Қонаевтың шапағатын көрген Фахириддин Әбдіхалықов жайлы

Қонаевтың шапағатын көрген Фахириддин Әбдіхалықов жайлы
ашық дереккөз
Қонаевтың шапағатын көрген Фахириддин Әбдіхалықов жайлы
Ол кезде Үшарал ауылында тұрамыз. Ауылдағы Талас асыл тұқымды мал зауытының, оның директоры Социалистік Еңбек Ері, КСРО Жоғары Кеңесінің депутаты Әбдір Сағынтаевтың атағы Одаққа танылып, аспандап тұрған кезі. Бір күні: «Ауылға Мәскеуден Фахир деген үлкен кісі келе жатыр. Өзі осы ауылдың тумасы екен. Әкесі Рахманқұл өңірге белгілі қожа. Кеңес өкіметі кезінде белсенділердің қудалауынан көп азап шеккен дейді. Мына кісі соның ұрпағы», деген әңгіме шықты. Фахир ауылға, елге сәлем бергелі келмек екен. Өзі осы ауылдың тумасы. Мектепті әуелде Үшаралда оқып, кейін Ақкөл ауылында бітірген. Фахирдың ағасы Шахафутдин совхоз директорының кадр жөніндегі орынбасары. Естуімізше облыс, аудан көлемінде беделді қызметтер атқарған. Ұлы Отан соғысына қатысқан. Бір күні Шахафутдин көкемізден інісі жайлы сұрастырдық. Мақтанған жоқ. «Әбекең (Әбдір Сағынтаевты айтады) Мәскеуге барған сайын жолығысып тұрады. Отбасымен араласады. Сірә, содан кейін туған елге келіп, аунап-қунап қайтпайсың ба деген шығар», деді де қойды. Біз де кішкентай адамбыз. Бар болғаны совхоз клубының меңгерушісімін. Межелі күні Фахир ағаны да көрдік. Жұқалтаң, ақ сары жүзді, орта бойлы, шашы қалың, көзі көкшілдеу екен. Жүзі жылы. Бауыры болған соң ба Шахафутдин екеуінің түр-түсі ұқсаңқырап тұр. Сол жолғы көруім, бірінші және соңғы рет болды. Фахир Ақкөлде орта мектепті бітірген соң 1944-1945 жылдары Талас аудандық партия комитетінің екінші хатшысының көмекшісі қызметін атқарып, содан партияның қолдауымен Алматы қаласындағы сол кездегі Киров атындағы Қазақ ұлттық университетінің тарих факультетіне оқуға қабылданады. Алланың қалауымен сол кезде Қазақ КСР Министрлері кеңесі төрағасының орынбасары қызметін атқарып жүрген Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың бөлесімен танысып, сол үйде жатып оқиды. Дінмұхамед Ахметұлының інісі Асқармен жолдас болып, екеуі кейіннен туған бауырдай араласып кетеді. Фахир аға өзінің сексен жылдығында арнайы шығарған мемуарлық кітабында Қонаевтар әулеті жайлы тебірене жазады. Сол кездің өзінде Димекеңнің үлкен парасат иесі болғанын қимастықпен еске алады. Жатқан үйлері ол кісінің туған әпкесінің үйі екен. Сол үйде қазақтың біртуар ұлы Төлеген Тәжібайұлымен де танысады. Төлеген Димекеңмен қатты жолдас, сыйлас екен. Жалпы, Төлеген Тәжібайұлы Дінмұхамед Қонаевтың алдында Қазақстан Үкіметі басшысының орынбасары қызметін атқарған. Екеуінің қызметте өсу жолдары да ұқсас. Бірде Димекең Фахирден «Туған- туысың бар ма?», деп сұрайды. Фахир өз әкесі Рахманқұлдың қайтыс болып кеткенін, әке болып отырған Омар көкесі жайлы айтады. «Онда Омар көкеңе сәлем айт! Бұйыртса Алматыға алдырып, әкеймен таныстырамын, екеуінің жасы қатарлас болып шықты», дейді. «Кейіннен Жамбыл