Өмір мектебі

Өмір мектебі
ашық дереккөз
Өмір мектебі
Адамдар! Адамдар! Адамдар! Иә, адамдар! Былайынша таңданатындай ештеңе жоқ сияқты. Жоқ, олай емес! Әрбір адам былайғы жұртпен қарым-қатынаста бола отырып, өмір мектебінен өтеді. Ол өзінің айналасындағы адамдардан күнделікті әрі үздіксіз сабақ алады. Өйткені, әр адам, әртүрлі. Біреулер өркөкірек, менмен, біреулер адамгершілігі мол, қарапайым, дарқан жүректі келеді. Олардың қоғамдағы жағдайы әртүрлі, әлеуметтік деңгейі де бірдей емес. Міне, осындай ортада өзіңнің орныңды таба білуің керек. Қиын міндет. Бірақ, бұл міндетті өзің шешуің керек. Иә, өзің ғана! Біздің бәріміздің жолымыздың басталуы ұқсас. Балалар бақшасы, мектеп, институт және еңбек ұжымы. Қайда болса да адамдар өздерінің мұң-мұқтажымен, талап-тілегімен жүреді. Біз адам тәрбиесі туралы айтқанда оның өмірінің барлық кезеңін еске аламыз. Кез келген адам өзінің ортасынан, оның ықпалынан, ешқашан да оқшаулана алмайды. Ол ортаның ықпал- әсері адам бойына сіңеді. Міне, сондықтан да адамның қалыптасуын оны қоршаған ортасынан оқшау қарай алмайды. Иә, бұл шындығында солай. Бірақ мен қазір өзімнің дүниетанымымның қалыптасуына тікелей немесе жанама ықпал еткен адамдар туралы әңгімелемекпін. Менімен қатарлас адамдардың қазан революциясы, азамат соғысы, социализм ісін ұйымдастырушылар мен жүзеге асырушылар туралы түсініктері негізінен әдебиет арқылы қалыптасты. Біз балалық шағымыздан бастап аға ұрпақтың ерлік дәстүрлері үлгісінде тәрбиелендік. Есейе келе, беріректе олардың кейбіреулерімен кездестік те. Солардың бірі – екі мәрте Социалистік Еңбек Ері атанған Жазылбек Қуанышбаев болатын. Ол көптеген жылдар бойы Мойынқұм ауданының «Көктерек» кеңшарында аға шопан болып жұмыс істеді. Мен Жазылбекті 1947 жылдан бастап білемін. Ол кезде облыстық комсомол комитетінің хатшысы болып жұмыс істедім. Сол кезде ол көптеген шопандардың бірі еді, олардан ешқандай айырмашылығы жоқ- ты, бірақ айтарлықтай жастау болатын. Орта бойлы келген, мығым денелі, көп сөзге жоқ еді. Ауыр жылдар еді. Бүкіл ел бойынша қайта қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатқан, материалдық- техникалық базалар қайтадан жасалып жатты, ауыл шаруашылығын, әсіресе, мал шаруашылығын, жедел қарқынмен көтеру жолындағы күрес кең қанат жайды. Бүкіл Қазақстан бойынша қой санын өсіру жолындағы жарыс қыза түсті. Міне, сонда ол қой шаруашылығында бастама көтерушілердің бірі болды. Малшылардың, әсіресе шопандардың, еңбегі жеңіл емес. Қазақтарды ата- бабасынан бері қойшы болған деуге болады. Иә, бұл – шындық. Бірақ революцияға дейінгі қой шаруашылығы мен социализм еліндегі қой шаруашылығын, мал шаруашылығын жүргізудің түрлері мен әдістері жағынан салыстыруға болмайды. Бүгінде мүлде өзгеше өндірістік қатынастар мен өзгеше өндіргіштік күштер қалыптасқан. Сондықтан да, адамдар өздерінің міндеттеріне басқаша қарайды. Біздің елімізде мал шаруашылығының, оның ішінде қой шаруашылығының мүлдем өзгеше базада дамығанын айта кету орынды. Ол жекеменшікке орын қалмаған социалистік материалдық базада дамыды. Социалистік өндірістік қатынас жағдайында әр еңбеккердің орны қоғамдағы жағдайымен және оның қоғам алдындағы міндеттерімен айқындалады. Шындығында, әр еңбек озатының істерінен, кеңес адамдары еңбекке жаңаша көзқарасты көреді. Ол коммунистік көзқарас деп аталады. Олар үшін мынау – менікі, анау – сенікі деген сөз жоқ, алыс-жақын деп айырып жатпайды, олар ортақ іске, социалистік қоғам үшін еңбек етіп жатқандарын біледі. Міне, солардың бірі – Жазылбек Қуанышбаев болды. Ол – өмірдің қиын мектебінен өткен адам. Қаншама ұйқысыз түндер, күлкісіз күндер өтті десеңші! Бірақ бір нәрсе айқын да, ашық. Ортақ Отанымыздың гүлденуі үшін көп істер атқарылды...  

Асанбай Асқаровтың «Көзқарас» кітабынан.

Ұқсас жаңалықтар