Байтұрсынұлының бір өлеңі хақында

Байтұрсынұлының бір өлеңі хақында
ашық дереккөз
Байтұрсынұлының бір өлеңі хақында
Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары қазақ әдебиеті дәуірлеп, ұлы дала топырағында талай шығармалар туды. Алаш арыстары атылған қаралы жылдардан кейін әдебиеттің тағдыры да қыл үстінде тұрғандай еді. Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Ілияс Жансүгіров және тағы басқа арыстардың шығармаларын оқуға тыйым салынды. Ал Алаш арыстарының рухани ұстазы болған Абай хакімнен бұрын өмір сүрген ақындардың шығармалары қазақ оқырманына мүлде бейтаныс болатын. Ал еліміз егемендік алған жылдардан бері ұлт руханиятына қызмет еткен арыстардың шығармалары ұлттық биікке көтерілді. Қазақ әдебиетінің «Алтын ғасыры» болып саналатын жыраулар поэзиясы да кеңес заманында қазақ оқырмандарына мүлде бейтаныс еді. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының соңы мен жетпісінші жыл дарының басында қазақ қоғамында ұлы рухани бетбұрыс орын алды. Мұхтар Мағауиннің 1968 жылы «Қобыз сарыны» және 1971 жылы «Алдаспан» атты кітаптары жарық көрді. Бірақ бұл кітаптардың қандай мехнатпен жарық көргенін жазушы-ғалым өзінің «Мен» мемуарлық романында жан-жақты баяндайды. Асан Қайғыдан бастап, Доспамбет, Қазтуған, Ақтамберді, Шалкиіз, Жиембет және өзге де ұлы жыраулардың шығармалары қамтылған және жан-жақты талданған бұл кітаптардың құндылығы өте жоғары болды. Асан Қайғы тек ақын ғана емес, ойшыл, ғұлама тұлға ретінде де белгілі. Оның «Жерұйық» философиясы да ұлттың ұлылығын көрсететін, елдік мүддеден туған құбылыс. Асан Қайғының ұлы толғаулары да ел жадында. Таза мінсіз асыл тас, Су түбінде жатады. Таза мінсіз асыл сөз, Ой түбінде жатады. Су түбінде жатқан тас, Жел толқытса шығады. Ой түбінде жатқан сөз, Шер толқытса шығады,–деген толғауының философиялық қатпары қалың, ой өлшемі терең туынды. Сонымен қатар жазушы Ілияс Есенберлин «Көшпенділер» трилогиясының «Алмас қылыш» деген алғашқы кітабында бұл өлеңнің шығу тарихын тіпті нақтылай түседі. «Хан ордасының алдында кілең би, батырлар алқа-қотан отырғаннан кейін Асан Қайғы айтысты бастады. Ол алдымен өзі іштегі күйігін сыртқа шығара ел-жұртының қамын сөз етіп біраз толғау айтты» деп жазады да, жоғарыдағы толғаудың тап осы арада туғанын айтады. Осы күнге дейін «Таза мінсіз асыл тас» деп басталатын атақты толғау Асан Қайғы бабамызға телініп келді. Алайда... Жуырда Міржақып Дулатовтың қызы Гүлнәр Дулатованың «Шындық шырағы» деген кітабын оқып отырып, ойға қалдық. Бұл кітапта тек Міржақыптың тағдыры ғана емес, сол кездегі қазақ зиялыларының тауқыметті тағдыры сөз болады. Гүлнәр Міржақыпқызы репрессия құрбаны болған Отыншы Әлжановтың өзі және отбасы туралы сөз ете отырып, мынадай тосын дерек келтіреді. «...Ахмет атекемнің (Байтұрсыновтың) Жадовскаядан аударған мына өлеңі ойыма түсе кетті: Мінсіз таза меруерт, Су түбінде жатады. Мінсіз таза асыл сөз, Ой түбінде жатады. Су түбінде жатқан зат, Жел толқытса шығады. Ой түбінде жатқан сөз, Шер толқытса шығады. Соңғы кезде баспасөз беттерінде қайсыбір авторлар бұл Асанқайғының өлеңі деп келтіріп жүрулері – білместіктің салдары деуіміз керек. Ахмет Байтұрсыновқа қиянат жасамайық, ағайын!» деп жазады. (Гүлнәр Міржақыпқызы Дулатова. «Шындық шырағы» . Алматы. «Мектеп» баспасы, 2013 жыл. 243- бет). 1988 жылы Міржақып Дулатов бастаған Алаш арыстары толығымен ақталды. Сол ақталған боздақтардың ішінде Ахмет Байтұрсынұлы да бар еді. Ақынның мұның алдында шыққан жинақтарында шығармашылығы кесіліп, қысқартылып қана берілсе, енді толық жарық көруіне мүмкіндік туды. Осы ретте Ахмет Байтұрсынұлының 1989 жылы жарық көрген кітабында Гүлнәр Міржақыпқызының келтіріп отырған дерегіндегі өлеңі бар екен. Өлеңнің басында «Ю.Жадовскаядан» деген жазу тұр. Тасқа басылған бұл туындыға қарағанда аталған өлеңнің Жадовская мен Байтұрсынұлына тиесілі екенін аңғаруға болады. Ал енді Жадовская деген кім? Юлия Жадовская ХІХ ғасырда өмір сүрген орыс ақыны. Ахмет Байтұрсынұлының Пушкин, Лермонтов және өзге де орыс ақындарының шығармашылығын жақсы білгенін е скерс ек, бұл пікірдің де шындық екеніне көз жеткізуге болады. Әдеби деректерден білгеніміз, Жадовскаяның өлеңдері 1958 жылы бір-ақ рет Ярославль қаласындағы облыстық баспадан шыққан екен. Сонымен қатар бұл кісі орыс ақындарының қатарын толықтырған үлкен тұлға. Ал енді Ахмет Байтұрсынұлының аудармасындағы ақын өлеңінің түпнұсқасын келтірейік: Лучший перл таится В глубине морской; Зреет мысль святая В глубине души. Надо сильно буре Море взволновать, Чтоб оно, в бореньи Выбросило перл! Надо сильно чувству Душу потрясти Чтоб она, в восторге, Выразила мысль. Аудармашы түпнұсқаның мағынасын сақтай отырып, қазақы қалыптағы дүние жасаған. Өлеңнің өнбойынан қазақылықтың исі аңқып тұрады. Мұхтар Мағауин өзінің естелік жазбаларында «Қобыз сарыны» және «Алдаспан» кітаптарының қандай азаппен жарық көргенін баяндаған еді. Бұл кітаптар шыққанда әлі Ахмет Байтұрсынұлының ақталмаған кезі. Тіпті олардың атын атауға болмайтын еді. Бірақ Абай өлеңдерімен тіл сындырып, сауат ашқан Мағауиннің сол кезде-ақ Ахмет Байтұрсынұлы жайлы білмеуі мүмкін емес. Десе де кеңес өкіметінің қысастығы бұл шығарманы Байтұрсынұлына телуге мұрша бермеді-ау деген ой бар. Қапысын тапқан ғалым Асан Қайғының еншісіне қалдыруы да мүмкін. Тіпті жендеттер Ахмет Байтұрсынұлының жазбаларын тәркілеп, өзін абақтыға қамау кезінде шығармалары сапырылысып, аты- жөні белгісіз болып қалуы да ықтимал. Сондай-ақ Ахмет Байтұрсынұлының да Асан Қайғыны білгені күмән тудырмайды. Ежелден бабалар рухын, олардың асқақ кейпін аңсаған ардақты Ахмет Байтұрсынұлы өз шығармаларына «Асан Қайғы» деп ат қойып жазуы да ғажап емес. Себебі сол уақыттарда Міржақып Дулатов, Бейімбет Майлин, Мағжан Жұмабаевтардың да бүркеншік аты болғаны белгілі. Бұл өлең – айрықша орыны бар туынды. Әлем әдебиетінен талдап, таразылап шығармалар аударған Ахмет Байтұрсынұлының дара қолтаңбасы мұнда да анық көрініп тұр. Ал кешегі кер заманның құқайын өз көзімен көрген, отыз жетінші жылы бойжетіп қалған қыз Гүлнәр Дулатованың бұл дерегінде шындық бар. Аманат арқалаған ардақты жан ғасырға жуық жасап, бертінде дүние салды. Бір ғажабы – халқына, болашақ ұрпаққа ақиқатты айтып кетті.

 Хамит ЕСАМАН

Ұқсас жаңалықтар