Биыл 105 отбасы баспанамен қамтылады

Биыл 105 отбасы баспанамен қамтылады
ашық дереккөз
Биыл 105 отбасы баспанамен қамтылады
Биыл тұрғын үй кезегіндегі азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жоба шеңберінде құны 13,2 миллиард теңгеге 3929 пәтерлі 74 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Жыл қорытындысымен 2564 пәтерлі 45 тұрғын үйдің құрылысын аяқтап, пайдалануға беру жоспарлануда. Сонымен қатар, халықтың әлеуметтік осал және көпбалалы отбасыларды баспанамен қамту мақсатында осы жылға 797 пәтерді сатып алуға республикалық бюджеттен 7,6 миллиард теңге қаржы бөлінген. Бұдан бөлек, жекеменшік инвестиция есебінен 435 пәтерлі 14 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысын жыл соңына дейін аяқтап, мемлекеттік бюджет қаражаты және жеке инвестиция есебінен жалпы 698,7 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі деп күтілуде. Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында бюджет қаражатынан 280 пәтерлі төрт кредиттік тұрғын үйдің және жекеменшік инвестиция есебінен 324 пәтерлі 7 үйдің құрылысы аяқталған. Бұл туралы өңірлік коммуникация қызметінің алаңында өткен кезекті баспасөз мәслихатында облыс әкімдігі құрылыс басқармасының басшысы Данияр Әбдібеков мәлімдеді. Басқарма басшысының сөзіне сүйенсек, жалпы бюджет қаражаты және жеке инвестиция есебінен 304,1 мың шаршы метр тұрғын үйлер пайдалануға беріліп, былтырғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 101,8 пайызға асыра орындалған. – Биыл бюджет қаражатынан 9,7 миллиард теңгеге 77 инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жобаларының құрылысы жүргізіліп, жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін 2 жаңа алқапта, яғни Жамбыл ауданындағы Аса ауылында 811 жер телімі және Сарысу ауданындағы Құрылысшы алқабында 58 жер телімі беріледі. Өздеріңізге белгілі, облыс аумағында «Асарлатып үй салу» жобасы басталған болатын. Жоба басталғалы 338 отбасы баспанамен қамтылды. Ал, осы жылы 105 отбасыны баспанамен қамту жоспарланып отыр. Бүгінгі күнге 11 үй тапсырылса, қалған 94 үйдің құрылысын жоспарға сәйкес жыл соңына дейін тапсыруға ниеттіміз, – дейді Данияр Темірбекұлы. Жиын соңында басқарма басшысы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қойған сауалдарына нақты жауаптар берді.  

Мақпал САМАТҚЫЗЫ.

Ұқсас жаңалықтар