Ағын суды үнемдеу маңызды

Ағын суды үнемдеу маңызды
ашық дереккөз
Ағын суды үнемдеу маңызды
Мемлекет басшысының 2022 жылғы ақпан айындағы Жарлығына сәйкес барлық деңгейдегі әкімдердің халықпен кездесуі жүзеге асырылуда. Былтыр облыста әр деңгейдегі әкімдердің 1200 кездесуі өткізілсе, биылғы жеті айда 800 кездесу ұйымдастырылған. Осы орайда, облыс әкімі Нұржан Нұржігітов Байзақ ауданындағы Көктерек ауылдық округ тұрғындарымен кездесті. Жиынға құқық қорғау саласының өкілдері де қатысты. «Былтыр өткен 1200 кездесуде 4 мыңнан астам сұрақтар қойылып, көпшілігі шешімін тапты. Сұрақтың 20 пайызы бақылауда тұр. Бұл ауданда егіншілікке су жеткізу мәселесі өзекті. Сіздердің ауылдағы «Өтеміс» каналын жөндеу жұмыстары да баяу жүріп жатыр. Су тапшылығы былтырғыдан гөрі көбірек байқалуда. Қырғыз елі біз келісімшарт бойынша сұраған суымыздың 50 пайызын ғана берді. Себебі, Қырғыз елінің өзінде су тапшы бола бастаған. Жақында бес министрліктің жауапты өкілдері үш күн бойы облысымызда су мәселесі бойынша зерделеу жұмыстарын жүргізді. Қордай ауданында 12 мың гектар дақыл күйіп кетті. Енді облыс бойынша шаруалардың шығындары есептеліп жатыр. Жылдан жылға су тапшылығы бола беретінін ғалымдар айтып отыр. Мемлекет басшысы 2050 жылдары елімізде ауыз су тапшылығы болуы мүмкін екенін айтып келеді. Біз ағын суды қалай жеткіземіз? Тамшылатып және жаңбырлатып суару жүйесін дамыта беруіміз қажет. Оның 80 пайыз шығыны мемлекеттен субсидияланады. Біз су қоймаларын жөндеуді жүргізе береміз. Биыл 257 каналды «Қазсушар» мекемесінен алдық. Оның 36 каналы Байзақ ауданының аумағында. Сіздер түсініңіздер, біз су каналдарын жөндегенімізбен, су болмай қалуы мүмкін. Сондықтан, «Қазсушармен» келісімшарт жасап, сол мекеменің су жеткізіп берем деген көлеміне ғана егін еккен дұрыс. Биыл облыс бойынша 25 ауылдық округке «Ауыл аманаты» жобасымен 2,5 пайызбен несие береміз. Оның ішінде сіздердің Көктерек ауылдық округі бар. Біз биыл «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 25 миллиард теңге тараттық. Бұл жоба бойынша елімізде қаралған қаражаттың 40 пайызы біздің облысқа келіп жатыр. Сондықтан, Үкіметтен сұрауы да болады. «Ауыл аманатын» алған соң сол округте малдың басы өсуі қажет. Ауыл тұрмысы жақсаруы тиіс. Бөлінген ақшаны мақсатты пайдалану керек. Өкінішке қарай, 2,5 пайызбен алған қаражатына автокөлік алғандар, той жасап жатқандар бар. Ол – дұрыс емес. Ол кісілер сотқа жолданып, қаражаты кері қайтарылып жатыр. «Ауыл аманаты» жобасы нені көздейді? Төртбес жылда несиеден құтылған соң әр аулада бұрынғыдай бір жылқы емес, кемі он жылқы қалуы тиіс. Мемлекет ауыл тұрғындарының жағдайының жақсаруын көздейді. Мен бүгін сіздерді тыңдауға келдім», деді Нұржан Молдиярұлы. Мұнан соң тұрғындар тарапынан сұрақтар қойылды. Ауыл тұрғыны Қыдырәлі Шымырбаев «Келтеқара» каналының жөнделуін қозғаса, Мейіржан Қожамқұлов «Өтеміс» каналы жөнделсе екен деген өтінішін айтты. Ауыл ақсақалы, кәсіпкер Алпысбай Келімбетов те ағын су мәселесін көтерді. Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға жан-жақты жауап беріп, еңбеккерлерді су үнемдеу технологиясын кеңінен қолдануға шақырды. Жиыннан соң облыс әкімі ауыл тұрғындарымен жеке қабылдау өткізіп, мәселелерін тыңдады. Ауылдық округтің қордаланған мәселелері жоқ болғандықтан ба, сұрақ қоюшылар аз болды. Осы орайда Байзақ ауданының әкімі Бақыт Қазанбасов Бурылда биылдың өзінде 3-4 кездесу өткізгенін, тұрғындар тарапынан көше жолдарын жөндеу, жарық жүргізу, газ мәселесіне қатысты сұрақтар қойылып, көпшілігі облыс бюджетінен бөлінген қаражат арқылы шешіліп жатқанына тоқталды. Дегенмен, аталған ауылдық округтің ардагерлер кеңесінің төрағасы Қайрат Тасболатов интернет жылдамдығының баяулығын және ауыз судың мәселесін қозғаса, Яша Мамогұлы Байзақтан Таразға кіре берісте аялдама салынса деген ұсыныс айтты. Бірқатар тұрғындар қайтарымсыз грантқа қолдары жетпегенін сөз етті. Жиынды Нұржан Молдиярұлы қорытындылады. – Жалпы, облыста 153 ауылдық округ бар. Мен бүгін жетпіс сегізінші ауылдық округ тұрғындарымен кездесу өткізіп отырмын. Жыл соңына дейін тағы 40 ауылдық округте тұрғындармен кездесу өткізу жоспарымда тұр. Интернет жылдамдығы баяу болса, ол кезеңімен шешіледі. Облыстағы 367 елді мекенінің бесеуінде мүлдем интернет жоқ. Біз әлеуметтік салаға жіті көңіл бөліп отырмыз. Жылына облыс аумағында 20 мектеп салып жатырмыз. Биыл 16 ауылға мәдениет үйі салынып жатыр. Оның біреуі жақында осы ауданның Тегістік ауылында салынғанын білесіздер. Алдағы жылдары 36 мәдениет үйі бой көтереді. Сіздер айтқан барлық ұсынысты жазып алдым, назарымда болады. Осы ауылда 2025 жылға қарай тағы бір мектеп салуға жоспар жасадық. Бұл округте 14 мыңнан астам тұрғын бар. Қазіргі үш мектептегі орын 2500 оқушыны қамтиды. Бұл аз. Сондықтан төртінші мектеп салынады. Байзақ – көгілдір отынмен барлық ауылы қамтылған облыстағы жалғыз аудан. Сегіз білім ошағы ғана газға қосылмаған болатын, қазір төрт мектеп газға қосылуда. Былтыр облыс жолдарына 16 миллиард 200 миллион теңге бөлінсе, биыл 24 миллиард 700 миллион теңге бөлінген. Былтыр бөлінген қаржыдан 8 миллиард 500 миллион теңгеге артық. Ал, қайтарымсыз грантты осы кезге дейін бердік. Оны алған адам кәсібін ашу керек еді. Бірақ, көп жастар оны мақсатсыз пайдаланды. Сондықтан, биыл 1 миллиард 700 миллион теңгені 2,5 пайызбен несие ретінде бердік. Бұл грант алған жастардың жауапкершілігін арттыру үшін жасалды. Бұл жұмыс алдағы уақытта жалғасын таба береді. Тұрғындардың талап-тілегі қашанда ескеріледі, – деді облыс әкімі.  

Есет ДОСАЛЫ.

Байзақ ауданы.

Ұқсас жаңалықтар