«Қазмедиа» жеңіс тұғырында

«Қазмедиа» жеңіс тұғырында
ашық дереккөз
«Қазмедиа» жеңіс тұғырында
Тараз қаласы күніне орай «Жастар» стадионында шағын футболдан БАҚ өкілдері арасында республикалық «TARAZ GUR-22» турнирі өтті. Турнирдің ашылу салтанатында Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков спортты дамыту бағытында жасалып жатқан бүгінгі қадамдар жайлы айта келіп, аламанға сәттілік тіледі. «Күнделікті хабар таратып, халықтың мәселесін көтеріп, жақсылыққа жаршы болып жүрген журналистердің доп ойнауда да ынта танытуы қуантады», деді қала басшысы. Оннан аса команда қатысқан турнирдің шешуші ойынында «ҚазМедиа» құрама командасы Атырау облысынан келген «Атырау-ақпарат» командасын ұтып, чемпион атанды. Үшінші жүлде үшін таласта Алматы қаласының құрамасы Қызылорданың «Ақ мешіт» командасынан басым түсті. Сондай-ақ «Үздік қақпашы» аталымын «Атырау-ақпарат» командасының ойыншысы Нұрислам Ғұмар, «Үздік ойыншы» аталымын «ҚазМедиа» құрамасының үздігі Құмарбек Азат, «Үздік қорғаушы» аталымын «Экспресс» командасынан Дәурен Берікқажыұлы, «Үздік шабуылшы» аталымын Әділбек Жақанов, «Үздік сұрмерген» аталымын Алматы құрамасынан Нарын Қалиев иеленді. Үздік ойыншылардың бәріне қаржылай сыйлық берілді. Турнир жеңімпазы «ҚазМедиа» құрамасын Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков марапаттады. Сондай-ақ жүлдегер командалар даңқты футболшы «Тараз» командасының бас бапкері Нүркен Мәзбаев, футбол жанашыры Әзімбек Тілешовтің қолынан диплом мен сыйлықтарға ие болды.  

Есет ДОСАЛЫ

 

Ұқсас жаңалықтар