- Advertisement -

Әлем жаңалықтары

38

- Advertisement -

Президент сайлауында мерзімінен бұрын дауыс беруде

Өзбекстанда 28 маусым мен 5 шілде аралығында президент сайлауында мерзімінен бұрын дауыс беру өтіп жатыр.

Елдің сайлау кодексіне сәйкес, сайлау күні яғни, 9 шілдеде тұрғылықты жері бойынша бола алмайтын сайлаушыларға өз таңдауын мерзімінен бұрын жасауға мүмкіндік беріледі. Мерзімінен бұрын дауыс беру сайлауға он күн қалғанда – 28 маусымда басталып, жалпы дауыс беру күніне үш күн қалғанда – 5 шілдеде аяқталды.

Мерзімінен бұрын дауыс беруді жүзеге асыру үшін сайлаушы сайлау күні болмау себебін көрсете отырып, өтініш негізінде учаскелік комиссияда сайлау бюллетенін алады. Бюллетеньді жасырын дауыс беру кабинасында толтырып, конвертке салып, жабыстырады. Учаскелік комиссияның екі мүшесінің қолымен және комиссияның мөрімен расталған конверт 9 шілдеге дейін арнайы сейфте сақталады.

Бұған дейін Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев 9 шілдеде мемлекет басшысын мерзімінен бұрын сайлау өтетіні туралы жариялаған болатын.

Швецияның НАТО-ға кіруі қиындай ма?

Қасиетті Құранды өртеуге рұқсат берген Швецияның НАТО-ға кіруі қиындайды. Ресми Стокгольм бұл әрекетке шұғыл түрде араласып, күдіктілерді жауапқа тартуы тиіс.

Түркия вице-президенті Жевдет Йылмаз осылай деп мәлімдеді. Ал, Түркия сыртқы істер министрі Хакан Фидан мұндай қатыгездікке көз жұмып қарау қылмысқа серіктес болумен пара-пар деді. Бұл оқиға Түркия мен Швеция арасындағы онсыз да шиеленіскен қарым-қатынастың өршуіне әкелді. «Бұл арандатушылық жүздеген миллион мұсылмандарға қарсы бағытталды. Діндер арасында алауыздық туғызатын пиғыл болды. Біз Швеция билігінен осыған қатысы бар адамдарды шұғыл түрде жауапқа тартуын күтеміз», – деді Жевдет Йылмаз.

5G жүйесімен өз аумағының 90 пайызын қамтиды

Жыл соңына дейін Қытай өз аумағының 90 пайызын 5G жүйесімен қамтиды. Бүгіннің өзінде аспан асты елі аталған технологияны игеру бойынша дүниежүзіндегі көшбасшы мемлекет саналады.

Осы уақытқа дейін 85 миллиард доллар инвестиция құйған ел билігі мұнымен тоқтап қалмақ емес. 2019 жылы Қытай коммерциялық бағытта қолдануға болатын 5G интернет желісін енгізді. Бүгінде бұл елде 5G сервисін ұсынатын базалық станциялардың саны 2,7 миллионға жетеді. Ал, пайдаланушылар саны 634 миллионнан асады. Жыл соңына дейін тағы 600 мың станция салып, жылдам интернетпен елдің барлық аймағын қамту көзделген. Өнеркәсіп және ақпараттандыру министрлігінің мәліметі бойынша, бүгінде ұялы байланыстың бесінші буыны экономиканың негізгі 97 саласының 60-ына толық енген. Шанхайдағы Дүниежүзілік мобильді конгресте аталған технологияның басты назарда болуы да сондықтан. Компаниялар 5G-ді шахта жұмыстарына енгізудің үлгілерін көрсетіп, жаңа жүйенің өндірістік процестерге қаншалықты оң әсер ететінін баяндады.

Бүгінде озық технологиясыз экономиканы дамыту мүмкін емес. Сондықтан әлем елдері, әсіресе Қытай байланыстың алтыншы буынын енгізу жағын жіті зерттеп-зерделеуге кіріскен.

Жоғары білікті шетелдік маманға мұқтаждық бар

Германияда жоғары білікті шетелдік мамандарға мұқтаждық артып, миграциялық заң талаптарына өзгертулер енгізілді. Олар шетелдіктердің жұмысқа орналасу процесін жеңілдетуге бағытталған.

«Екі қолға бір күрек» іздегендер бірқатар талапқа сай болуы тиіс. Бастысы – кәсіби біліктілік, неміс тілін білу және бастапқы кезде өмір сүруге жетерлік қаржысын растауы шарт. Туристік визамен келген шетелдік азаматтар да ыңғайлы жұмыс тауып жатса, еңбек етуіне рұқсат беріледі.

Германияда дәрігер, IT маманы, инженер, мұғалімдерге сұраныс жоғары. Елдегі кадр тапшылығына демографиялық фактор әсер етіп отыр. Қазір жұмысқа орналасып жатқандардың дені зейнеткерлер. Берлин мен өзге аймақтардың еңбек нарығында ұсыныс көп. Технологиялық компаниялар жоғары білімді мамандарды іздейді. Олар шетелдіктерге жұмысқа орналасуы үшін виза алуына көмектесуге дайын.

Туризмді дамыту жөнінде форум өтті

Еуропада туризмді дамыту жөнінде форум өтіп, оған қатысушылар үш жылға жалғасқан дағдарыстан кейін сала қалпына келгенін баяндады. Қазір саяхатшылардың көбі қоршаған ортаны сақтауға ниетті.

Кейінгі бір жылда ғаламторда экологиялық саяхат іздегендер саны 36 пайызға артты. Осыған байланысты теміржол байланысын жақсарту ұсынылып отыр. Еуропалық комиссияның мәліметінше, ұшақ пойызбен салыстырғанда ауаға көмірқышқыл газды 8 есе көп шығарады. Францияда пойызбен 2,5 сағаттан аз уақытта жетуге болатын қалалар арасында ұшақтардың қатынауына тыйым салынған.

300 миллион адамды жұмыссыз қалдыруы мүмкін

Сарапшылардың болжамынша, жасанды интеллект 300 миллион адамды жұмыссыз қалдыруы мүмкін. Мәселен, АҚШ пен Еуропада еңбектің үштен екі бөлігін толық немесе жартылай автоматтандыруға болады.

Дегенмен, бұл қол күшін қажет ететін мамандықтарға айтарлықтай әсер етпейді. Негізінен графикалық дизайнер, бағдарламашы, есепші, тілші, жазушы және мұғалім секілді маман иелеріне қауіп төніп тұр.

Жасанды интеллектіні ендіру еңбек өнімділігін арттырып, әлемдегі жалпы ішкі өнімді 7 пайызға көбейтеді. Сарапшылардың пікірінше, Гонконг, Израиль, Жапония, Швеция және АҚШ жұмыс орындары ең көп қысқаратын бес елдің қатарына кіреді.

 

Дайындаған Жүрсінгүл ЖАҚЫП.

 

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support