Көке

Көке
ашық дереккөз
Көке
Білемін, бәрін, бәрін сездің, Әке, Асылы, айтпаушы едің сөзді қате… Жерлеген күні сені дертті болып, Мен түгіл жылап тұрды көк түнеріп.

Қалқаман САРИН

– Көке, сен маған керексің! Көке, тезірек жазылып кетші, өтінемін!.. Бұл аурухана төсегінде жарты денесі қозғалыссыз жатқан әкесінен әр келген сайын Ақботаның жалына сұрайтын сөздері. Қасында ұзақ отырып, әкесінің оң қолын жан бітіргісі келгендей екі алақанына салып, қатты қысады, көз жасынан дымқылданған бетіне апарады. Бір айға жуық уақыт ішінде есін білгеннен бастап, осы күнге дейін әкесімен өткізген әр күні, әр қуанышты сәті көз алдына елестеп, білмей, түсінбей ренжіткен кездері үшін өз-өзін сан рет жазғырып та үлгерді. Бүгін де жадында сақталып қалған жарқын бір көрініс есіне түсті. Төрт-бес жасар кезі. Кешкі мезгіл. Жұмыстан жаңа келген әкесінің алдынан жүгіре шығып, екі қанатын ұшуға дайындаған балапанша жоғары сермеп, «көтер, көтер» деп нәзік даусымен сұраған тілегін жерге тастамай, шаршағанына қарамастан, әкесі көтеріп тұр. Кішкентай қыздың бақытында шек жоқ! Ал, қазір сол қолдарының бірі қимылға да келмейтінін көріп, хал- жағдайының күн өте төмендеп бара жатқанын сезіп, көз жасына қайта ерік берді. Әкесіне ұлдан гөрі қыз бала жақын болатыны рас екен. Көкесінің астан кейін майшам жарығымен отырып айтатын әңгімелерін екі ағасы емес, Ақбота сіңлісі екеуі тыңдағанды көбірек ұнататын. Әкесінен тоғыз жасында айырылып, колхоз жұмысына ерте араласқаны, оншақты шақырымдағы көрші ауылдағы мектепке коньки теуіп баратыны секілді әңгімелерін күн сайын болса да тыңдауға дайын еді. Әдет бойынша қыстың қарлы кештерінің бірінде дастархан басында жайғасқан балаларына көкесі: – Әкем өте сабырлы, төзімді кісі болатын. Колхоздастыру заманында Кеңес өкіметі бар мүлкін тартып алды. Балалық шағым аш, қиын кезде өтті. Кейде тек бір үзім нан жеп ұйықтайтынбыз. Қыстың ұзақ, суық түндерінің бірінде әкем екеуміз аяз қатқан терезеге үңіліп тұрғанда шығарған шумақ өлеңі бар еді. Әлі есімде: Қар жауады, жауады, Байдың несі құрайды. Бір тоқтыны сояды, Қан-жынына тояды. Шынымен, кедейдің күйзелісін, жоқшылығын қарны тоқ бай түсінбейді ғой. Осылай төрт жолмен-ақ әкем бай мен кедейдің аражігін оп-оңай ашып берді, – деп, ойға шомып кетіп, сөзін қайта жалғастырды, – ақындыққа деген ұмтылысым да сол кезде-ақ оянған болар... Әкесі апалы-сіңілі екеуіне ең ақылды, білімді адам болып көрінетін. Расында да сондай кісі еді. Жұрт – ел ағасы, сөзге шешен, білімі терең, адамгершілігі мен парасаттылығы мол тұлға деп бағалайтын. Әдемі өрілген өрнекті, ойлы сөздері жуан, байсалды даусымен нәрленген кезде, барлығы ұйып тыңдайтын. Жасы егде тартса да Ақботаның көкесі тіп-тік жүріп, шапшаң қимылдайтын кісі болғандықтан, сол бір аяусыз дерт аяқасты шалады деп ешкімнің ойына да келмеген. Көктемнің жаймашуақ күні қуанышты, жағымды істерге толы болуы керек еді... – Алла қаласа, қызым, елге танымал мықты жүрек дәрігері боласың. Мәскеудегі конференцияңа аман-есен барып кел, сәт-сапар! Аумин, – деп, жолға шыққалы отырған кіші қызына таңғы ас үстінде мақтанышын жасыра алмай, батасын берді. Әншейінде, ойлы түрмен кітап оқи отырып, қолымен бурыл тартқан маңдай шашын тарап шай ішетін әкесі, бүгін қызына күлімсірей қарады, ал, көздерінен кәріліктің күнделікті бозғылт түсі емес, бақыттың шуақты оты жарқырап тұрды. Еркежан да әкесінен естіген жылы сөз, ақ батаны ең үлкен мадақ деп танитын. Сол бір сәтте, өзін шын бақытты сезініп, кәсіби тұрғыда, қалыптасқан, тәжірибелі дәрігер, маман бола алатынына ішінде берік сенім оянды. Асықпай шай-тамақтарын тауысып, әкесі дәрігер қызын шығарып салуға қара «темір тұлпарын» гараждан есік алдына әкеп, дайындап қойды. Иә, жасы сексенге келіп қалғанымен, қария көлікті өзі жүргізетін. Негізі, жүргізуші куәлігінің өзін алпыс жасына қараған шағында алған. Қызметіне қарай қаламнан ауыр зат ұстамайтын ақсаусақ кісі, көлікті басқарғаны болмаса, оның «көңіл-күйін, жүрек соғысының ырғағын» түсіне бермейтін. – Ақбота, тезірек жет! Жедел жәрдем әкеңді ауруханаға әкетті, Еркежан қасында. Мен көлікте қалдым, – деген анасының сөздерінен түскі ас ішіп отырған Ақбота үшін жер айналып түсті. Анасының дірілдеп шыққан даусынан қорқып, бір мезетте басына келген небір жаман ойлардан