Әкімі ақынын іздемесе...

Әкімі ақынын іздемесе...
ашық дереккөз
Әкімі ақынын іздемесе...
Айтыс деп аталатын ғажайып құндылықтың қазақ үшін тарихы терең. Арда өнерді ардақ тұтқан қалың көпшілік айтыскерлерін де алақанда аялап жүргелі қашан. Сондай жоғары құрмет көруі тиіс айтыскердің бірі – Айтмұханбет Исақов. Өңір айтысының дамуына үлес қосқан атақты айтыскерлер Мұхамеджан Тазабеков пен Ахметжан Өзбеков те – Айтмұханбет ағаның шәкірттері. Себебі, ол – нағыз айтыскер, ғажайып ұстаз болды. Айтмұханбеттің «Бір ақынның сау болса тіл мен жағы, мың адамның айтылар мұң мен зары», деуі бекер болмаса керек. Осы екі жол өлеңді еліміздің кешегісі бар, бүгінгі жас буыны бар, бүкіл айтыскерлері айтып жүр. Айтмұханбетті жақсы тани қоймайтындар да әлгі шумақты жатқа біледі. Өлеңнің қасиеті деген осы болса керек. Әулиеата өңірінде қуатты үш ақындық мектеп болды. Олар Талас ауданында Шорабек Айдаров, Жамбыл ауданында Серік Қалиев пен Айтмұханбет Исақов мектептері. Айтмұханбет жайлы, оның еңбектері туралы айта берсек, әріге кететініміз анық. Тіпті, Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармониясының әншілері, Мәдениет саласының үздіктері Маралбек Бабақұлов пен Ғани Мәтебаев та осы кісінің шекпенінен шыққан. Жақында Айтекеңді Алматыдан осыдан отыз жыл бұрын тәрбиесін көрген шәкірті Ақбота Ержанова іздеп келді. Осы жағдайға бір таңғалдық. Онан соң Ақботаның да тұрмыс құрып, бала тәрбиесімен жүрсе де, өнерді жоғалтпай, бабын сақтағанына тағы да таңданғанымыз рас. Айтмұханбеттің кезінде азуы алты қарыс Қонысбай Әбіловті ұтып кеткенін, Бекарыс Шойбеков, Мұхамеджан Тазабеков, Айнұр Тұрсынбаевамен деңгейі биік айтыс жасағанын көпшілік тегіс біле бермеді. Оны қайталап айтып, айтыссүйер қауымның есіне салып жүргеніміздің ешқандай артықтығы жоқ. Ғажайып айтыскерлігінен басқа А.Исақовтың әншілігі, композиторлығы бір бөлек. Айтекеңнің жүрегінен туған «Ащыбұлақ ауылым», «Ақбаяным», «Сенің бейнең», «Өмір сыры», «Ән мен гүл», «Аса – асыл әнім», «Құрбым-ай» атты ғажайып әндер тыңдарманды керемет әсерге бөлеп келеді. Біздің өңір ғана емес, еліміздің әр түкпірінен Айтекеңді арнайы іздеп келетіндер аз емес. Айтмұханбеттің айтысын тыңдап рухтанып, әндерін естіп тебіренетіндерді қазақ даласының әр аймағынан кездестіруге болады. Шәкірт тәрбиелеуде Айтекеңнің мектебінің үздік екенін де мойындауға тиіспіз. Соңғы жылдардың өзінде Шапағат Сәбитқызы, Бағнұр Нұғман, Мехреддин Өтепбаев, Елібек Нұрмағанбетов секілді бірнеше жас ақындардытәрбиелегенін көрдік. Өнердің жолында кез келген қиындыққа төтеп беруге дайын. Нәтижесінде жас шәкірттері облыстық, республикалық жас ақындар айтысына үлестерін қосып келеді. Олардың әр жүлдесі Жамбыл ауданы үшін зор абырой. Айтыс пен ән өнерінде өзіндік қолтаңбасы бар, Айтмұханбеттің бағасын біз қалай беріп жүрміз? Өткен жылы болуы керек, «Мәдениет саласының үздігі» атағын әрең алды. Тіпті, өзі тәрбиелеген шәкірттерінен кейін ғана қол жеткізді. Ұлы жырау атындағы ауданды әнімен де, өлеңімен де жырлап жүрген А.Исақовқа «Жамбыл ауданының Құрметті азаматы» атағын әлі қимай келеміз. Бұйырса, алпыс жастың асқарына шыққалы отырған Айтмұханбет Исақовтың өнерде жүргеніне отыз бес жыл. Осы жолда қаншама қиындық, тосқауылдарды көрді. Бірақ өнерді тастамады, айтыс өнеріне деген адалдығынан танбады. Бір тиын көмек алмай айтысқа бала дайындап жүрген кезі болды. Мұның өзін ерлік десе де болатын шығар. Міне, осындай сегіз қырлы, бір сырлы Айтмұханбетке өзіміз не қолдау көрсетіп жатырмыз? Міне, осы сұраққа жауап беруіміз қиындап тұр. Себебі өзімен өзі, біртоға жүретін Айтмұханбет ақынның осы күнге дейін кең көлемде ешқандай шығармашылық кеші өтпепті. Кешті айтасыз, Айтмұханбет ұзақ жыл жұмыссыз да жүрді ғой. Сол кезде жазушы – журналист Оралхан Дәуіт пен айтыс ақыны Ахметжан Өзбеков сол кездегі аудан әкімі Мәден Мұсаевқа айтып жатып, өз ауылына клуб меңгерушісі қызметіне алдырды. Әйгілі айтыс ақыны Есенқұл Жақыпбековтың «Ақындар киген шапанның, бір жеңі қысқа әйтеуір» дейтіні бар еді. Ақындар ескерілмейді, назардан тыс қала береді дегені ғой. Енді осы Айтмұханбет Исақовтың облыс көлемінде дүбірлі тойы өтуі тиіс. Оның барлығына Жамбыл ауданының бұрынғы әкімі Сәкен Арубаев уәде берген екен. Былтыр бір айтысты дүркіретіп өткізіп берген де Арубаев. Жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың атымен аталатын өңірімізде Жамбыл атындағы аудан бар. Өнер мен мәдениеттің, айтыстың салмағы ол ауданда басқалармен салыстырғанда жоғары болуы керек. Өйткені ол Жамбыл Жабаев ақынның есімімен аталатын киелі де қастерлі аудан. Бірақ Жамбыл ауданының әкімі Ерлан Қыдыралыұлы қызметіне кіріскелі айтыскерлерді бір қабылдап, көңіл бөлмепті. Жамбыл ауданында Айтекеңнен бөлек, Нұрлыбек Құрманов, Елібек Нұрмағанбетов, Шапағат Сәбитқызы, Мұхтар Қонарбаев, Алина Айдаралы атты айтыскерлер бар. Тіпті, облыстағы маңдайалды айтыскерлерді бірге шақырып, қабылдаса да болады ғой. Кейде өнер мен мәдениет бұл кісіге өгей ме деген ойға қаласың. Басқа-басқа Жамбыл ақын атындағы ауданның басшысы өнерді, оның ішінде айтыс өнерін терең түсінетін, жан-жақты, болуы керек еді. Бірақ әзірге олай болмай тұр. Сөздің нақтысын айтқанда, Айтмұханбет және оның шәкірттері біраздан бері ақылдасып, Айтмұханбет Исақовтың өнерде жүргеніне отыз бес жылдығына орай үлкен шығармашылық кешін өткізуді, оның аясында облыстық ақындар айтысын ұйымдастыруды көздейді. Осы мәселені ақылдаспақ болып айтыс ақындары мен термешілерінің халықаралық одағы облыстық филиалының төрағасы, Ахметжан Өзбеков хабарласқан екен. Ерлан Қыдыралыұлы «Күзде бір келерсің» депті де қойыпты. Бүгінде Президенттен бастап, халыққа жақын болу керектігін айтып жатыр. Аудан әкімі аудандағы айтулы ақынды танымаса, құрметтемесе, қарапайым халықты қалай құрметтейді? Қазақстанға есімі белгілі аяулы азаматтар аудан әкіміне кіре алмай жүргенде, жай тұрғындар мәселесін қалай шешеді? Ақындарды қабылдауға уақыты болмаған аудан әкімі неге руханиятқа қырын қарап жүр екен деген ой туады. Жамбыл ауданын осы кезге дейін біраз әкімдер басқарып еді. Нұржан Календеров, Мәден Мұсаев, Бақыт Қазанбасов, Сәкен Арубаевтың кезінде қатардағы айтыскерлер де аудан басшыларынан құрмет көріп жататын. Бүгінде Сәкен Арубаев алыстағы Шуда жүрсе де, айтыскер ақын Нұрлыбек Құрманов ұйымдастырған кіші футболға өз айлығынан демеуші болып, Байзақтағы Бақыт Қазанбасов та үнемі айтыскерлер десе құрақ ұшып тұрады. Тіпті облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің де өңір айтыскерлеріне деген, өнерге деген құрметі жоғары. Жақында ғана бірқатар өнерпаздармен бірге жас айтыскерлерді де қабылдап, талап- тілегін тыңдады. Облыс басшысының өзі осылай кісілік танытып жатқанда, ақындарға қырын қарайтын Ерлан Қыдыралыұлының әрекетін түсіне алмадық. Мәдениет саласының үздігі, белгілі айтыс ақыны Айтмұханбеттің шығармашылық кешін өткізу керек-ақ. Айтмұханбеттің еңбегі оған татиды деп ойлаймыз. Айтекеңнің шәкірттерімен бірге бірқатар аудандарды аралап шықсам деген ойы да бар. Қысқасы, Айтмұханбет Исақовтың шығармашылығын кеңінен насихаттауға қолдау керек. Осы уақытқа дейін айтыс өнеріне, еліне, жеріне еңбек сіңірген Айтмұханбет ақынның үлкен кеш өткізуге, ауданнан қолдау көруге толық құқығы бар. Осы орайда аудан әкіммен қатар, облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбайдан қолдау керек. Айтпақшы, Ерлан Жүнісбай да кезінде Айтмұханбет Исақовтың тәлімін алған азамат. Басшылар болашақта біздің бұл тілегімізді ескерер деген ойдамыз.  

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар