Онкологиялық орталықта заманауи операциялар жасалады

Онкологиялық орталықта заманауи операциялар жасалады
ашық дереккөз
Онкологиялық орталықта заманауи операциялар жасалады
Облыста жалпы саны 389 денсаулық сақтау нысаны қызмет көрсетеді. Соның ішінде 200 орынға арналып жаңадан ашылған облыстық көпбейінді онкология және хирургия орталығында «Қатерлі ісіктерді диагностикалау мен емдеудегі жаңа тәсілдер» атты ғылыми-практикалық конференция өтті. Медицина мамандары арасында сапалы көмек көрсетудің нәтижесін көтеруге бағытталған шараға облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев қатысты. – Осы жылы облыс денсаулық сақтау ұйымдарындағы 11896 медицина қызметкерінің, оның ішінде 3248 дәрігердің жалақысы орта есеппен 30 пайызға, 8648 орта медицина персоналының жалақысы 20 пайызға ұлғайды. Дәрігердің айлығы 453427 теңгеден 589455 теңгеге өсіп, орта медициналық буын персоналының айлық жалақысы 204 мың теңгеден 244800 теңгеге көтерілді. Медициналық көмектің сапасын арттыру және қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында 2021 жылдан бастап «Primary Health Care» ұлттық қауымдастығымен жасалған меморандум аясында облыста 5 үздік тәжірибе орталығы ашылды. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2023-2024 жылдар аралығында облыста 5,2 миллиард теңгеге 30 нысанның құрылысы жүргізіліп, жоба шеңберінде Меркі, Шу, Талас аудандарында ауданаралық көпбейінді орталық ауруханаларды жаңғырту жұмыстары жоспарланған. Соңғы үш жыл ішінде облысқа 240 жас маман келді. Бұл өз кезегінде саладағы көрсеткіштердің оң динамикасын қалыптастыруға септігін тигізеді, – деді Еркін Құлымбайұлы. Магнитті-резонансты томограф, компьютерлік томограф, рентген аппараты, цифрлы маммограф, видеогастроскоп, видеоколоноскоп, видеобронхоскоп және УЗД аппараттары бар. Орталықта облыс бойынша сызықты үдеткіш – нүктелік сәулелік емдеу тұңғыш рет қолға алынып отыр. Мәселен, Түркістан, Қызылорда облыстары мен Шымкент қаласында мұндай мүмкіндік болмағандықтан, алдағы уақытта көрші облыстың тұрғындарын осы заманауи құрылғымен емдеуге мүмкіндік туды. Бұл науқастардың негізгі емінің сапасының жақсаруына көмектеседі. – Жамбыл облысы онкологиялық аурулардан болатын сырқат пен өлім-жітім деңгейі төмен өңірге жатады. Мәселен, жалпы Қазақстан бойынша сырқаттану 100 мың тұрғынға шаққанда – 206,5, ал Жамбыл облысында – 132,6. Еліміз бойынша өлім- жітім саны 100 мың тұрғынға шаққанда – 61,8, ал Жамбыл облысында – 52,6 құрайды. Биыл 6 айда облыста 800-ден астам қатерлі ісік ауруы тіркелді. Алғашқы онкологиялық кабинет шамамен 70 жыл бұрын 1954 жылы Жамбыл қалалық ауруханасында ашылды, содан кейін онкологиялық науқастарды жедел емдеу үшін облыстық аурухананың хирургиялық және гинекологиялық бөлімшелерінде 10 төсек бөлінсе, 1956 жылы облыстық онкологиялық диспансер ашылды. Бүгінгі таңда осындай қажетті орталықтар дамып, жетіліп отыр. Заманауи жабдықтармен қамтылған орталықтың көмегіне жүгінген әрбір емделуші құлан-таза айығып кетуіне тілектеспін, – деді «Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты» акционерлік қоғамы басқармасының төрайымы, медицина ғылымдарының докторы ҚР ҰҒА академигі Диляра Қайдарова. Сонымен қатар, кеш барысында Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері, жүрек-қан тамырлары хирургтары ассоциациясының президенті Сейітхан Жошыбаев, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жанар Оспанова да сөз алып, өз ойларымен бөлісті. Бұл орталықта алдағы уақытта түрлі қатерлі ісіктерге, соның ішінде онкогинекологиялық патологияға заманауи аз инвазивті эндоскопиялық операциялар жүргізілетін болады.  

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Суреттерді түсірген Юрий КИМ.

   

Ұқсас жаңалықтар