Битумды экспорттауға рұқсат, ал сырттан әкелуге не кедергі?

Битумды экспорттауға рұқсат, ал сырттан әкелуге не кедергі?
ашық дереккөз
Битумды экспорттауға рұқсат, ал сырттан әкелуге не кедергі?
Жуырда қостанайлық мердігерлер битум жеткізу мәселесін шешуге ықпал етуін сұрап, ел Президентіне бейнеүндеу жолдаған болатын. Онда олар битумның болмауына байланысты барлық жол жөндеу жұмыстарының тоқтағанын, сол себепті аталған жұмыстар ағымдағы жылы аяқталмауы мүмкін екенін жеткізді. «АБЗ+» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Николай Лобанов өз сөзінде бес жүзден астам отбасы жалақысыз, ал ел жолсыз қалуы мүмкін екенін айтып, Мемлекет басшысынан бұл жағдайға назар аударуын өтінді. Оның айтуынша, жүздеген көлік қатынайтын Екатеринбург-Алматы тас жолындағы бүгінгі жағдай елдің беделіне нұқсан келтіруде. Өкініштісі, бұл мәселе біздің өңірде де оңтайлы шешімін таппай отыр. Мәселен, жамбылдық мердігерлердің жұмысты жандандыруына 20 мың тонна битум қажет. Ал қордағы битум бар болғаны 2,3 тоннаны ғана құрайды. Жалпы, елімізде битум өндіретін 3 зауыт бар. Соған қарамастан, 200 мың тонна битум жетіспейді. Себебі Түркістан мен Павлодар облыстарында және Ақтау қаласында орналасқан үш зауыттың өндіретін өнімі 1 миллион тоннаны ғана құрайды. Ал құрылыс қарқынды жүрген кезде оның бағасы үш есеге қымбаттап, жасанды тапшылық орын алады. Осылайша, бір тоннасы 90 мыңнан 250 мың теңгеге дейін саудаланады. Бұл өз кезегінде жылдық жоспарды орындауға күш салатын мердігерлердің қалтасына салмақ түсіруде. Сарысу ауданына қарасты Саудакент, Жайылма ауылдарында жол жөндеу жұмыстарын жүргізген «Югдорстрой» мердігер компаниясының өкілі Елдос Жұмаханның айтуынша, көршілес Түркістан облысындағы бұрынғы «Газпромбит» зауытының атауы «Қазақбитум» болып өзгергелі мәселе тіпті көбейе түскен. Себебі бүгінде битумды экспорттауға рұқсат берілгенімен, сырттан алып келуге тыйым салынған. – Жаңатас-Түркістан бағытындағы 8,5 шақырым жолды жөндеп, тапсырдық. Ол кезде де битум тапшылығын бастан өткердік. Әйтеуір, бастаған істі соңына дейін жеткіздік. Қазір Леңгір қаласында битум өндіретін «Қазақбитум» зауыты бар. Бұл өндіріс ошағының бұрынғы атауы «Газпромбит». Сол тұста мұнда битум тапшылығы болмайтын. Тіпті мұндай келеңсіздіктер орын алған күннің өзінде мәселе 2-3 күнде-ақ шешімін табатын. Ал қазір Ресейден битум алуға рұқсат етілмейді. Бірақ бізде өндірілген битум Қырғызстан еліне тасымалданады. Қазіргі таңда шикізатты Ақтау қаласындағы «Каспий битум» зауытынан алып отырмыз. Алайда мұнда да ұзын-сонар кезек. Оның үстіне, ол жақтағы битум пойыз вагондарында сақталған. Сондықтан оны сақтау қоймалары бар ірі-ірі мердігерлердің ғана алуына мүмкіндік бар. Ал мұндай мүмкіндігі жоқ кәсіпкерлердің күтуіне тура келеді. Жыл басында битумның әр тоннасы 125 мың теңге болса, бүгінде 185 мың теңгеден сатылуда. Бұған жол шығынын, жұмысшылардың жалақысын қосыңыз. Сонда 200 мың теңгеден де асып түседі. Осындай кедергілердің кесірінен шығынға да белшемізден баттық. Жығылғанға жұдырық дегендей, дәл қазір дизель отыны да тапшы болып тұр. 2 күннен бері дизель отынын таппай жұмысымыз тоқтап тұр, – дейді Елдос Нұржанұлы. Бүгінде битум бағасы шарықтаған соң, тиісінше, асфальттың да әр тоннасы қымбаттаған. Мердігерлер жыл басында 1 тонна асфальтты 17 мың теңгеден алса, дәл қазір 18-19 мың теңгеден алуға мәжбүр. Сала ардагері Асылбек Әмірұлы осындай баға тұрақсыздығы кәсіпкерлердің жұмысты шала-жансар істей салуына әрі жол саласынан кетуіне себепкер болып отырғанын тілге тиек етті. Оның айтуынша, жол саласы бойынша негізгі бағыттарды есептей отырып, көпсалалы министрліктен бөлек, осы салаға ғана жауапты жеке дара министрліктің құрылуы көп мәселенің түйінін тарқатады. – Дәл қазір жол саласында жүрген барлық мердігерлер битум тапшылығын сезінуде. Басты себеп – біздің өнім көршілес елдерге тасымалдануда. Мәселен, «Қазақбитум» зауытынан ала шапанды өзбек ағайындар битумның әр тоннасын 300 мың теңгеден алып жатқан көрінеді. Әрине, зауыт басшылығы өз пайдасын ойлайтыны анық. Оның үстіне, асфальттың да бағасы шарықтап тұр. Мұндай баға тұрақсыздығы көптеген  кәсіпкерлердің жұмысына тұсау салып отыр. Жергілікті мердігерлер битум таппай әлек. Тапқан күннің өзінде оның бағасы жобалық- сметалық құжатта көрсетілген бағадан 2-3 есе қымбат. Ал жол салу мерзімі өте қысқа, мамыр-тамыз аралығы. Одан кейін күн суытады, жиі жаңбыр жауады, қар түседі. Әрине, қаражаты жеткілікті компаниялардың зауыттармен тікелей келіссөз жүргізіп, битумды тиімді бағаға алуға мүмкіндігі бар. Бірақ жол бойында жұмыс істейтін мердігерлердің бәрі бірдей а лпауыт еме с қой. Мұндағы мердігерлердің битумды көп көлемде алып, сақтап қоятын қоймасы жоқ. Осылайша «мезгілінен қолын кеш сермеген» мердігерлер жұмысты тапсыру үшін әбігерге түседі. Шындығында, жол салушы құрылыс компаниялары өздеріне қатысы жоқ баға тұрақсыздығының салдарынан сынға ұшырап жатыр. 1978 жылдан бері осы салада еңбек етіп келемін. КСРО кезінде Қазақ КСР Автомобиль жолдары министрлігі бар еді. Аталған министрлік түрлі есептеулер жүргізіп, үкіметтік органдар алдында қаржылық және материалдық қажеттіліктерді дәлелдеп беретін. Қазіргі таңда битум мәселесіне Энергетика министрлігі, жолға көпсалалы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жауапты. Соңғысында жолдан бөлек маңызды салалар бар. Осыған орай, жол салу, бақылау, күтіп ұстау, қажетті бөлінетін қаржылардың есеп қисабын жүргізу үшін арнайы министрлік немесе агенттік құрылғаны жөн. Бұл Кеңес Үкіметін аңсау емес, мәселені шешудің бірден-бір жолы, – дейді Асылбек Әмірұлы. Облыс әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бақытжан Жәнібековтің айтуынша, биыл 605 шақырым жол салынуы қажет. Бұдан бөлек, 9,4 шақырым жол қайта жөндеуден өткізілуі тиіс. Басқарма басшысы битум мәселесі бойынша жауапты минист рлікке қарасты комитетке хат жолданғанын жеткізді. – Біздегі жол жұмыстарын аяқтау үшін 12 тоннадай битум керек. Мердігерлерге қажетті битумды тауып беру мақсатында жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары комитетіне хат жолданды. Бүгінде облыс бойынша 13 битум сақтау қоймасы мен 22 завод бар. Жалпы аймақта 252 нысан іске асырылып жатса, онда ірілі-ұсақты 23 мердігер компания жұмыс істеуде, – деді Бақытжан Оразалыұлы.  Тілші түйіні: Білуімізше, Башқұртстан астанасы Уфа қаласынан жеткізілген битумның әр тоннасы біздегіден әлдеқайда арзанға түседі. Алайда біраз жыл бұрын бұл өнімді импорттауға тыйым салынды. Соның негізінде, елімізде жыл өткен сайын жол салу қиындай түсті. Қаражаты барлар битумның көп мөлшерін сатып алып, сұраныс пен баға өскен кезде қымбатқа сатуда. Әлбетте, сұраныс артқандықтан, бағаның да өсуі заңдылық. Ал осы баға тұрақсыздығына кім жауапты? Бұл мәселенің түйіні қашан тарқайды?    

Есен ӨТЕУЛІ

Ұқсас жаңалықтар