Дегдар дәрігер
Уақыт тауып Тараз қаласындағы «Облыстық қан орталығы» мекемесінің қызметкері дәрігер-ардагер Бақберді Кезембаевпен сыр-сұхбат құруға мүмкіншілік тауып, ой-пікір бөлісіп отырмыз. – Неден бастасам екен? Дәрігерлік мамандыққа қалай бардыңыз дедіңіз ғой... Ол өзі үлкен тарих, – деп ойлана сөйледі Бақберді Боштабайұлы, терезеден сыртқа қарап. Сөйтті де көз жетер жердегі бүк түсіп созылып жатқан киелі қарт Қаратаудың қыраттарына көз сала тұрып әңгімесін жалғастырды. – Мен Шу өңіріндегі тарихы бай ежелгі Баласағұн қалашығының түбіндегі Оразәлі батыр (бұрынғы Калинин) ауылында қарапайым отбасында дүниеге келдім. Таяқ тастар жерде сылаңдап Шу өзені ағып жатыр, бергі жағы қырғыз ағайындармен шекаралас, қазақтар олармен қыз алысып, қыз берісіп, құда болып біте қайнасып кеткен. Балалық шағым ерекше болды деп айта алмаймын. Шешем Дәмелі үш ұл мен қарындасымды қатарларынан қалдырмай өсірем, аман-есен жеткізем деп колхоздың қара жұмысына қысы-жазы жегілді. Тіпті, мен мектепке баратын жасқа келгенімде «Бірер жыл мектепке бармай тұра тұршы, саған киім сатып алуға қаржы жетпей тұр» деп қиналғаны есімде. Бірақ, шешемнің ол өтінішін тыңдамай, құрдастарыма ілесіп, шешемнен ұрланып мектепке бардым. Оны білген шешемнің қиналғанын, көзін мұң торлағаны бар. Сабақ жібермей, тиянақты білім алуға талпынып өстім. Ауыл баласының тыныс-тіршілігі белгілі ғой қозы қайырып, қой бақтық, доп қуып, желмен жарысып есек көкпар тартып, су жағалап балық аулап, пішен шауып, иығымызға кетпен-күрек, орақ салып бау-бақшада еңбек еттік. Сөйтіп, кәдімгі қара сирақ ауыл баласы болып жетілдік. Қайран шешем ес білгеннен: «Еліңді сүй, халқыңды қадірле, тіліңді біл, оны ұмытуға хақың да, құқың да жоқ. Арлы бол, адал бол, таза жүр. Көңілің ұнатқан мамандықты игеріп, оның шебері бол, таза, адал еңбегіңмен еліңе таныл» деп өсірді.
Аудан орталығы Төле бидегі қазақ мектебін бітіріп, қолымызға аттестат алғаннан кейін «Қайда барам, кім болам?» деген сұрақ менде туған жоқ. Дәрігер болуды ертеректен ойластырып, көкірек түбіне аялатып алған болатынмын. Өйткені, менің нағашы атам Сыраубай ертеректен-ақ халық арасында емшілікпен айналысып, сол аймаққа аты шыққан қолы шипалы жан еді. Анам Дәмеліге, сірә, сол кісіден дарыған болу керек, келе-келе шешем ауыл-аймақтағы балаларды әртүрлі аурулардан емдеп, емші ретінде ел назарына ілікті. Біз білмейміз ғой, әйтеуір «жауырыны жабысыпты», «біреудің көзі тиіпті», «тамағы өсіп кетіпті», «жаман жерді басып кетіпті» деп жас балаларға түшкіріп, тамақтарын басып, аяқ-қолдары мен жауырындарын уқалап, үгіп, шөппен емдеп әртүрлі ем-дом жасап жататын. Сол емшілігін жарықтық анам өмірінің соңына дейін жалғастырып, 99 жасқа келіп дүние салды. Дәрігерлік мамандықты таңдауымның тағы бір себебі – жақын жеңгем Несібелі дәрігер-стоматолог болып Төле би ауылында еңбек ететін. Жалпы халықтың, біз өскен ортаның ол кезде дәрігерге, мұғалімге деген құрметі ерекше емес пе еді? Ал, қазір не болды? Уақыт өзгеріп, заман талабы басқаша болып шыға келді. Несін жасырамыз, көптеген құндылықтарымыз көзімізден бұл-бұл ұшты емес пе.., – деп ол көз нұрын қайта сыртқа аударды. – 1976 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтының емдеу факультетін тәмамдадым. Ол уақыттың бір ерекшелігі диплом алған маман «далада» қалмайтын, арнайы комиссияның жолдамасымен қызметке орналасатынсың. Сол жіберген орныңда кем дегенде үш жыл еңбек етуге тиісті болатынсың. Одан басқа, жас маманға қамқорлық ерекше болатын. Мысалы, көшіп-қонуыңа жәрдем ақы, кезектен тыс пәтер беру, 2-3 жылға дайін білікті маманның қол астында оның қамқорлығымен еңбек ету, үйрену, кәсіптілігіңді арттыру және де басқалар.
