- Advertisement -

Мақсатымыз – қоғам мен мемлекеттің игілігі үшін жұмыс істеу

67

- Advertisement -

Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың басшылығымен дамудың даңғыл жолындағы мемлекетімізде өткен жылдан бері маңызды саяси реформалар жүзеге асырылуда. Үстіміздегі жылдың 19 наурызында өткен ҚР Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттарының сайлауы соның айқын дәлелі.

Бұл саяси додада «AMANAT» партиясы республика бойынша электораттың 53,9 пайыз дауысын жинады. Ал, жамбылдық сайлаушылардың 66,03 пайызы біздің партияны қолдап, дауыстарын берді.

Сайлаушылардың басым дауысын алу – Президенттің қоғамдық тірегі саналатын «AMANAT» партиясына үлкен міндеттер жүктеді.

Қазіргі уақытта құрғақ сөз бен бос уәденің заманы өтті, сондықтан партия тарапынан берілген уәделер мен тұрғындардың өтініш-тілектерін орындау негізгі міндетіміз.

Сайлау нәтижесінде, мажоритарлық жүйемен Парламент Мәжілісінің депутаттығына партия ұсынған екі кандидатымыз Мұқаш Ескендіров пен Гүлдара Нұрымова жеңіске жетіп, Мәжіліс мандатына ие болды.

Облыстық мәслихаттың депутаттық корпусы 72 пайызға, қалалық мәслихат 85 пайызға және аудандық мәслихат 65 пайызға жаңарды.

Ең алдымен, 2021 жылы өткен сайлауда «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламаның 2021-2022 жылдары орындалуына тоқтала кетсем.

Бағдарлама бойынша өңірде соңғы екі жылда әр сала бойынша бірқатар жетістіктерге қол жеткізілді. Нақтырақ айтқанда, білім саласында 6 мың орынға арналған 18 мектеп пен 3,4 мың орынға арналған 28 балабақша ашылды. Сондай- ақ, 1 емхана, 5 дәрігерлік амбулатория, 4 фельдшерлік-акушерлік және 2 денсаулық пункті және 9 спорттық нысан ел игілігі үшін пайдалануға берілді.

Сонымен қатар, тұрғындардың өтінішін ескере отырып, Тараз қаласында көпбалалы аналарды қолдау үшін «Анаға тағзым» орталығы, 80 үйірме жұмыс істейтін «Бақытты болашақ» облыстық Оқушылар сарайы ашылды. Бүгінгі күні қос мекеме шаһар шырайын келтіріп, еліміздің ертеңі саналатын ұл-қыздарын салт-дәстүрлермен сусындатып, туған елін, жерін адал сүюді және көзінің қарашығындай сақтап, қорғау бағытында нәтижелі жұмыс атқарып келеді.

Жұртшылықтың баспанаға қол жеткізуі және қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету партияның басты назарында. Бұл бағытта соңғы екі жылда аймақта 1,3 миллион шаршыметрді құрайтын тұрғын үй соғылып, 4595 пәтер берілді. Инфрақұрылымды дамыту аясында 68,3 мың адамды қамтитын 33 елді мекенге таза ауыз су жүйесі, 18,8 мың адамды қамтитын 37 елді мекенге газ тартылды. Қазіргі таңда бұл жұмыстардың игілігін тұрғындар көруде.

Аз жұмыс атқарылған жоқ. Алдымызда жауапкершілігі бұдан да жоғары міндеттер тұр. Ол ең алдымен, Жамбыл облысы тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға ықпал ету.

ҚР Парламенті Мәжілісінің және мәслихаттар депутаттарын сайлау науқанында «Халықпен бірге!» деп аталатын сайлауалды бағдарламамызды әзірлеп, өңір тұрғындарына ұсындық.

Президент сайлауында партия өңірлерде, ауыл-аймақта мыңдаған кездесу өткізіп, тұрғындардан 200 мыңнан астам ұсыныс- пікір жинаған болатын. Оның барлығын мұқият сараптап, азаматтарымыздың мұң-мұқтажы, талап-тілегін толықтай ескеріп, сайлауалды бағдарламаға енгіздік. Сондықтан, бұл бағдарламаның авторы халық деп айтуға болады.

