Сағынышқа айналған Сәтібеков

Сағынышқа айналған Сәтібеков
ашық дереккөз
Сағынышқа айналған Сәтібеков
Қанша жерден өмір қамшының сабындай қысқа болғанымен, қаламның ұшынан самғап, қасиетті өлеңмен өрнектелген ғұмырдың ұзақ болары анық. Себебі сөз патшалығында уақытқа бас имейтін қастерлі кие бар. Топырағы тұмардай бағалы туған өлке – Әулиеатада кіндік қаны тамып, бес күндік жалғанның бесігін келер ұрпаққа босатып кетсе де сол сөз патшалығында әлі күнге баянды ғұмыр кешіп келе жатқан қадірлі қаламгерлер, аяулы ақындар өтті. Солардың бірегейі, сайкез сал-серісі, сегіз қырлы, бір сырлысы – Жақсылық Сәтібеков көзі тірі болғанда биыл 85 жастың сеңгірінен жыр оқып тұрар еді... Күнім жоқ ел күтуден шаршаған, Бес сом тапсам, он адамға жар салам. Уақытым жоқ қонақ таңдап жатуға, Дос түгілі дұшпанымды қарсы алам, – деп кең даладай көңілі кісілігі мен кішілігінің кіршіксіз айдынына айналған Жақсылық Сәтібековтің бейнесі сағынышқа айналғанына да он жылдан асып кетті. Десек те, саналы ғұмырын шығармашылыққа арнаған ардақты ақын замандастарының да, қаламдастарының да жүрек төрінде. – Жақсылық ағаны алғаш Жамбыл медициналық колледжінде оқып жүрген кезімде көрдім. Тоғызыншы сыныптан кейін Өкім Жайлауов деген ақын ағамыздың үйінде жатып оқыдым. Газеттерге өлеңдерімді тұрақты беріп тұратынмын. Бірде Өкім аға «сенің өлеңдеріңді талқылайтын болдық, редакцияға кел» деді. Бардым. Баттал Жаңабаев ағамыз сол кезде «Еңбек туының», қазіргі «Aq jol» газетінің редакторы. Өлеңдерімді оқып бердім. Сол кездегі белгілі қаламгерлер сөз сөйледі. Өзім ауылдан келген қызбын, ұялдым. Бірақ үлкендер жақсы бағасын берді. «Өлеңдері жақсы» десе, біреулер «Күләштің түрі де жақсы» дейді. «Менің түрімде несі бар?» екен деп ойланып мен тұрмын. Сөйтсем әдебиеттегі түр мен мазмұн деген қағидатты айтып отыр екен. Сол сөзді сымбатты бір кісі айтқан болатын. Сол кісі Жақсылық Сәтібеков аға екен. Ол кезде кітапқұмар кезіміз, ағаны өлеңдерінен сырттай жақсы білетінбіз. Еңбек адамдарын, шаруа адамдарын жақсы жазатын еді. Ағамыздың шығармашылықтағы жан-жақтылығы да қызықтыратын. Кейін Қайырбек (Асанов) екеуміз Алматыдан көшіп келгенімізде бір жылға жетпей қайтыс болып кетті. Ағаның дидарын көре алмай қалдым. Ол кісі өзінің жерін, елін шынайы сүйген, даласын жырлаған тамаша ақын. Жамбылдың ғана емес, ұйқастары мықты, ойлары салмақты, өте шебер жазған күллі қазақ елінің көрнекті ақыны, – деп еске алады Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Күләш Ахметова. Көзі тірісінде үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді өмірлік ұстаным етіп, бір бойына тоғысқан асыл қасиеттерін ізбасар ұрпақтың санасына сіңірген ақеділ жүректі ақын соңынан ерген буынның да сөнбес сәулесіне айналды. – Жақаң өте көпшіл жан еді. Өлеңдері де өжет, өзі де батыл. Жас күнімнен ол кісінің қасында жүрдім. Бір күні Бауыржан Момышұлының үйіне бара қалсам «Мен тек өзім жынды екенмін деп жүрсем, менен де өткен жындылар бар екен» дейді. «Ол кімдер?» деп сұрасам «отыр ғой әні соның бірі» деп Жақаңды көрсетіп күлетін. Баукең Жақаңды іні ретінде бауырына жақын тартты. Жақаңның үйінде Баукең сыйлаған қылышы да бар. Сол қылышпен қоса кезінде «Мен өлгенде музейге алып барып тапсырасың» деген өз қолымен жазылған домбыра бар еді. Кейін соны біреулер ұрлап алып кетті. Осы мәселе бойынша «Баукеңнің қара домбырасын қайтарыңдар» деп талай мәрте іздеу салдық. Бірақ нәтиже болған жоқ. Жақаң үнемі жауапкершілігі мол маман, қырағы қаламгер еді. Шәкірт, іні тәрбиелей алды. Менің бүгінгі күнге дейін жеткен биігімнің бастауы да осы Жақаңның жақсылығының, ағалық тәлім-тәрбиесінің арқасы, – дейді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мұхтар Рахманқұлов. Өзінен өлеңі төгіліп тұратын, өлеңінен өзі көрініп тұратын ақынның шоқтай маздаған жүрегін алақанда аялап өткен аяулы жары бүгінде студенттік шақта шаңырақ көтерген сәттен бастап, өмірінің соңына дейінгі жанұядағы сәулелі сәттерді сағынышпен еске алады. – Біз 1953 жылы Алматыда Қазақ ұлттық университетінде таныстық. Ол журналистикада, мен тіл-әдебиет факультетінде оқыдым. 5-курстың ортасында үйлендік. Содан бірден Таразға келдік. Журналист ретінде осы Тараз, Жамбыл облысында Жақсылық жазбаған адам жоқ шығар. Қызылшашыны да, малшыны да, механизатор, кенші, өнер адамдары туралы да жазды. 1962 жылы Шымкентте өлкелік ақындар айтысы өтті. Кенен ата бастаған көп кісілер төбе көрсетті, айтысты Әбділда Тәжібаев басқарды. Сонда Жақсылық өмірі айтысқа түсіп көрмеген болса да Жамбыл облысының атынан айтысты. Шымкенттен Көпбай Омаров деген тәжірибелі айтыскер кісімен сынға түсті. Ол кісі баянмен, Жақсылық домбырамен айтысты. Екеуі де бірін-бірі жеңе алмай, ақыры екеуіне де бірінші орынды берді. Сол жолы айтыста Баукең қатысып отырған екен. Баукеңмен таныстығы сол кезден басталған. Жақсылық өте сері адам болатын. Ән салғанда ел жүрегін баурап алатын. Өнер адамдарымен де өте көп араласты. Нұрғиса Тілендиев, Құрманбек Жандарбеков, Серке Қожамқұлов, Сырбай Мәуленов, Хамит Ерғалиев, Шерхан Мұртаза ағалар үнемі үйіміздің төрінде отыратын. Асқар Тоқпанов ағай «Жаман болса мен сияқты болар. Мен қазақтың тұңғыш режиссерімін» деп қолымдағы ұлымыздың атын қойған еді. Үйде көбіне шығармашылықпен айналысатын. Өте қонақжай болатын. Студенттік кезде шаңырақ көтеріп, жас отбасы болып отырсақ та Алматыдан келген ақын, жазушы, журналистердің бәрі Жақсылықты тауып келетін. Ғафу Қайырбековпен ағасымен інісіндей араласты. Тахауи Ахтанов Жақсылықты ерекше жақсы көретін. «Сен журналиссің, ақынсың, сол да жетіп жатыр емес пе?» десем «жоқ, мен өнер адамдарын жақсы көремін» деп ішкен асын жерге қоятын еді. Өзімен қатарлас, өзінен үлкен, өзінен кейінгі қаламгерлердің барлығына көңілі кең болды. Өте балажан еді. Қазір шүкір, он жеті немерем бар, – деп еске алады ақынның жары Азиза Қалығұлова. Әрине, қазыналы қазақ әдебиетіндегі, журналистикадағы Жақсылық Сәтібековтің орны өз алдына бір төбе. Ал оның тәлім-тәрбие беріп өсірген ұрпақтарының жүрегіндегі биіктігі ешқашан аласармайтын һәм жылдар жылжып, ғасырлар аунаған сайын қол жетпейтін шыңға айналып бара жатқандай. – Мен әкемнің ең кенжесімін. Кішкентай кезімнен әкем мені қасына ертіп жүретін. Тіпті балабақшаға да барған жоқпын. Әкем «Социалистік Қазақстан» газетінің тілшісі болған кезде аудандарды үнемі аралап жүретін. Сол кездерде қасынан мені де бір елі тастамады. Өңірдің әр ауылдарын аралап, әкеммен бірге жүрдім, жанында жүріп бой жеттім. Әкеміз елдің адамы болған соң көбінесе сыртта жүреді. Бірақ үйде болған кезінде әкем әрдайым барлығымызға жақсы өсиеттер, әкелік ақыл-кеңесін айтып отыратын. Оны бала кезде түсінбесек, өсе келе соны еске алып, айтылған ақылдың барлығы орынды болғанын ұғындық. Өзімізге өмірлік дұрыс тәрбие алдық, қазір өз балаларымызға да аталарының тәлімін қолданып келеміз. Жылдар өтіп жатыр, бірақ әкемізді ешқашан ұмытпаймыз. Әрдайым жүрегімізде, қимаймыз. Күнделікті бейнесін елестетіп, үнемі әкеміз жайлы айтып отырамыз. Себебі әкеміз біз үшін орны бөлек асқар тау, – дейді қызы Мая Сәтібекова. Батыс әдебиетшілерінің арасында «күнтізбеде тек ақындардың туған күні ғана бар, өлген күні жоқ, болған емес» дейтін ұғым бар. Сол айтқандай Жақсылық Сәтібеков есімі де ұрпақтың жүрегінде мәңгілік жыр болып жаңғырып тұрары анық.

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Ұқсас жаңалықтар