Қаратауда қылмыспен күрес қандай деңгейде?

Қаратауда қылмыспен күрес қандай деңгейде?
ашық дереккөз
Қаратауда қылмыспен күрес қандай деңгейде?
Бұрында ел ішінде «Қаратауда заңсыздықтар жиі кездеседі» дегенді естуші едік, ал, қазіргі жағдай қалай екенін білмекке кеншілер қаласына арнайы бардық. Көшеде кездескен тұрғындармен сөйлесіп, пікірлерін білдік. Көбі бұдан біраз бұрын кеңес өкіметі тарағаннан кейінгі тоқырау кезінде бұл жерден біраз жұрт көшіп кетіп, қаңырап қалған бос үйлерде түрлі тәртіпсіздіктер жиі орын алғанын айтты. Бүгінде кезінде иесіз бос қалған көпқабатты үйлер қайта жаңартылып, жөнделген. Ашық-шашық қирап жатқан қараусыз ғимарат көзге түспеді. – Бұдан біраз жыл бұрын мұндағы көпқабатты үйлердің бірқатары иесіз бос қалып, әркім керегін алып, тас-талқаны шығып жатты. Әбден тозығы жеткен бос ғимараттарға қашқын, арам пиғылдылардың тығылатыны, жасырын іс жасайтыны белгілі ғой. Сондай қараусыз қалған үйлерде айтарлықтай төбелес орын алған жайттар да болған екен. Оған қоса, Қаратау тау бөктерінде орналасқан. Заңсыз әрекет жасап, жазадан қашқан басқа өңірдің азаматтары қашып келіп, Қаратаудың тауына тығылып, осындағыларға қиянат жасайды ма деп қорқатынбыз. Міне, осындай жағдайлардан «Қаратауда қылмыс көп» деген қауесет тарады. Шүкір, қазір иесіз үйлер жөнделіп, қайта қалпына келтірілді. Қаламыздың іші біраз реттелді. Жан-жақты бақылау жұмыстары да жүзеге асырылып жатыр. Дегенмен, ел іші болған соң жол апаты, ұрлық-қарлық дегендей келеңсіздіктер болып тұрады. Өзіміз қазір қалада тәуліктің кез келген уақытында қорықпай жүре алатын жағдайға жеттік, әйтеуір, – деді қаратаулық Бақтияр Алдаберген. Қаратауда қауіпсіздік шаралары қалай жүргізіліп жатқанын білмекке қала әкімдігіне бет бұрдық. – Қоғам болған соң, заңбұзушылықтар болып тұратыны рас. Қаратауда 28 мың халық бар, бәрінің соңынан қадағалап отыру мүмкін емес. Дегенмен, қылмысты болдырмау шаралары аудандық полиция бөлімімен бірге үздіксіз ұйымдастырылып тұрады. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – басты назардағы міндетіміз. Осы мақсатта өткен жылы 30 бейнебақылау қондырғыларын орнаттық. Оның 29-ы бейнебақылау болса, біреуі жол қозғалысы қауіпсіздігін күшейтуді көздеген жылдамдықты шектеу қондырғысы. Ол қала орталығындағы Бауыржан Момышұлы атындағы үлкен көшенің бір жағына қойылған. Бұл көше екі бағытты жол, енді соның екінші бағытына да жылдамдықты шектеу қондырғысын қоюға ұсыныс бермекшіміз, жақында қойылады деп жоспарлап отырмыз. Бүгінде қаламызда 45 бейнебақылау қондырғысы бар. Бақылау жұмыстары мұнымен тоқтамайды. Тұрғындар тұрмыстық қалдықтарын шашып кететін орындарға да қоюды аудан әкімі тапсырды, ол жүзеге асса, тәртіпсіздіктерге тосқауыл болары анық. Сонымен қатар, аудандық полиция, төтенше жағдай бөлімдері тарапынан да түрлі рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылып тұрады. Атап айтсақ, Талас аудандық полиция бөлімінің барлық күштері мен құралдарын қылмысқа қарсы іс-қимылды күшейтуге, профилактикалық алдын алу іс-шараларын белсенді жүргізуге, әкімшілік құқықбұзушылықтарды анықтап, жолын кесу үшін биылғы 6 айда 300 бірлескен рейд жүргізілді. Оның ішінде жастар мен жасөспірімдер шоғырланған жерлерді тексеруге бағытталған 180 мектеп рейді ұйымдастырылды. Былтыр жасалған Жартас деген жасанды көліміз бар, сонда қазіргі шомылу маусымында жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «Қауіпті