селк етті. Ой деген ұшқыр ғой: «Қандай аурухана?.. Еркежанды шығарып салуға бара жатқан еді ғой... Аллаһым, барлығы жақсы болсыншы!.. пәленің бетін аулақ қыла гөр!» деп, қорқыныш пен үміт бір сәтте жүрегін жаулап алды. Асханадан шыққаны, жолда көлікте қалған анасын алып, ауруханаға қалай жеткені есінде емес. Бар есте қалғаны – жансақтау бөлімінің есігінің алдында әкесін көруді сұрап, Жаратушы иеден көкесінің амандығын тілеп созылған сағаттардың ұзақтығы мен еден жуушы апаның аяған кейіп танытып, абайламай айтқан сөзі: – Болды, жылай бермеңдер! Жамандық шақырасыңдар! Қалай?.. Расында, қалай бөтен, сенің қандай күйде тұрғаныңды түсінбейтін, түсінгісі де келмейтін адам қайғыңа араласуға құқылымын деп ойлай алады? Әкесін уайымдап, езіліп жатқан қызының жүрегінен төгілген ыстық көз жасы қалайша жамандық шақыруы мүмкін?! Ал, өз басы ше? Жақыны, жоқ олай емес! Жақынынан да артық – туған әкесі өлім аузында жатқанда, жыламай тұрған мықты ма екен?! Бірақ, дөрекі сөзге Ақбота да, Еркежан да жауап бергісі келген жоқ. Іштей екеуі де «небір қайғыдан аласұрған бейшараларды көріп, қатігез болып кеткен шығар» деп шешкендей болды. Тек түнге қарай ақ халатты иығына іле сала, Ақбота жүрек қағысын тыңдайтын құралдардың дыбысы ғана естілген жансақтау бөлімінің төрінде тұрған кереуетте жатқан әкесінің қасына келіп, зиян тигізуге қорқып, сезер-сезбестей ғана құшақтады. Кереует жанында тұрған мейірбике әкесіне қарап: – Ата, бұл немереңіз бе? Өзіңізге ұқсайды екен, – деді Ақботаны меңзеп. – Қызым... қызым, – сөйлеуге тырысқан әкесінен тілі күрмеліп шыққан сөздерін түсіну қиын еді. Бұл Ақботаның әкесінен естіген соңғы сөздері болды. Инсульт мидың сөйлеу, қозғалыс қабілеттеріне жауап беретін бөліктеріне зақым келтірді. – Көке! Қорықпа, бәрі жақсы... әлі-ақ жазылып кетесің... зәремізді ұшырдың ғой... еркелейін дедің бе, – деп, Ақбота әкесіне жағдайдың қиындығын білдіргісі келмей, қалжыңдауға тырысты. Бірақ, әкесінің жүзінен сенбегенін, оның үстіне ішінің түбінен пайда болған үрейдің өршіп келе жатқанын байқады. Сол сәтте Ақбота әкесін бүкіл әлемнен қорғап, сақтап қалғысы келді. Өмір бойы әкесі қамқор болғандай, бүгін Ақбота әкесінің дәл сондай қалқанына айналғысы келді. Әке – асқар тау. Әке – тірек. Ақбота туылғанынан көкесінің махаббатын сезетін. Анасы секілді «ботам, балапаным» деп, еркелетпесе де, әкесінің мейірімі әрбір ісінен байқалатын. Бір жарым жасында қатты ауырып, алты сағат бойы дәрігерлер кішкентай қыздың өмірі үшін күресіп жатқан кезде әкесі бір мезет демалмай, палатаның алдында күзетіп тұрғаны туралы анасы жиі айтатын: – Түскі үзіліске үйге келдім, әкең де келді. Үйде апаң бар. Сен қуыршақтарыңмен ойнап отырғансың. Кенет, жерге қырыңмен сылқ түстің. Сөйтсек, қызуың 400С-қа жетіп, денең ысып тұр екен. Жүрек қағысың байқалмайды. Дереу жедел жәрдем шақырдық. Сені ауруханаға әкетті, әкең қасыңда, мен жұмысқа кеттім. Жұмыстан кейін мен де жеттім. Әкең сен жатқан палатаның алдында тұр, үндемейді. Мен болды, сені кетті деп ойладым. Сөйтсем, жоқ, тірі екенсің. Алты сағат керек дәрі келгенше жүрек массажын жасаған дәрігер шығып, жағдайың жақсарғанын айтты. Әкең сол кезде ғана дәліздегі орындыққа сылқ түсіп, «қызым әбден қиналды ғой» дегенде маңдайынан суық тер шыққанын байқадым. Апаңа тартқаныңнан да шығар, сені ерекше жақсы көреді... «Сәуір болмай, тәуір болмас» демекші, сол бір көктемнің алдамшы айы Ақботаның көкесінің жағдайымен ұқсас болды. Күн жылтырап, күлімсіреп шыға қалса, дәрігерлер де көкесінің денсаулығы жайлы жақсы болжамдар айтып жатты. Ал, керісінше, шымылдық артына тығылған жаңа түскен келіншектей күннің көзі бұлттардан көрінбей қалып, оған қарсылығын білдірген суық жел алай-дүлей болып, ашуына кіргенде әкесінің денсаулығы нашарлайтын. Мүмкін керісінше, табиғат қарияға деген өзінің алаңдауын, күйзелісін осылай білдірді ме? Ол жағы, әрине, белгісіз. Бірақ кіндік қаны тамған жер, өсіп-өнген, ұзақ жыл еңбегі сіңген өлке туған перзентіне аналық сезімін осылай жеткізіп жатқандай еді. Бірақ, амал нешік! Адам өмірге келетін һәм кететін күндері тағдырлар кітабында, о баста-ақ, жазылып қойған. Ақботаның әкесіне 1 мамыр, желді күні бір ай дертпен күрестен кейін бақилық болу жазылған екен... Жамбасы жерге тиген сәтте жер тербелді...

***

Содан бері Ақбота сағынышын қағаз бетіне түсіреді: «Көке, жаның жаннатта болсын! Шексіз жақсы көремін! Соңғы рет ауырмай тұрып кездескенде «Ризасың ба?» деп едің. Сол күні ол сөзді аузыңа Алла салғанын түсінбей, ойымда ешнәрсе жоқ, жай ғана «иә» дей салып едім. Бүгін шын көңілден, сені қатты сағынған, сағынып зар жылаған жүрекпен «Иә, иә, иә! Көке, ризамын саған! Алла разылығы үшін, ризамын!» деп даусым жеткенше айқайлап айтқым келеді. Бәрі есімде, көке! Берген тәрбиең, әр сөзің, қамқорлығың, қоңыр үнің, қартайсаң да баладай аңқаулығың, бірнәрсеге таңқалғандағы бас шайқауың, бәрі, бәрі! Мен үшін оның барлығы қымбат. Түсімде көрсем сағынышымды, мауқымды бір басып қалушы едім, көптен бері түсіме кірмей кеттің».

***

Құрметті оқырман! «Ақбота» деп әкем кішкентайымда атайтын. Бұл әңгіме мен үшін ең асыл, ең қымбат адам – әкеме арналады. 1 мамыр осымен алты жыл, мен үшін мереке болудан қалды. Аза тұтатын, құран бағыштайтын күн. Уақыт өте жан жарасы жазылады дейді, мейлі, оны да көрерміз. Әзірге өзгеріссіз!..  

Жәмилә БЕКБОСЫНОВА.

 

Ұқсас жаңалықтар