Алаштың ардақты абызы

Алаштың ардақты абызы
ашық дереккөз
Алаштың ардақты абызы
Қазақстанның Халық жазушысы, қоғам қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, драматург, публицист Шерхан Мұртаза Алатау мен Қаратауды қос қанатындай сезінетін Жуалы ауданы, Мыңбұлақ топырағында (қазіргі Талапты ауылы), Құлый бастауында 1932 жылы 28 қыркүйекте дүниеге келді.  Әкесі Мұртаза 1937 жылы сталиндік Репрессияның құрбаны болған. Әкесінен небәрі бес жаста айырылған Шерхан 1941жылы 9 жасында Талапты мектебіне бірінші сыныпқа барғанда-ақ оқумен бірге еңбекке де араласты. Әлі буыны бекімеген бала Шерхан соғыстың қияметін бастан кешті. Жамбыл қаласындағы Жамбыл атындағы мектеп-интернатын бітірген соң, әуелі Мәскеудің полиграфия институтында, үшінші курстан бастап Мәскеудің мемлекеттік М.Ломоносов атындағы университетінде оқып, 1955 жылы журналистика факультетін бітіріп шығады. Туған жері Қазақстанға оралған жас маман 23 жасында еңбек жолын алдымен «Жазушы» баспасында редактор болып бастап, бір жылдан кейін «Лениншіл жас» газетіне қызметке ауысады. Әдеби қызметкер, тілші, кейіннен 1963- 1970 жылдары осы газеттің бас редакторы қызметіне кіріседі. Бұдан кейін «Жалын» және «Жұлдыз» журналдарының бас редакторы қызметін атқарады. Қазақстан Жазушылар одағының екінші хатшысы, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің бас редакторы болды. Қазақ теледидары және радиосы корпорациясын басқарды. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің екі мәрте шақырылымының депутаты болып сайланды. Шер-ағаң қандай қызмет атқарса да, қай тақырыпта ой қозғаса да халықтың рухани болмысын биіктетуге күш салды. «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ», деп қашанда халықтың мүддесі жолында биік мінберден жасындай жарқылдап ой айтты. Жаратқан Иеміз Шер-ағаға үлкен талант, атақ пен даңқ, қайраткерлік, турашыл мінез берді. Алаштың абызы Әбіш Кекілбаев айтқандай, «Шер-ағаң – мінезді адам, мінезді жазушы» болды. Ғұмырлы еңбек жолы оның атын аңызға айналдырды. «Шерхан Мұртаза!.. Айдынды да айбарлы есім!..» Мұны айтқан – Қалтай Мұхамеджанов. Ер тұлғалы, ірі мінезді, айбарлы Шер-ағаңның шекпені де осал болмаса керек. Қазақ тілінің лексиконында «Шер-ағаның шекпені» деген тіркес бар. Тұлпарды тай кезінен танитын «Лениншіл жас» газетінің бас редакторы Шерхан Мұртаза Өр Алтайдан Оралхан Бөкеевті, Атыраудан Фариза Оңғарсынованы, Арқадан Ақселеу Сейдімбекті, Оңтүстіктен Мұхтар Шахановты меншікті тілші қызметіне қабылдады. Қазақ елінің көптеген жас таланттарының бәрі Шер-ағаңның шапағатына бөленді. «Жақсыдан шарапат» демекші, Шерхан Мұртазаның Қазақ теледидары және Радио корпорациясын басқарып тұрған тұста қызметкерлеріне 64 пәтер әперуі де үлкен ерлік. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, белгілі жазушы Шерхан Мұртазаның қырық жылға жуық шығармашылық  ізденісінің нәтижесінде дүниеге «Қызыл жебе» роман-эпопеясы келді. Аса көрнекті Мемлекет және қоғам қайраткері, қазақ халқының ұлы перзенті, бүкіл өмірі шайқаспен өткен Тұрар Рысқұловтың өмірі мен тұлғасын сөзбен сомдады. Осы еңбегінің арқасында Шер-ағаң, Тұрар ағасының алдындағы азаматтық борышы мен перзенттік парызын өтеді деуге болады.  

Мекемтас МЫРЗАХМЕТҰЛЫ,

профессор,

ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.

Ұқсас жаңалықтар