Қолыма арман болған дипломымды алып, қанаттанып, тәтті арман-қиялға беріліп туған өлкем Жамбылға (қазіргі Таразға) оралып, хирургиядан бір жылдық дайындықты, яғни интернатураны облыстық ауруханада өттім. Оқу, теория мамандықта бір бөлек те, өмірлік тәжірибе, практика деген басқа ғой. Менің бақытыма қарай бұл жерде өз мамандықтарының корифейлері, тәжірибелері мол, сақа оташылар Қазақ ССР-ның еңбек сіңірген дәрігерлері Нағым Отарғалиұлы Мұқышев, Алексей Семенович Овсянников, бөлімше меңгерушісі Көлбай Әзбекұлы Үсенов сияқты елге аты танымал аға-дәрігерлер еңбек етеді екен. Қасымдағы өзім сияқты «сары ауыз балапан» жас дәрігерлермен тізе қосып, бізге берілген бір жылдық уақытты тиімді пайдалану үшін күн демей, түн демей еңбек еттік, операцияларға қатысып, ауруларды анықтап, ем-дом жасадық, білгенімізді сұрадық, түнгі кезекшіліктерде болып көп нәрсені меңгердік. Бәрінен бұрын, алдыңа жаны қиналып келген науқастармен қалай сөйлесіп, көңілі күпті, жарымжан адамның көңілін қалай табу керек екенін, медициналық этика мен деонтология мәселелерін тереңірек түсініп, өзімізді тәрбиеледік. Біз үшін бұл бір жыл өмірлік азық болды деп айтсам, сірә, артық емес-ау деймін. Қазақта: «Үйрен, үйрен де жирен» деген сөз бар. Білімнің, біліктіліктің еш ауыртпалығы жоқ. Неғұрлым көп үйреніп, көп білсең еңбек ету өзіңе жеңіл, ауруларға пайдалы, ол саған ерте ме кеш пе сый-құрмет әкеледі. Әсіресе, дәрігерлік мамандықтың талабы жоғары. Өйткені, науқас адам саған денсаулығын, тіпті, кейде өмірін сеніп тапсырады. Сол сенімнен шығу жеңіл іс емес. Ол сенен білім мен біліктілікті, қажырлықты, адами ар тазалығын талап етеді. Адам тағдыры Алладан кейін бізге, дәрігерлерге, сеніп тапсырылған. Шындыққа келсек, адам денсаулығы бұл жалғанда бәрінен қымбат, ардақты, аяулы дүние. Оған еш нәрсені теңестіруге болмайды. Барлығы адам үшін, оның денсаулығы мен өмірі үшін болу керек. Өмір қымбат, көңіл қымбат. Әттең, өкінішке қарай, көп жерде бұны ескере бермейді. Заман ағымы көп дүниені, адамдардың көзқарасын мүлдем басқа арнаға бөліп жіберді...
Біздің білгеніміз, содан жас маман Бақберді Кезембаев дәрігер-хирург мамандығын меңгеріп, маман-кадрлар тапшы Талас аудандық орталық ауруханасының хирургия бөліміне оташы етіп жіберіледі. Бұл жерде хирургияның қыр-сырын білетін өзінен басқа ешкім жоқ. Екі жыл бойы бойындағы білімін сарқа, беріле еңбек етті, қиналған сәттерде Жамбылдағы ұстаз-дәрігерлеріне телефон шалып, білмегенін сұрап, қажет болса оларды көмекке шақырып отырды. «Ерінбеген етікші болады» дейді халық. Ерінбей еткен еңбегі еш кетпеді, тәжірибесі толықты, еңбекке төселді, жалпы ел Бақбердіге сый-құрметпен қарайтын болды. Сөйтіп, айлар адамдап, жылдар жылжып, сырғып екі жыл өте шықты. Бақберді облыс орталығына ауысып, қалалық ауруханаға кезекші-хирург болып орналасып, медициналық училищеге дәріс бере бастады. 1980 жылы областық онкологиялық диспансердің бас дәрігері қызметіне тағайындалды. 1985-1995 жылдары қалалық №5 емхананың бас дәрігері, қалалық денсаулық басқармасының бастығының орынбасары қызметтерін абыроймен атқарды.
1996 жылы денсаулық сақтау саласындағы ең бір күрделі қызметінің бірі – облыстық қан орталығының директоры қызметіне жіберілді.