облыстық партия комитетінің хатшысына шығып, Омар көкемді Алматыға алдырды. Көкем келген соң жұртқа мақтанып, Дінмұхамедтің әкесі Ахметті төбесіне көтерді. Бір сөзбен айтқанда, өткен ғасырдың елуінші жылдардың ортасында Димекең Талас елі дегенде ең әуелі Омар көкем арқылы мәлімет алды. Сөйтіп, Рахманқұл көкеміздің үш ұлы да Димаш Ахметұлының жақсылығын көрді. Фахир Димекеңнің інісі Асқармен туыс болып кетті. Үлкен ұлы дүниеге келгенде ырымдап Асқардың есімін берді», деп еске алады Шырынхан Омарұлы. Жақсылардың қамқорлығын көрген Фахир жоғары оқу орнын тәмамдаған соң оқу министрлігіне кадр бөлімінің инспекторлығына қабылданады. Әрі жазуға, ғылымға бейімі бар екенін танытып, көп уақыт өтпей аталған министрліктегі баспаның редакторлығы қызметіне жоғарылайды. Білімге құштар, ынталы жас жігіт оқу министрі А.Сенбаевтың ұсынысымен, Димекеңнің демеуімен Одаққа КСРО Жоғарғы Кеңесінің Төралқасына қызметке жіберіледі. Сөйтіп, ауылда өскен қазақтың қаршадай баласы жақсылардың шапағатының арқасында Мәскеуде үлкен қызмет атқарады. Өзі де Димекеңнің үмітін ақтағанын әркез айтып отырады екен. Үйлерінен орын беріп, оқуын бітіртіп, одан кейін қызметке орналасуына әкелік қамқорлығын жасаған Димекеңді ол өмір бойы құрметтеп өтті. Кітабында Димекеңнің әкесі Меңліахметті өте ақылды, кемеңгер, абыз ақсақал деп жазады. Ол кісі де Фахирды баласындай көріпті. Университет қабырғасында жүріп, өмірлік жары Гүлжәмиламен отау құрады. Келіншегін Дінмұхамед Ахметұлының әпкесінің үйіне әкеледі. Солардың батасын алады. Кейін Мәскеуде тұрғанда да Димекең Фахирдың шаңырағында жиі болып жүреді. Кейде өзімен бірге Қазақстанның сол кездегі басшыларының бірі Жұмабек Тәшеневті де ертіп барады екен. Жұмабек Тәшенев Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы қызметін атқарып жүрген жылдары сол кездегі тәртіп бойынша Одақтас республикалардың басшыларының бірі ретінде КСРО Жоғарғы Кеңесінің Төралқа отырысын басқарып жүреді. Жұмабек Тәшеневтің жасаған ерлігі жайында Фахир белгілі журналист, марқұм Мақұлбек Рысдәулетке берген сұхбатында айтады. «Төралқа мәжілісінде құқықтық мәселелер талқылануы керек болатын. Алайда Бас прокурор Руденко кешігіп келмей жатты. Шамалауымша, бес минут кешігіп келді-ау деймін. Кешірім сұрап отыра беріп еді, Жұмекең «Сіз неге кешігіп келдіңіз? Әлде күн тәртібіндегі мәселені талқылауға дайын емессіз бе? (Руденко орнынан тұрып ақтала бастап еді, сөйлетпеді.) Сіз дайын емессіз. Мәжіліс ертеңге қалды. Ертең кешікпей дайындалып келіңіз!», деп қадап, нығырлап айтты да, мәжілісті таратып жіберді. Кейін «Жұмеке, оныңыз не? Мәжілісті бір адамның кешігіп келуіне байланысты таратып жіберу тарихта болмаған шығар» десем: «Ол мені менсінбей тұр ғой, «қазақ» деп тұрғаны. Осындайда күш көрсетіп қоймасаң, танымай кетеді» деп жымиған. Жалпы Жұмекең аса дарынды, елін сүйетін азамат еді» деп еске алады. Жұмабек Тәшеневтің Мәскеуге келіп жүрген бір сапарында Димекең бар, біраз белгілі адамдармен кездеседі. Бұл да Фахирдің есінде қалыпты. Алыптардың тәрбиесін көрген Фахир да Мәскеудегі ірі тұлғалармен тең сөйлесіп, қызмет атқарысты. Өзі кітабында жазғандай, Жоғарғы Кеңестің Төрағасы К.