Халықтың талап-тілегі – партияға аманат

Халықтың талап-тілегі – партияға аманат
ашық дереккөз
Халықтың талап-тілегі – партияға аманат
«Amanat» партиясының облыстық мәслихатындағы депутаттық фракциясы отырысында партияның облыс бойынша cайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі «Жол картасының» құрылыс саласына қатысты көрсеткіштерінің орындалу барысы қаралды. Сонымен қатар, сайлау науқаны барысында сайлаушылардан түскен аманаттардың орындалуы талқыланды. Фракция отырысына Парламент Мәжілісінің депутаттары Мұқаш Ескендіров, Гүлдара Нұрымова және облыстық мәслихаттың төрағасы Абдалы Нұралиев қатысты. Отырысты «Amanat» партиясы облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов жүргізді. – Барлық деңгейдегі фракция мүшелерінің басты мақсаты–партияның алдағы 2027 жылға дейінгі сайлауалды бағдарламасы мен сайлау науқанында халықтан түскен аманаттардың, ұсыныс- тілектердің орындалуына ықпал ету. Бұл баршамыздың алдымызда тұрған маңызы зор, мәртебесі биік ортақ міндет. «Amanat» партиясы Жамбыл облысы бойынша 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі «Жол картасында» жалпы 103 көрсеткіш бар. Олардың орындалу барысы туралы облыс әкімдігіне қарасты басқармалардан ай сайын ақпарат жинақталуда. Аталған ақпаратқа сай облыс бойынша қазіргі таңда 4 көрсеткіштің орындалмау қаупі бар. Оның ішінде Тараз қаласындағы психикалық денсаулық орталығының нысандары аумағын абаттандыру, Жамбыл ауданы Шайқорық ауылында дәрігерлік амбулаторияның құрылысы, Жуалы аудандық ауруханасының жапсарлас құрылысы, Меркі ауданы Қызылсай ауылы «Андас-1», «Андас-2» су қоймаларын салу жұмыстары бар, – дей келе, құрылыс саласында партияның сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде мәлімдеме жасау үшін сөз кезегін облыс әкімдігі құрылыс басқармасының басшысы Данияр Абдыбековке берді. – Құрылыс басқармасы «Amanat» партиясының сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру бойынша биыл тұрғын үй кезегіндегі азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы шеңберінде құны 13,2 миллиард теңгеге 3929 пәтерлі 74 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 3073 пәтерлі 59 ипотекалық, 796 пәтерлі 14 арендалық үй және 60 пәтерлі 1 пилоттық тұрғын үй бар. Жыл соңына дейін 2 564 пәтерлі 45 үйдің құрылысын аяқтап, пайдалануға беру жоспарлануда. Атап айтсақ, 1948 пәтерлі 34 ипотекалық үй, 556 пәтерлі 10 арендалық үй және 60 пәтерлі 1 пилоттық тұрғын үй. Сонымен қатар, облыс аумағында халықтың әлеуметтік осал топтарына және көпбалалы отбасыларға 7,7 миллиард теңгеге 797 пәтер сатып алу жоспарлануда. Осы жылдың қорытындысымен бюджет қаражаты және жеке инвестиция есебінен 698,7 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беріп, былтырғы кезеңмен салыстырғанда 0,7 пайызға асыра орындау міндеті тұр. Биыл 10,3 миллиард теңгеге 77 инженерлік инфрақұрылым жобаларының құрылысы жүргізіліп, 2 жаңа алқапта 869 жер телімін таратуға дайындау жоспарлануда. «Amanat» партиясының 2023- 2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасын орындау мақсатында алдағы 5 жылда 9 125 пәтерлі 155 тұрғын үйді пайдалануға беру және жеке тұрғын үйлер салу үшін 31 тұрғын алқапта 13,3 мың жер учаскесін дайындау жоспарланып отыр, – деді басқарма басшысы Данияр Темірбекұлы. Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша партия Тараз қалалық филиалының төрағасы Уәлихан Байдуанов пен Т.Рысқұлов аудандық филиалының төрағасы Қанатбек Арыстанбеков баяндады. Өткен сайлау науқаны барысында Тараз қаласындағы сайлаушылардан барлығы 173 өтініш, Т.Рысқұлов ауданынан 47 өтініш түскен. Т араздық сайлаушылардан түскен өтініштердің 138-і қалалық, 14-і облыстық, 21-і республикалық деңгейде шешуді қажет ететін мәселелер. Орындалған 68 өтініштің 5-еуі құрылыс, 6-ы спорт, 14-і білім, 5-еуі денсаулық сақтау, 13-і әлеуметтік салаларға және басым көпшілігі, яғни 25-і тұрғын үй коммуналдық шаруашылық саласына қатысты мәселелер. Ал, Т.Рысқұлов ауданының 44 өтініші аудандық деңгейде. Оның 18-і орындалған, 26-сы қазіргі уақытта шешімін тауып жатқан көрінеді. Облыстық деңгейде 2 өтініші болса, оның біреуі орындалған, біреуіне түсіндірме берілген. Республикалық деңгейдегі 1 өтінішке түсіндірме жұмыстары жүргізілген.  

Қамар ҚАРАСАЕВА

Ұқсас жаңалықтар