– Міне, содан бері 27 жыл өтіпті, осы қан дайындау, қан құю саласында бір кісідей еңбек етіп келемін. Бұрынғыдай емес жыл өткен сайын біздің қызметте талап өсіп келеді. Өйткені, абайламаса қан арқылы көптеген қауіпті жұқпалы аурулар жұғады. Мысалы, СПИД, С вирусты гепатиті тәрізді тажал-аурулар бұл күндері халық арасында дендеп тұр. Сәл босаңсып, абайсызда бір қателік кетсе оның артында пәленбай жауапкершілік, жанжал-жала, тіпті, адам тағдыры тұр. Өкінішке қарай, қазірдің өзінде еліміздің кейбір қалаларындағы базбір емдеу мекемелерінде әлгідей асқынулар кездесіп, соңы айқай-жанжалға ұласып жатқаны жайлы көпшілік баспа құралдары мен теледидар арқылы хабардар.
Бұрынғы Кеңес заманымен салыстырғанда бұл күндері елімізде қан мәселесіне ерекше мән беріліп отыр. Аса бір мақтанышпен айтарымыз, тіпті, игілікті ісіміз дегенге де болады – Тараз қаласында мемлекеттің тапсырыспен «Облыстық қан орталығы» үшін заманауи талаптарға сай типтік кешен ғимараттары тұрғызылып, 2011 жылдың басында пайдалануға берілуі. Мұндай ауыз толтырып айтатын орталық ешбір облыс орталықтарында, тіпті, Алматыда да жоқ. Мұнда барлық жағдай жасалған. Қан алу, оларды тексеріп, сақтау, қан препараттарын дайындау және де басқа көптеген істерді жаңартып, жеңілдетіп, тиімді істерді өмірге енгіздік. Алынған қан автоматты түрде компьютерлік бақылауға алынып, оның қай емдеу мекемесіне берілгені, кімге құйылғаны туралы мәлімет сарапталып отырады.
Қан құю мәселесі, олардан кейін асқынулардың алдын алу проблемасы қай кезде де қатаң бақылауда тұр. Қан құю – жауапты хирургиялық операциямен тең десек қателеспейміз. Сондықтан, біздің қызметте ұқыпсыздыққа, бардым-жүрдімдікке, енжарлыққа, салақтыққа, білімсіздікке еш жол жоқ.
Біз «Жақсы маман қымбат тұрады, жаман маман қымбатқа түсіреді», – деген Генри Фордтың сөзін қолдаймыз. Мамандарымыз Алматы, Астана және ТМД елдерінің орталық қалаларында болып, біліктілігін жетілдіріп, жаңа тәсілдерді, жаңа технологияларды меңгеріп келді. Мысалы, менің өзім тәжірибе алмасу мақсатында Ресейде, Израиль, Испания, Нидерландыда болып, елге қайтып келгеннен кейін көптеген жаңалықтарды енгіздім. Білім – баға жетпес капитал. Сондықтан, білімді жетілдіру ісіне біз әрдайым ерекше мән беріп отырамыз. Білімімді, біліктілігімді арттырамын деген маманға жол ашық, оған барлық мүмкіншілік жасаймыз.
Біздің «Қан орталығы» жыл сайын 7 мың 600 литр қан және оның компоненттерін дайындайды. Есебімізде облыс бойынша 13 мыңға жуық тұрақты донорларымыз бар. Қанға деген сұраныс қысы-жазы, күндіз-түні азаймайды. Дер кезінде жүргізілген гемотрансфузия (қан құю) қаншама адам өмірін сақтап қалуда?! Босанған әйелдерден қан кету, асқазан ойық жараларының асқыну салдарынан қан кету, әртүрлі жарақаттардың себебінен қан жоғалту, ақ қан аурулары (лейкоз) жедел қан құюды қажет етеді. Қан мен оның қажетті компоненттерін басқа дәрілермен алмастыра алмайсың, қолдан жасауға тағы болмайды. Онсыз ауыр науқастарға көрсетілген қандай да бір ем зая кетеді, қорытындысында жүргізілген ем-дом пайда бермейді. Байқап отырсыз, осылардың өзінен қан мәселесі қаншалықты актуальды екенін түсінуге болады. Әрине, «барлығы керемет», «бәрі оқтай» деуге ертерек шығар. Мысалы, донор мәселесі ел бойынша әлі толық шешімін тапқан жоқ. Әсіресе, сирек ұшырасатын қан топтарындағы донорлар табу қиын. Донорларға мемлекет тарапынан берілетін қаржы көлемі мардымсыз. Қанмен жұмыс істейтін мамандарға қосымша төлем қарастырылмаған. Міне, көріп отырсыз, мемлекеттік дәрежеде шешімін күтіп тұрған мәселелер баршылық. Олар туралы біз әрдайым әр дәрежеде айтып жүрміз. «Көш жүре түзеледі» дейді емес пе көпшілік? Демек, уақыт өте барлығы ретіне келер деген ойдамыз. Соған сенеміз... – дейді Бақберді болашаққа көз жүгіртіп, орынды жерде орынды, биязы сөйлейтін әдетінен бір жаңылмай.
