Әр бейненің астарында асқақ мән бар

Әр бейненің астарында асқақ мән бар
ашық дереккөз
Әр бейненің астарында асқақ мән бар
Мемлекеттің егемендігі мен елдігін айшықтап көрсететін белгі іспеттес рәміздерді айбынымыз деуге болады. Осыдан он алты жыл бұрын, яғни «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық Заңы қабылданған 4 маусым қазақ елінде Мемлекеттік рәміздер күні болып аталып келеді. Күллі қазақ үшін мағыналы мерекеде рәміздеріміздің авторлары айтқан естеліктерді еске алып, Елтаңба мен Тудың қалай салынғанына көз салып, астарына ой жүгіртсек дейміз. Әлемдік додаларда жоғары екпінмен әуелеген Әнұранымызбен бірге көкке көтерілетін көк Туымызды көргенде тебіренбейтін жан болмас. Талайлардың жүрегіне мақтаныш сезімін тудырған сол Тудың авторы, жерлесіміз Шәкен Ниязбеков: «Тәуелсіз еліміздің туын жасауға байқаудың жарияланғаны жөнінде Жоғарғы Кеңестен Ербол Шәймерденов деген азамат хабарлаған болатын. Шынымды айтсам, ұтамын деген ой болған жоқ. Сонда да конкурсқа қатысып, бақ сынап көруге ұйғардым. Сөйтіп дүние жүзіндегі барлық тулардың фотоларын жинап алып, зерттедім. Конкурс екі айға созылды. Біреуге анау ұнайды, біреуге мынау ұнайды дегендей, талқылау созылып кетті. Мен болсам барлық идеяларымды соңына дейін айтпай жүрдім. Себебі, сол конкурсқа қатысқандар өз жақтаушыларының жұмысын өткізуге тырысып жүргендерін байқап қалдым. Бәрі бір-бірімен айтысып болғаннан кейін соңғы нұсқамды көрсеттім. «Неге сегіз бұрыш қолданбаймыз?» деген сұрақ қойылды. «Сегізбұрышты Әзербайжан алып қойды, басқа ұлттық нақыштарымыз жетпей ме?» дедім. «Неге айды салмайсың, неге шаңырақты салмайсың?» дегендер де табылды. «Мен мешітке емес, мемлекетке ту жасап жатырмын. Мен дінді сыйлаймын, бірақ дін – әркімнің жеке шаруасы. Ал шаңыраққа келсек, ағайындар-ау, шаңырақты қырғыздар қызыл туларына салып қойды, неге біз біреудің істегенін қайталауымыз керек деп жауап бердім», дейді. Шәкен Оңласынұлының бауыры Сейділла Пірімқұловқа берген естелігінде «Туда қазақтың үш мәселесі бар» дегені ерекше назар аудартады. Оны суретші былайша тарқатады: «Тудағы бірегей көгілдір түс тектен- текке таңдалған жоқ. Ол аспан мен өмір нәрі – судың да түсі. Бірінші, көк тәңірі көк түс. Қазақ тәңірге сыйынған. Тәңіршілдіктің кейбір әдет-ғұрпы қазіргі салтымызда да бар. Екінші, қазақтың мәрттігін, кеңпейілділігін, ерлігін танытатын – бүркіт. Бүркітіміз бен күніміз, көк аспанымыз – Туда. Үшіншіден, қазақтың қазақ екендігін айшықтайтын оюын туға қондыруды мақсат еттім. Ұлтымыз бен туымызды айшықтап тұрсын деп ерекше ою ойлап таптым», депті тудың авторы. Қазақтың қасиетті шаңырағы бейнеленген Елтаңбаның авторы бұл жұмысын алғаш түсінде көрген екен. Сәулетші Шот-Аман Уәлиханов баспасөз беттеріне берген бір сұхбатында: «Елтаңбаның бейнесі туралы ой 1990 жылдың жаз мезгілінде, кеңес дәуірінде келді. Мен өмір туралы, халқымыз туралы көп ойланатынмын. Елтаңбаның бейнесі түсіме кірді: үлкен ақ самұрық құс қанатын қағып, оның қанаттарының ортасынан жарқыраған күн сәулесі көрінді. Менің көзім жұмылып кетті, кейін көзімді ашсам, күннің шаңыраққа айналғанын көрдім. Түсімде көрген нәрселерді таңертең қағаз бетіне түсірдім. Бұндай идея мені еліктіріп