Қызығы мен қиындығы бір сала

Қызығы мен қиындығы бір сала
ашық дереккөз
Қызығы мен қиындығы бір сала
Журналистика – қиындығы мен қызығы да мол сала. Қаламгер болсам, телеарна немесе газет- журналда еңбек етсем деп армандайтындар көп. Біз де армандадық. Сол арманға 28 жасымда жеттім. Төл мерекеміз қарсаңында өзімнің басымнан кешкен бірқатар әсерлі сәтпен бөліскенді жөн көрдім. Журналистердің асыға күтетін қызығы – іссапарлар. Күнделікті жұмыста өз әріптестеріңді ғана көрсең, іссапарда барлық саладағы журналистерді кездестіріп, әңгіме-дүкен құрып, бір жасап қаласың. Ондайда әріптес ағаларға: «Aq jol» газетінің фототілшісі Ақәділ Рысмаханды, «Суретпенен байқалған жаңалығы» немесе «Ar-Аi»-дың «алтын» ағасы Алтынбек Қартабайды «қыздарға байқалмаған салқын лебі» деп әзілдеп алатынымыз да бар. Облыстық газетте 18 жылдан бері еңбек етіп келеміз. Біздің өңірдің ең шалғай ауданы – Мойынқұм. Журналистиканың арқасында Мойынқұмға да талай жол түсті. Есімі аңызға айналған ауданның бірінші хатшысы Айтбай Назарбековті көрмесек те, ұрпақтарын көрдік. Ол кісі тәрбиелеген Жақсыгүл Даниярова секілді мемлекеттік қызметте жетістікке жеткен озаттармен сұхбаттастық. Озат малшы, КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болған Күлзада Тілеубаева апайдан сұхбат алған кезіміз естен шықпайды. Ол кісі КСРО-ға депутат болып дүркіреп тұрғанда, біз мектеп оқушысы едік. Шу ауданына барған сайын аңыз адам Әбдімомын Желдібаевқа, суретші Қали Қораласбаевқа, Ахметжан Қосақовқа соқпай кетпеймін. Ақын, ұстаз Сәт Мәлібекұлы да шығармашылығымен, біздің ұзақ жылғы тұрақты оқырманымыз болуымен қымбат. Кәсіпкер Асхат Бабырханұлы туралы да қалам тербедік. Оның ерекшелігі әуелі жұмысшыларға жағдай жасайтын төраға екен. Айтыскер Бақытбек Жұмабеков басқаратын Ақсу ауылының тозығы жеткен клубын да талай жаздық. Енді Ақсуда жаңа клуб салынғалы жатыр. Қаламның көмегі – осындай. Кененнің елі Қордай туралы да толғандық. «Құтты болсын қадамың, Дина келін, Өзіңе арнап мал-мүлік жинап едім», деп Кенен ақын келіннің бетін өзі ашса, сол Дина әжені көріп, сұхбат алған сәтіміз – сәттілік. Соғыстың соңғы солдаты Керімқұл Қосақовпен сұхбаттасып қалғанымыз – бір тарих. Бұл күнде бақилық болған майдангердің өмірден өткенше басқа басылымдармен қатар қолынан«Aq jol» газеті түскен жоқ. Қордайдың Сәрсенбаева Күміскүлін еліміздің өзге облысынан іздеп келетін жанкүйерлері қаншама? Құланның Мэлс Өзбековы, Жаңбыршы Үсейінові бәріміздің есімізде. Байзақтың Қасқырбай Нарбатыры мен Алтынкүл Қасымбековасы – бір-бір тақырып. Таластың кешегі Наршасы мен Серігі, бүгінгі Көсемәлі Сәттібайұлысы, Ербол Қамбатыры мен Үміт Битеновасы бір төбе. Жуалының тарихшы Дәулетжан Байдалиеві, танымал ардагер Сейітхан Жұмашевы, Аманжол Дүрәлісі мен Мейірбек Мәтені – көңілдегі көркем ойлар. Сарысудан Маралтай Райымбекұлы, Алик Бекмұсаев, Төлеу Үшқоңыров – бәрі-бәрі сұранып тұрған тақырыптар. Журналистік сапарларда талай-талай қызық болады. Соның бірі Қырғыз еліне 2020 жылы барған бір сапарымыздан қайтарда автобусымыз мұзға тайғанап жолдан шығып, тұрып қалғаны. Екі қабаттан тұратын ауыр автобус. Оны итереміз деп автобустың астына түсіп қала жаздадық. Қыс мезгілі. Дала аяз. Облыстық филармония ұжымымен және «Қоғамдық келісім» мекемесінің қызметкерлерімен бірге барғанбыз. Көліктің жарығы да, моторы да өшті. Дала ызғар. Жаурай бастадық. Дидар Басығараев бастаған жігіттер отын жақты. От лаулап жанып, соған бәріміз жылынып, икемге келе бастадық. Бір кезде қырғыздың төтенше жағдайға бөлінген техникасы келіп автобусты сүйреп шықты. Осындай кездер естен кетпейді. Журналистиканың қызығы мен қиындығы мол.  

Есет ЖАҢАБАЙҰЛЫ

Ұқсас жаңалықтар