Екі қоғамдағы еңбек адамы

Екі қоғамдағы еңбек адамы
ашық дереккөз
Екі қоғамдағы еңбек адамы
Кеңес заманында Мойынқұмның кең даласын ақтылы қойға толтырған, даңқты шопан Жазылбек Қуанышбаев пен Қызылорда облысының Шиелі ауданында ақ күріштен жыл сайын рекорд жаңартқан Ыбырай Жақаевтың есімдері қарапайым еңбектің арқасында аспандады. Омырауларына қос-қостан «Алтын Жұлдыз» медалін тақты. Адал еңбек осы екі еңбек адамын асқан абыройға бөледі, ерекше құрмет көрді. Осы кісілер мекен еткен Мойынқұм және Шиелі аудандары көркейді, құлпырды. Жазатаның кезінде Алматыдан аудан орталығынан 170 километр қашықтықта жатқан Ұланбел ауылына «Икарус» автобусы қатынады. Облыстан аудан орталығына «Як-40» ұшағы ұшты. Ауданда сәнді ғимараттар мен типтік мектептер салынды. Даңқты еңбек адамдары барлық құрмет-қошеметті өздері ғана көріп қойған жоқ, туған өңірлерінің өркендеуіне осылайша өлшеусіз үлес қосты. Жазата да, Ыбырай ата да Дінмұхамед Қонаевтың алдына кез келген кезде еркін кіріп, туған өңірі үшін не қажеттің бәрін қолма-қол шешіп келетін. Сол кісілер зейнет жасына шыққан соң, Алматыдан зәулім сарай салдырып, сонда тұрам десе кім қарсы болар еді. Жоқ, ол кісілер өйткен жоқ, туған жерінде, өскен елінде қалды... Олар социалистік қоғамда, мемлекеттік меншік кезеңінде еңбек етіп, ғұмыр кешті. Қазір басқа қоғам, кеңшар мен ұжымшар деген жоқ. Нарықтық қатынас енгелі кешегі шаруашылықтардың орнын жеке қожалықтар, серіктестіктер, кооперативтер басты. Малдың жайын, жердің қадірін білетін азаматтар шаруаларын дөңгелетті. Солардың бірі Т.Рысқұлов ауданы «Шәушен» шаруа қожалығының жетекшісі Қазақстанның Еңбек Ері марқұм Сайранбай Дөненбаев жарықтық жеке қаржысына туған ауылын көркейтуде көп тірлік тындырып кетті. Малшыларына үй, әлеуметтік нысандар салып берді. Басқа да жеке шаруашылық құрылымдарына басшылық жасап жүрген, кәсіпкерлікпен айналысатын Құдайға қараған қалталы азаматтар «Туған жеріне ту тігіп» жүр. Бірақ, мұндай атымтай-жомарттар сонша көп емес. Мемлекеттің, облыс басшылығының нақты көмек-қамқорлығының арқасында еңсесін көтеріп, шаруашылығын шалқытып отырған жеке шаруашылық құрылымдарының басшылары туған ауылдарын көркейтуге үлес қоспаса да, аз қамтылған отбастарына, жоқ-жітіктерге көмек көрсетіп отырса дейміз. Оның сауабы үлкен. Мемлекет басшысының биыл қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында «Кәсібилік пен еңбекқорлық қоғамымызда ең жоғары орында тұруы қажет. Тағы да қайталап айтамын. Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Мен Ұлттық құрылтайда және «Жастар рухының» съезінде бұған арнайы тоқталдым. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек. Қандай кәсіппен айналыссаң да, оны сапалы атқару маңызды», – деп атап көрсетті. Президенттің өзі қарапайым еңбек адамына назар аударып отырғанда қай ауылда да жұмыс жоқ деп, қос қолын қалтасына салып алып, бос сандалып жүретін жастарды көреміз. Сол «жұмыс жоқ» деген сылтаумен қалаға келіп, жұмыссыздар санын көбейтеді. Жалданып қара жұмысқа жегіледі, болмаса базарға барып арба айдайды. Бұл бүгінде өзекті мәселеге айнала бастаған сыңайлы. Жамбыл ауданы, Ақбастау ауылдық округіндегі «Байелі болыс» шаруа қожалығының жетекшісі Жұмасейт Нұрбаев «Қазір жастар мал шаруашылығына келмейді. Көбі мал бағудан қашады. Сонда қалай, қалаға барып, батпақ илеп, тас қалаудан немесе базар жағалап, арба тартып, жүк тасығаннан мал баққан қиын ба? Зейнеткерлік жастан асқанымызға екі жыл, қарттық келе бастады. Ертең мал бағатын адам болмай қазақ ата кәсіптен қол үзіп қала ма деген ой алаңдатады мені. Төрт түлік малсыз тіршілікті көз алдыңа елестету қандай ауыр. Мал шаруашылығын дамытуға кешенді бағдарлама керек. Мәселе субсидия бөлумен шешілмейді», – дейді. Белгілі фермер Үкімет тарапынан әр облысқа миллиард теңгелеп бөлініп жататын субсидияны жайылымдық алаңдарын сым темірмен қоршауға, оған төменгі кернеулі электр қуатын жүргізуге бөлсе деген де ұсынысын да айтты. «Токқа бір соқтыққан мал екінші рет ол маңға аяқ баспайды. Мұндай тәсіл мал шаруашылығы қарқынды дамыған Австралия және басқа да мемлекеттерде бар. Егер осы жоба қолға алынса, мал шаруашылығының тасы өрге домалар еді», – деді. Мерзімді басылымдарда да, әлеуметтік желіде де ауыл шаруашылығын дамыту туралы мәселені үздіксіз жазып жүрген жамбылдық Жұмасейт Нұрбаев мал шаруашылығының ертеңіне бекерден-бекер алаңдап отырған жоқ. Мұны ауыл шаруашылығы министрлігі назарға алуы керек. Жоғарыда сөз болған қос алыптың бірі –Ыбырай Жақаев Жазушылар одағында еңбек тақырыбына арналған пленумда: «Қойшы таяғына, диқан кетпеніне, жазушы қаламына ықтият болсын! – деді. Мұны Шерхан Мұртаза «Бір кем дүниесінде» жазды. Одан бері елу жыл өтті. Сол жылы өмір есігін ашқандардың балаларының өзі ат жалын тартып, азамат болды. Жазата таяғына, Ыбырай атаның өзі кетпеніне ықтият болып өтті. Егер фермер айтқандай, Үкімет тарапынан мал шаруашылығын дамытуға ауқымды бағдарлама қабылданып, оның орындалуы қатаң бақылауға алынбаса, ертең малшының таяғына ықтият болатын жастар шықпай, ата кәсіпте ұрпақ сабақтастығы үзіліп қала ма деген шаруашылық жетекшісінің алаңдауы негізсіз емес.  

Амангелді ӘБІЛ

   

Ұқсас жаңалықтар