Табысты болудың көзі

Табысты болудың көзі
ашық дереккөз
Табысты болудың көзі
Ақтөбе ауылдық округіне қарасты Бәйтерек ауылының тумасы Ағзам Расылхан мемлекеттің қолдауына ие болған жас кәсіпкерлердің бірі. Бүгінде елордасы Астана қаласындағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ ұлттық агротехникалық университетінде ветеринария және мал шаруашылығы өнімдерін өңдеудің технологиясы факультетінде білім алатын ол оқудан бос уақытында ауылға келіп, ата-анасы мен бауырларына қолбағыс еткенді жөн көреді. «Әулиеата-Феникс» құс фабрикасында өндірістік тәжірибеден өткен жігіт отбасы мүшелерімен бірге шаруашылықтағы көктемгі дала жұмыстарын аяқтаған соң, шағын алқапқа құлпынай өсіруді қолға алып отыр. Айтуынша, дәл қазір еңбекке бейім ауылдастарымен бірге құлпынай егуге ыңғалы 30 соттық алқапты баптау жұмыстарына білек сыбана кірісіп кеткен. – Негізінен біз отбасымызбен бірге мал және егін шаруашылығымен айналысамыз. Ал, биыл құлпынай егуді қолға алып отырмыз. Шын мәнінде, бұл кәсіп бізге өте таңсық. Бұл бастамама ата- анам мен бауырларым қолдау көрсетіп отыр. Әзірге құлпынай егілетін алқапты дайындап жатырмыз. Рас, бұл дақылды егу үшін жер құнарлы болуы қажет. Ол үшін арнайы алқапқа тыңайтқыш себіліп, арықшаларын тазарту жұмыстарына ерекше көңіл бөлген жөн. Сонда ғана сапалы өнімге қол жеткізуге болады. Құлпынай өсіру кәсібін бұрын Түркістан облысының Қазығұрт ауданындағы достарымнан естігенім бар. Былтыр сонда барып, аталған бақша дақылының қалай егіліп, қалай бапталатынын өз көзіммен көріп, қазығұрттық диқандардан біршама тәжірибе жинап келдім. Ол жақта құлпынайды молынан өсіріп, ішкі нарықты таза өніммен қамтамасыз етіп отырған жандар жетерлік. Диқандардың айтуынша, егер бабы келіссе, бір гектар жерге еккен өнімнен жылына 15-20 тоннаға дейін құлпынай жинауға болатын көрінеді. Жақын күндері құлпынай көшеттерін осында алып келіп, алқапқа қондырамыз. Ары қарай дақылды баптау жұмыстары атқарылады. Қай тірлікті де бастау оңай емес. Биыл өнімділік жақсы болса, келер жылы алқапты ұлғайтып, арнайы қондырғылары бар жаңа технологияларды қолдану арқылы жұмыс істеуді ойластырып жатырмыз. Дақылды суғару жағынан мәселе жоқ. Алқаптың басына ағын су келіп тұр. Оны сүзгіден өткізу арқылы құбырға жеткіземіз, – дейді Ағзам Талғатұлы. Айта кетейік, жас кәсіпкер 30 соттық алқапқа құлпынайдың «Альба», «Альбион» және «Клери» аталатын тұқымдарынан өндірілген көшеттерді қондырмақшы. Ол үшін шамамен 20 мыңдай көшет керек. Ағзам қажетті көшеттерді көршілес өңірден алуды көздеп отыр. Маңыздысы сол, құлпынайдың аталған сорттарынан алынған өнімнің көлемі үлкен әрі тәтті және ұзақ сақталады екен. Өндіріске жаңа технологияны енгізу тиісінше, өнімділікті де бірнеше есеге ұлғайтатыны белгілі. Талапты жас бұл ретте аталған бақша дақылын тамшылатып суару технологиясы арқылы баптамақшы. Бүгінде оған қажетті жұмсақ пластиктен