Қанағат қарын тойдырар

Қанағат қарын тойдырар
ашық дереккөз
Қанағат қарын тойдырар
Қасиетті Рамазан айында көпшілікке ой салатын оқиғаны баяндаған жөн болар. Отыз күн ораза күндерінде нәпсімізді де, көңілімізді де ізгі қасиеттерге бұрған абзал. Сондықтан, жақсы қасиеттерге тәрбиелейтін тәмсілдердің әсері үлкен. Ерте заманда бір бозбала үйленуге ниет етіп, әкесінің рұқсатын алайын деп, асқан сұлу қалыңдығын ертіп келіпті. Әкесі қызды көріп, біраз үндемей қалыпты. Қыздың сұлулығынан басы айналса керек. Сосын: «Балам, мына қызға сен ие бола алмай қалатын сияқтысың. Одан да мұны маған бер, мен алайын», депті. Баласы келіспей, екеуінің арасында реніш туындапты. Әкесі де қызды алмай тынбайтын сыңай танытқан екен. Әкелі- балалы екеуі ары-бері тартысып, болмаған соң, әділдік іздеп қазыға келеді. Мәселенің мән-жайын тыңдап отырған қазы қыздан көзін ала алмай тесіліп қарай береді. Сонан соң: «Мынандай қызды қолында билігі бар мемлекеттік қызметкер алмаса, сендер бұдан айырылып қаласыңдар. Байғұс қызға обал болар түрі бар. Бұл қыз сендерден гөрі маған лайығырақ екен, мен алайын» деп, жата жабысады. Өзінің қара қылды қақ жаратын әділ қазы екенін де ұмытып кетеді. Әкелі - балалы мұндай ұсынысқа келіспейтінін айтып, екі жақтап айғайға басады. Сонымен, үшеуі қызды үш жақтан тартқылап, уәзірден әділдік іздеп келеді. Оларды мұқият тыңдаған уәзір де қызды көргісі келеді. Көрген бетте оның да есі ауып қалады. Дауласқан адамдардың бәрін қуып шығып, қызбен оңаша сөйлесіп көреді. Қыз да қарсы емес екенін білдіреді. Бірақ, қызды иеленіп қалғандар олжаларынан оңай айырылмайтынын айтып, дау тудырып, уәзірді патшаға қарай сүйрелейді. Қызды көрген патшаның да басы шыр айналады. Назарының бәрі сол сұлуға ауып кетеді. Ол да қызды бірнеше күнге алып қалып, мәселені асықпай шешетінін айтады. Оған қалғандары келіспейді. Дау қайта жалғасады. Соның бәрін тыңдап отырған ару ақыры төрелігін өзі айтып: «Уа, жігіттер, босқа даурықпайық. Одан да ең дұрысы, мен қашайын, сіздер қуыңыздар Кім бірінші жетсе, мені сол алсын», дейді. Басқалар амалсыз осы тоқтамға келіседі. Сонымен, қыз жүгіре жөнеледі де, бес еркек тұра қуады. Қыздың көйлегі көлбеңдеп, табаны жерге тимей зулайды. Ынтызары оянған, делебесі әбден қозған ер азаматтар тілдері салақтап, көздері алақтап, «бақыттарына» жете алмай алаөкпе болады. Бір кезде алдарынан терең ор шығады. Қыз ордан ойланбай секіріп өтіп кетеді. Қалғандарының бәрі сол орға құлайды. Бір де бірі шыға алмайтын болып, ордың түбінде қалады. Қыз айналып ордың жиегіне жақындап келеді де: «Сендер мені таныдыңдар ма? Мен қу дүниемін ғой. Мені адамдардың бәрі иеленгісі келеді. Бірақ, мені ешкім қуып жеткен емес. Сонда да адамдар қайта шыға алмайтын тар, терең шұңқырға құлағанша артымнан жүгірулерін қоймайды» деп, бұрылып жөніне кете барыпты... Бұл мысалдан қандай қорытынды жасауға болады? Тіршіліктің өзі – бес күндік жалған. Қу дүние қандай бәйге атын мініп қусаң да жеткізбейді. Сол қу дүниеге құл болып, бірге туған бауырмен жанжалдасамыз, ағайынмен араз боламыз. Сонда ұшпаққа жеткеніміз қане? «Қанағат қарын тойдырар, қанағатсыз жалғыз атын сойдырар» деп бекер айтылмаған. Жүрегіміз ізгілік пен жақсы қасиеттерге толы болса – өмірдің нағыз мұраты сол. Опасыз дүниеге ешкім тойған емес. Шайтандар шынжырланған, адамдардың көпшілігі ауыз бекіткен осынау айда оқырманға тамшыдай ой салдық. Жаратқанға жағатын жақсы амалдарыңыз көп болсын!  

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар