Тәуелсіздік туын тұғырына қондырған

Тәуелсіздік туын тұғырына қондырған
ашық дереккөз
Тәуелсіздік туын тұғырына қондырған
ХХ ғасырдың 80 жылдарының орта шенінде кеңестік қоғамда түбегейлі өзгеріс қажет екендігі айқын сезіле бастады. 1985 жылдың наурыз айында КОКП Орталық Комитетінің пленумында Бас хатшы болып М.С.Горбачев сайланды. Генсек аталған жылдың сәуір айында өзінің «қайта құру» бағытын жариялайды. Кеңестер Одағы басшысының жоспарлаған әлеуметтік-экономикалық жаңа бағыты, кейіннен уақыт көрсеткендей, кеңес билігінің осыған дейінгі басқа да басшыларының кебін киіп, қойылған мәселелердің шешілмегені белгілі. Оның алғашқы төрт жылында (1985- 1989 жж.) жеделдету тұжырымдамасын жүзеге асыруға бағытталған бастамалар, іс жүзінде қоғамда жеке меншіктік-нарықтық қатынастардың толыққанды енгізілмеуіне байланысты өз нәтижесін берген жоқ. Дегенмен миллиардтаған долларға импорттық жабдық сатып алынды. Мәселен, 1970 жылы 2,8 миллиард долларға машина жасау өнімі сатып алынған болса, 1988 жылы оның көлемі 17,8 миллиард долларға жетті, яғни 6,4 есе көбейді. Отандық машина жасауды дамыту ісі де басым бағыт болып жарияланды, оған он екінші бесжылдықта (1986-1990 жж.) бұған дейінгі бесжылдықтағыдан 1,7 есе көп күрделі қаржы салынды. Әйтсе де, қыруар қаржыға шетелдерден валютаға сатып алынған құрал-жабдықтар кеңестік жүйенің ұқсата алмауы себепті іске асырылмай, зауыттар мен фабрикалар алаңында, темір жол стансалары мен қоймаларда пайдаланылмай жатты. Әрине, жоғарыда аталған шетелдік құрал-жабдықтардың Қазақстанға келгендерінің мардымсыз болғандығы да белгілі. Негізінде, метрополия Қазақ елін шикізат көзі ретінде ғана пайдалану бағытынан кеңестік дәуірдің өн бойында ешбір танған емес. Мысал келтірер болсақ, КСРО өмір сүруінің соңғы жылы Қазақстан жалпы жылдық табысының көлемі 25,6 миллиард доллар бола тұрып, өзінің әрбір азаматын тек 1971 долларға ғана қамтамасыз ете алса, Эстония жалпыодақтық бюджетке 3,7 миллиард доллар төлей отырып, өз халқының әрқайсысына 2725 доллар көлемінде жылдық табыс келтіре алды. Жалпы, ХХ ғасырдың 80 жылдары Одақ бойынша 10 мың адамға жыл сайын 75 пәтер салынса, Қазақстанда – 69, Одақта әрбір 10 мың адамға 404 дәрігерден келсе, мұнда тек 352 дәрігерден келді. Мектеп жасына дейінгі баланы балалар мекемелерімен қамту 53 пайыз ғана болды. Экологиялық жағдай төтенше түрде күйзеліске түсті. Осы және басқа да әлеуметтік келеңсіздіктердің және ұлт саясатындағы Орталықтың 1986 жылдың желтоқсанындағы «ұр да жық» саясаты қазақ жастарының ашу- ызасын тудырып, мұның соңы белгілі ереуілге ұласқан еді. 1986 жылғы желтоқсанның үш күні Қазақстанның тәуелсіздікке салған даңғыл жолы екендігі бүгінде баршамызға аян. Тиісінше, Орталық билік шегініс жасап, 1988 жылғы шілде-тамыз айларында өткен Бүкілодақтық ХІХ партия конференциясында Кеңес қоғамының саяси жүйесіне реформа жүргізу қажеттігі атап көрсетілді. Онда ең басты мәселе – халық депутаттары Кеңестерінің толыққанды өкіметін барлық жерлерде қайтадан қалпына келтіру көзделініп, конференцияның шешімдеріне сәйкес қысқа уақыт ішінде ең жоғарғы мемлекет органдарын қайта құру жоспарланды. Ол 1988 жылдың 1 желтоқсанында қабылданған «КСРО Конституциясына қосымша өзгерістер енгізу туралы» және «КСРО халық депутаттарын сайлау» жөніндегі заңдарда өзінің шынайы көрінісін тапты. Осы үдерістер аясында толғағы жеткен мәселелерді шешуге республиканың құқылы болуы Қазақстанның өткен кезеңінде жіберілген ағаттықтарын түзетуге мүмкіндік туғызды. 