жылы басталып, сол жылы тапсырылады. Ал, Байзақ ауданы, Сарыкемер ауылында 600 орындық мектеп келесі жылы, Меркі ауылында дәл осындай білім ошағы арғы жылы балалардың игілігіне берілмекші. Жамбыл ауданы Шайқорық ауылында 300, Қордай ауданы, Қордай ауылында 900 орындық мектептер 2025 жылы салынып бітеді. Келесі жылы Қордай ауданының Қаракемер, Қарасу ауылдарындағы 300 орындық білім ошағы бой көтереді деп жоспарлануда. Жайлы мектептердің ауданы стандартты жалпы білім беретін оқу орындарынан 15-20 пайызға үлкенірек болады. Сондай-ақ, техникалық жарақтандыру үлесі 4 есеге ұлғаяды, яғни оқу кабинеттері интерактивті тақталармен және компьютерлермен жабдықталады. Бекітілген жоспарға сәйкес, жайлы мектептер халық көп шоғырланған, оқушы орындары жетіспейтін өңірлерде салынады.  

Назерке СӘНДІБЕК

Ұқсас жаңалықтар