Жыр жебесі жауған күн

Жыр жебесі жауған күн
ашық дереккөз
Жыр жебесі жауған күн
Әлемдік әдеби ортада поэтикалық дуэль ұғымы бұрыннан бар. Еуропалық классиктерді түгендемей- ақ, орыс әдебиетіндегі Есенин мен Маяковскийлер дамытқан поэтикалық дуэльді ел жастары да соңғы жылдары жан-жақты дәріптеп келеді. Алғашқылардың бірі болып алматылық шығармашыл орта қолға алған жыр эстафеталық түрде Таразға, одан кейін Шымкенттік шайырларға жолданған еді. Оңтүстік мегополистегі жас ақындар мұны республикалық деңгейде «Күміс қалам» байқауына айналдырған болатын. Биыл өңірде көптен бері жырсүйер қауым сағына күткен іс-шара облыстық әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен қайта жаңғырып отыр. «Жыр жауһар» облыстық поэтикалық дуэліне аймақтан бас-аяғы он бес ақын қатысты. Жас шайырлардың жанкүйерлері мен жырсүйер қауым да «Ғибрат» орталығында ұйымдастырылған шарадан табылды. Байқаудың талабы бойынша үміткерлер үш кезең бойынша бақ сынады. Алғашында поэтикалық видео туындылары бойынша іріктелу керек болатын. Алайда, қазылар алқасы алғашқы кезеңнен барлық үміткерге сенім білдіріп, екінші айналымға жолдама сыйлады. Жас шайырлардың жыр жекпе-жегіне «Анаға тағзым» орталығының директоры Эльмира Мырза-Ғали, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы, ақын Хамит Есаман және облыстық «Aq jol» газетінің бөлім меңгерушісі, ақын Нұржан Қадірәлі қазылық етті. Ал қаламды жанына серік еткен жастардың дуэлін шараны ұйымдастырушы жастар саясаты және мәселелері басқармасының басшысы Жомарт Зұлпыхар ашып берді. Мұнан соң үміткерлер туған жерге арнаған бір туындысы мен еркін тақырыптағы жырларын ортаға салды. Ә дегеннен әуселесі басым болған жастар топ жарып, он бес үміткердің сегізі келесі кезеңге өтті. Ал финалдық кезеңде сегіз ақынның төртеуі жүлделі орындардан көрінсе, қалғаны арнайы аталым иегерлері атанды. Жас ақын таластық Әлімжан Шөңгербай бірінші, тараздық Ғайникен Маралтайқызы екінші, Жұматай Көксубай мен Сымбат Сұлтан үшінші орыннан көрінді. Сол секілді Тараз қаласының атынан қатысқан Ғалия Абылай «Ең үздік лирик ақын» атанды. Ал, ақтық айналымға өткен тараздық Дархан Өмірбек пен Берекет Қосбергенов, қордайлық Әділет Құттыбай «Ең үздік тармақ», «Көрермен көзайымы» аталымдары бойынша марапатталды. Барлық қатысушыларға арнайы Алғыс хаттар мен қаржылай сыйлықтар табыс етілді.  

Нұржан ҚАДІРӘЛІ.

Ұқсас жаңалықтар