Ұсталмаған ұрыға үкім жүре ме?

Ұсталмаған ұрыға үкім жүре ме?
ашық дереккөз
Ұсталмаған ұрыға үкім жүре ме?
Ауыл тұрғындары үшін күнкөрістің бірден-бір көзі – қорасындағы малы. Соған сенеді, соған сүйенеді. Ал мал баққан ауыл адамының көрген бейнеті мен тартқан азабы өз алдына бөлек әңгіме. Төрт түліктің жем-шөбін шашпай-төкпей жинап алып, ауру-сырқауының алдын алу, күн сайын қора-қопсысын тазалап, адасып кеткен жылқысының сандалып соңынан іздеу де бір бейнет. Мал баққан адамның жыл он екі ай көретіні – осы. Бұған екі аяқты барымташының залалы мен зардабын қосыңыз. Осылайша, «қорасын қойға, шарасын майға толтырсам» деген ауылдықтардың жігері құм болады. Мәселен, жыл басынан бері өңірімізде қылмыстың нақ осы түрі 48-ге жетіп отыр. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 32 пайызға төмен болғанымен, айлап-жылдап баққан малынан бір-ақ сәтте айырылып, сан соғып қалған шаруаларға келтірілген шығын шаш-етектен екені айтпаса да түсінікті. Елімізде мал ұрлығына қатысты аса көп қылмыстық іс тіркелген соң, бұл іске Мемлекет басшысы назар аударып, жаңа заңға қол қойғаны белгілі. Президенттің пәрменінен соң, Қылмыстық Кодекске «Мал ұрлығы» туралы арнайы бап енгізілді. Әуелі бекітілген тәртіпке сәйкес, ендігі жерде мал ұрлығы және тонау, қарақшылық қылмыстары бойынша «тұрғын үйге, қызметтік немесе өндірістік мекемеге, қоймаға, көлікке заңсыз кіру» жағдайы қылмыстың ауыр санатына жатады. Бұдан бөлек, мал ұрлағандар мен малынан айырылғандар бұрынғыша өзара ымыраға келе алмайды. Себебі оған тыйым салынды. Ол үшін Қылмыстық Кодекстің 68-ші бабына түзету енгізілген. Нақтыласақ, бүгінде мал ұрлығына қатысы бар кінәлі адамдарға 5 жылдан 7 жылға және егер олар ұйымдасқан түрде қылмыстық топ болатын болса 10 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған. Демек, қылмыс үстінде ұсталған адам үзілді-кесілді абақтыға қамалады. Жаңа заң қабылданып, күшіне енгенімен, бұл қылмыстық істі ауыздықтау біздің өңірде де оңайға соқпай тұр. Олай дейтініміз, қазіргі таңда аймақтағы кейбір аудандарда мал ұрлығы екі есеге артқан. Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов осыдан он күн бұрын өткен құқықбұзушылық жөніндегі кеңес отырысында мал ұрлығының тыйылмай тұрғанына тоқталып, ауылдағы ағайынның жанайқайына құлақ түрген болатын. Нұржан Молдиярұлы өз сөзінде Жамбыл ауданында барымташылық екі есе артып, бұл бағыттағы жұмыстар Т.Рысқұлов, Меркі, Мойынқұм және Сарысу аудандарында нәтижесіз екенін атап өтті. Аймақ басшысы бұл істе құқық қорғау қызметкерлерімен бірге қарапайым тұрғындар да жұмыла жұмыс істеу қажеттігін баса айтты. Жалпы, өңірде мал ұрлығымен күресу мақсатында тұрақты негізде арнайы құрылған жедел-іздестіру топтары жұмыс істейді. Олар мал базарлары мен мал сою орындарында және ет саудасына қатысты ретсіз орналасқан орындарда рейдтік іс-шаралар жүргізеді. Жүйелі жұмыстардың нәтижесінде ағымдағы жылдың 6 айында мал ұрлығымен айналысқан 41 адам, сондай-ақ 5 қылмыстық топтың әрекеті әшкереленген. Ал облыс аумағында ұрланған 340 мал табылып, иелеріне қайтарылған. Бұдан бөлек, малды заңсыз тасымалдағаны үшін 95 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылса, оларға 3 миллион721 мың 545 теңге айыппұл салынған. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы жануарларын жаю ережелерін бұзғаны үшін иелеріне қатысты 1306 әкімшілік хаттама толтырылған. – Биылғы наурыз айында жедел-алдын алу іс-шарасы барысында облыс аумағында мал ұрлығымен айналысқан екі адамнан тұратын топ анықталып, ұсталды. Сотқа дейінгі тергеу барысында олардың Мойынқұм ауданының аумағында мал ұрлығын жасауға қатыстылығы дәлелденді, – дейді облыстық Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасы бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Қанат Қожамқұлов. Айта кетейік, тәртіп сақшылары тарапынан көп күш пен жұмсалған ресурстың нәтижесінде бүгінгі күні қылмыс үстінде ұсталған 29 азамат темір торға тоғытылған. Олар ҚР ҚК-нің 188-бабы 1-бөлігіне сәйкес кінәлі деп танылып, облыстық Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты ЖД-158/2,4,7 түзеу мекемелерінде жазасын өтеуде. Осылайша, заң қатаңдағалы бері полиция қызметкерлері де жүйелі жұмыс істеуде. Дейтұрғанмен, соңғы жылдары ауылдағы ағайынның құқық қорғау қызметкерлеріне деген сенімі жылдан жылға кеміп бара жатқанын жасыруға болмас. Мәселен, облыс орталығынан шалғайда жатқан Шу ауданы, Ақсу ауылдық округінің тұрғыны Сәт Мәлібековтің аудандағы құқық қорғау қызметкерлерінің жұмысына көңілінің толмайтыны осының айғағы болса керек-ті. – Ұрыда ұят жоғы бесенеден белгілі нәрсе ғой. Малдың бір-екеуін қолды қылса «садақа» деп қоя салар едік. Бірақ 30 сиырды ұрлауы, бұл ұрылардың шектен шыққанын білдірмей ме?! Жасыратыны жоқ, ұрылар әлдекімдерге арқа сүйеп, ертеңіне құтылып кетерін білгендіктен сондай батыл қадамға барып жүрген болар деп ойлаймыз. Біраз уақыт бұрын сырғаланған 30 сиырымнан көз жазып қалдым. Ол кезде өзіміздің учаскелік полиция еңбек демалысында жүргендіктен көрші ауылдың учаскелік полициясына қоңырау шалып, алайда оның телефонын ала алмадық. Сөйтіп аудандық полиция бөліміне арызданбақ болдым. Ең сорақысы, полиция бөліміне арыз тіркету деген бір ақырет екен. Ондағылар «Қазір бастық жұмыста жоқ» дегенді сылтауратып, арызымды тіркемей әуре-сарсаңға салды. Әйтеуір бірнеше мәрте барып, әрең дегенде арызды тіркеттік. Кейіннен малдың ұрланған жерін картаға түсіріп кетті. Міне, одан бері қаншама уақыт өтті. Еш нәтиже жоқ. Содан барып, облыстық прокуратураға арыздандым. Енді сең қозғалған секілді. Аудандық полиция бөлімінің жаңа бастығы бұл істі өз қадағалауына алатынын жеткізіп, 10 күн уақыт беруімді өтінді. Бүгін сол жаққа арнайы баратын боламын, нендей жаңалық айта қояр екен, – дейді Сәт Мәлібеков. P.S.  Әлбетте, аталған мәселеге біржақты қарап, тек қана полиция қызметкерлерін кінәлау ойымызда жоқ. Осы ретте, ауылдықтардың да тым бейғамдығы мен малды өріске жіберіп, қараусыз қалдыратынын жоққа шығаруға болмайды. Жыл сайынғы жантүршігерлік жол-көлік оқиғалары да жол бойына шығып кеткен төрт түліктің кесірінен орын алуда. Десек те, жергілікті жердегі құқық қорғау қызметкерлері өз жұмыстарына аса жауапкершілікпен қарап, қараша халықтың қамы үшін барын салса деген тілек біздікі. Өзгенің мал-мүлкіне есі кеткендерге ескерту бермей, қолымен істегенін, мойнымен көтертсе дейміз. Өйткені заң талабы сондай!

Есен САҒЫНАЙҰЛЫ

Ұқсас жаңалықтар