Қазақбайдың ізімен

Қазақбайдың ізімен
ашық дереккөз
Қазақбайдың ізімен
«Атаның ісі – балаға мұра» дейді данышпан жұртымыз. Бабалардың салиқалы көші, арда аманаты бүгінгі күнге жетсе ол бір ғанибет. Ал арқауы үзіліп, өткенге мұрагер бола алмай қалсақ одан өткен өкініш бар ма? Ұлттың іркіті ірімей, уыздай ұйып тұруындағы басты шарт – осы ұрпақ сабақтастығы деп білемін. Аталарымыздың ақ жолына шырақ алып түсу біз үшін парыз һәм борыш болмақ. Атам Қазақбай менен өз өмірімнің арасын ақыл таразысына салып көрсем, неше қилы заман өтіпті. Балапан басына, тұрымтай тұсына кеткен кер заман келіпті. Алапат аштық пен қуғын-сүргінді Алаш баласы басынан өткеріпті. Кеңестік идеологияның құрсауына шырмалып, құндағына түсіпті. Бүгінгі біздің күніміз арайлы, таңымыз азат. Міне, осы кесір дәуір ата мен баланың арасын бір-біріне жалғап тұрған рухани жіпті үзіп кетіпті. Осы ақтаңдақтың орнын толтырмақ үшін көп іздендім. Алашапқын болып архив ақтардым. Көненің көзі, ескінің сарқытымен тілдестім. Қаншама жылғы тынымсыз еңбек маған аталар басқан іздің ардақты екенін үйретті. Тамыры тереңде жатқан Әулиеата мен Шу өңірі өнердің кенішіне айналған құтты мекен. Олай дейтінім – Кенен атамыз жанында он бір жыл жүрген ғалым, профессор Мырзатай Жолдасбековке Жамбылдың өнер ортасын, ақындық айналасын әңгімелеп отырып: – Шіркін-ай, Шу мен Талас атырабы аңыз бен жырдың тұнып тұрған өлкесі еді-ау. «Түйе аунаған жерде жүк қалады, ат аунаған жерде түк қалады» деген емес пе, кезінде Майкөт жорға ашқан, Сүйінбай, Бақтыбай, Құлмамбет, Жамбылдар талай аралаған өлкенің жыр қоймасын ақтарып көрер ме еді? Әншінің бәрі Арқадан шыққандай, күйшінің бәрі Батыстан шыққандай көреміз, бұл өңірдің мұраларын неге зерттемейсіңдер?» деген екен. Кенен атамыздың осы айтқанын Мырзатай аға маған үнемі айтып отырады. Арысын айтпағанда, Қабылиса, Сүйінбай, Жамбыл, Құлыншақ ақындар салған сара жолдың Кеңес заманына келгенде бірден сұйылып, құмға құйған судай жоқ болып кететіні кісіні таңғалдырады. «Неге?» деп көп ойландым. Жауабын іздедім. Атам Қазақбай Ергөбекұлы (1880-1933) Әулиеата уезінің Аша болысына қарасты «Шымыр» мекенінде (қазіргі Жамбыл облысы, Шу ауданы) дүниеге келген. Ол саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болған ақын. Профессор Мырзатай Жолдасбеков: «Қазақбай Ашада туған, сол өңірдің беделді кісісі болған адам. Есімі кеңес заманында аталуға қатаң тыйым салынып, жазған жыр жолдарын НКВД жойып отырған. Бұл қиянаттың 1922 жылдан кейін ұзақ жылдар бойы тоқтамағанын 1959 жылы «антисоветтік және антипартиялық үгіт жүргізген ірі бай-кулак» деп жазылған архив құжаты дәлелдейді. Қазақбайдың ағайындарының ішінен марқұм Тұрғымбай Мамырбайұлы ақсақал оның есімін айтуға болмайтынын, ақынның жақын інісі Төлеген Байкөбекұлы Қазақбайдың өлеңдерін сыбырлап түні бойы жатқа айтатынын қазіргі ұрпақтары да аңыз ғып айтып отырады» деп жазады. Ашаршылықтың тақсіретін тартқан халықтың әлі келгенше көз жасын сүртісті. Қара ормандай халықтан тым болмаса бір перзент аман қалса екен деп арпалысты. Ақыры жан төзгісіз өмір миханатынан арылмай, басындағы «бай-кулак» деген қалпақ алынбай туған жерден жырақта, қырғыз ағайындардың арасында өмірден озды. Шерлі қазақ тарихында туған жерін тастап босып, жат жерден топырақ бұйырған ақындар аз емес. Соның бірі болып шетте қалды. Мен Кеңес өкіметі атын өшіруге жанын сала тырысқан атамның есімін тарих қойнауынан қайта тірілтуді мойнымдағы жүк деп білдім. Атамның өлеңдерін тауып, өмірбаянын толыққанды зерделесем, жасаған дәуір тынысын бағамдасам бұл атам үшін ғана емес, Алаш үшін қызмет деп білдім. Осы жолда жүріп менің ізденіс аймағым кеңейе түсті. Халық ақыны Белгібай Бектұрғанұлының 1924 (27) жылдары Сауытбектің ауылына барып «Ақбөпе» дастанын жазып алғанымен тығыз байланысты. 1945- 1963 жылдар аралығында ҚҰҒА Әдебиет және өнер институтының қолжазба қорына тапсырған қолжазбасында: «Шуға барып, Сәукеңе жолыққандағы себебім – Оңтүстікте Түлкібас ауданында Сәрсенбаев Иманәлі деген елге қадірі бар кісі болған еді. Сол кісі: «Белгібай, сен менімен Шудағы туысқандарыма бірге жүр, тамашалап қайтамыз», – деді. Менің үйленбеген кезім еді, өзі менімен тамыр еді. «Мақұл» деп, екеуміз Әулиеатаға келдік. Осы күнгі Жамбыл жерін Әулиеата деуші еді ол кезде. Әулиеатаға Есеналы Мәделиев деген Шымкенттің найманы ояз екен. Қарымбай Қошманбетов орынбасары екен. Сол кезде Шу елінің 7 кісісі абақтыда қамалып жатыр екен: Сауытбек, Жидебай, Қазақбай, Берік, Әліқұл және екі кісі. Крайлық сот жеті кісіні 16 жылдан әр адамға үкім шығарып, енді Ташкентке айдағалы тұрса керек. Сол кезде Түлкібасыдан Иманалы келіп қалады. Оязы Маделиевтің ағасы Есеналы Иманалымен құда екен, ал Қарымбай Қошманбетов Билікөлдегі шымыр ағайын. Иманалы сол кісілерге айтып, 7 кісіге ара түсіп, олардың бұған қатысы жоқ деп, барлығын босаттырып жібереді» – деп жазылған. Жаладан құтылып, Әулиеатадағы Базарбай деген ағайындарының үйіне келіп, таң атқанша ән айтылып, жыр төгіледі. Бұл әлбетте, «Ашаның алты салы» атанған Сауытбек, Қазақбай, Жидебайлар туралы құнды мағлұмат. Бұл оқиғалар қолжазбада 1922 жылы болған деп көрсетілген. Кеңес өкіметі осылайынша он жыл бойы Ашаның алты салының артынан түсіп аңдумен болады. 1929-1931 жылдары Голощекиннің «Кіші қазан» қиянаты кезеңі, тәркілеу мен колхоздастыру науқаны кезінде 1929 жылы ақындарды НКВД-ға ұстатады. Атам ғана емес, ол кісімен дәуірлес ғұмыр кешкен, үзеңгілес жолдас болған қаншама ақындардың есімі тасада қалыпты. Мысалы, Ашаның алты салы атанған Жидебай, Сауытбек, Балқыбек, Әтібек сынды самар жақ ақындарды бұл күнде біреу білсе, біреу білмейді. Профессор Мырзатай Жолдасбеков: «Бұл өңірде Сүйінбай, Жамбыл, Майкөт, Бақтыбай, Құлмамбет, Бөлтірік шешен, Дәурен сал, Қапез, Кенбай, Тілеміс, Қуандық, Байсерке, Орақбай, Қылышбай, Бармақ, Қарқабат, Нұралы, Өзбек, Қалыбек, Рахымбай, Сатыбалды, ағайынды Егемберді, Құдайберген, Қарақожа, Жидебай, Сауытбек, Сыбанбек, Тәтелбек, Балқыбек, Қазақбай, Әтібек, Жиенбай, Бармақ, Мырзабай, Кенжеқожа, Кенен, Тілеміс, Әлмейін, Ұлбике, Өзипа, Қырмызы, Әлмен, Айкүміс, Сара, Ләтипа, Баян, Жаңылдық сынды ақындар мен жыраулар, күйшілер, әншілер мен басқа да өнерпаздар өмір сүрген», – деп жазады. Кейбіреуінің қазаққа есімі таныс болмаса да, туған жерінің әдеби мұраларын жадында сақтап, бабалар тарихын жетік білген жырауларымыз бен ақындарымыз. Әрқайсысының тарихта алар орны ерекше. Олардың айтқан нақыл сөздері мен хатқа түскен өлеңдерін, айтыстарын, жыр жолдарын жарыққа шығару біздің басты міндетіміз. Атамның ізіне түсіп, Жуалы ауданының асыл қазыналарына да кезіктім. Оған Жуалының тумасы, Астана қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің ғылыми қызметкері, барша қазаққа танымал термеші Елікбай Исамен арнайы экспедицияға шыққан кезімде тап болдым. Ол қолжазбалар аударылмай тұрған жайы бар. Қазір осы бағытта жұмыстар жүргізудеміз. Ал, Шудан сан саңлақ, неше дүлдүл шыққан. Қасиетті топырақтың құнары жоғалмаған, көсем сөз бен көшелі ойдың легі тамырын үзбеген. Оны бізден айырған заманның сұрқия саясаты екен. Ашаның алты салынан бөлек қаншама сөзге жүйрік, білімді дегдарлар өтіпті. Олар туралы айтпау – аруақ алдында қылмыс. Соның бірі атамнан жасы кіші болсада заманы бір, бір өзеннің суын ішкен ақын інісі Жомарт Үсембайұлы еді. Атам туралы ізденістің бір саласы деп Жомарт ақыннан қалған мұраларды зерттеуді қолға алдым. Бұл тұтас қазақ әдебиетіне қосқан үлкен олжа болмақ. Жомарт Үсембайұлы арабша сауат ашқан, білімнің шыңырауына бойлаған шайыр. Туған елінің де, Шығыс халқының да ұшан-теңіз ауыз әдебиетін бойына нәр етіп жиған. Шығыс әдебиетінің озық үлгілерін қазақ тіліне назирагөйлік жолмен аударған. Өзі де, сөзі де семсердей өткір, тілі даладай көркем ақын болған. Профессор М.Жолдасбеков: «Ақынның қолжазбаларында әйгілі «Шахнаменің» желісімен жырланған аталмыш қисса мен «Азат бақыт» дастаны кездеседі. «Төрт дәруіш» ертегісінің өлең түріндегі көшірмесі, «Мың бір түн» қиссасы, «Молла Өзбектің Керімбай датқаға жазған көңіл-намасы», «Бұқар жыраудың сөзі», Майлықожаның жарыққа шықпаған өлеңі, Бұқар жырау, Шортанбай, Әсеттің өмірбаяны мен өлеңдері де бар. Сондай-ақ, қазақ шешіресінен тартып қаншама құнды дүниелер, Жомарттың өзінің әр жылдары жазған өлеңдері, 1927 жылғы Жомарт пен Қалмет ақынның жазбаша хат айтысы сақталған. Тозығы жеткен дәптерлерде мол қазына жатыр. Қолжазбадағы «Шах Дарап, Үрістем, Аспандияр, Былқыс, Нахыт сұлудың қиссасы» – үлкен жаңалық. Бұл тұтас қазақ әдебиетіне қосқан үлкен олжа болмақ. Қолжазбадағы тағы бір құнды туындының бірі–Сүйінбаймен Қатағанның айтысы. Бұл айтыстың зерттелу, хатқа түсу тарихы ақтаңгер ақын Ілияс Жансүгіровтен бастау алады. 1975 жылы жазылған Жомарттың қолжазбасында сөз додасының бұрын-соңды қазақ әдебиетіне беймәлім тұстары көп. От тілді Сүйінбай ақын қазақ руларын жырға қосып, мәртебесін асырып қана қоймай, сол кездегі исі Алашқа аты мәшһүр қазақтың игі-жақсыларын, батыр-бағландарын сөзіне тиек етеді. Бұл қатарда Құнанбай, Алшынбай, Тәттімбет, Шорман сияқты ел мен өнердің тізгінін ұстаған марғасқалар айтылады. Бұл қолжазбадағы айтыстың көлемі де, мазмұны мен ауқымы да кең болып айтыстың бізге белгісіз болып келген биігін көрсетеді. Шу өңірінен табылған Сүйінбай мен Қатағанның айтысы – қазақ айтысының баға жетпес үздік үлгісі», – деп жазады. Осы жылы профессор Мырзатай Жолдасбековтің әлемге танымал тарихи тұлға туралы жазылған «Шах Дарап, Үрістем, Аспандияр, Былқыс, Нахыт сұлудың қиссасы» атты мақаласы «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрді. Мақалада дастанның мазмұны мен оны жазып қалдырған Жомарт ақынның өмірбаяны да қамтылған. Қиссаны қолжазбадан тәржімалаған жас ғалым Ғылымнұр Кәдірбай. Бұл асыл қазыналарды «Аталарымыздың мұрасын жарыққа шығарыңызшы. Қаншама жыл сандық түбінде жатты. Алматыдан келіп алғандар да болды. Өкініштісі, барымнан айырылып қалған кездерде болған. Елге танымал қобызшысыз, өзіңізге аманат еттім», – деп, ақынның туған немересі Миятхан маған берген еді. Осы қолжазбаларды зерттеп, ғылыми айналымға түсіру үшін Мырзатай ағамыздың басқаруымен аударылған тарихи жәдігерді жарыққа шығару алдағы міндетім. Қуғын-сүргін көрген жандардың жатқан жері жәннатта болғай!  

Әлқуат ҚАЗАҚБАЕВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан композиторлар одағының мүшесі, композитор, қобызшы.

Ұқсас жаңалықтар