Жол қауіпсіздігін қатаң сақтау қажет

Жол қауіпсіздігін қатаң сақтау қажет
ашық дереккөз
Жол қауіпсіздігін қатаң сақтау қажет
Бұл күнде облыс аумағында көлік те, көлік қозғалысы да көп. Көлік жүргізудің тәртібі қанша күшейтілсе де, айыппұл көлемі өссе де, жол ережелерінің бұзылуы, соның салдарынан жол-көлік оқиғасының тіркелуі, адам өлімі жиі орын алуда. Нақты дерекке сүйенсек, биыл 7 айда облыс аумағында орын алған жол-көлік оқиғаларының саны 35,9 пайызға, қаза болғандар саны 18 пайызға және жарақат алғандар саны 39 пайызға төмендеген. Оның ішінде, жасөспірімдердің қатысуымен орын алған жол-көлік оқиғасы 27,4 пайызға және жарақат алғандар саны 33,5 пайызға жетіп отыр. Ал, қаза болғандар 46,2 пайызға өскен. Республикалық маңыздағы автожолда 37 жол-көлік оқиғасы орын алған. Салдарынан 6 жасөспірім қайтыс болып, 52 жасөспірім дене жарақатын алған. Жергілікті маңыздағы автожолда 15 жол-көлік оқиғасы орын алып, 8 жасөспірім көз жұмған. 11 жасөспірім дене жарақатын алған. Жасы кәмелетке толмаған велосипедшілердің қатысуымен 13 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 1 адам қаза болып, онда 13 адам дене жарақатын алған. Жасы кәмелетке толмаған мопедшілердің қатысумен 7 жол-көлік оқиғасы тіркелген және 7 адам дене жарақаттарын алған. Жасы кәмелетке толмаған жолаушылардың қатысумен 77 жол оқиғасы тіркеліп, 16 адам қаза болған. 104 адам дене жарақатын алған. Облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қадағалау басқармасы жол жүрісін қадағалауды ұйымдастыру тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция подполковнигі Болат Ізбасаров өңірлік коммуникациялар қызметінде баспасөз мәслихатын өткізіп, бірқатар ақпараттар берді. Оның айтуынша, жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған іс-шаралар үздіксіз жүргізіліп жатыр екен. Атап айтқанда, 2023 жылға арналған іс-шаралар жоспарына сәйкес, облыс аумағында биыл 27 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында «Абайлаңыз, балалар» атты жедел алдын алу іс-шарасы өткізілген. Оның негізгі мақсаты – балалардың жарақаттануының алдын алумен қатар, жол жүрісі қауіпсіздігі тақырыбында дәрістер, әңгімелесулер, конкурстар өткізу, семинарлар мен тренингтер ұйымдастыру, педагогика қызметкерлерінің біліктілігін арттыру, жалпы білім беретін мектептерде, мектепке дейінгі және қосымша білім беру мекемелерінде оқушылардың жол жүрісі қағидаларын зерделеу мәселелері бойынша сабақтар өткізу. Жергілікті атқарушы органдармен, білім беру және денсаулық сақтау органдарымен, үкіметтік емес ұйымдармен, басқа да мүдделі заңды және жеке тұлғалармен бірлесе бірқатар жұмыстар атқарылыпты. Жыл басынан бері жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде облыс аумағында «Абайлаңыз, балалар», «Балалардың жолдағы қауіпсіздігі», «Назар аударыңыз, балалар» «Жүргізуші абай болыңыз – жолаушыңыз бала» және тағы басқа профилактикалық іс-шаралар мен акциялар ұйымдастырылған. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде облыс, аудан орталықтарындағы барлық мектептерде оқу ауысымы кезеңінде балалардың жарақаттылығын алдын алуда патрульдік полиция қызметкерлерімен оқу жылы басталған соң кезекшіліктер ұйымдастырылады. Жыл басынан бері білім беру, мектепке дейінгі, спорт мекемелері маңына 20-ға жуық жол белгілері мен билборд, панолар орнатылыпты. Көлік құралдарының жүргізушілеріне және жаяу жүргіншілерге жол қауіпсіздігі ережелерін сақтау туралы 7 мыңнан астам үнпарақтар мен жадынамалар таратылған. Сондай-ақ, облыстың автожолдарында 10 дана билборд орнатылған. Қалалық патрульдік полиция батальонының қызметкерлері қатарынан құрылған топ күн сайын автокөлік жолаушылармен жол арқылы өту кезінде жол қауіпсіздігі ережелерін сақтау туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Бірақ, сонда да жол-көлік оқиғасы азаяр емес. Жиын соңында Болат Ізбасаров БАҚ өкілдері тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.  

Есет ДОСАЛЫ.

Ұқсас жаңалықтар