Орта Азия елдері арасынан озық шықты

Орта Азия елдері арасынан озық шықты
ашық дереккөз
Орта Азия елдері арасынан озық шықты
Өнерліге қашанда жол ашық екені, шын талантқа шекара болмайтыны белгілі. Оған тағы да көзіміз жетіп отыр. Аудан орталығындағы Мұхан Төлебаев атындағы балалар өнер мектебінің өнерлі шәкірттері Ташкент қаласында өткен халықаралық «NAURYZ FEST» байқауында жақсы өнер көрсетіп, табысты оралды. Бұл байқауға Орта Азия елдерінен жүзге тарта өнерпаз қатысқан болатын. «Ұлттық аспапта орындау» аталымы бойынша Аяна Дәулетбай мен Бақдәулет Жанатбек бас жүлде алды. Қазылар алқасы жеке орындауда Нұрғиса Тілендиевтің «Аққу» күйін төгілте орындаған жерлесіміз Бақдәулет Жанатбекке 100 АҚШ доллары көлеміндегі ақшалай сыйлықты да табыстады. Бұл ретте жетекшілер Дулат Байзілдаев пен Нұрберген Қырғызбаевтың да үлесі бар екені анық. «Ансамбльде орындау» аталымы бойынша аталған өнер мектебінің «Елигай» қобызшылар ансамблі де бас жүлдені иеленді. Ансамбль құрамында Аружан Бескемпір, Айша Әбдіәріп, Әсел Жақсылық, Әлия Бейсекеева өнер көрсетті. Ансамбль жетекшісі Сәуле Маманованың, сүйемелдеуші Наталья Кимнің бұл жолда аянбағаны анық сезілді. «Эстрадалық вокал» аталымы бойынша Назгүл Мұрат та бас жүлдегер атанды. Бұл өнерпаздың жетекшісі – Айгүл Сатыбалдиева. Осынау жеңімпаздарды аталған мектеп директоры Сарбиназ Қосанова бастаған ұжым қарсы алып, құрмет көрсетті. – Бұл біздің өнер мектебінің ғана емес, ауданның да үлкен абыройы. Әрі біздегі мамандардың кәсіби білімі мен шеберлігі жоғары екенін көрсетеді, – дейді өнер мектебінің директоры Сарбиназ Қосанова.  

Ақжігіт ЖЕТПІСБАЙ,

журналист.

Ұқсас жаңалықтар