Оның жаңалыққа жаны құмарлығына, еңбекқорлығы мен іздемпаздығына тәнті боласың. Әңгіме арасында облыстық қан құю стансасының тарихына ой жүгіртіп, оның қалыптасуына, дамуына үлес қосқан әріптестері, бұрынғы оның басшылары Ғафур Абдукаримов, Николай Пак, Тұрсынкүл Әшірбаева, Күлтай Әбдікадірова, Хамиди Шаухаров, Еділбай Жақсымбетов туралы жылы лебіздер білдірді. Бұл күндері тізе қоса еңбек етіп жүрген Гулам Мұхтарұлы Умаров және тағы да басқа дәрігерлердің еңбектерін ерекше атап өтті. Еңбек жолында әр кездері кездесіп, ағалық кеңес-бағдар берген әріптестері Сейтқасым Тәжбенов, Әбілқасым Үкібасов, Тю Ман Сек туралы да елжірей еске алды. Иә, «болатын ел – бірін-бірі батырым» дейді деген аталы сөз бар. Бірлігі мен тірлігі жарасқан бұл ұжымның атқарып жатқан іс-тіршілігімен жақын танысқан біз атқарылып жатқан жақсы істерге куә болып, ризашылық сезімге бөлендік.
Дәрігер Б.Б.Кезембаевтың халық денсаулығын сақтау ісіндегі көп жылғы еңбегі елеусіз емес. Ол Елбасының Алғыс хатымен, «Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Жамбыл облысына сіңірген еңбегі үшін» және де басқа төсбелгілерімен, көптеген мерейтойлық медальдармен, «Гиппократ» орденімен, грамоталармен марапатталған, облыстық денсаулық сақтау қызметкерлерінің ақылмандар кеңесінің мүшесі. Әріптестері арасында және өз ортасында құрмет пен сый-абыройға бөленген дегдар жан.
Естеріңізде болса, көрнекті ақын Қадыр Мырза Әлінің «Жігіттің бес бақытын белесің бе?» деген өлеңі бар. Сонда, жігіттің бірінші бақыты тау қозғалса да, жер қозғалса да мыңқ етпейтін жары (әйелі). Екінші бақыты алмастай ұлы. Үшінші бақыты ашық та сүйкімді анасындай қызы. Төртінші және бесінші бақыты қуанышы мен қызығына ортақтаса білетін, қолында барын қызғанбайтын достары мен құрдастары және көршілері дейді. Тәубе, Бақбердіде осының барлығы бар. Бірін-бірі ұнатып, шаңырақ көтеріп, қол ұстасып өмірде біріне-бірі серік болып, қатар келе жатқан, Құдай қосқан қосағы білім беру саласының қызметкері, физика пәнінің білгір маманы Бибігүл екеуі екі ұл, екі қыз өсіріп, барлығына жоғары білім беріп, қызын қияға, ұлын ұяға қондырып, сүттей ұйып, немерелерін сүйіп отырған берекелі де өнегелі отбасы. Ұлы Нұрлан мен кіші қызы Әсем әке жолын қуып, медицина университеттерін тәмамдап, біреуі Жамбыл аудандық орталық аурухананың бас дәрігерінің орынбасары, екіншісі Алматыда дәрігер болып қызмет етуде. Үлкен ұлы Нұрдәулет Астана қаласында салық комитеті саласында еңбек етсе, қызы Әсел экономист мамандығын меңгерген, мемлекеттік қызметкер.
Қазақ: «Халқыңа қанша қызмет етсең де көп болмайды» десе, келесі бір қанатты сөзінде «Бақ қонса – тасыма, қасірет көрсең – жасыма» дейді. Алла көп көрмесін, иншалла, барлық саналы ғұмырын дәрігерлікке, халық денсаулығын сақтау ісіне, ел мен жұртқа қалтқысыз қызмет етуге арнаған Бақберді Боштабайұлы еңбектен де өмірден де өз бақытын тапқан абыройлы, ақыл-парасаты қалыптасқан айтулы азамат.
Осы жолдан таймай, бақ пен бақытқа бөленіп, ойға алған іс-шараларыңызды іске асырып, шаршамай, шалдықпай алға тарта беріңіз, Бақберді мырза!
Сағындық ОРДАБЕКОВ,
дәрігер-хирург, медицина профессоры,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Тараз қаласы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді