Ойландыратын жайт

Ойландыратын жайт
ашық дереккөз
Ойландыратын жайт
Журналист Есет Досалының аймақтың бас басылымы «Aq jol» газетінде жарық көрген «Кісінің қаза болғаны да той ма?» атты ой-толғауы қолға қалам алғызды. Мақалада көтерілген мәселе ешкімді, әсіресе мұсылман қауымын да бейжай қалдыра қоймас. Олай дейтініміз, біздің қазақта ысырапшылдық күннен-күнге өршіп барады. Расында, қазіргі кезде біздің өңірімізде той мен жаназа дастарқаны (7 күндік, 40 күндік, жылдық астары) бірдей жасалынатын болды. Дастарқан бетінде ине шаншар орын болмай, кейде кесе қоятын жер таппай қаласың. Сол аста-төк дастарқан бетіндегі ас-ауқат толық желінбей, аяғы ысырап болып жатқаны. Өткенде бір тойдың аяқталар тұсында асаба шығып бара жатқан кемпірге: «Апа, келгенде бір сөмкемен келіп, енді екі сөмкемен қайтып барасыз, не әкетіп бара жатырсыз?» дегенде, кейуана іркілместен: «Өй, қараңқалғыр, пленге түскен немістерді әкетіп бара жатырмын да» деп тойда отырғандарды әзіл-шыны аралас бір күлдірген еді. Сол айтқандай, тойдың да, құдайы тамақтың аяғында да әйелдер стол бетіндегі тағамды жаппай сөмкелеріне салып, дастарқан бетін жылан жалағандай тып-типыл ететінді шығарды. Сөйтіп, қасықтап жиналған дүние шөміштеп төгіліп жатқаны. Осыдан біршама уақыт бұрын бір ағайын қайтыс болып, Түркістан облысы, Қазығұрт ауданының Шарапхана ауылына баруға тура келді. Бұл өңірде осы мақалада айтылған рәсімдер ерте кезден қолға алына бастапты. Марқұмды жерлеп келгеннен кейін біз тәрізді алыстан келген кісілер үшін көршінің үйінде дастарқан жайылыпты. Ас мәзірінде шелпек, тандыр нан, бауырсақ, қант ғана болды. Әр адамға шағын тостағанмен палау тартылды. Сондай-ақ қаралы болған үйде үш күнге дейін қазан көтерілмейді екен. Тағы бір айтарлығы, зират басындағы бейітте біздердегідей кесене тәрізді зәулім жайлар, тіптен қарапайым қоршаулар да көрінбейді. Оның орнына марқұмның туған-қайтқан жылдары жазылған шағындау мрамор плита ғана орнатылған. Қазіргі кезде дүниесі бар болсын, жоқ болсын дүркіретіп той жасау, құдайы тамақ беру дәстүрге айналып барады. Байлардың мұртын балта шаба қоймас. Бірақ үйінде «тышқақ лағы да жоқ» сіңірі шыққан кедей де жалған намыспен тыраштанып банктен несие алып, бала-шағасының несібесін бостан-босқа шашып жатқаны. Ондайды да көріп жүрміз. Міне, енді, «Ештен кеш жақсы» дегендей, тек басылым беттерінде жарияланып қана қоймай, онда айтылған ұсыныс-пікірлерді, көңілге қонымды көкейкесті мәселелерді көп болып, әсіресе имамдар мен ардагерлер, ақсақалдар тарапынан қозғау салу арқылы іске асыратын кез келді.  

Алдаберді МАҚАШЕВ,

Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі.

Ұқсас жаңалықтар