Қазақтың Несіпбегіне қандай құрмет көрсетсе де артық емес

Қазақтың Несіпбегіне қандай құрмет көрсетсе де артық емес
ашық дереккөз
Қазақтың Несіпбегіне қандай құрмет көрсетсе де артық емес
Өзінің алғашқы «Ақ көгершін», «Алма ағашының бұтағы», «Әнім сен едің» кітаптарымен-ақ оқырманның жүрегін баурап алған қайталанбас қалам иесі Несіпбек Дәутайұлы жайлы айтатын әңгіме көп. Ертеректе аудандық «Қордай шамшырағы» газетінің бас редакторы, облыстық «Aq jol» газетінің меншікті тілшісі болған кезінде де өнімді еңбек еткенін жалпы оқырмандар, қордайлықтар толғана айтып жүр. Республикалық «Жамбыл» әдеби-көпшілік журналының бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры ретінде соны соқпақ салды. Жазушының Халықаралық Еуразия жазушылары қауымдастығының Құрметті мүшесі болуы – жерлестері үшін мақтаныш. Ол – таңдаулы көркем шығармаларға арналған республикалық жабық бәйгелердің жүлдегері, Ғ.Мұстафиннің 100 жылдығына байланысты үздік әңгімелерге арналған әдеби бәйгенің бас жеңімпазы. ҚР Ұлттық кітапханасы өткізген «Ең үздік роман» байқауында «Құдірет пен қасірет» романы бас жүлдеге ие болған. Халықаралық  «Алаш» әдеби сыйлығының, «Қазақ әдебиеті» газетінің проза жанры бойынша лауреаты. Халықаралық «Дарабоз» әдеби бәйгесінің Бас жеңімпазы. Бірінші халықаралық «Рух» әдеби байқауының гран-при иегері. Ғабдол Сланов атындағы әдеби сыйлықтың иегері. 2009 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағы берілді. 2019 жылы «Құрмет» орденінің иегері атануы да еңбегінің бағалануы. Несіпбек Дәутайұлы «Көгілдір көйлекті келіншек», «Аты жоқ әңгіме», «Кісі иесі» кітаптарымен де әдебиеттің биік шыңынан көрінді. 2019 жылы Түркияның Анкара қаласында «Жол» кітабы түрік тілінде жарық көрді. Міне, осындай биік тұлға, дарабоз жазушы көзі тірі болғанда биыл 75 жасқа толатын еді. Ендеше, қазақ әдебиетінде өзіндік өрнегімен танылған Несіпбек Дәутайұлының мерейтойына орай өңірде қандай дайындық жұмыстары жүріп жатыр? Қандай іс-шаралар жоспарланған? Жалпы, қазақ әдебиетіне өзіндік дара соқпақ салған қаламгердің есімі ұмытылып бара жатқан жоқ па? Ұзақ жылдар бойы өз қолтаңбасымен шығарып келген республикалық «Жамбыл» журналы неге шықпай қалды? Біз осы орайда, жазушының көзін көрген бірқатар танымал қаламгерлермен, шер тарқатқан замандастарымен, Несағаның шәкірттері және ұл-қызымен пікірлесіп, әңгімелескен едік. Сол ой орамдарын оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік. Жұмабай ШАШТАЙҰЛЫ, жазушы: – Несіпбек Дәутайұлы өзі әдебиетке қызық келген адам. Республикалық «Жалын» жабық бәйгесінде ертеректе екі-үш рет жүлдегер атанды. Одан кейін өткен ғасырдың аяғына таман қазақ әдебиетінде әңгіме-повесттерімен жарқырап көрініп, өмірден өткенше сол қарқынын жоғалтқан жоқ. Республикалық «Жамбыл» журналын шығарды. Бұл журнал Жамбыл, Алматы және Батыс Қазақстан облыстарына, Астана мен Алматы қалаларына кеңінен тарады. Несаға аталған журналды басқара отырып, жастардың қадамына ден қойды. «Біздің қоғам қайда барады?» деген сұрақтарға публицистикалық деңгейде сол журнал жауап беріп жатты. «Жамбыл» журналын шығаруға қаражат тапшы болып қиналған шағында да Несағаң сыр бермеді. Өзінің достары да көп еді. Солардан қаражат сұрай тұрып та шығарып, тендердің ақшасы түскенде қарызын қайтарып жүрді. Осы баспа ісіне жауапты кісілер бір жағдайды ескермейтін секілді. Бір қадірлі ағам: «Осы үкімет «Қазақ әдебиетінен» ақшаны неге аяйды?» деп сырын бөлісіп еді. Рухани жағынан кемтар, әдебиет жаңалықтарына енжар, ештеңе оқымайтын адамдардың көбейіп кетуі өте қауіпті. Міне, осы «Жамбыл» секілді журналдар сондай самарқаулықтың, сондай қауіптің алдын алады. Ондай рухани байлықтан қаржы аяған дұрыс емес деп санаймын. Қытай елінде де әдеби журналдар көп. Олар қаражатты аямайды. «Жамбыл» журналы 15-16 жыл бойы ұлттың рухани қажетіне жараған басылым болды. Несаға жаңаша ізденіп, жаңа есімдерді, жазушылардың жаңаша ізденістері мен әдебиетке әкелген олжаларын көріп, танып отырды. Бас редактор ретінде ынтасы мен талғамы бір жерден шықты. Сол ынта мен талғам журналдың көсегесін көгертті. Қаржыға қарай кейде қалың, кейде жұқа шығарды. Бірақ тоқтатпай шығарып тұрды. Нес-ағада шекара болған жоқ. Талантты ақындардың өлеңін қайдан болса да тауып алып, жариялады. Талантты ақын-жазушы жігіттерді шақырып алып, қаламақы беріп жүрді. Қаламақы көп нәрсені шешеді. Мәселен, 19 ғасырдағы керемет туындылардың өмірге келуіне қаламақы көп әсер етті. Жалпы, Батыс әдебиетінде де солай. Гонорар мәселесін шешпей көсегеміз көгермейді. Нұрдәулет ОМАРБЕК, әдебиет сыншысы, филология ғылымдарының магистрі, «Қазақ тіліндегі 100 оқулық» арнайы жобасы бойынша басылып шыққан бірнеше кітаптың жауапты және көркемдік редакторы. – Несаға әлемдік деңгейде мойындалуы тиіс жазушы. Көзі тірісінде бір-екі әңгімесін талдап берсем деп ойлап едім. Жай нәрсе емес, ғылыми негізі бар терең талдаулар. Шынымен мықты жазушы еді. Соңғы рет жолыққанда ешкім жазғанымды лайық деңгейде талдай алмады дегенді ишаралап білдірді. Кезінде М.Мағауинге Әлкей Марғұлан екі айға орталық Қазақстанға экспедицияға бірге барайық деп ұсыныс жасаған ғой. Сонда Мұхтар «бұл маған не үйретпекші, мұның білетінін мен де білем» деп бармай қалыпты. Бірнеше жылдан соң Әлкей дүниеден өтіп, Мұхтардың көкірегі басылған соң қандай қазынадан айырылғанын түсінген екен. Мұхтар Мағауин әлі күнге дейін сол сапарға бармай қалғанына қатты өкінеді. «Бірдеңе үйретпесе үйретпейтін шығар. Бірақ ғұламаның жанында жатып шер тарқатудың өзі, далаға қарап отырып ескі тарихты қайта тірілткендей сыр шертуге жетер ғанибет жоқ. Білім алмаса да тұтас дәуірдің көңіл-күйін, арман тілегін, мақсат-мұратын ұғынудың өзі үлкен мәртебе еді» деп өкініш білдірген. Несіпбек Дәутайұлын алғаш көргенде өр көкірек бала болдым. Сөзін тыңдамай, жарысып сөйледім. Өзімнің оқығанымды көрсеткім келді. Мықты болса неге әлемдік сыйлықтарды алып атағы шықпайды деген сасық көкірек қой. Оқыдым, іздендім. Менмендік сәл де болса азайды. Екінші жолыққанда сөзін тыңдауға тырыстым. Әңгімесін тыңдадым. Өзімнің жазушыларда бар түйсіктен жұрдай екенімді ұғындым. Әр жазған шығармаларының тарихын, жолын, жазушы зертханасымен таныстым. Үлкен қаламгердің жазудағы машығын, суреттеуі мен тілін, стилін қалай қалыптастыру керегін түсіндім. Ұғынғандай болып шықтым. Кейбір дүниелерімен келіспей шықтым. Өйткені өзім кейбір нәрселерді ол кісіден артық білемін деп ойладым. Біршама уақыт өтті. Жазушылықтың машақатын енді-енді түсіне бастағандай болдым. Үшінші, төртінші жолыққанда аса ашылып сөйлескеніміз жоқ. Енді міне, шынайы сұрақтарым туып, бұл кәсіптің ұңғыл-шұңғылын санамен емес, түйсікпен, нәзік бір сезіммен ұғына бастағанда, сөзді енді-енді тани бастағанда кетті де қалды. Екінші жолыққанда мендегі ашылып келе жатқан дүниені сезді ғой деймін. Әдеби талдау лайықты деңгейде жасалса деген ниетін айтқан болатын. Алатын дүнием көп еді. Өзі ойлағандай әңгімелерін енді түсіне бастағанмын. Ғалым ҚАСАБАЙ, «Салық тәртібі» газетінің бас редакторы: – Мен Несағаңды 1985 жылдан танимын. Аудандық «Қордай шамшырағы» газетіне жолдамамен келген кезім. Бірде аудандық партия комитеті шошқа өсіретін кеңшардан материал әзірлеуге жіберді. Барсам, кеңшар директоры жолатқысы келмейді. «Шошқада нең бар? Анау мыңғырған малды, егісті жаз», – дейді баласынып. Ақыры қоймай шошқа фермаларын аралап, сын мақала әзірледім. Сол сын мақаланы Несіпбек Дәутайұлы ағама хабарласып, бір қаратып алдым. Мақаланың мазмұны ашылып, күшейіп шыға келді. Ол кезде сын мақала аудандық партия комитетінің пленумында қаралады ғой. Қысқасы, сол мақаланың әсерінен әлгі кеңшар директоры қызметінен кетті. Бұл жерде газеттің беделін, сол беделді газетке мықтыны мұрттай ұшыратын салмағы ауыр мақаланы өңдеп берген Несіпбек ағаның шеберлігін айтқым келіп отыр. «Жамбыл» журналын Несаға үлкен шабытпен, ізденіспен шығарды. Дизайн, безендіру жағынан біз де көмек беріп жүрдік. Журналдың таралымы 10 мың данаға жеткен кезі болды. Алматы облысының өзі 2500 данаға жазылатын. Бұл журналдың абыройы «Жұлдыз», «Жалын» журналдарынан кем болған жоқ. Несағаңды еліміздің маңдайалды классик жазушыларының өзі мойындап, санасты. Сол алыптармен терезесін тең ұстап, солардың шығармасын арнайы алдырып берген кезде, журналдың құны аспандап артып шыға келетін. Жүсіпбек Қорғасбектің өзі: «Несаға, біздің шығармаларды журналға қалай үйлестіріп, орайластырып жібересіз? Шеберлік қой» деп таңданып отыратын. Осындай абыройлы журналдың өмірі ұзақ болуы керек еді. Қазір Нес-ағаның баласы Азамат мұрагерлік жағын реттеп жатыр. Осы заңдылық жағын күтудеміз. Егер Азамат інімізден өтініш болса, «Жамбыл» журналын қолдауға, көмегімізді беруге қашанда дайынбыз. Мен «Жамбыл» әдеби журналы тоқтамай, шығып тұруы керек деп түсінемін. Хамит ЕСАМАН, республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің облысымыздағы меншікті тілшісі, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры: – Несіпбек Дәутайұлы – қазақ әдебиетіндегі биік тұлға. Ол кісінің есімін ардақтау өзіміз үшін, қалың оқырмандары үшін қажет. Жазушы артына үлкен әдеби мол олжа қалдырды. Деңгейі биік қаламгер болды. Халықаралық Еуразия жазушылары қауымдастығының Құрметті мүшесі атанды. Бұл – үлкен деңгей. Бірнеше халықаралық, республикалық прозашылар байқауында топ жарды. Жеңімпаз болды. Қазақтың барша маңдайалды, таңдаулы жазушылары құрметтеп, Несағаның алдынан кесіп өткен жоқ. Жас қаламгерлерді қолдауға қашанда асығып тұратын. Менің Несіпбек Дәутайұлы атындағы республикалық прозашылар байқауы (25 пен 40 жастағылар арасында) өткізіліп тұрса деген ұсынысым бар. Жазу атындағы шәкірт ақы тағайындалса. Шерхан Мұртаза атындағы облыстық «Руханият және тарихтану» орталығынан ашылатын бұрыш, яғни, Несағаңа арналған бұрыш тез ашылып, жазушының деңгейіне лайық жабдықталуы керек деп ойлаймын. Көшеге, ауылға есімі берілсе. 75 жылдығы да лайықты аталуы керек деп білемін. Қазақтың Несіпбегіне қандай құрмет көрсетсе де артық емес. Ардақ ҮСЕЙІНОВА, республикалық прозалық шығармалар байқауының жүлдегері: – Қазақта мүйізі қарағайдай мықты ақын-жазушылар бар. Бәріне ортақ. Бәріне қадірлі. Сөйте тұра Әбішті туған өлкесі ерекше қадір тұтады. Абыз санайды. Фаризасын сыйлап өтті. Рахымжанын құрметтеді, жыл сайын Отарбаевтың шығармашылығына арналған әдеби сын байқауын өткізеді. Жастар арасында жазушының шеберлігін ашатын республикалық эссе байқауын ұйымдастырды, халықаралық театр фестивалі тағы бар. Шығармашылығын насихаттау үшін арнайы сайт ашты. Университеттерінің бір оқу залын жазушының есімімен атады. Рахымжан Отарбаев атындағы стипендия беріледі жыл сайын. Айта берсе, көп. Мұның бәріне жазушының жары Сәуле Отарбаева мұрындық болып отыр, ал жергілікті биліктің қолдауы ерен. Батыста орталарындағы ерке ақын Светқалиын сұмдық сыйлап, төбелеріне көтереді. Сол батыс өлкедегілер Жамбылдың Несағасын ерекше сыйлады, құрметтері ерен болды. Кезінде Н.Ноғаев Атырауды басқарып тұрғанда 70 жас мерейтойыңызды біз өткізейік деп қолқа салған. Светқали Нұржан «Бар қазақты қамтып сүйген Әулиеатаның соңғы әулие-әмбиесі» деді. Арқадағы Серік Ақсұңқарұлы ше, «Табиғат, Хамит, сендер Несағаны сақтаңдар, ол кие» деп неге айтты? Кеше ғана Ақтөбеден «Көкелеп» ақын Әлия Дәулетбаева іздеп келіп, қабірін сипап, қазақтың маңдайалды жазушыларының бірінің енді ортамызда жоғына сенер-сенбесін білмей қайтты. Бағашар да келді, Несағасын іздеп. Алматыдан ақын Мақсат Мәлік те келген жаназаға, таңға көз ілмедім деп күрсініп. «Түнгі екіде қоңырау шалсақ та, әкем дейтін қамқор үнді естімейміз енді, түнгі екіде қоңырау шалсақ, кім енді біздің әңгімемізді тыңдайды», – деді. Бұл өзім естіп-көріп жүргенім, Несағаға деген құрмет қай өңірде