Инвестициялар – игілікті істер бастауы

Инвестициялар – игілікті істер бастауы
ашық дереккөз
Инвестициялар – игілікті істер бастауы
Өңірдің инвестициялық белсенділігін ынталандыру мақсатында «Zhambyl Economic Investment Forum-2023» халықаралық инвестициялық форумын шаһардағы «Көне Тараз» этно-мәдени орталығында өткізу жоспарлануда. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингінде облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаев айтты. Оның сөзінше, 26- 27 сәуір күндері өтетін форум өнеркәсіп, агроөнеркәсіп, туризм, цифрландыру салаларын қамтымақ.   – Форум барысында инвестициялық байланыстарды одан әрі жолға қою, экономиканың түрлі секторларында өзара тиімді ынтымақтастықты нығайту, ел экономикасына тікелей шетелдік инвестициялар тарту мүмкіндіктерін қарастыру талқыланады. Шараға жетекші халықаралық компаниялар мен отандық бизнестің 700-ден астам өкілдері, инвесторлар, беделді сарапшылар мен пікір көшбасшылары шақырылды. Жалпы, форумның мақсаты – облыстың даму бағыттарын жандандыруға қолайлы әрі жаңа технологияларға бағдарланған инвестициялық, іскерлік, креативті ортаны қалыптастыру. Сондай-ақ, постиндустриалды экономикада өңірдің стратегиялық дамуының ғылыми-техникалық және әлеуметтік идеяларын іске асыру, – деді Аспандияр Мұраталыұлы. Еске сала кетейік, өткен жылы облыс аумағында 15 инвестициялық жоба іске асырылып, 1095 жаңа жұмыс орны ашылды. Былтыр өңірімізге тартылған инвестиция көлемі 2,3 пайызға артса, оның ішінде, сыртқы инвестициялар – 95, ішкі инвестициялар 333 миллиард теңгені құраған. Ал, жеке инвестицияларға тартылған қаражат көлемі 291 миллиард теңгені құрап, 3,5 пайызға арта түскен.    

Ұқсас жаңалықтар