Ұлттың үш ұлы сөзі

Ұлттың үш ұлы сөзі
ашық дереккөз
Ұлттың үш ұлы сөзі
Қазақи тәрбиенің қандай болғандығы жайында кітап беттеріне үңілер болсақ, қазақ баласын үш-ақ ауыз сөзбен тәрбиелегені туралы жазылады. Ұят болады, жаман болады және обал болады деген сөздер саналы адам ғұмырының негізгі ұстанымы. Мұндағы ұят болады дегені – өлімнен ұят күшті, ұятты істі істеме дегені. Жаным – арымның садағасы дегені. Ал, жаман болады дегені – жақсы сөз жарым ырыс, жамандықтан аулақ жүр деп, жақсының шарапаты, жаманның кесапаты тиеді дегені еді. Үшінші, обал болады дегені – әр нәрсенің сұрауы бар, саған түкке тұрғысыз болған бір нәрсе басқа біреуге өте қымбат болуы мүмкін, ешкімге көлеңкең түспесін дегені еді. Жаман боладыға жақындамай, ұят боладыға ұрынбай, обал болады дегенге ойлана қарайтын ұрпақ едік. Ал, қазір ше?.. Меніңше «Ұят болады» сөзі – баланы тәрбиелейтін ең басты сөз. Тектіліктің бастау көзі. Тәрбиенің тал бесігі емес пе еді?! Кейінгі кезде осы бір текті сөзді айтудан қалғандаймыз. Бұл асыл сөздің өзі – бар жаман іс-әрекеттердің, әдепсіз қылықтардың алдын алып, тыйып тұратындай. Сәби күнімнен әженің аялы алақанын сезініп, әңгіме-ертегісімен сусындап өстім. Қарт әжемнің бірауыз «тек!», «ұят болады!» деген сөздерінен кәдімгідей именіп, ненің жаман, ненің жақсы екенін айыратынмын. Осындайда Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» повесінде суреттеген Қызтумас әжесінің кіршіксіз образы еріксіз ойға оралады. Бұл повесті оқи отырып мен де өзімнің әжемді көргендей күй кешемін. Өзі қандай мұнтаздай таза болса, көңілі де аппақ қардай шынайы әрі кіршіксіз еді. Басынан ақ жаулығын тастамайтын. Бес уақыт намазын қаза қылмайтын. Бүгінгі қоғамға дәл осындай қариялар ауадай қажет-ақ. Неге десеңіз, ақ пен қараны ажырата алмайтын, санасыз робот сынды ұрпақ қалыптасып келе ме деген үрейлі ой жаныма маза бермейді. Себебі, қазіргі уақытта ата-ананың немесе ата- әжелердің немерелеріне «ұят болады, қой!» деп айтып жатқанын естімейтін болдық. Неге олай деп сұрай қалсаң: «Қоя бер, қайтесің, бір үйдің ерке қызы немесе жалғыз қызы ғой», деп қысқа ғана қайырады. Қорқыныштысы сол, өзім білемдікке салынған бала ертеңгі күні қандай адам болады?! Әрі қарай ойлай беріңіз. Көпке топырақ шашудан аулақпыз, әрине. Қонаққа бара қалсаң, дастарқан басында улап-шулап жүрген бүлдіршіндерді көресің. Рас, баланы еркелетіп өсірген де дұрыс шығар. Десе де, баланың бетінен қақпау керек деп, бетімен жіберудің қажеті қанша? Даналарымыз айтқандай «Тәрбиенің – тал бесіктен басталатынын» естен шығармаған дұрыс-ау. Бірде теледидардан бала тәрбиесі туралы әңгімелеп отырған психологтың сөзін тыңдадым. «Ұят болады деп балаға айтып, әр нәрседен тыя берсек бала жасқаншақ, ынжық, ұяң болып өседі. Ондай баланың болашағы бұлыңғыр», деп қойып қалмасы бар ма. Ал, енді қараңыз, осы ұят боладыны естімей жүрген талай жасөспірімдерден неше түрлі сұмдықтың беті ашылып жатқан жоқ па? Сол себепті «ұят» сөзі бірінші кезекте тұруы тиіс. Тіпті, хакім Абай отыз алтыншы қарасөзінде ұят туралы: «Шын ұят сондай нәрсе: шариғатқа теріс я ақылға теріс, абиұрлы бойға теріс бір іс себепті болады. Мұндай ұят екі түрлі болады. Біреуі ондай қылық өзіңнен шықпай-ақ, бір бөтен адамнан шыққанын көргенде, сен ұялып кетесің. Мұның себебі, сол ұят істі істеген адамды есіркегендіктен болады... Ұяты күшті адамдар ұйқыдан, тамақтан қалатұғыны да бар, хатта өзін-өзі өлтіретұғын кісілер де болады. Ұят деген адамның өз бойындағы адамшылығы, иттігіңді ішіңнен өз мойныңа салып, сөгіп қылған қысымның аты... Осы күнде менің көрген кісілерім ұялмақ түгіл, қызармайды да. «Ол істен ұятты болдым, дедім ғой, енді нең бар?», – дейді. Хош! Адамзаттың бойындағы әшекейі болып саналатын ұят сезімі – бүкіл жаманшылықтардан қорғайтын рухани қалқан болып саналмақ. Ол адам баласының Жаратушы Иемізге және бүкіл пенделерге деген міндеттерін толық орындауына септігін тигізеді. Түйіндей келе, жақсы қоғам қалыптастыру үшін бала тәрбиесіне жіті көңіл бөлуіміз керек дегім келеді. Егер сізді расымен де балаңыздың болашағы алаңдататын болса, «Ұят болады!» деген секілді жамандықтан тыятын, ұлағатты сөздерді уақтысында баланың миына құйып отырғаныңыз жөн. Біздің мақсат – қалың оқырманға ой салу. Ендеше, жоғарыда айтылған сөздерді ой елегінен өткізіп, тәрбиелі де саналы ұрпақ қалыптастыру өз қолыңызда екенін естен шығармағаныңыз абзал, құрметті оқырман!  

Мақпал СҮЙІНБАЙ

Ұқсас жаңалықтар