де бөлек. Ендігі әңгіме – сол құрметті өзіміз көрсете аламыз ба?! Иә, шынында Несіпбек Дәутайұлына біз қандай құрмет көрсете алдық? Біз осы орайда жазушының 75 жылдығына дайындық жұмыстарының барысын білмек болып облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбайға да хабарласқан едік. «Облыстық кітапханаларда бірқатар жоспарлар бар. Алда да бірқатар іс-шараларды ойластырамыз. Негізі, бұл мәселеге облыстық ішкі саясат басқармасы да жауапты» деді. Біз жазушының туған ауданы Қордай ауданы әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Нұрғали Әшірді сөзге тарттық. «Аудандағы бірнеше кітапханада Несіпбек Дәутайұлын еске алуға арналған іс-шаралар өтеді. Мәдениет үйлерінде де бірқатар жиындар өткіземіз. Дайындық шаралары енді қолға алынады» деді. Біз жазушының отбасына да хабарласқан едік. Өкінішке қарай, жұбайы Әмірхан Дәутаева сырқаттанып жүруіне байланысты байланысқа шыға алмады. Қызы Жазира жазушы жайлы мәселе көтеріп жатқанымызға алғысын білдірді. Азамат НЕСІПБЕКҰЛЫ, жазушының ұлы: – Бұйырса «Жамбыл» журналы тоқтамай шыға береді. Мен қазір журналды өзімнің атыма аударып, мұрагерлік жұмыстарымен айналысып жатырмын. Құдай қаласа, жазда әкемізге арнап ас береміз. «Жамбыл» журналын шығаруды жалғастыру сол астан кейін жүзеге асады. Мүмкін, мықты бас редактор іздестірермін. Бірақ, әкем қалыптастырып кеткен «Жамбыл» журналын тоқтатпаймыз. Шығатын болады. ТҮЙІН: Міне, осылайша бұл мәселені де біраз зерделеп, көптеген кісілердің пікірін білдік. Бәрі де Несағаңды құрметтеп, ол кісіге деген көзқарастың жоғары болуы керектігін, есімін ардақтауға арналған іс-шаралардың тоқтамау керегін айтады. Белгілі дәрігер-хирург, қаламгер, медицина ғылымдарының докторы Сағындық Ордабеков: «Несіпбек Дәутайұлы қайталанбас, сирек жазушылардың бірі. Шерхан Мұртаза атындағы «Баспасөз үйіндегі» бірінші қабатта бірнеше жыл тұрып, «Жамбыл» журналын шығарды. Сондықтан осы баспасөз үйінің сыртына құрмет тақтасы орнатылса, көшеге есімі берілсе» деген ұсынысын айтты. Шәкірттері, ізбасар інілері ақындар Ахметжан Өзбеков, Табиғат Абаилдаев, Нұржан Қадірәлі: «Жамбыл» журналы тоқтамасын. Несағаңның есімі жоғары деңгейде құрметтелсін» дейді. Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулеттің, қазақтың үлкен ақыны Ғалым Жайлыбайдың Әулиеатаға келген сайын бірінші іздейтіні Несіпбек Дәутайұлы ағамыз еді. Қазақ әдебиетіне үлкен олжа салған Несіпбек Дәутайұлының еңбегі қашанда ерен. Несағаңның мерейтойы тек кітапхана, мектептердегі күнделікті іс-шаралармен ғана өте шықпауы тиіс. Өйткені «Кімің бар?» дегенде «Несіпбек ағамыз бар» деп мақтанышпен айта алатындай дара тұлға болатын. Нес-ағаңның мерейтойына да соны соқпақ керек. Үлкен деңгей қажет. Облыстың идеологиясы қандай деңгейде екені міне, осы сәтте сыналса керек. Қалай айтсақ та жазушының 75 жылдығы жоғары деңгейде тойлануы тиіс.

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар