- Advertisement -

Саяси науқан «Sarap»-шылар көзімен

29

- Advertisement -

Облыс орталығындағы М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде «Sarap» эксперттік клубының аймақтық отырысы өтті. Еліміздің Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ-ның ұйымдастыруымен «Қазақстандағы Президент сайлауы: эксперттік пікір» тақырыбын арқау еткен басқосуға мемлекеттік органдардың өкілдері, саясаттанушылар, қоғам қайраткерлері, тараздық белсенді жастар мен сарапшылар қатысты.

 Аталған институт сарапшысы Олжас Бейсенбаев жүргізген отырыста «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ басқарма төрағасының орынбасары Аманбек Төлепбергенов алдағы Президент сайлауын Жолдаумен ұштастыра келе:

– 1 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламенттің қос палатасының бірлескен отырысы кезінде сайлау науқаны қатаң түрде еліміздің заңнамасына сәйкес жүргізілетіндігіне кепілдік беретінін мәлімдеді. Саяси өзгерістерді ашықтық, әділдік және өзара сенім арқылы жүзеге асыру маңызды екенін атап өтіп, ауқымды реформалар пакетін жолдады. Президент өкілеттігін қайта сайлану құқығынсыз 7 жылдық мерзіммен шектеуді ұсынды, – деп, соңғы уақытта орын алған өзге де саяси реформаларға кеңінен тоқталып өтті. Министрлік жанынан 2021 жылы құрылған эксперттік клубтың негізгі бағыттарымен, мақсатымен таныстырып өтуді де ұмытпады.

Мұнан соң сөз алған облыстық мәслихаттың хатшысы Махметғали Сарыбеков өз сөзінде:

– Депутаттармен бірге тұрғындармен кездесу барысында қарапайым халық тарапынан «Бұл сайлаудан соң немесе Жолдаудан соң не өзгереді?», «Әлеуметтік жағдайымыз жақсара ма?», «Елге қандай пайдасы тиеді?» деген сыңайдағы түрлі сұрақтар қойылады. Сондықтан бұл сайлаудан халықтың күтері көп. Биыл Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тәуелсіз Қазақстан тарихында тұңғыш рет десек те болады, бір жылда екі рет Жолдау жариялады. Бұл өз кезегінде Жаңа Қазақстанның саяси жүйесіне де, әлеуметтік, экономикалық, саяси ахуалына да оң ықпалын тигізеді деп сенеміз, – деді.

Басқосу барысында облыстық «Ғұмыр-Дария» газетінің бас редакторы Жаңабай Миллионов, аталмыш институт сарапшысы, саясаттанушы Бауыржан Серікбаев, «Amanat» партиясы облыстық филиалы «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы Уалихан Болатбек пен М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің оқытушылары сөз алып, алдағы саяси науқанның маңыздылығына, өз тараптарынан қосар үлестеріне тоқталды.

Жиын соңы ашық пікірталасқа ұласты. Жастар тарапынан түрлі ұсыныстар айтылып, сауалдар жолданды.

 

Эльвира ЖАРЫЛҚАСЫНОВА

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support