жіберді. Тарих туралы, қазақ этнографиясы туралы кітаптар оқыдым. Жұмыс процесінде ауқымды және бай тарихи, археологиялық материал жинақталды. Көркем-бейнелі республикамыздың Елтаңбасы дәстүрмен және еліміздің тарихымен байланысып, оның жаңа кезеңдегі дамуының гуманистік бағыты мен ерекшеліктерін сипаттауы керек болды. Бір сөзбен айтқанда, өткеніміздегі ұлттық символикамыздың бай әсемдігі Елтаңбамызбен ұзақ әрі көп еңбекті талап ететін жұмыс істеу барысында негізге алынды. Кез келген төл туынды, соның ішінде Қазақстан Елтаңбасы да үш құрамдас бөліктен тұрады: негізгі идеялық ойдан, композициядан, мәнерлі құралдан. Елтаңбаны жасау барысында осы параметрлерді толықтай ұстандым», дейді. Елтаңбадағы шаңыраққа ерекше тоқталған Шот-Аман Ыдырысұлы: «Менің жобамда мынадай концептуалдық элементтер бейнеленді: Елтаңба пішінінің дөңгелек болуы кездейсоқ емес, себебі бұл пішінді көшпенділер ерекше бағалаған. Бұл өмірдің, мәңгіліктің белгісі. Кеңістігінде көптеген символдар біріккен дөңгелек біруақытта ғарыш пен еліміздің бірлігін бейнелейді. Елтаңбаның басты құраушы бөлшегінің бірі саналатын Шаңырақ – киіз үйдің жоғарғы күмбезі тәрізді бөлігі. Көшпенділер киіз үйдің ішінде жатып, түндікті түріп қойып, шаңырақ арқылы аспандағы жұлдыздарды тамашалаған. Шаңырақ – кең түсінікте ғалам секілді әлем символы. Республиканың Мемлекеттік Елтаңбасындағы шаңырақ бейнесі – елімізді мекендейтін барлық халықтардың ортақ қонысының, біртұтас Отанының символы. Шаңырақтың мықтылығы мен беріктігі оның барлық уықтарының сенімділігіне байланысты секілді, Қазақстанда бақытқа жету әрбір азаматтың аман-есендігіне байланысты. Шаңырақ, қазақтардың түсінігінде үлкен символикалық мағынаға ие. «Шаңырағың биік болсын!» деп тілек айтқанда, барлық халықтың үйлер мен елдердің амандығын тілейді. Шаңырақтың пішіні дөңгелек. Дөңгелек ежелден ірілікті, татулықты және дүниенің үйлесімді тұтастығын білдіреді. Ежелгі түркі әліпбиінде шаңырақтың дөңгелек болуы отбасы-ошақ қасын білдірген, осы жерден Отан ұғымы шыққан. Шаңырақ санскриттік чакра – Күннің шуақты шеңбері деген сөзден шыққан. Іс жүзіне келгенде, Шаңырақ дала сағаты – Күннің қозғалу жылдамдығының көрсеткіші болып табылады. Шаңырақтағы белгіге қарап қазақтар жыл мезгілдерін анықтаған. Шаңырақ – Елтаңба жүрегі – ошақ, әлемнің біртұтастығын, мемлекеттің басты негізі – отбасыны бейнелейді. Аспанға көтерілген және кең жайылған қанаттарымен қорғайтын Шаңырақ еңбектің басты лейтмотивтерінің бірі саналады. Иллюстрациялардағы түсіндірме жазбамда мені ежелгі қазақстандық ескерткіштер, қанатты салт атты, қанатты- мүйізді пырақтар және қанаты бар түрлі мифтік жануарлар бейнеленген Есік, Теңдік, Қарғалы қорғандарынан табылған біздің заманымызға дейінгі VI-V ғасырларға тиесілі алтын бұйымдар шабыттандырғанын көрсеткенмін», деген екен. Елтаңбаның екінші авторы Жандарбек Мәлібеков өзге елде жүріп жасаған бұл жұмысын туған жерге деген сағынышының жемісіне балайды. «Елтаңба – Отаныма деген сағынышымның жемісі, шеттегі қарадомалақтың терең тарихы, жоғары мәдениеті, өлмейтін рухы, тәрбие тұнған салт-дәстүрі, бай өнері сақталған егемен елінің бар екеніне деген мақтанышының, осының бәрін мойындамағандарға өз кәсібімен көрсеткісі келген сәулетші еңбегінің нәтижесі. Бұған қоса туған жерден жырақта жүрген жанға тәуелсіз мемлекетінің іргетасын қалауға атсалысу, осындай тарихи жолда қолтаңбасы мен өз ізін қалдыру – ештеңемен алмастырмайтын асқақ абырой, қасиетті қызмет», депті баспасөздің біріне берген сұхбатында. Жандарбек Мәлібекұлы Елтаңбадағы мүйізді, қанатты тұлпарлар арқылы қазақ көшінің ұшқыр арманға өрлеген талап, мұратын меңзепті. «Мен о кезде Самарқандтағы халықаралық қордың Әмір Темір цитаделі жобасына жарияланған байқауға қатысып жатыр едім. Ақиқатында қасиетті Отаныма, туған жеріме деген перзенттік парызым мені алға жетеледі. Біздің мөрімізде халқымыздың ата-бабалары – сақ, ғұн, түрік, қыпшақтан бастау алатын қанша мың жылдан аса тарихы мен мәдениетін көрсетуді көздедім. Осы мақсат миымның бір түкпірінен орын алып, шықпай қойғанда қазақтың күнделікті тұрмыста айтылатын «Шаңырағың биік, босағаң берік, керегең кең болсын!» деген тілектер санамда қайта жаңғырды. Осылайша мемлекетіміздің Елтаңбасында халқымыздың ең киелі ұғымы – шаңырақты бейнелеуге белді бекем байладым. Өзбек мемлекеттік қала құрылысы мекемесіндегі негізгі жұмысыммен қатар байқаудың талаптарына сай Елтаңбаның макетін жасап, 1992 жылғы сәуір айының соңында Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесінің кеңсесіне апарып тапсырдым. Байқасаңыз, тұлпарда мүйіз ғана емес, қанат та бар. «Ер қанаты – ат» дейтін қазақ үшін тұлпардың қаншалықты қасиетті, киелі екені белгілі. Ал Елтаңбадағы тұлпар – қажымас қайрат пен жасымас жігердің, тәуелсіздікке, еркіндікке ұмтылған құлшыныстың бейнесі. Қанатты тұлпар қазақ мифологиясы мен фольклорында кең тараған. Бұл – ұшқыр арманның, биікке самғаған жасампаздықтың, алға өрлеудің, талмас талап пен асыл мұраттың белгісі. Қанатты жылқылар «Есік» қорғанынан табылған, бұдан 2,5 мың жыл бұрынғы сақ ханзадасы – «Алтын адамның» бас киімінде бейнеленген. Ал мүйіз қайдан алынды? 1969 жылы Жамбыл облысындағы Билікөлдің оң жағалауынан үш мүйізді бас киім киген адамның тасқа қашалып жасалған бейнесі табылған. Түркі дүниесіндегі әпсаналар бойынша мүйіз – батырлық, байлық, ырыс, дәулет, өсіп-өнудің символы, сондай-ақ биліктің, көсемдік пен өжеттіктің көрінісі. Шын мәнінде, бәрі тарихтан бастау алған. Бар ойым, киіз үй пайда болғаннан бергі қазақтың болмыс-бітімін, терең тарихын, тегін көрсеткім келді. Ойымдағыны өнермен бейнелегенде бұл қарашаңырақты қоршаған, қазақ халқының өткені мен бүгінін, болашағын қанатына байлап, тұрақтылықтың таңбасындай ерге бекінген текті тұлпардың тұрпаты болып шықты» деген сәулетші Елтаңбадағы тұлпардың мүйізінде жеті сақинаны салумен жеті атасын біліп, жеті атаға дейін қыз алыспаған қазақтың тектілігін көрсетуді көздепті. Автордың айтуынша, аттың алып қанаты астындағы кіші, ортаншы және үлкен қауырсындар – ұлы жүз, орта жүз, кіші жүзді білдіреді. Арасындағы «Белестер белгісі» – қожа, сунақ, төрелер. Осының бәрі жылқыдағы жота іспеттес омыртқаға біріккені түбі бір қазақ дегеннің мағынасын меңзейді. Иә, әр бейненің астарындағы асқақ мәнімен Мемлкеттік рәміздеріміз елдігімізді танытады. Сол арқылы сан сырлы рәміздерімізге құрмет те арта бермек.  

Ұқсас жаңалықтар