Апатты балабақшаның жайы алаңдатады

Апатты балабақшаның жайы алаңдатады
ашық дереккөз
Апатты балабақшаның жайы алаңдатады
Қазіргі кезде елімізде білім саласы ең күрделі мәселелердің бірі. Әсіресе, кейбір аудан, ауылдардағы мектеп, балабақшалардың жағдайы көп ретте тұрғындарды алаңдатады. Меркі ауданында мектепке дейінгі мекеменің сапасыздығы да бұл күнде күрделі мәселеге айналған. Аудан орталығы Меркі ауылынан «Меркі» шипажайына апаратын үлкен жолдың бойындағы «Балдәурен» бөбекжай-бақшасының бүгінгі жағдайы сын көтермейді. Біз аталған мәселені зерделеу үшін Меркі ауылына арнайы бардық. Балабақшаның қазіргі басшысы да, шаруашылық ісінің меңгерушісі де қақырап кеткен қабырғаларды, жарамсыз болып қалған бөлмелерді ашық көрсетті. Олар мәселе көтерілген соң, оң шешімі болады деген жақсы үмітте. Бұл бөбекжай-бақша 2012 жылы ғана салынған. Сол жылы 8 қазанда сол кездегі аудан әкімінің қатысуымен лентасы қиылып, есігі бүлдіршіндерге айқара ашылған. Меркі ауданы әкімдігі сәулет және құрылыс бөлімінің тапсырыс беруімен тараздық «SEEMA-TARAZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мердігер болып, салып берген. Жобаның құны 471 миллион 667 мың теңгені құраған. Сол кезде ата-аналар мен бүлдіршіндердің қуанышында шек болмаған еді. Кезекте тұрған 280 бала үшін де айтарлықтай мереке болған. Дегенмен, көпшіліктің бұл қуанышы ұзаққа бармапты. Құрылыстың сапасыз жүргізілгені уақыт өте келе біліне бастайды. Ал, мердігер компанияда жұмысты айтарлықтай шала істеген. Арада 4 жыл өткенде балабақшаның қабырғаларына сызат түсе бастайды. Оны балабақшаның сол кездегі меңгерушісі Гүлжан Байұзақова байқап, суретке түсіріп, аудандық білім бөліміне хабарлаумен болады. Ал, 2017 жылдан бастап бұл «Балдәурен» балабақшасы апатты жағдайда деп танылады. Жаңадан салынды деуге мүлдем келмей, қабырғалары қақ айырылып жатқаны жанға батады. Бұл жерде тараздық «SEEMA- TARAZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі неге жауапсыздық танытқан? Сол кездегі аудан әкімі мен сол кездегі аудан әкімдігі білім бөлімінің басшысының балабақша құрылысына неге жаны ашымағаны түсініксіз? Аталған бөбекжай-бақшаны бір жылдан бері Эльмира Кәкібаева басқарады. Бұрынғы басшы Гүлжан Төребекқызы осы мекемені он жыл бойы басқарып, аудан орталығындағы 140 орындық балабақшаға меңгеруші болып ауысып үлгерген. Есесіне, апатты жағдайдан құтылып, көңілі тыныш тапқан сияқты. Енді бар жауапкершілікті мойнына алған Эльмира Қарабайқызы балабақшаның бүгінгі ахуалына алаңдаулы. Мектепке дейінгі мекеменің бір бөлігі тұтас қақырап, мүлдем жарамсыз болып қалған. Іргетасы да мүжіліп, балабақша қызметкерлерін сәт сайын әбігерге салып жатқаны байқалады. Екінші қабатта да жарылып тұрған қабырғалар аз емес. Балалардың тынығатын, ойнайтын бөлмелері де толық бүтін емес. Асхана мен кейбір бөлмелер ғана қауіпсіз деуге келеді. Балабақша ауласындағы арнайы алаңша орындар (беседка) да жарылып, тозығы жетіп тұр. Балабақша меңгерушісі Эльмира Кәкібаева өз сөзінде: «Кезінде жауапсыздық танытқан адамдардың кесірінен енді біз зардап шегіп отырмыз. Ата-аналардың көңілі алаңдаулы. Тәрбиеленіп жатқан 280 балаға обал. Бір күні бір балаға зақым келсе, не деп жауап береміз? Аудандық білім бөліміне, аудандық мәслихат депутаттарына шырылдап айтып жатырмыз. Көмек сұрап өтініш хатымызды да жаздық. Менің білуімше, бұл балабақшаны күрделі жөндеу үшін сметалық құжаттамалары әзірленуде. Алла қаласа, келесі жылы бір жақсылық болар деген үміттеміз. Сонымен, күн сайын Жаратқанға жүз жалынып, амандық сұрап, күн кешіп келеміз. Балабақшаның қабырғалары өте қауіпті», – деді. «Бірнеше жылдан бері осында балаларымызды тапсырып отырмыз. Енді жылдан жылға қабырғалары қақырап, едендері ойылып жатқаны алаңдатады. Балаларымызды жіберіп алып, кешке үйге келгенше екі көзіміз төрт болып уайымдаймыз. Бұл мәселенің оң шешім тапқанын қалаймыз. Жауапсыздыққа кім кінәлі екенін мен нақты білмеймін. Бірақ, мұндағы адал еңбек етіп жүрген қызметкерлер мен тәрбиеленіп жатқан балалардың еш жазығы жоқ» дейді ата-ана Гүлмира Досмайлова. Аталған мәселеге орай аудан әкімдігі білім бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Қуат Зетқұловпен де хабарластық. «Балдәурен» балабақшасының қазіргі жай- күйі алаңдатарлық екені рас. Жаңа құрылыстың басында болған кісілер жауапкершілік танытпаған. Әйтпесе, салынғанына 11 жыл болған балабақшаның бұлай болуы мүмкін емес. Ендігі жерде күрделі жөндеу сапалы жүргізілсе деген жоспарымыз бар. Осы жолда құжаттарын әзірлеп, тиісті құзырлы орындардан жауап күтіп отырмыз», деді ол. Меркіде өз көзімізбен көріп, көңілге түйген жағдай осындай. Осы құрылысқа жауапсыздық танытқандар табыла ма? Өздерінің ісіне жауап бере ме? Ата- аналардың уайымы, балалардың алаңсыз ойнай алмауы қанша уақытқа дейін созылады? Бөбекжай - бақшаны күрделі жөндеуден өткізу, ерте дегеннің өзінде келесі жылы жүзеге аспақ. Ал, сонда 280 баланың тағдыры ешкімді ойландырмағаны ма? Осыдан кейін облыстық білім басқармасының басшысы Мейірхан Өмірбеков, ұзақ жыл әлеуметтік саланы басқарып шыңдалған, бүгінгі таңда Меркі ауданының әкімі қызметінде отырған Жорабек Баубековтер мәселенің оң шешілуіне ықпал етер деген ойдамыз.  

Есет ДОСАЛЫ

Меркі ауданы

Ұқсас жаңалықтар