Естілмей қалған жанайқай

Естілмей қалған жанайқай
ашық дереккөз
Естілмей қалған жанайқай
Өз-өзіне қол жұмсаудың 76 пайызы халқының табысы төмен және орта елдерде орын алады екен. Бұл жерде де ақын Иран-Ғайып айтқандай, «өмірді сүрмей, өмірге сүріліп жатқан» қазақтың бес батпан мұңы тұрғандай. Әйтпесе соғыссыз, табиғи апатсыз осынша жұрттың өздігінен қырылуына тағы не себеп?  Суицидтің 800 себебі бар Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының статистикасына сенсек, жер бетінде әрбір 40 секунд сайын бір адам өзіне қол жұмсайды. Ал Қазақстан суицид саны бойынша әлемде 20-орында тұр, соның ішінде 10-19 жастағы жасөспірімдер арасында 10-орынға тұрақтаған. Былтыр елімізде суицидке қатысты 3922 дерек тіркелген. Ересектерді айтпағанда, қазір бесіктен белі шықпаған 5-6 жасар баланың өзі өз-өзіне қол жұмсауды ойлайды екен. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы суицидтің 800 себебі барын алға тартады. Жасөспірімдер арасындағы суицидтің 80 пайызы отбасындағы кикілжіңге байланысты. Еліміз ажырасудан әлем бойынша алғашқы ондықтың ішінде тұрғандықтан, балалар арасындағы суицидтің неге қарқын алып отырғанын бағамдауға болады. Ата-ананың бітпейтін дауы мен соңы екіге бөлінуге әкелетін әрекеті бала санасына салмақ түсіріп отыр деген сөз. Мұны психолог мамандар да растайды. Жанындағы жақын адамдарынан қолдау таппаған, өмірден түңілген жасөспірімдер суицидке жиі барады. «Суицид жасағысы келетін адам басқалардың өзіне көңіл бөлгенін қалайды. Яғни, осы әрекеті арқылы айналасындағы адамдар өкініп, қиналса екен дейді. Айналып келгенде мұндай деректердің жиілеуі, еліміздегі экономикалық-әлеуметтік мәселелердің қордаланып, күрделенгенінің көрінісі», – дейді психолог Айсұлу Молдабек. «Ақшадан да маңызды...» Бүгінде бір бүйірден қысқан қымбатшылықтың бұл мәселеге өз ықпалын тигізіп отырғанын айтпай кетуге болмас. Бір ер азаматтың тапқаны бір отбасын асырауға жетпейтін, жеткізбейтін қоғам болды. Әйелдің де бұл күшке жұмылуы сынды жағдайлар да мәселені ушықтыруда маңызды рөл атқарып отырғаны жасырын емес. Сонымен бірге ақшалы, қазақшалап айтқанда «төрт құбыласы түгел» отбасында да мұндай қайғылы оқиғалар орын алады екен. Сарапшылардың зерттеулеріне сәйкес, суицидке баратын жастардың 73 пайызы толыққанды отбасыдан шыққаны анықталған. Міне, парадокс! Демек, оның арғы жағында ата-ана мен бала қарым-қатынасы тұр. Бір дастарханда отыратын баламен емес, қайда жүрсең де қолыңнан тастамайтын ұялы телефонмен дос болған қоғамда мұндай мәселенің туындауы заңдылық та шығар. Қайткен күнде де ата-ана мен баланың эмоционалдық байланысын ешбір материалдық байлық алмастыра алмайтыны ақиқат. Психолог мамандар да байлық, әл-ауқат ешқашан балаға деген сүйіспеншілік пен құрметтің көрсеткіші бола алмайтынын айтады. Аймақтағы ахуал қандай? Еліміз бойынша екінші орында тұрған аймақ – Жамбыл облысы. Бұл көрсеткіштің артуы Шу, Талас аудандарында орын алғаны өкінішті жағдайлардың есебінен болып отыр. Шу ауданында өз-өзіне қол жұмсау дерегі 140 пайызға, ал Таласта 133 пайызға артқан. Сондай-ақ Жуалы ауданында 50 пайыз және Тараз қаласында 7 пайызға көбейген. Суицидке барған 6 жасөспірімнің бесеуі 15 пен 18 жас аралығында болса, біреуі 14 жаста болған. Осы ретте аймағымыздың жылда осы тізімге кіріп, суицидті көп жасайтын облыстардың қатарынан табыла беруіне кім кінәлі? Психологтар «Әр баланың өзіне қол жұмсауында естілмей қалған жанайқай жатыр» дейді. Рас, біздің қоғамда әлі күнге дейін орын алған оқиғаны жылы жауып қоя салушылық басым. Мәселені шешеміз деп жиналған отырыстар да, ұйымдастырылған шаралар да, бәрі бұл мәселенің алдын алуға қауқарсыз. Оған бұл мәселемен нақты айналысуы тиіс мамандардың тапшылығын тағы қосыңыз. Өзгеріс кері жағына қарай өршіп, мәселенің түйіні тарқатылар түрі жоқ. «Ел естісе ұят болады...» Тағы бір айта кетерлігі, өз-өзіне қол салу жергілікті жерлерде, ауылдарда жиі орын алады екен. Осы қадамға барғандар, әрекеті орындалмай қалғаннан кейін «Ел естісе ұят болады» деген желеумен көбіне жабулы қазан жабулы күйінде қалып жатады. Ал олар дереу тиісті мамандардың көмегіне жүгіну керек. «Жұмыс бабымен, дәл осы мәселемен Ақтөбе, Қызылорда облыстарында үш айдай уақыт жүрдім. Сонда аңғарғаным, мұндай жағдай орын алған отбасылар өздерін жабық ұстап, жасыруға тырысады. Яғни, мұны ұят санайды, қылмыс көреді. Суицидтік әрекеті соңына дейін жетпеген адамдарға өте үлкен көмек керек. Ол орын алған отбасыға да дәл сондай көмек қажет. Жарияламаймыз деп, жарасын асқындырып алады. Біздің халық бұл қиын жағдайға тап болғанымен, мамандардан психологиялық көмек алуға асықпайды. Біздің ең осал жеріміз – осы. Сондықтан бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылып, қоғам болып дабыл қағып жатсақ та оң нәтиже бермей отыр», дейді психолог Ерлан Бошай. Дініміз не дейді? Қалай болған күнде де «өз-өзіне қол жұмсау – ең ауыр күнә» екенін білетін халқы бар мұсылман елі үшін бұл жақсы құбылыс емес. Америкалық Хьюстон-Даунтаун университетінің мұғалімі Шахназ Савани де «Бұл аймақта халық көбінесе ислам дінін ұстанады. Соған қарамастан, өз-өзін өлтіру әрекеттері азаймай отыр» депті. Иә, енді осы мәселеге діни көзқараспен қарайықшы. Өз-өзіне қол жұмсау, фәни дүниені айтпағанда, мәңгілік өмірде пенденің алдынан зиян болып шығары анық. Себебі біздің жанымыз – Алланың аманаты. Оған қиянат жасау – ауыр күнә. «Алла Тағала Құранда: «Күмәнсіз, Алла сендерге аманатты өз иелеріне табыс етуді және адамдардың арасында билік қылатын болсаңдар, әділдікпен билік қылуларыңды әмір етті» дейді. Сондықтан жаратушының әміріне бойұсынып, өзі берген жанын қайтарып алғанша мына өмірдің сынағына сабырлылықпен қарағанымыз абзал. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сүйікті үмметтерін өз-өзіне қол салудың ауыр азабынан сақтандырып кеткен. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Өзін-өзі тұншықтырып өлтірген адам, тозақ отында тұншықтырылады. Өзіне пышақ салып өлген адам, тозақта пышақталады. Өзін жардан тастап өлген адам, тозақ отына лақтырылады», – деген. Демек, суицидке бару, адамды екі дүниеде де орыны толмас өкінішке ұрындырады. Басқа түскен уақытша қиындыққа мойымай, оны жеңіп шығу, қайсарлық таныту – біздің нақты ұстанымымыз болуы керек», дейді теолог Елдос Қырықбай. P.S. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, жер бетінде жыл сайын 55 миллион бала қорлық көреді екен. Оның 44 миллионына түрлі сипатта күш көрсетілсе, 18 миллионы сексуалдық зорлықтан зардап шегеді. Психологтар кішкентайынан жәбір көріп, психикалық зақым алған бала суицидке ұзақ уақыт дайындалатынын айтады. Бұл туралы сәл кейінірек тарқататын боламыз. Дәл қазіргі маңызды мәселе бұған жауапты барлық құзыретті мекемелер дертпен күресудің ерекше тәсілін ойлап тапса дейміз. Өйткені осы кезге дейінгі жұмыстың еш нәтижесі жоқтығын статистика дәлелдеп отыр. Әйтпесе, 800 себебі бар суицидтен қалай сақтанамыз? Онсыз да көп емеспіз.

Гүлжан РАХМАН

 

Ұқсас жаңалықтар