Көп көрсеткіш көңіл көншітпейді

Көп көрсеткіш көңіл көншітпейді
ашық дереккөз
Көп көрсеткіш көңіл көншітпейді
Елімізде бокс спорты жоғары деңгейде дамыған деуге болады. Оның ішінде Жамбыл боксының тарихында да мақтанатын тұстарымыз өте көп. Өңірімізде бокстан шыққан Олимпиада, Әлем чемпиондары баршылық. Дегенмен, ересектер арасында облыс боксының соңғы нәтижелері көңіл көншітпейді. Неге? Соңғы төрт Олимпиадада жамбылдық боксшылар жүлдеге де іліге алмады.  width= Бұл мәселенің көпшілікті де толғандыратыны анық.  18 ЖЫЛДАН БЕРІ НЕГЕ ӘУЛИЕАТАДАН ОЛИМПИАДА ЧЕМПИОНЫ ШЫҚПАДЫ? Жуырда облыс әкімі Нұржан Нұржігітов бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесу өткізген болатын. Әкімге өңірдегі бокстың жағдайы туралы мәселе сол жиында да қойылды. Жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Көс емәлі Сәттібайұлы «Біздің облыстың боксы соңғы жылдары неге құлдырады? 2004 жылдан кейін неге Олимпиада чемпионы шықпады? Кейінгі жылдары Әлем чемпионы неге жоқ? 2015 жылдан бері Азия чемпионы неге шықпай жүр? Ол үшін не істеуіміз керек?» деді. Өңір басшысы бұл ретте спорт мәселесіне, оның ішінде бокс спортына көңіл бөлетінін, алдағы уақытта назарында болатынын айтты. Шындығында да кезінде шыққан чемпиондар қазір қайда? Қазір спортқа, оның ішінде боксқа жасалып жатқан жағдай жаман емес. Серік Қонақбаев, Ермахан Ыбырайымов, Бақтияр Артаев, Болат Жұмаділов шыққан өңірден неге сол чемпиондардың ізбасарлары шықпай отыр. Екі жыл сайын өтетін Әлем чемпионатында да нәтижеміз шамалы. Соңғы он жыл ішінде 6 рет Әлем чемпионаты өтсе, Ғани Жайлауовтың қола, Әбілхан Аманқұлдың күміс медалі ғана көңілге медеу. Ірі-ірі төрт чемпионаттарда құралақан қайтқан екенбіз. ЖАС БОКСШЫЛАРДЫҢ ЖЕТІСТІГІ КӨҢІЛ ҚУАНТАДЫ Соңғы жылдары Жамбыл өңірінен Олимпиада чемпионы шықпады десек те жастар арасында кейінгі жылдары қол жеткізген нәтижеміз өте жоғары. Кезінде Олжас Сәттібаевтің кадеттер арасында Әлем чемпионы, жастар арасында әлемнің күміс жүлдегері атанғаны белгілі. Қазір де алдыңғы толқын майталман боксшылардың ізін жалғаған жастар аз емес. Атап айтқанда, Бейбарыс Жексен – жастар арасында Азия чемпионы. А л Ернұр Сүйінбай жастар арасында Азия чемпионы, жастар арасында әлемнің күміс жүлдегері болса, Диас Молжігітов жастар арасындағы Әлем чемпионатының қола жүлдегері атанған. Осы үш жас боксшымыз да ересектер арасында Қазақстан ұлттық құрамасының мүшелері. Бокстың болашағы жоқ емес, бар. Міне, желкілдеп өсіп келе жатқан жасқұрақтай үздік боксшыларымыз үмітімізді оятады. Осы жігіттердің Әлем, Олимпиада шыңын бағындырғанын қалаймыз. Ол үшін боксқа жағдай жасалуы керек. Мысалы, қазір 18 жастан асқан ересек боксшыларға айлық төленбейді. Бұрындары ересектерге айлық та төленген, сыйақы да берілген. Сондықтан ересектерге жасалған жағдай жастарға стимул болған. Ал қазір қалай? БОКС МАМАНДАРЫ НЕ ДЕЙДІ? Біз мақаланы әзірлеу барысында бүгінгі облыс боксына жауапты бірнеше кісілерден пікір алдық, сөзге тарттық. Бәрі де спорт саласы туралы білгендерімен бөлісті. Бірақ боксқа жасалып отырған жағдай мәз емес секілді. Бекзат СЫПАБЕКОВ, ересектер арасында облыс құрамасының бас бапкері: – Сіздің хабарласып, бокстың жағдайын сұрап жатқаныңызға рақмет. Қазір «халің қалай» деп сұрайтын адам жоқ. «Бокс» кәсіпқой клубымыз бар, бокс мектебіміз де бар. Бірақ, олардың жағдайы мәз емес. Бір кезде біз облыс чемпионатын өткізіп, әр салмақта үздік шыққан үш боксшыны назарға алып, оларға жағдай жасайтынбыз. Қазақстан чемпионатына солардың арасынан ең мықтысын таңдап апаратын едік. Есесіне нәтижесі болатын. Ел чемпионатында екі алтын медальдан кем алмаушы едік. Тіпті, 2008 жылы төрт жігітіміз ел чемпионы атанғаны да белгілі. Ол кезде аға жаттықтырушы Нұрлан Ақүрпеков ағамыз болатын. Қазір ересектерге де көк тиын айлық төленбейді. Сондықтан боксқа ешкімнің қызығушылығы жоқ. Көзге түскенінің бәрі де шетелге кәсіпқой боксқа кетіп жатыр. Екі жақсы боксшымыз Англияға, екеуі Кореяға кетіп қалды. Оларға да өкпе жоқ. Қолдау болмаса қайтеді? Олардың да отбасы, ата-аналары бар. Спортта жүрген соң олар да балаларым табыс тапса дейді. Дулат Бекбауов деген жігітті Англияға кетіп қалған жерінен әрең алдырттық. Сол жігіт ел чемпионы болып абыройымызды көтерді. Қазір өз салмағында нөмірі бірінші боксшы. Жеке бапкері – Нұрлан Ақүрпеков. Онан соң Асланбек Шымбергеновтен жақсы үміт күтеміз. Жалпы, ұлттық құрамада жамбылдық 6 боксшы бар. Бұл жаман нәтиже емес. Бірақ, оларды қолдау төмен. Елішілік жарыста да жеңіп тұрған сәтте қиянат көреміз. Себебі, сөзімізді сөйлейтін ешкім жоқ. Жетім баланың күйін кешудеміз. Басшылық бізден нәтиже сұрайды. Нәтиже қайдан болады, барар жерге бара алмасаң, жаттығатын кезде толық жаттыға алмасаң. Қазір ұлттық құрамада жүрген үш боксшының жеке бапкерлеріне қаржы тауып бере алмай отырмыз. Бұл деген сұмдық емес пе? Бірінде Түркістан облысының боксшылары біздің боксшылармен бірге оқу-жаттығу жұмыстарын өткізуде. Таразда олар қонақ үйде жатыр. Күніне үш мезгіл құнарлы тамақ ішіп, екі мезгіл жаттығу жасауда. Олар тыңғылықты жақсы дайындалып жатыр. Ал бізде оның ширегі де жоқ. Дәрумен алатын, жігіттерді ынталандырып қоятын ақшамыз жоқ. Алда Шоқыр Бөлтекұлы атындағы халықаралық жарыс. Ол жерде ұтқандар Азия біріншілігіне жолдама алады. Жауапты жарыс, ал біздің дайындық мынау. Кетпегенде қайтеді, кетеді шетелге. Қазір облыстың бас бапкері болып жүрген менің айлығым 120 мың теңге. Ал бапкерлердікін айтпай-ақ қояйын. Бұл мәселені кезінде де көтергенмін. Нәтиже жоқ. Міне, біздің бокстың қазіргі жағдайы осындай. Мақсат ОСПАНОВ, жастар арасында облыстың бас жаттықтырушысы: – Соңғы үш жылдың нәтижесі бойынша облыс жастар құрамасы республикада бірінші орында тұрмыз. Мен бес жылдан бері жастар құрамасын жаттықтырып жүрмін. Биылдың өзінде жастар арасындағы Әлем чемпионатынан Сұлтанбек Айбарұлы, Ердос Шәріпбек деген боксшыларымыз күміс жүлде алып келді. Оған дейін Бейбарыс Жексен, Ернұр Сүйінбай, Диас Молжанов олжа салған болатын. Сондықтан облыс жастарының республикадағы нәтижесі өте жоғары. Алдағы уақытта бокс спортына жағдай жасалса дейміз. Жағдай болса, нәтиже шығады. Нұрлан АҚҮРПЕКОВ, бокстан ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы: – Осы облыста еңбек еттік. Өңірдің спортына, боксына жанымыз ашиды. Бес Олимпиадаға қатарынан боксшы баптап апардым. Қазір де бокс спортына тер төгіп жүрмін. Бірақ, шыны керек, облыс боксындағы жағдай мәз емес. Төл шәкіртім Әбілхан Аманқұл кәсіпқой боксқа ауысып, шетелге кетті. Басқа жігіттер де кетіп жатыр. Себебі, мұнда қызықтыратын ештеңе жоқ. Мен қазір облыс бапкері қатарындамын. Жалақы туралы айтпай-ақ қояйын. «Нұреке, тәжірибеңіз бар. Облыс боксы қалай дамиды, не істейміз?» деп ақылдасып жатқан бір адам жоқ. Өз жеріңде қадірің болмағанына өкінеді екенсің. Ал спортта, бокста қаржысыз болмайды. Кезінде Данияр Бүрлібаев облыс бокс федерациясын жақсы басқарды. Сол кісінің кезінде ересектерде жүрген барлық боксшыға сыйақы, пәтер бергіздік. Жастар мен жасөспірімдердің өзін айлыққа отырғыздық. Олар да айлық алды. Стимул деген сол емес пе? Марат МӘЗІМБАЕВ, облыстық «Бокс» кәсіпқой клубының басшысы: – Жас боксшылар өсіп келеді. Асланбек Шымбергенов Қазақстан құрамасының капитаны. Ол да біздің облысқа үлкен абырой. Біз осы Асланбектен Олимпиадада үлкен үміт күтеміз. Тағы бір-екі жігітіміз Олимпиадаға барып қалады деген ойдамыз. Осы абырой жолында тер төгудеміз. Жас боксшыларымыз Әлемде, Азия біріншілігінде олжа салып жүр. Біздің облыста «Бокс» клубы да бар, бокс мектебі де бар. Мұндай жағдай барлық облыста бар деп айта алмаймын. Сондықтан алдағы уақытта да жақсы нәтиже болады деп сенемін. ТҮЙІН: Міне, облыс боксындағы жағдай осындай. Әрине, бокс мамандары пікірлерін айтты. Облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің өзі бұл мәселеге араласып, тиісті тапсырма бермесе болмайтын түрі бар. Себебі, алда Азия чемпионаты. Одан әрі қарай Әлем чемпионаты, Олимпиада тағы бар. Ал біздің бокстың бүгінгі жағдайы әзірге осы...  

Есет ДОСАЛЫ

 

Ұқсас жаңалықтар