«Жұлдыз» лагеріндегі тамаша тәуліктер

«Жұлдыз» лагеріндегі тамаша тәуліктер
ашық дереккөз
«Жұлдыз» лагеріндегі тамаша тәуліктер
Тоғыз ай бойы білімге бас қоятын оқушылар да демалысты қажет етеді. Қазіргі шіліңгір шілденің ыстығында балаларға таптырмайтын демалыс орны – лагерь. Меркі ауданындағы «Жұлдыз» демалыс орнына ат басын тірегенде осыған көз жеткіздік. Біз барғанда балалар бассейнде шомылып жүр екен. Шілденің ми қайнатқан ыстығында бассейнге түскеннен артық рахат бар ма? Аталған лагерь директоры Ғабиден Сансызбаев барлық топтарды, асхананы аралатып шықты. Онда балаларға барлық жағдай жасалған екен. Тәулігіне төрт мезгіл тамақ ішеді. Тәртіп жағы қатаң қадағаланады. Мұнда үш топ бар екен. Олардың арасында түрлі жарыстар мен байқаулар өтіп жатады. Демалушы балалардың бір тобы шомылу уақыттарын аяқтап, жанымызға келді. Бірқатары «Айжұлдыз» тобының мүшелері екен. Лагерьде бір топта жүргенімен, бұлар әр ауылдан келгендер. Мәселен, Іңкәр Сегізбай Ойтал ауылынан болса, Андас батыр ауылынан Жанайым Қасаболат, Ақермен ауылынан Гүлдана Тайыр, Ақарал ауылынан Берікжан Сұлтанәлі, Қызылтаң ауылынан Аят Нармахан келіпті. Бүгінгі бүлдіршіндер де ізденіс үстінде ме деп қалдық. Мұндағы балалардың ішінде қара жаяуы жоқ. Бәрінің де өнер, білім, спортқа бейімділігі және жақсы жетістіктері бар. Мәселен, Диас Төребай каратэ спортынан оқушылар арасында облыс чемпионы, Саламат Рахымбай грек-рим күресінен облыс жүлдегері. Аят Нармахан спорттың грек-рим, волейбол, баскетбол түрлерімен қатар шұғылданады. Кәусар Төрехан осы лагерьде өткен «Жайдарман» байқауында жеңімпаз атаныпты. Ал, Жұлдыз Базарбай: «Бұл лагерь өзіме өте ұнап жатыр. Басқа балалар да сондай көңіл күйде деп ойлаймын. Әр ауылдан көптеген достар таптым. Осында өткен «Екі жұлдыз» ән байқауында жүлдегер атандым. Мұнда бәрі жоспар бойынша. Жарысып, ойнап, суға түсіп, ас ішіп, тынығып та үлгереміз. Тәрбиеші ағай-апайлар да үнемі бізді алға жетелеп отырады. Барша лагерь қызметкерлеріне рақмет айтамыз. Жақында әр жаққа тарап, үйімізге қайтамыз. Көңілде қимастық басым», – дейді. Келесі топтарда да белсенді оқушылар аз емес екен. Мәселен, Самал Шаршенова мен Әдемі Төрехан волейболға бейім болса, Әйгерім Құттымұрат би билеп, сурет салуға шебер. Ағайынды Айзере, Айжібек Алпысбайлар қызықты кітап оқып, би билеуге бейім екен. Ал, Меркідегі №17 И.Трубицын мектеп-гимназиясының оқушысы Қайрат Бегісей көркемсөзді мәнерлеп оқудан республикалық байқауда жүлдегер болғаны үшін жер сұлуы Көкшетау қаласына лагерьге демалып қайтыпты. Қайрат қазір аудандық «Үміт» оқушылар сарайында түрлі үйірмелерге қатысып жүр екен. «Өз басым Көкшетау жеріндегі таңдаулы лагерьде де демалдым. Көкшетаудың табиғаты, әрине, өте әсем. Дегенмен, Меркі тауындағы «Жұлдыз» лагері де ешқандай демалыс орнынан кем емес. Мұнда біз тамаша демалыстарымызды өткізіп жатырмыз. Көптеген өнерлі, спортшы балалармен таныстық. Бір-бірімізге естеліктер айттық. Лагерьдің тамаша әсерлерімен бөлістік. Лагерьден тапқан достармен алдағы уақытта да байланысты үзбейтініміз анық. Бұл сәттер де – балалық күндеріміздің жақсы естелігі», – дейді. Біз көңілді балалардың волейбол, кіші футбол ойнап жатқан қызықтарына, қоңырлатып ән салған сәттеріне куә болдық. Тәулік сайын би кеші де ұйымдастырылып, оқушы балалар бірін-бірі кеңінен тануға мүмкіндік алады екен. Лагерь директоры Ғабиден Сансызбай: «Мұнда әр кезеңде 100 оқушыдан келіп жатыр. Үш кезеңде 300 оқушыны қамтыдық. Балалардың барлық қабілеттерін ашуға ықпал етіп отырмыз. Жақсы тәрбиешілерді, жақсы мамандарды шақырттық. Ата-аналар да, оқушылар да алғыстарын айтып жатыр. Бұл лагерь 1965 жылы ашылған. Кеңес кезеңінде арнайы пионер лагері еді. Содан бері жұмыс істеп жатыр. Лагерь жөндеуден өткен. Мұнда ашық аспан астында кино қойылады. Танымал әншілер келіп өнер көрсетеді. Оның бәрі – балалар үшін қызық. Осы сәт олардың бала көңілдерінде қалады. Біз де лагерь күндерін барынша қызықтыруға күш салып жатырмыз, – деді. Біз балалардың шат күлкісін, шаттығын сезіндік. Әр балаға лагерь күндерінің әсері мол болары анық.  

Есет ДОСАЛЫ

Меркі ауданы

Ұқсас жаңалықтар