Бағдарлама аясында 2027 жылға дейінгі мақсаттарымен бөлісе кетсем. Жамбыл облысы ауыл шаруашылығына бейім, аграрлық секторды дамытуға әлеуеті жоғары өңір. Сондықтан, 56,8 пайыз тұрғын елді мекендерде тұрса, 55,7 пайызы аграрлық секторда еңбек етеді. Асыраушы саланы дамыту – ел еңсесін көтерудің төте жолы. Сондықтан, партия аграрлық саланы дамытуды басты мақсаттарының бірі етіп отыр.

Яғни, 2027 жылға қарай 150 миллиард теңгені құрайтын 18 инвестициялық жобаны іске асыру арқылы 950-ден астам жұмыс орнын құрып, суармалы алқаптың жалпы көлемін 179,2 мың гектарға жеткізуге ықпал етіледі. Сондай-ақ, 6 су қоймасы – Байзақ ауданындағы «Ақмола», Меркі ауданындағы «Андас-1», «Андас-2», «Андас-3», Қордай ауданындағы «Қалғұтты», «Ырғайты» су қоймаларының құрылысы партия бақылауында болады. Бұл өз кезегінде 31 мың гектар алқаптың жарамдылығын арттыруға сеп болмақ. Бұдан өзге, бүгінгі күні қолданыстағы 3 су қоймалары – Жуалы ауданындағы «Теріс-Ашыбұлақ», Қордай ауданындағы «Қарақоңыз», Сарысу ауданындағы «Ынталы» қоймаларына жаңғырту жұмыстары партия назарына алынады.

Жасыратыны жоқ, елдегі ең төменгі айлық жалақы көрсеткіш біздің аймаққа тиесілі. Аталған бағытта 2027 жылдың соңына дейін облыс бойынша ең кемі 84 мың жұмыс орнын, оның ішінде ең кемі 50 мың тұрақты жұмыс орнын құру жоспарланып отыр. Облыста Жамбыл облысы ауылы тұрғындарының тұрмысын арттыру бағытында «Ауыл Аманаты» жобасы іске асырылуда. Жалпы 153 ауылдық округтегі 621,7 мың тұрғынды қамту үшін 87,8 миллиард теңге қаражат, оның ішінде биыл 31,5 миллиард, ал келесі жылы 38 миллиард теңге қажет. Осылайша, алдағы 5 жылда 25 мыңнан астам жаңа жеке кәсіпкерлік құрылып, атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны 16 мыңнан астам адамға төмендейді, өзін-өзі жұмыспен қамтушылардың саны 7 мыңнан астам адамға қысқарады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, елімізде пайдаланылмай жатқан және заңсыз бөлінген ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмысы жүргізіліп жатыр.

Осы жұмыстың жүйелі іске асырылуына қоғамдық бақылау жүргізу мақсатында партия жанынан «Жер аманаты» комиссиялары құрылған болатын. Комиссия 2022 жылы облыста 208 мың гектар алқапты мемлекет меншігіне қайтарды. Ал биыл, тағы кемінде 200 мың гектар алқапты қайтару жоспарымызда. Бұл бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда.

Шағын және орта кәсіпкерлік – жұмыспен қамтудың деңгейі мен экономикалық дамудың қарқынын анықтайтын жетекші сала. Бүгінде 133,3 мың адамды жұмыспен қамтып, 311,3 миллиард теңгенің өнімін өндіріп, қызметін көрсетіп жатқан 92,6 мыңнан астам шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істеуде. Былай қарасаңыз, төмен көрсеткіш емес, бірақ өңірде шағын және орта кәсіпкерлікті айтарлықтай дамып кеткен жоқ. Сол себепті саланы қолдау мәселесіне баса назар аудару негізгі бағыттардың бірі.

Ол үшін алдымен жұмыс істеп жатқан шағын және орта кәсіпкерлік кәсіпорындар санын 2027 жылы 97 мың бірлікке дейін жеткізіп, шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысатындардың санын 2027 жылы 147 мыңға дейін жеткізуді қамтамасыз етуге жұмыс істейміз.

Бұл шаралар 2027 жылға қарай облыс экономикасындағы шағын және орта кәсіпкерлік үлесін 23,2 пайыздан 27,6 пайызға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Облыста 7,7 мың көпбалалы және 16,2 мың әлеуметтік аз қамтамасыз етілген отбасылар үй кезегінде тұр. 5 көпқабатты тұрғын үй апатты жағдайда. Алдағы 5 жылда партия әлеуметтік тұрғын үйлердің құрылысын жүргізуге, инженерлік инфрақұрылымын дамытуға атсалысады.

Атап айтқанда, 2027 жылға дейін 9 мың пәтерлік 153 тұрғын үй салу мен жеке тұрғын үйлер салу үшін 31 тұрғын алқаптарында кемінде 13,3 мың жер телімін беруге бастама көтеретін боламыз.

Бүгінгі күні облыста жұмыс істеп тұрған жалпы 485 мектеп, 569 мектепке дейінгі және 67 қосымша білім беретін мекеме бар. 3 жастан 6 жасқа дейін балаларды мектепке дейінгі мекемелермен қамту 100, 2 жастан 6 жасқа дейін 94,1 пайызға жетіп, 2 жастан 6 жасқа дейінгі балалардың кезегі 4,3 мың баланы құрап отыр.

Осы орайда, партия 18,7 мың орынды қамтитын 65 мектептің және 9 мектепке жапсарлас құрылыс жүргізуге ықпал етеді. Сонымен қатар, заманауи стандарттар бойынша кемінде 52 мектепке жаңғырту жұмыстарын жүргізу үшін бастама көтереді.

Мәдениет – руханияттың негізі. Бүгінгі күні облыста 197 мәдениет үйі, клуб мекемелері жұмыс істесе, 14 үлкен ауылда мәдениет үйі мен ауылдық клуб жоқ. Сондай- ақ, 23 мәдениет нысаны жөндеуді қажет етеді.

Осы орайда, партия 2027 жылға дейін 24 мәдениет үйі мен ауылдық клубтың ашылуына және 11 мәдениет нысанына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге ықпал ететін болады. Нәтижесінде мәдениет нысандарының саны 197-ден 211-ге көбейеді, жөндеуді қажет ететін мәдениет нысандарының қатары 23-тен 8-ге азаяды.

Басты байлығымыз – халық денсаулығы. Қазір облыста 446 денсаулық сақтау мекемесі болса, оның 388-і мемлекеттік, 58-і жекеменшік. Ол мекемелерде 15,7 мың дәрігерлер мен медбикелер жұмыс істейді. 5 денсаулық сақтау мекемесі ыңғайластырылған ғимараттарды жалға алып отыр, ескірген ғимараттар 52,4 пайыз. Өңірде 108 дәрігер жетіспейді.

Сондықтан, біз 15 денсаулық сақтау нысандарын салу және іске қосуға, тұрғындарға онкологиялық, инфекциялық емес аурулары алдын алу бойынша профилактикалық тексеруден өткізуге ықпал ететін боламыз.

Жедел медициналық көмекті цифрландыру, жасанды интеллектті енгізу, сондай-ақ аудандар бойынша телемедицина арқылы онлайн-консультациялар санын ұлғайту, денсаулық сақтау ұйымдарында жыл сайын кемінде 160 медицина қызметкерін жұмысқа орналастыру да басты бағыттарымыздың бірі.

Қорыта айтқанда, біздің сайлауалды бағдарламамыз құндылықтарымызды, басымдықтарымыз бен принциптерімізді көрсетеді.

Сайлау алдындағы уәделерді орындау нәтижесінде инженерлік-коммуникациялық, тұрғын үй және жол инфрақұрылымдарының өзекті мәселелері шешіледі, медициналық қызмет көрсету, білім беру және басқа да салалардың сапасы жақсарады. Сайлауалды бағдарламаны іске асыру арқылы біз өңіріміздің дамуына және азаматтарымыздың өмір сүру сапасын жақсартуға қол жеткізетін боламыз.

«AMANAT» партиясы – жауапкершілік жүгін жіті сезінетін партия. Сайлауалды бағдарламаның барлық тармағы орындалатын болады. Біз қоғам мен мемлекет мүддесі, ұлттың болашағы үшін «Нар тәуекел!» деп аянбай еңбек етуге дайынбыз!

 

Дауыл БЕЙСЕНҚҰЛОВ,

«AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы,

облыстық мәслихаттағы «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support