Осы жаққа келейін деп келгем жоқ, және-дағы кетейін деп кетпеймін!...

Осы жаққа келейін деп келгем жоқ, және-дағы кетейін деп кетпеймін!...
ашық дереккөз
Осы жаққа келейін деп келгем жоқ, және-дағы кетейін деп кетпеймін!...
«Өлең деген тумайды жайшылықта, өлең деген тулайды қайшылықта» деп Мұқағали ақын айтқандай, поэзия жан дүниенің арпалысынан, сезімдердің бұлқынысынан, тауқыметтің сояуы, тағдырдың бояуынан туындайтын аяулы құбылыс, ардақты құдірет. Ақын, Жуалы ауданының Құрметті азаматы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Ілияс Ахметовтің жұмыр жырларында осындай риясыз рең, рухани леп, алабөтен алау бар. Кезінде Мұхтар Шаханов, Шөмішбай Сариев, Жақсылық Сәтібеков секілді қазақ поэзиясы марғасқаларының батасын алған «Желмая», «Жансая» және өзге де жыр жинақтары авторының өлеңдерінен өртті де, қалың ойларды қатпарлап жинаған жанартаудай екпінді де байқау қиын емес. Осы ретте газетіміздің тұрақты оқырманы, өмірде әділдікті, өлеңде адалдықты пір тұтатын қаламгер, азулы ақын Ілияс Дәуренұлының төрттаған жырларын өлеңсүйер оқырманмен бөлісуді жөн көрдік. Өмір бастан бара жатыр күнде өтіп, Мына бізге созғансумен қол ұшын. Өлмеген соң тірі жүру міндетім, Адамдығым – айқыны анық борышым. *** Жер үстіне жүрміз жаппай үйіліп, Былайынша ішіндеміз базардың... Өткен жолы бір ініме түйіліп, Осы жолы бір ағама сазардым. *** Көрінгенді қалай, қайтіп тілдеймін, Жаңсақ бассам болғаны да өзімнен. Өңге түгел өзімді онша білмеймін, Қараңдаршы – көрініп тұр көзімнен. *** Сұрғылт түстен сұр тұманның көйлегі, Бізден бөлек басшылардың сөйлемі. Әр нәрсеге бас қатырып жүргенде, Бір күндері өлтіреді ой мені, Бір жылдары тірілткенмен ой мені!.. *** Көкті сойды найзағай тіліп тұрып, Қарардаймыз шошына былай оған. Ашынғандар – Құдайын ұмытты құп, Тасынғанның біразы Құдай – адам. *** Өкпе артуды қойғандаймын жиі елге, Өз орнынан ата бермек сірә таң. Таппай далмын кісіңді де сүйерге, Таптырмастан арқа сүйер бір адам. *** Көне алмаппын әркімдердің «шартына», Шіркіндерден талай көңіл қалды да. Жоқты көрдім бұрылғанда артыма, Көпті көрдім үңілгенде алдыма. *** Әркімге де мүшел деген жас қауіп, Барша сезім әрбір сөздің бастауы, ұқ. Өз-өзіме үлгергенше дос болып, Айналамнан алайыншы дос тауып. *** Өлең жазу жасымнан ұлы ермегім, Шіренгенге ұқсай ма шіренгенім. Апанына тірліктің кіріп біттім, Жан бар ма қолтығыма кірер менің. *** Не жетпек сыйлы сөзге иланғанға, Ақындығым бұрыннан құп ермегім. Кімдерге батар дейсің қиналғанда – Өзімді тастап-тастап жібергенім. *** Бір басыңа қайтпекпін кінә тағып, Қайбірін дін-асылдың ұнаталық. Сенің орның – байқаймын жұмақ жақта, Менің орным, ұрыспашы, мына тамұқ. *** (Бар ниетім зәуімен тым аққала, Түсінбейді жайымды кім-ақ қана...) Кісәпірден, кәпірден емес едім, Мүмкін барып қалармын жұмаққа да. *** Қайбіріңе кісі боп көп елендім, Дәмсіздікті меңзердей мәні өлеңнің, Қалайда да нәпсіммен сәйкестендім, Үмітіме жалпаңдап дәмелі өңім. *** Шыдамаппын ауырдың қандайына, Өмір – майдан, шығарар күнде өтіне. Жазылған соң «мың сынақ» маңдайыма, Жансақтау да жатпақшы міндетіме. *** Көрінсем де намысымнан өлген боп, Тәуекелмен бірақ алға беттеймін. Осы жаққа келейін деп келгем жоқ, Және-дағы кетейін деп кетпеймін!.. *** Ырзалықпен қарадық па өмірге, Дін атаулы жан дүниеме дауа ма. Арқа сүйеп көріп едім тәңірге, Жайсыздандым сүйенгендей ауаға. *** Теріс қарап міңгірледі ол маған, Пасық неме шірігінен мүңкітті. Пенде еді ол жөргегінен болмаған, Мұндайлардан жақсылықты кім күтті? *** Қиыннан бұл кезеңнің адамдары, Бар болсын қыршаңқысы, қызталағы – Қолпаштауға келгенде сараң бәрі, Кемітуге келгенде ұста бәрі! *** Жалпақ жұртқа жасаппын қайыр қандай, Бәсекелес менімен шайыр қандай. Қолдан келіп тұрғанда өлең жаздым, Жақсы менен жаманды айырғандай. *** Қай ойымды қайтарып алғандаймын, Алдымды орап өмірден озып кеткен. Жоқ күнімді несіне армандаймын, Бір жылдары өмірден озып көптен. *** Өткен жолы өтті өмірден бір құдам, Қу тірлікке қолын сілтеп, түге – деп. Келген кезде кемеңгерлік тұрғыдан, Жұрттың дені рухани мүгедек. *** Жас ұлғая салқын тартты күлкім де, Мойындайық растан деп шынды бұл. Аяқ алып жүре алмайсың бұл күнде, Адамдардан екіжүзді, мыңқұбыл. *** Мезгілімен суықтады күз күні, Өтер күннің қыр соңынан көп ердім. Қалайда да тіршіліктің тізгіні, Қолында ғой табиғаттай шебердің. *** Сөзімді айттым баршаңызға қаратып, Қаламыма іліккеннен жыр тағы. Жаратылыс бәрін өзі жаратып, Ақырында бәрін ептеп құртады... *** Екпіндесем аласұрған күй кешіп, Өлең жазып басылғандай бар жыным – Түйсігімнің үйірімен үйлесіп, Қаламымның қарымына арзыдым. *** Үміттің де, күдіктің де орны бар, Сенімнің де, сезімнің де орны бар. Барлық ұғым басы барға жол сілтеп, Басы жоқты шатастырып қор қылар. *** Кімдеріңді тұтар екен жұрт үлгі, Күнәһарлар... мекен еткен күн астын. Әрбір адам мінезден ғой біртүрлі, Біртүрліден өлеңі де Ілиястың. *** Қашқақтасам зілі түрпі әзілден, Көңіл құлпын ой-кілтпен жай аштым. Қай жағыма дайындалдым қазірден, Құр толтырып жүре бермей ай астын. *** Қабағыма қарар ма екен көп – шулы, Қашқан құтты беретіндей кім құрап. Өміріме өкпелімін өксулі, Өлеңді де қайтпекшімін мың құрақ. *** Ұстай-ұстай зар біткеннің бір ұшын, Сезгендеймін шексіздіктің бұрышын. Бүйтіп сүйген өмірім де бар болсын, Тағдырым ше, одан әрі құрысын. *** Пиғылдары тұрмаса да күрт түлеп. Бір-бірінің артын ашып жұрт күлед(і), Жүре бермек бірін-бірі шұқылап, Жүре берсін бірін-бірі түрткілеп. *** Бұралқы иттің құйрығы бұлғақтайды, Тұрғандай мына менен ас дәметіп. Мен қатсам да, ит маған тіл қатпайды, Қартайған-ау бірталай жастан өтіп... *** Жұрт өзіне мейірімі түскен сайын, Түсіреді рахымын өзгеге кем. Сусын да күнделікті ішкен шайың, Тұр байлықты сондықтан көздеп әлем. *** Жүрміз ғой барлығымыз аман бүгін, Мен туралап келтірсем айтарымды. Бетке де айттым жаманның жамандығын, Болсын деп қай істің де қайтарымы. *** Тұр дүниенің мұрыны қусырылып, Байқап тұрмын түрі жоқ ешкімді аяр. Басталды, әне, өкпемнің шу-сырылы, Өмір деген тіріге бес күнгі аял... *** Көре-көре өзінің әбестігін, Көре-көре өзінің зұлымдығын. Ендігіәрі күнәға батпастаймыз... Сайтан өліп қалды деп мен естідім. *** Кей жазғаным дәлдірүштің шатпағы. Басбіреуі туындымнан ең мықты. Ширыққанда, ой шіркінім қаптады, Іштен емес, сырттан іздеп кеңдікті. *** Сиқыр сезім сөйлей берер көп тілде, Сезімталдық – түсінгенге сор қалың. Дін-ислам, қадіріңе жеттім бе – Жетпедім-ау деп Құдайдан қорқамын. *** Кейде бар ғой таңғалмасқа таң қалдым, Өлмейтіндей өліп-өшкен жандардың, Түкке алғысыз талабынан шошыдым, Жайын сізге айта салсам осының. *** Бой ұрғаным жақсы ма сопылыққа, Етегінен ұстайын енді ненің? Шаршаппын опырылып, опынып та Құшағына сыймастан кең дүниенің. *** Көресімді көрсетсе Құдай маған, Шыркөбелек орнымда шыр айналам. Тепкісіне өмірдің көнеді адам, Хақтың да әміріне шыдайды адам. *** Қазір маған сілтемесін жөн ешкім, Өміріме араласпасын жердегі. Мен Құдайдың ойыншығы емеспін, Сайтанның да бола алмадым ермегі. *** Бар сырымды, елім, саған ақтардым, Долбарымның айтып қойсам нақты алдын, Қарапайым халықтікі – жай өмір, Мына өмірің өмірі үстем таптардың. *** Ешкім сөзін айтпайды тақтан асып, Жүрсің сен де әркіммен бақталасып. Бөліп берер ешкімге дәнемең жоқ, Неменеңе көкисің, мақтанасың. *** Тірі кезде шығатұғын төр бөлек, Кеми түссек, кіретұғын көр бөлек. Сонша өліп-тіріліп ек, пайда жоқ – Бет алдыңа баратырмыз өрмелеп. *** Жерге тастап көрмеппін еш сөзімді, Айтар сөзім әрі тәтті, қатты да. Кейде өмірің өзге етеді өзіңді, Кейде жақын тұтқызады жатты да. *** Кісімсініп неменеңді қираттым, Әсте-әсте ұятына толады ар. Астында анау інім жатыр зираттың, Қоңсылары тату-тәтті молалар. *** Құдайдікі – мынау мұңлы ғұмыр, ұқ!.. Сайтандікі – санамдағы сыбыр, ұқ!.. Көтерем деп небір ойдың салмағын, Бір күндері кетер ме екем жын ұрып. *** Жас кезгідей тұру қайда шалқайып, Әрең алып жүрмін бе әзір өзімді-ей, Сыртқы түрім тұрғанменен қартайып, Көңілім менің 41-дегі кезімдей! *** Қай ісіме ырзалықтан күлемін, Ойсыздікі – гүл жайнаған бұл өмір. Өз орнына қашан түспек жан дүнием, Қашан дұрыс дүрсілдердей жүрегім. *** Сенбеу керек еш сөзге барып көрмей, Сөз құралмас біртіндеп әріп термей. Мен жоқ кезде менің бар өлеңімді, Жанғазы ұлым өлтіріп дәріптердей. *** Баратқандай бір жаққа заман да «өрлеп», Болымсыздар тартқандай бар азабын. Бар қызығын өмірдің арам көрмек, Уақыт жалап адалдың жара жанын. *** «А-на оңбағыр тұқымынан аярдың, Мынаусының нағашысы жәдігөй». Қайбіріне құшағымды жая алдым, Ішкі түйсік деуін маған деді ғой! *** Жатырмын сол баяғы үйде тұрып, Жас кезде адам біткен салқам-сері, Жас кезде адам біткен емін-еркін, Қартайса, күн өткізбек үйде отырып. *** Қай «жырымды» айтайын өзге саған, Пысық ұқпақ тұрмыстың түзік