аймақ», «Шомылуға болмайды!» атты ескерту тақтайшалары ілінді. Осы көлдің аумағын төтенше жағдай бөлімінің арнайы құтқару жасағы қайықтарымен кезекшілік етеді, күнделікті балалар шомылуға шығатын түске таяу уақыттан бастап түн ортасына дейін қадағалайды. Биыл 6 ай ішінде ауданымызда қоғамдық орындарда жасалған ұрлық қылмысы өткен жылмен салыстырғанда 25 пайызға өскен. Яғни, 5 ұрлық дерегі тіркелді, оның үшеуі ұялы телефон, біреуі құбыр, біреуі велосипед ұрлау. Құбыр, яғни темір люкті ұрлау түнгі мезгілде болған. Ол көшеде орнатылған бақылау қондырғысы арқылы анықталып, үш адам ұсталды. Қалған орын алған ұрлық деректері иесінің салғырттығынан болған. Жалпы, қоғамдық орындарда мәдениетті қалыптастыруға, әр азаматтың өз жауапкершілігін естен шығармауына үндейтін, заңбұзушылықтардың алдын алу іс-шараларына тек құқық қорғау саласының қызметкерлері ғана емес, ардагерлер кеңесі, билер алқасы, жастар орталығы да үлес қосады, – дейді Қаратау қаласы әкімінің орынбасары Руслан Өміралиев. Ауданның ерекшеліктері мен криминогендік жағдайын ескере отырып атқарылған жұмыстардың нәтижесінде пәтер ұрлығы 80 пайызға, мал ұрлығы 60 пайызға азайып, барлық қылмыс ашылған. Алайда, ауданда кәмелетке толмағандар жасаған қылмыс 200 пайызға өскен. Тіркелген жасөспірімдер қылмысының ішінде пышақпен ауыр дене жарақатын салу бар. Аудандық және Қаратау қалалық әкімдіктері жанындағы кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссиялар өз тараптарынан қылмыстың алдын алу шараларын ұйымдастырып отырғандарын айтады. Мәселен, жыл басынан бері 11 отырыс өткізіп, аудан бойынша 6 жасөспірім және 7 қолайсыз отбасын есепке алған. Биылғы бірінші жартыжылдықта 300 рейд жүргізіліп, 114 жасөспірім түнгі уақытта қадағалаусыз қалғаны үшін аудандық полиция бөліміне жеткізілген. Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына 7 жасөспірім орналастырылған. Жастар арасында тәртіпсіздікті болдырмау мақсатындағы іс-шараларды аудандық жастар ресурстық орталығы ұйымдастырып жүр. – Аудан жастарының арасында құқықбұзушылықтың алдын алу негізінде 53 іс-шара өткізілді. Оның ішінде дөңгелек үстел, кездесу, семинарлармен қоса «Қоғамдық сақшы» жобасы аясында Қаратау қаласында және ауылдық округтерде 12 түнгі рейдтік жұмыстар ұйымдастырылды. Оған 1080 жас азамат қамтылды. Аталған іс-шаралар Facebook, Instagram әлеуметтік желілерінде де жарияланды. Салааралық бірлескен жұмыс жоспарына сәйкес, Қаратау қаласы мен 13 ауылдық округте аудандық полиция бөлімінің учаскелік инспекторларының, қоғамдық ұйымдар мен мектептердің қатысуымен түнгі рейдтер өткізіп келеміз, – дейді аудандық Жастар ресурстық орталығының директоры Нұрсұлтан Манатбеков. Ауданда биылғы алты айда есірткі заттарын сату, сақтау, пайдалану және тасымалдаудың 6 дерегі тіркелген. Ал, қоғамдық орындардың тазалығына нұқсан келтірген, жасыл екпелерді бүлдірген 15 тұлғаға ескерту беріліп, 3 адамға 103500 теңгені құрайтын айыппұл салынған. Қаратау қаласындағы салаға жауапты мамандар мен тұрғындардың айтуынша, қалада заңбұзушылықты болдырмау жолында көптеген жұмыстар атқарылып келеді. Дегенмен, ел ішінде бұрыннан қалыптасқан «Қаратауда қылмыс жиі кездеседі» деген пікір өзгермеген сыңайлы. «Елу жылда ел жаңа» дегендей, бәлкім қалада осы саладағы жұмыстар жанданып, уақытпен бірге қоғамдық тәртіптің қатаң сақталатын кезі де келер деген сенім мол.  

Қамар ҚАРАСАЕВА.

Талас ауданы.

Ұқсас жаңалықтар