Дала төсіндегі дүбір

Дала төсіндегі дүбір
ашық дереккөз
Дала төсіндегі дүбір
Ауданда орақ науқаны қызу жүргізілуде. Жалпы, Мойынқұм өңірінде 25247 гектар шабындық бар. Мал азығын әзірлеумен айналысатын ондаған шөпшілер бригадасы қысқа қажетті жемшөптің басым бөлігін жинап алған. Мал азығын дайындауға ауданда 80 ауыл шаруашылығы техникасы жұмылдырылған. Аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қуандық Төлеубековтің айтуынша, жалпы, ауданда 168 мың тонна шөп дайындау жоспарланса, бүгінгі таңда 136 мың тонна шөп жиналған. Осы айда уақ мал үшін жантақ шабылады. Ауыл тұрғындары үшін шөптің 250 килограмдық бір орамы 4000 теңгеден, бір тайланған шөп 500 теңгеден өткерілуде. – Аудан бойынш амал азығын дайындау жұмыстарына «Молшылық», «Ерік», «Байсубай», «Дарын», «Зейін», «Үркер», «Ардақ», «Айқын», «Жарылқасын», «Аяулым» шаруа қожалықтары Ұланбел, Қарабөгет ауылдық округтеріндегі шабындықтарға орақ салған. Сонымен қатар, Айдарлы, Бірлік, Биназар, Қызылтал, Күшаман, Жамбыл, Мойынқұм ауылдық округтеріндегі суармалы шабындықтардан да мал азығы молынан дайындалуда. Жалпы, мал қыстауларына түсетін 63 993 бас мүйізді ірі қара, 204219 бас қой-ешкі, 12 927 бас жылқы, 1000 түйе қыстан қысылмай шығады деген сенімдеміз, – дейді Қуандық Төлеубеков. Шөп шабу науқанын ұйымдастырып отырған қожалықтың бірі – «Жарылқасын» шаруа қожалығы. Жетекшісі Бексұлтан Ердосовтың айтуынша, шөп шабу науқаны жалғасуда екен. «Дала төсінде еңбек етіп жатқан шөпшілер бригадалары жатын орынмен, ыстық тамақпен қамтылған. Олардың табысы еңбегіне қарай төленеді. Бригада құрамы негізінен жастардан құралған. Олар қара күзге дейін шөп шауып, мал қыстауларына жеткізумен айналысады. Олар бүгінде дала төсінде тынымсыз еңбек етуде, – дейді қожалық жетекшісі.  

Жолдыбай ДӘМЕТОВ,

журналист.

Мойынқұм ауданы.

Ұқсас жаңалықтар