Жұмыс өнімділігі артып келеді

Жұмыс өнімділігі  артып келеді
ашық дереккөз
Жұмыс өнімділігі артып келеді
Молдахмет ҚОЖАБЕКОВ, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ «Жүк тасымалы» ЖШС филиалы – ЖТ-Жамбыл бөлімшесінің директоры: «Жұмыс өнімділігі артып келеді»   Биыл Жамбыл жол бөлімшесінің тарихына қатысты даталы оқиғалар шежіресіне толы жыл болып тұр. Атап айтқанда, Әулиеатадан Бішкекке қарай болат жолдың төселгеніне 100 жыл. Жол Бішкекке 1924 жылы жеткен. Амандық болса қырғыздық теміржолшылар оның 100 жылдығын келесі жылы атап өтеді. Сондай-ақ, Жамбыл бөлімшесінің құрылғанына 75 жыл. Қаратау – Жаңатас телімі құрылысының аяқталғанына 65 жыл. Яғни, осынша жыл бұрын Жаңатасқа алғашқы пойыз кірді. Бұл даталардың қатарында стратегиялық маңызы жоғары, сол тұста іргелі құрылыс нысанына айналған Шу – Мойынты телімінің іске қосылғанына 70 жыл толып отыр. Көлік қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында атаулы даталарды жамбылдық теміржолшылар қалай атап өтеді және Жамбыл бөлімшесінің бүгінгі тыныс-тіршілігін білмекке ЖТ-Жамбыл бөлімшесінің директоры Молдахмет Қожабековке жолығып, сұхбаттасқан едік. – Молдахмет Ниязұлы, ел экономикасын өрлетуде өзіндік қолтаңбасы бар, өткен ғасырдың ортасында ірі құрылыс нысанына айналған «Шу-Мойынты» телімінің іске қосылғанына 70 жыл толып отыр екен. Айтулы дата аталып өтеді ме? – Әрине, өзіңізге белгілі Кеңес өкіметі тұсында «23-ші магистраль» аталып кеткен ғасырлық құрылыс «Түріксіб» құрылысынан кейінгі қазақ даласында тау қопарып, тас үгіткен іргелі теміржол құрылысы – «Шу-Мойынты» телімі болды. Нысан 1953 жылдың 27 қазанында пайдалануға берілді. Сондықтан, бұл атаулы дата қазан айында аталып өтеді. 1934 жылы БК(б)П Алматыда өткен өлкелік VІІІ конференциясында көлік пен байланыс саласындағы міндеттердің арасында осы желі құрылысының ерекше маңыздылығы атап өтіледі. Конференция қаулысында аталған Мойынты-Шу желісі бойынша тек 1939-40 жылдары ғана «Сибгипротранс» жобалау институты (Новосібір) бүкіл трасса бойынша зерттеу жүргізіп, жобаны жасап шықты. Алайда, құрылыс жоспарларын жүзеге асыруға объективті жағдайлар кедергі жасаған болатын. Соғыстан кейін Қарағанды таскөмір бассейні, Қазақстанның экономикалық жағынан дамыған солтүстік аудандары мен республиканың оңтүстігі, әрі қарай Орта Азия аймақтары арасында аса қысқа көлік байланысын қамтамасыз етуге қабілетті жаңа теміржол бағытының қажеттілігі барлық жағынан өткір мәселе болып тұрды. Ол кездері Қарағандыға жету үшін Барнауыл-Новосібір-Омбы-Петропавл-Ақмола арқылы айналма жолмен жүруге тура келді. Жағдайды тек Трансқазақстандық магистральдің соңғы телімін Мойынты-Шу желісін салып, іске қосу ғана өзгерте алатын еді. Бетпақдаланың тіршілік белгісі байқалмайтын құмды-тасты шөлейт далаларын жиектей өтетін болат магистральді төсеудің мүмкіндігі тек 1947 жылы ғана пайда болды. Жобалау-іздестіру жұмыстарын Новосібір және Ташкент жобалау институттары жүргізді. Қарағанды жолынан Мойынты станциясына баратын желінің трассасы Бетпақдаланың сусыз шөлейтімен өтіп, әрі қарай Балқаш көлінің батыс жағалауымен жүріп отырып, Балқаш маңының тау тізбектерін кесіп өтіп, Шу-Іленің су айрығына көтеріліп, оны кесіп өтіп, Шу станциясы аймағында Түріксіб жолына қосылды. Балқаш маңы трассасының телімін қоспағанда желі сусыз шөлейт жерлермен өтеді. Балқаш көлінің Іле өзенінен келіп құятын суымен тұщыланатын оңтүстік-батыс бөлігінде салыстырмалы түрде жарамды болып табылатын ауыз су алудың мүмкіндігі болды. Ауыр соғыстың зардабынан туындап отырған жұмысшы күшінің, техниканың жетіспеушілігі, трасса өтетін жергілікті қатаң табиғат жағдайы көпшілікті құрылысты ұйымдастыру туралы шындап ойлануға мәжбүр етті. 1947 жылдың мамырында Шығыс Бас теміржол құрылысының Алматы құрылыс басқармасы құрылды, ол кейіннен «Қазақкөлікқұрылыс» болып қайта ұйымдастырылды. Жаңа ұжымның алдында тұрған бірінші тапсырма осы темір жол тармағын салу болды. Түркістан-Сібір темір жол басқармасынан Мойынты-Шу теміржол құрылысының ұйымын Мұстафа Қазыбеков басқарды. Ол Түріксіб құрылысының белсенді қатысушысы, кейіннен Түркістан-Сібір теміржолының бірнеше құрылыс ұйымдарын басқарған және сол кездері жол бастығының бірінші орынбасары болып істеген еді. Сөйтіп, Қазақстан Компартиясының Орталық Комитеті және республика үкіметі Мойынты-Шу құрылысын «Халықтық құрылыс» деп жариялады. Жолдың құрылысын қолдау бойынша республикалық комиссияны Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары Дінмұхамед Қонаев басқарды. Ол төрт жыл бойы жаңа магистральді салуға қатысып жатқан көптеген ұйымдар мен орасан зор мөлшердегі адамдардың жұмысын үйлестіріп, бағыттап отырды. Құрылысқа республиканың 12 облысынан екі мың адам қатысты. Әрбір облысқа белгілі бір телім бөлініп берілді. Бір ауданның өкілдері бір бригаданы құрды. Олардың барлығы өздерінің ат-көлігімен, құрал-саймандарымен, азық-түлігімен және киіз үйлерімен келді. Солтүстік облыстардың бригадалары жұмысты Мойынты станциясынан бастап, оңтүстікті бетке алып, алға жылжып отырды. Екінші құрылыс Шу станциясынан оларға қарама-қарсы жүріп отырды. Құрылыстың өте ауыр жағдайда жүргені, жұмысшылардың ерен еңбектері жайлы «Казахстанская правда» газетінің 1947 жылғы 24 тамыздағы санында мақала жарияланған. – Бұл құрылыспен қатар теміржолшылардың поселкілері, станциялар және теміржол мекемелері де бой көтерді ғой... – Шудан Мойынтыға қарай, Мойынтыдан Шуға қарай жүрген құрылыстың арасында бірқатар станциялар бой көтерді. Тіпті, пойыз қатынасы да болды. Шу – Мойынты телімінің бойында Сары-Шаған, Шығанақ, Мыңарал, Қияқты, Хантау сынды ірі станциялар бой көтерді. Әрбір аралық станцияларда вокзалдар мен жолаушылар платформалары салынды. Тұрғындарға қажетті әлеуметтік нысандар да бой көтерді. Биыл Сары-Шаған кентінің бой көтергеніне де 70 жыл толып отыр. Жалпы, Сары-Шаған станциясы Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданына қарағанымен, ондағы темір жол мекемелерінің барлығы дерлік Жамбыл бөлімшесі мен Жамбыл магистральді желі бөлімшесіне қарайды. – Жамбылдық теміржолшылардың бүгінгі табысы қандай? – Теміржол саласы – ел экономикасын көтеретін ірі саланың бірі. Қазақстанның әлеуетін көтеруде табанды еңбек етіп жүрген әулиеаталық болат жол майталмандары қозғалыс қауіпсіздігін еңсеруде жартылай әскери тәртіппен тер төгіп жүр. Транспорт инфрақұрылымын дамытуда өңірлердің даму көрсеткіші 16 пайдалану көрсеткішімен бағаланады. Техникалық жоспар бойынша біз бұл көрсеткіштерді орындап отырмыз. Алты айдың қорытындысымен айтатын болсақ, Жамбыл бөлімшесінде жүк айналымы 102,96 пайызға, жүк арту көлемі 103,8 пайызға орындалды. Қозғалыс құрамының негізгі сапалы көрсеткіші де көңілге қонымды. Қозғалыс қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша нақты нұсқаулықтармен еңбек өнімділігін арттыруда көп жұмыстар атқарылып отыр. Дегенмен, есепті мерзімде қозғалыс қауіпсіздігі бойынша 13 оқиға орын алды. Ал, қозғалыс шаруашылығы бойынша 8 оқиға тіркелді. Өндірістік жарақат алудың бір оқиғасы болды. Шу локомотив пайдалану депосының машинисті С.Спатаевқа қатысты бұл оқиғаны тексерген комиссия жұмыс берушінің кінәсі 40, ал жұмысшының кінәсі 60 пайыз екенін дәлелді. Осыған орай, филиалдың 11 қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Сондықтан, биыл қозғалыс қауіпсіздігіне жауапты әрбір маманның жауапкершілігін арттырып, біліктілігін көтеруде Ұлттық компания бекіткен хаттамалық шешімдер мен талаптарды орындауда бірнеше іс-шара жоспарланып отыр. Көлік және транспорт қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында «Тәжірибелік шеберлігін және техникалық білім деңгейін көтеру» үш айлығы қорытындыланып, «Үздік білім» байқауы өтті. Байқауға Жамбыл бөлімшесіне қарасты кәсіпорындардан бес команда қатысып, қозғалыс қауіпсіздігін еңсеру мен жұмыс орнын жоғары деңгейде ұйымдастыруда, еңбекті қорғауда өз біліктіліктерін шыңдады десек те болады. Бұл жұмыс өнімділігін арттыруда маманның кәсібилігін көтереді. – Жалпы, жүк айналымы көрсеткішін ұлғайтуда қандай жұмыстар жүргізілуде? – Биылғы жылдың алты айында жүк тиеу көлемі 161,8 мың тоннаға ұлғайды. Экспортқа 859,5 мың тонна жөнелтілді. Бұл өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 306,25 мың тоннаға артық. Облыстағы ірі компаниялар – «Қазфосфат» ЖШС сары фомфор, аммофос, «ЕвроХим Қаратау» ЖШС химиялық тыңайтқыштар, «Тараз металлургия зауыты» ЖШС ферроқорытпа өнімдерін экспорттап отыр. Бұдан өзге соңғы жылдары аймаққа ірі инвесторлар келуде. Жергілікті билік оларға инфрақұрылымын тартып беріп, тіпті темір жол тұйықтарын да салып беріп жатыр. Алдағы жылдары осы ірі компаниялардың есебінен жүк көлемі артады деген сенімдеміз.
Жолдың құрылысын қолдау бойынша республикалық комиссияны Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары Дінмұхамед Қонаев басқарды. Ол төрт жыл бойы жаңа магистральді салуға қатысып жатқан көптеген ұйымдар мен орасан зор мөлшердегі адамдардың жұмысын үйлестіріп, бағыттап отырды. Құрылысқа республиканың 12 облысынан екі мың адам қатысты. Әрбір облысқа белгілі бір телім бөлініп берілді.
– Алдағы жоспарларыңызбен бөлісе отырсаңыз? – Алдымен, Индустриялық аймақтағы «ЕвроХим Қаратау» ЖШС (42,9 мың тонна), «ЖЦПК» ЖШС (72,2 мың тонна), «Қазфосфат»ЖШС (277,7 мың тонна), «Балқашцветмет» ӨА (16,5 мың тонна) сынды ірі компаниялардың есебінен жүк тиеуді екі пайызға көтергелі отырмыз. Сондай-ақ, экспорттық айналымды бір пайызға көтеру. «Берлік-2» станциясын және Сары-Шаған станциясындағы құм кептіру шаруашылығын қалпына келтіру жоспарланып отыр. Және «Қаратау-Жаңатас» теліміндегі 22 шақырым жолға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, пойыздар жылдамдығын сағатына 10, 20 километрге көтеру жоспарлануда. Жамбылдық болат жолдың майталмандары облыстың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін көтеруде теміржол саласындағы жаңашылдықтарды енгізе отырып, логистика саласын дамытуға да етене атсалысады. – Жамбылдық теміржолшыларды әлеуметтік тұрғыдан қолдау қандай деңгейде? – Әрине, бұл мақсатта да көптеген жұмыстар атқарылуда. Есепті мерзімде Ұлттық компанияның және «Су және әуе, автомобиль, теміржол қызметкерлерінің қазақстандық салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігі Жамбыл филиалының төрағасы Жұман Сәменов және Жамбыл бөлімшесі кәсіподақ ұйымының қолдауымен 359 ардагер, көпбалалы, мүгедек баласы бар, аз қамтамасыз етілген отбасыларға, болат жол қызметкерлеріне ота жасауға көмек көрсетілді. Бұдан бөлек, спорттық шараларға демеушілік жасалып, салауатты өмір салтын ұстанып жүрген теміржолшы-спортшылардың спорттық киімдері мен құрал жабдықтары алынып берілді. Бүгінде бірқатар теміржол мекемелерінде кіші футбол алаңшалары мен жаттығу залдары бар. Жамбыл және Шу локомотив пайдалану депосы, Жамбыл вагон пайдалану депосы, Тараз, Сары-Шаған, Қаратау, Түріксіб, Шу, Шайқорық, Құмшағал станциялары, өндірістік-техникалық қызметкерлердің, телім бойындағы ұжымдардың жұмыс орнын, кабинеттер, ғимараттарда жоғары деңгейде ұйымдастыруына тұрмыстық техника, мұздатқыш, желдеткіш, жиһаз, электрмен жылыту пеші алынып берілді. Демалыс бөлмелерін ұйымдастыруда да көмек көрсетілді. Даталы және кәсіби мереке күндері ардагерлер, интернационалист сарбаздар, еңбек үздіктері, белсенділер кәсіподақ тарапынан қаржылай ынталандырылып, бағалы сыйлықтарға ие болып отырады. – Әңгімеңізге рақмет!   Сұхбаттасқан Ерман ӘБДИЕВ, журналист.

Ұқсас жаңалықтар