жасалған су құбырлары және дақылдың жақсы өніп, жетілуі үшін құлпынай көшетін қондыратын топыраққа арнайы қара клеенканы да дайындап қойыпты. Жалпы, ауданның күнгейінде орналасқан бұл ауылдың халқын бір сөзбен жұмыскер жандар деп айтуға болады. Олай дейтініміз, Қырғыз елімен шектесетін елді мекеннің тұрғындары түрлі кәсіппен айналысып, еңбек майданында қайнап жатыр. Ауылда еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін хәл-қадірінше жұмыс істеп, тіршілік етуде. Мәселен, біз сөз еткен Ағзам Талғатұлы өн бойына бірнеше өнерді сыйдыра білген жігіт. Нақтылай түссек, ол жүйрік баптап, көкпар тартуды да жаны сүйеді. Сондай-ақ, оның еркін күреске деген қызығушылығы да жоғары. Нәтижесінде, спорттан да біршама белестерден көрініп үлгерді. Ал, Ағзамның тағы бір қыры оның құс шаруашылығына ден қоюы. Дәлірек айтқанда, оның қорасынан тауықтың «Брама», «Амрокс», «Адлер» және тағы басқа түрлерін кездестіруге болады. Бұл істі жас жігіттің хоббиі десе де болады. Аталған тауық түрлері негізінен етті тұқым және жұмыртқаны да көбірек табады. Әр тұқым әр қорада бөлек-бөлек ұсталады. Оның да тиісті күтімдері бар. Жақсылап күтім жасағаннан болар, аналық тауықтан жұмыртқаны молынан жинап, оны да сұраныспен жан- жаққа саудалауда. Жас кәсіпкер тауық асыраумен қатар, инкубатордан балапан шығару ісін де қолға алған. – Әр адам өзінің сүйген ісімен айналысса, одан рахат алады. Мен де сондай жанның бірімін. Отбасында тете өскен бауырлар жастайымыздан ата-анамызға қолғабыс етіп, еңбекпен өсіп келеміз. Босқа жүрмей, бір іспен айналысқанды жаным сүйеді. Бұл бір жағынан дене қимылына және өмір жасын ұзартуға жақсы әсер етсе, бір жағынан күнкөріс пен табыстың да көзі. Өзімнің қолға алған кәсібім өзіме қатты ұнайды. Ауылда мал ұстап, егін егеміз. Оған қараудың өзі де үлкен еңбек пен күшті талап ететіні белгілі. Одан кейінгі кәсібім әрі хоббиім – тауықтың түрлерін асырау. Оған да бап керек. Уақтылы жемдеп, дәрілерін де уақтылы егіп, витаминдерін беріп отыруың қажет. Әсіресе, жұмыртқадан жаңа шыққан балапандарға көп күтім қажет. Балапанға жөргектегі балаға қарағандай күтім жасамасаң болмайды. Тауықтың тұқымын көбейтуді шындап қолға алып, жұмыртқадан балапан басып шығартатын арнайы инкубаторды да қомақты қаражатқа сатып алдым. Бұл қондырғымен бір бастырғанда 1056 бас балапанға дейін шығаруға болады. Әрине, жұмыртқаның сапасына қарай балапан жұмыртқаны 21 күнде жарып шыға алады. Қазір 12 және 17 күндік балапандарды өсіріп, оған тиісті күтім жасау үстіндемін, – дейді ол. Рас, ерінбесең ғана, еңбегіңнің жемісі тәтті болады. Алғаш рет ауыл маңында құлпынай өсіруді қолға алған еңбексүйгіш Ағзамның болашаққа деген талпынысы құптарлық іс. Жас кәсіпкер ендігі кезекте кәсібін кеңейтуді ойластырып, нақты жоспар құруда. «Бас көтеріп елден сұрағанша, бас иіп жерден сұра» деген осы болар.  

Есен ӨТЕУЛІ

Жуалы ауданы

Ұқсас жаңалықтар