Ұлты бөлек болғанымен, шаңырағы ортақ

Ұлты бөлек болғанымен, шаңырағы ортақ
ашық дереккөз
Ұлты бөлек болғанымен, шаңырағы ортақ
Қазақтың дархан даласы талай жайтқа куә. Бүгінде мемлекетіміз талай тағдырларды тоғыстырған, татулықты ту еткен үлкен шаңыраққа айналды. Қиын-қыстау шақтарда тағдырдың жазуымен қазақ жеріне келген көптеген өзге ұлт өкілдеріне бір үзім нанын бөліп беріп, үйіне паналатқанын көненің көзін көргендер де айтып жүр. Тіпті, ұлтына қарамай бас қосып, шаңырақ көтергендер де бар. Сондай бірнеше ұлттың өкілінен құралған отбасының бірі – Исақовтар отбасы. Бүгінде Т.Рысқұлов ауданының Д.Қонаев атындағы ауылында тұратын бұл отбасы қазақ, қырғыз, татар және орыс ұлттарынан құралған. Қазір қазақ тілі олардың ортақ тіліне айналған. «Ұлтымыз бөлек болғанымен, шаңырағымыз ортақ» деген отағасы Әбдімәлік Жапарұлының ұлты – қырғыз. Анасы татар ұлтының қызы. Кейіннен өзі де орыстың қызына ғашық болып, онымен тағдырын қосып, шаңырақ көтерген. Туған әпкесі қазақ жігітке күйеуге шығып, қазақтармен де құдаласқан олар кейін өз шаңырақтарына қазақтан келін түсіріпті. – Өмір деген қызық қой. Жаратушы иеміз әр пендесіне түрлі тағдырды жазып, тіпті ойламаған жерден екі адамның тағдырын бір арнаға қосып қоятынын ойласаң, таңғаласың. Біз Қырғызстанда туып-өстік. Жолдасымның әкесі – қырғыз, анасы – татар, ал олардың үйіне мен, орыс қызы келін болып түстім. Қайынәпкем қазақ отбасына ұзатылды. Мұндағы ауылдастардың басым бөлігі қазақтар. Өсімдік те қай жердің топырағын жарып шықса, сол аймақтың климатына бейімделіп өседі емес пе? Оның қасында адамның ортаға бейімделуі лезде- ақ екен. Осында көшіп келгеннен соң тез-ақ қазақ тілін үйреніп кеттік, арнайы біреуден сабақ алып үйренген жоқпыз. Ауылдастармен араласа келе қазақшаға қалай тіл сындырғанымызды байқамай да қалдық. Бір қызығы, қазір біздің отбасымыздың ортақ тілі қазақ тілі болды. Балаларым осында туып, өсіп келе жатқандықтан, әрине достарының көбі қазақтар. Оларға қазақша жатық сөйлеу түк те қиынға соққан жоқ. Қай мемлекетте бақытты өмір сүрсең, сол елдің тілін меңгеруге міндеттісің, мемлекеттік тілді құрметтеу парызың деп білемін. Өзім осы ауылдың мектебінде бастауыш сынып мұғалімімін. Оқушыларыма да ең әуелі мемлекеттік тілді, ана тілін білу парыз екенін, мемлекеттік рәміздерді құрметтеуді айтып жүремін. Мен үшін қазақ тілі – достықтың тілі. Кенже ұлымыз 6 жаста, екі тілді қатар меңгеріп өсіп келеді. Негізі тілді де, білімді де адамға бала кезден үйретсе, жылдам бойына сіңіреді. Мұғалім ретінде де көптеген тіл байқауларына, Абай оқуларына қатысып, жүлделі орындарды олжалап жүрмін. Ұлымыз қазақ қызына үйленіп, қазақтар мен құдалығымыз жалғасып, туыстығымыз тереңдей түсті. Біз ешкімді ұлтына қарай бөліп қарамаймыз. Татулық, бейбітшілік бәрінен қымбат. Қазақстандық болғанымызға 30 жылдан асты. Бұл елдің ешкімді жатырқамайтын достығына тәнтімін, – дейді Людмила Василийқызы. Төрт ұлттың басын біріктірген отбасының қазақы ұлттық-тұрмыстық салттардың ешбірінен тыс қалмайтынына көз жеткіздік. Жақында ғана өткен Наурыз мерекесінде қазанын толтыра наурыз көже пісіріп, Ұлыс күнін көршілерімен бірге тойлапты. Кешегі Ораза айтта да дастарқанын түрлі тәтті-дәмдіге толтырып, меймандарға есігін айқара ашқан. – Айт мерекесінің алдындағы Арафа күні бауырсақ пісіргенде жеті шелпекті де ұмытпай таратып, дастарқан басында Құран оқып, Аллаға алақан жаямыз. Келін түсіргенде өзіміз құда түсіп бардық. Ол жақты да құдалыққа шақырып, барлық салт-дәстүрді жасап, күттік. Ұлымыздың тойын атқарғанда қазақы салтпен беташарын жасап, келініміздің т аба лдырығымызды атт аған қадамына көпшілікпен бірге құт тіледік. Ұлттық дәстүрлердің әрбірінің астарында үлкен мағына, ізгі тілеулестік жатыр ғой. Өзім болсам, 1989 жылы осы ауылда тұратын әпкемнің үйіне қыдырып келіп, күйеуіммен танысқан едім. Көп ұзамай отау құрдық. Содан бері қазақтың салт-дәстүрлерін ауылдастарымызбен бірге атқарып жүрміз, – дейді Людмила. «Отан – отбасынан басталады» дейді халық даналығында. Мемлекеттегі әр отбасында ұлтына, тіліне қарамай ортақ мүддеге жұмылған жарасымды бірлік берік болса, ел ішінде береке де арта түсетіні анық. Отандастарын бірлік мерекесімен құттықтауын біздің басылым арқылы жолдаған Исақовтар отбасы бүкіл әлемге татулық пен тұрақтылық тіледі.  

Қамар ҚАРАСАЕВА

Т.Рысқұлов ауданы

Ұқсас жаңалықтар