Е.Ворошиловтан бастап, осы қызметті атқарған Подгорный сияқты адамдармен қызметтес болды, сыйласты. Тіпті, Жоғарғы Кеңес Төралқасының хатшысы Михаил Георгадзе және Кеңес Үкіметінің басшыларының бірі Анастас Микоянмен жақын араласып, сыйласып өтті. Микоянның өзі шетелдерге сапарға шыққанда Фахирды да ресми делегацияның құрамына қосады екен. Әрі ол құрметке Димекеңнің де себепкер болғанын жазады Фахир. Димекең де Иранның шахы Реза Пехлевимен, Мысырдың президенті Гамаль Абдель Насермен Алматыда болған кездесулерде Қазақстанның делегациясының құрамында Фахир да болып, кездесуге қатысыпты. Осының барлығы Димекеңнің Фахирға деген құрметімен болған жәйттар ғой. Фахир Дінмұхамед Қонаев пен Өзбекстанның сол кездегі Бірінші басшысы Шараф Рашидов екеуінің достығы мен сыйластығының ерекше болғандығын да қимастықпен еске алады. КСРО Жоғарғы Кеңесінің Төралқасында табан аудармай 32 жыл қызмет атқарған Фахир Рахманқұлұлы туған елінің экономикасы мен әлеуметтік салаларына да көңіл бөлді. Жары Гүлжәмила Нұрбекова да ардақты ана. Ол да жасынан өзінің біліктігімен, зеректілігімен ортада оза шауыпты. Шымкент қаласында орыс орта мектебінде оқып жүрген кезінде қаладағы қазақ мектебінде математика, физика пәндерінен сабақ беруі соған дәлел. Әйгілі академик Өмірбек Жолдасбеков оны өзінің алғашқы ұстазы санапты. Жалпы, Әбдіхалықовтар әулеті туралы көп айтуға болады. Мысалы, інісі Низами Рахманқұлұлы Қазақ Политехникалық институтын бітірген кен инженері бірі. Қаратау тау-кен комбинатында Шейн, Недагон, Фрид сияқты басшылар оның іскерлігін мойындады. Бұл әулеттен ірі тұлғалар шықты. Соның бірі Фархат Шахафутдинұлы Әбдіхалықов Мемлекет басшысының Өкімімен Еуразиялық экономикалық қоғамдастық жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі қызметіне дейін өсті. Низамиді Дінмұхамед Қонаев өте жақсы біледі екен. Оны іскер басшы деп бағалаған. Бұл әңгімені Әбдіхалықовтар отбасының туысы Шымкент Рысқұлбектен естідім. Фахир Рахманқұлұлы өсіп-өнген азамат. Жары Гүлжәмила Жұмабекқызы 25 жыл бойы М.Ломоносов атындағы химия технологиясы институтында қоғамдық ғылымдардан дәріс берді. Олардың үлкен қызы Гауһар медицина ғылымының кандидаты. Мәскеуде медицина академиясында сабақ береді. Кіші қызы Ақмарал Жұмабай Шаяхметовтың Айдар деген ұлына тұрмысқа шыққан. Айдар Ресейдің Біріккен Ұлттар Ұйымында елшілікте жауапты қызмет атқарды. Ақмарал да сонда қызмет еткен. Ал ұлы Асқар Англияның бір үлкен компаниясының бас директоры. Ірі кәсіпкер. Өмір жолдары өнеге тұтарлық, қазақтың абыройын асқақтатып жүрген Әбдіхалықовтар әулеті жайлы әзірге бар білеріміз осы.  

 Сәулембай ӘБСАДЫҚҰЛЫ,

журналист.

Талас ауданы.

Ұқсас жаңалықтар