1988 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің қаулысымен 30- 40 жылдары және 50 жылдардың бас кезінде сотталған және жазаға ұшыраған халқымыздың даңқты өкілдерінің есімі халыққа қайтарылды. Әсіресе Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Міржақып Дулатовтың шығармашылық мұраларының ақталуы жұртшылық арасында зор қолдауға ие болды. «Қайта құру» кезеңіндегі демократиялық талпыныс 1989 жылдың наурыз айында өткен КСРО халық депутаттарының І съезінде нақты көрініс тапты. Осылай, биліктің СОКП-ден елдегі мемлекеттік биліктің ең жоғарғы органы – Халық депутаттарының съезіне өтуі басталды. 1990 жылдың сәуірінде КСРО Жоғарғы Кеңесінің «КСР одағы мен одақтас және автономиялық республикалар арасындағы негізгі экономикалық қарым-қатынастар туралы» және «Одақтас республикалардың КСРО құрамынан шығуына байланысты мәселелерді шешу тәртібі туралы» заңдары қабылданды. Әрине, аталған ізгілікті заңдардың қабылдануын Орталықтың «парасаттылығынан» болды деп айтуға еш негіз жоқ. Керісінше, бұл үдерісті Одақтың барлықтай дерлік республикаларында қалыптасқан экономикалық және рухани дағдарысқа қарсы көтерілген саяси бұлқыныс ретінде қабылдағанымыз жөн секілді. Тиісінше, Кеңес одағы елдерінде ұлттық толқулар күшейді. Сумгаиттегі, Таулы Қарабахтағы, Вильнюстегі, Ферғанадағы оқиғалар ұлттық мәселелерді шешудің де ешқандай бағыт-бағдары жоқтығын айқындады. КСРО басшылары ұлт мәселесінің байыбына бармай, ұлтаралық қатынастар мен оны шешудің жолдарын нақты көрсетіп бере алмады. Дегенмен құрдымға кеткелі тұрған кеңес империясының түпкілікті жойылуын тездетуге ресейлік саясаткерлердің әпербақандық іс-әрекеттері де себеп болды дей аламыз. Мәселен, дәл осы алмағайып тұста Б.Н.Ельциннің Ресей Федерациясының көршілес республикаларға территориялық талаптарының бар екендігін айтуы, одақтас республикалардың тездетіп өз егемендіктерін жариялауға және осы арқылы орталықтың ұзақ жылдар бойы республикалардың меншігіне бермей келген одақтық бағыныстағы барлық кәсіпорындар мен мүліктерді өз қарамағына алуына қол жеткізген еді. Айтар болсақ, алғашқы болып өз егемендіктерін Эстония, Литва, Латвия және Грузия жарияласа, көп кешікпей, 1989-1990 жылдары егемендік туралы Декларацияларын РКФСР мен басқа да одақ республикалары қабылдады. Елдегі мемлекеттік билік жүйесі мен экономиканың шұғыл нашарлауы жағдайында (оған мәселен, Қазақстандағы 2,6 миллион адамның, яғни әрбір алтыншы тұрғынның өмір сүрудің ресми белгіленген ең аз деңгейінен төмен жағдайда болғандығы айқын дәлел) 1990 жылдың 25 қазанында республика Жоғарғы Кеңесі Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылдады. Декларацияның преамбуласында: «Қазақ Советтік Социалистік Республикасының Жоғарғы Советі Қазақстан халқының еркін білдіре отырып, республиканың барлық азаматтары үшін лайықты және тең тұрмыс жағдайын жасауға ұмтыла отырып, республикада тұратын халықтарды топтастыру мен олардың достығын нығайтуды бірінші дәрежелі міндет деп санай отырып, жалпыға бірдей адам праволары декларациясын және ұлттардың өзін-өзі еркін билеу правосын тани отырып, қазақ ұлтының тағдыры үшін жауапкершілікті ұғына отырып, ізгілікті демократиялық праволық мемлекетті құруға бел байлауды негізге ала отырып, Қазақ Советтік Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігін жариялайды және осы Декларацияны қабылдайды», – делінген. Декларациядағы КСРО мен Қазақ КСР арасындағы қатынас мынадай: «Қазақ ССР территориясында, оның өз еркімен Одаққа берген мәселелерін қоспағанда, Қазақ ССР Конституциясы мен заңдарының үстемдігі орнатылады, оларды барлық мемлекеттік органдар, кәсіпорындар, мекемелер мен ұйымдар, азаматтар мен азаматтығы жоқ адамдар сақтауға және орындауға тиіс». Құжатта республиканың өз аумағында Қазақ КСР заңдарын бұзатын КСРО заңдарының қолдануын тоқтатуға құқылы екендігі де нақты айтылады. Республикамыздың әкімшілік- аумақтық, саяси-экономикалық, әлеуметтік және мәдени-ұлттық құрылымдарға байланысты барлық мәселелерді дербес шешетіндігі туралы баптарға қарасақ, онда: «Жер және оның қойнауы, су, әуе кеңістігі, өсімдіктер мен хайуанаттар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар, халықтың мәдени және тарихи қазыналары, бүкіл экономикалық, ғылыми- техникалық потенциал – Республика территориясындағы бүкіл ұлттық байлық республика егемендігінің негізін құрай отырып, оның ерекше меншігінде болады. Қазақ ССР- інде меншік формаларының алуан түрлі және тең болуы қамтамасыз етіліп, олардың қорғалуына кепілдік беріледі. Қазақ ССР-і одақтың, басқа одақтас республикалардың, шет мемлекеттердің, олардың азаматтары мен ұйымдарының мүліктік праволарын қорғауға кепілдік береді», – деп мәлімделеді. Ары қарай, декларацияда: «Қазақстанның өз шекарасындағы аумағына қол сұғылмайды, бөлінбейді және оның келісімінсіз өзгертілмейді; Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің келісімінсіз оның аумағында басқа мемлекеттердің әскери құрамалары, олардың әскери базалары орналаса алмайды; Қазақстан өзінің дербес ішкі әскерін, мемлекеттік және қоғамдық қауіпсіздік органдарын ұстауға құқылы», – екендігі айқындалады. Қазақ КСР- нің халықаралық қатынастарда дербес, өзінің мүдделеріне сай сыртқы саясат жүргізетіндігі жарияланады. Декларацияның қорытынды 17-бабында «Одақтық шарт жасау және Қазақ ССР-інің жаңа Конституциясын, егеменді мемлекет ретінде Республиканың статусын жүзеге асыратын заң актілерін әзірлеу үшін негіз болып табылатындығы» арнайы көрсетіледі.  

Сейдахан БАҚТОРАЗОВ,

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің профессоры,

Ж.Баласағұн атындағы Түркістан өлкесін зерттеу орталығының директоры

Ұқсас жаңалықтар