Келісіп пішкен тон келте болмас

Келісіп пішкен тон келте болмас
ашық дереккөз
Келісіп пішкен тон келте болмас
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен өткізілген Бүкілхалықтық референдумда Ата Заңымыз – Конституциямызда 33-бапқа 56 өзгерту енгізілген болатын. Оны өткен жылы референдумда халықтың басым бөлігі қолдады. Бұл Конституцияның бұрынғы Конституциядан ерекшелігі сонда – еліміздің алдында сыбайлас жемқорлықтан тазарған, әділетті таза қоғам орнату – Жаңа Қазақстанды құру мақсаты тұр. Мұндай қоғам қазақ халқы үшін беймағлұм дүние емес, қайта қазақтың өзінің тарихында жазылып қалған «Алтын ғасыр» атанған – «Билер билігі» дәуірі болды. «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», «Жеті жарғы» заңдары Ұлы Даланың Ата Заңдары еді. Осы заңдардың ең түйінделген нұсқасы 1885 жылы Абай Құнанбаевтың ұсынған нұсқасымен жасалған «Билер ережесі». Ежелден ел тізгінін ұстаған азаматтар осы заңдарды басшылыққа ала отырып, адам тағдырына қатысты мәселелерді ешқашанда атүсті қарамаған. Ел ішінде қандай да бір дау туындап жатса, ондай дауларды қара қылды қақ жаратын, аузы дуалы, сөзі уәлі ел ішінен сайланған билер дауласушы жақтардың екеуін де ортақ уәжге келістіріп, өзара ризалықтарымен дауды әділ шешіп, бір-бірімен қайтып ренжіспейтін етіп, бітістіріп отырған. Осындай әділ билер ердің құнын екі ауыз сөзбен шешіп келген. Ол билердің шешімдерін нағыз «Дала демократиясы» деп айтуға болатын еді. ХІХ ғасырда еліміз патшалық Ресейге бағынған соң, Қазақ даласында хандық басқару жүйесі жойылып, Билер билігі таратылып, бар билік патшалық Үкіметтің өз құзіретіне көшті. Ал тәуелсіздік жылдарында елімізде әділ сот билігі қайта құрылып, адам құқығын қорғайтын небір заңдар қабылданды. Сот билігі – еліміздегі ең жоғарғы билік мәртебесіне ие болды. Күнделікті тірлікте болып жататын әртүрлі болмашы дауды шешуді де тек қана сотқа жүгінуге ел машықтанып алды. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында: «Дау-дамайды шешудің баламалық тәсілдерін дамыту қажет. Бұл ұстаным Мемлекеттің қатысуынсыз-ақ ымыраға келуге жол ашады. Дамыған елдерде мұндай институттар өзін таныта білуде» деп атап көрсеткен болатын. Жобаның басты мақсаты – азаматтардың арасында болып жататын әртүрлі келеңсіздіктердің бәріне бірдей «қылмыс ретінде» қарамай, аса ауыр іске жатпайтын азаматтық істерді ардагерлер ішінен іріктеліп сайланған, ел ішінде аса беделді, өздерінің өткен өмір жолдарында халыққа жағымды, ел басқарған азаматтардан құралған билер кеңестерінің қарауларына тапсырып, сол билердің шығарған шешімдерінің негізінде істі сотқа дейін шешу жолдары кеңінен жүзеге асырылуда. Тараз қаласының билер кеңесі де 2019 жылдан бастап құрылған болатын. Екі жылға сайланған билер құрамы 2021 жылдың қараша айында есеп беру-сайлау жиынында өзгеріп, Жамбыл облысы мен Тараз қаласына белгілі, ел арасында аса беделді, 7 еңбек ардагерінен тұратын жаңа құрамда сайланып жұмыс істей бастады. Қалалық билер кеңесіне Тараз қалалық сотының Қ.Тұрысов көшесіндегі бас ғимараты ішінен арнайы үлкен кабинет жасақталып беріліп, 2022 жылдың 5 қаңтарынан бастап, Тараз қалалық соты мен билер кеңесі өзара әріптестікте жұмыс істеп келеді. Сонымен, биыл Тараз қалалық билер кеңесінің қатысуымен қалалық сотта қаралған істің жалпы саны – 271 болса, оның ішінде сотта татуласқаны –157, ал билер кеңесінде татуласып, кері қайтарылғаны – 114 болып отыр. Тікелей билер кеңесінің өзінің қарауында болып, сотқа дейін татуласқаны – 28. Билердің ел ішінде болып жататын әртүрлі дау-дамайларды шешуге белсене қатыса отырып, олардың арасындағы болмашы бір ұсақ-түйектің соңы дауларға айналып жататын жайларды байсалдылықпен қарап, тараптар арасын татуластыруды ешқандай ақы-пұлсыз-ақ әділ шеше алатындықтарына көзіміз әбден жетті. Оның басты себебі – билер кеңесінің құрамы әртүрлі саланың майталман мамандарынан құралғандығында. Әсіресе, жас отбасылардың арасында болып жататын отбасылық істерге ағалардың араласып, ақсақалдық ақыл-кеңестерін айтып, тараптардың өзара бір-бірлерімен тіл табысып, татуласуларына көпті көрген, аузы дуалы, сөзі уәлі қариялардың ақылдары қателескен жастардың өз қателіктерін түсініп, бір-бірлерін кешірулеріне өте зор ықпал жасап отыр. Бұған – жоғарыда жартыжылдық есепте көрсетілген мәлімет айғақ. Осы істердің ішінде арнайы маңыз беретін мәселелер – жастардың ажырасулары мен бірге жұмыс істейтін адамдардың арасында бір-біріне қарыз беріп, содан үстеме ақы талап етуі – етек алып бара жатқан келеңсіз істер болып тұр. Тағы бір келеңсіздіктің бірі – қазіргі жастардың өз ата-анасына деген аяушылығының жоғалып бара жатқандығы да біздің халқымызға жат құбылыс болып тұр. Тараз қаласындағы азаматтық істердің біраз бөлігі жер дауына қатысты. Кезінде кеңестік тұрғын үй құрылысына арналған заңдылықтарға сәйкес барак типтес бір-біріне жалғаса салына беретін үйлерге арналып бөлінетін жер учаскелерінің көлемдері 3,4,5 сотықтан асырылмай беріліп отырған. Қазіргі кезеңде ол үйлердің орындарына жаңа үйлер салынып жатыр. Ал, қазіргі үйлерін егелері заман талабына сай жаңа типте салғылары келеді. Мұндай жағдайда үй салатындарға қойылатын жаңаша талап сақтала бермейді, соның салдарынан көршілер арасында бітіспейтін даулар туады. Дәл осындай дау Тараз қаласының Көшек батыр атындағы көшесіндегі тұрғындар арасында болып, 2021 жылдың тамыз айында басталған дау бүгінге дейін жалғасып, төрт үй арасындағы дауды Тараз қалалық сотының 3 судьясы қарап, үшеуі де билер кеңесіне тапсырып, дауды бітістіріп беруді сұрап отыр. Билер бұл істі бітістіру үшін амал жоқ, жаңа заң талаптарының кейбір шарттарының жердің тарлығына сай, бұзылуына жол берген тұрғын үйлер иелерінің кіналарын түсіністікпен қарап, өзара кешірісулеріне қол жеткізу арқылы шешуге әрекет жасады. Алайда, кейбір арыз иелерінің дәлелсіз арызданулары әлі де тоқтар емес. Жас отбасылардың ажырасу мәселелеріне де үстірт қарайтын фактілеріміз баршылық, көбіне арызданушы тараптардың адвокаттарының ығына икемделіп, істі тезірек жабуға тырысып, жас отбасыларын болмашы реніш үшін ажырасып кетулеріне жол берілетіндіктерінің куәсі болудамыз. Ал, сол ажырасулардың артында қаншама жас сәбилердің жетімдік өмірлері тұрғандығына онша мән берілмейді. Ал, бұл дегеніміз – біздің еліміздің болашағының ауыр қасіретіне айналып бара жатқан үлкен дерт. Сондықтан, алдағы уақытта жас отбасыларды сақтап қалу үшін, ажырасу жайлы арыз атаулының барлығын алдымен билер кеңесінің қарауына беріп, бұл мәселені түбегейлі шешу үшін билер кеңестерінің құрамдарына халық алдында абырой-беделі зор, көпке сыйлы, құрметті кісілерден болуларына зор маңыз беріп, билер кеңестерінің шешімдеріне Сот, құқық қорғау органдары, билік иелері құрметпен қарайтындай мәртебе берілсе, ол арнайы Заңға енгізілсе, билер кеңестерінің рөлі де, беделі де артар еді.  

Ернұр СМАИЛОВ,

Тараз қалалық сотының судьясы.

Ұқсас жаңалықтар