хәлін. Өзіме ыстық білгелі ес босағам, Төреңнің де төріне қызықпадым. *** Жарар еді жалғаннан жалықпасам, Қай сорымнан басымды алып қашам, Өз орнымды кей шақта білмей қалам, Шарпуымен шабыттың «шалықтасам». *** Көрінгенді жақсының сөкпейді іші, Кімнің хәлін қатырмақ өзі бейбақ. Басқаларды ойлауға жетпей күші, Әр пендең жүр бұл күнде өзін ойлап. *** Маған ол ше, көрсетті білген пейлін, Жармасқанда жағама қатты қайғым. Құп сағынып қазірде жүргендеймін, Бөрі тектес баласын Сәттібайдың. *** Өзім жүрмін көлемінде кеуілдің, Әрбір ісіме беріп жиі таза мән. Өлең маған сіңіскелі елу жыл, Мен де өлеңге айналғалы не заман! *** Ақылы ерте жатып, кеш тұратын, Қоғамың саналардай сірә қорға. Көп көптің жады-есіне ешбір хәкім, Жарытып жасай алмас реформа. *** Бойыңдағы жігерді өзің бекіт, Сонда ғана келердей жөнге өлермен. Игілікті көретін өзіңнен күт, Ағаттық күту оны өзгелерден. *** Түпкірлеп кім ойламас теңге жайын, Доллар – мықтың ақшадан ең қожайын. Ғаламды тырп еткізбей билеп тұр ол, Уақыт сайын қанатын кеңге жайып. *** Сен де сүрдің өмірді, мен де сүрдім, Бетін ашып тастасам демде сырдың. Сен деген өктемдіктің өкілісің, Мен бе, мен өлең жазсам кең көсілдім. *** Шамамның жеткенінше мен де өзіңдей, Ретсіз басыма сөз келтірмеймін. Кәдімгідей көлпалмын кең кезімде-ей, Мәрттігімді жайдан жай өлтірмеймін. *** Ғұмыр бізді қойды ғой детектетіп, Қай жағына қадамды бастық нағыз – Біресе қара жердің үстіндеміз, Біресе қара жердің астындамыз. *** Көз салмадық тіріміз, тірімізге, Басыбайлы құл болып пәленге ана. Былайша біріміздің бірімізге, Бөліп берер «дүниеміз» сәлем ғана. *** Мендік өлең ар-нама да, зар-нама, Сәл шатақтау маған тартқан мінезі. Өлеңіме керек емес жарнама, Өзін-өзі жарнамалап тұр өзі. *** Өзекті мәселеден өмір деген Қанын жалар бейбағың битін сығып. Өзім де қазір сирек көңілденем, Жүргендіктен күніге итім шығып. *** Бар үмітім оянса мида, қанда, Тапты өзін өрелі ойым өмірден тек. Шабыт – күшім бойыма сыймағанда, Онысымен қоямын көңіл емдеп. *** Шыбын жаным жүр он екі мүшемде, Әсіресе рух бойғы күшімде. Әркімменен тайталасқа түсем де – Мұның жөні өмір сүру үшін бе? *** Ширыққанда шығамын демде қызып, Дүр сілкінер мейілінше көңіл – хәлім. Назар салсаң ойларға мендегі үзік, Сәл де болса ұқпақсың өмір мәнін, Оқырманым! *** Жаппар ием, Құдайдансың әйгілі, Ауып біткен құлдарың көп жерде есі. Көтере алар заттан ғой деп қайғыны, Үйіп-төгіп бізге уайым бермеші, Жаратқан ием! *** Әрбір күнім алдына асығулы, Желаяқтың артынан құп еремін. Ойлар шаба бастаса басыма улы, Бірталайын ұмытып жіберемін. *** Дәурен де артта қалды арақ ішкен, Шақтар да бастан өтті шарап ішкен. Шашылады, ақыры басылады – Жастық шақ қайда бармақ қара күшпен. *** Қыруар уақыт өтеді қыр асқанша, Бастағы дерт – о бастан қалың қайғым. Құл екенім өзіңе рас болса, Қалайша, Құдай, саған жалынбаймын.  

Ілияс АХМЕТОВ.

Шақпақата ауылы,

Жуалы ауданы.

   

Ұқсас жаңалықтар