Менің университеттерім

Менің университеттерім
ашық дереккөз
Менің университеттерім
Журналистикадағы алғашқы тәлімгерім – ұстазым Шашубай Досмайылов. Ұзақ жыл Шу ауданының Көктөбе ауылындағы Жамбыл атындағы орта мектепте абыройлы ұстаздық еткен, осы мектепті басқарған ағайым бүгінде зейнет демалысында. Алғашқы әскери дайындық сабағынан беретін Шашубай ағай сабағын беріп, үйіне қайтып кетпейтін. Күні бойы шәкірттерінің ортасында түрлі баст ама ларға мұрындық болып жүретін. Сыныбымызда театр үйірмесін құрып, бізді өнерге баулыды. Тоғызыншы сыныпта еңбек бригадасын ұйымдастырып, ауыл маңынан он сотық жер алып, қант қызылшасын баптатып, еңбекке баулыды. Соның арқасында бригада мүшелері ару Алматыда бір апта тегін демалып қайттық. ҚазМУ-дің филология факультетін бітірген, «Жұлдыз», «Жалын» журналдарына рецензиялары шығып тұратын, әдебиетке жақын ағайымыз бізді шығармашылыққа баулыды. Жазуға икемі бар-ау деген шәкірттеріне тапсырма беріп, қабырға газетіне, аудандық газетке мақалалар жаздыртатын. Бір мерекеде маған да тапсырма беріп, аудандық газетке мақала жаздырды. Шағын ғана ақпаратымды газет бетінен көргенде төбем көкке бір елі жетпей қалғаны әлі есімде. Одан кейінгі тәлімгерім – аудандық «Шу өңірі» газетінің қызметкері марқұм Жақан Қожағұлов көкем әскерде жүргенде жіберген екі әңгімемді газет бетінде жариялап қана қоймай, елге орала салысымен шақыртып алып, газет редакторы Рахметіллә Құдабаевқа кіргізіп, «жұмысқа қабылдайық» деп ұсыныс жасаған еді. Осылайша жиырма жасымда дипломсыз-ақ аудандық газетте бір жыл жұмыс істеп, шыңдалдым, тәжірибе жинақтадым. Жақан көкем шығармашылық жағынан ақыл-кеңесін беріп қамқорлық жасаса, Рахметіллә көкем журналистикадағы «сарыауыз балапан» мені азулы мекеме, колхоз, совхоз басшыларының басынып кетпеуін қадағалап, қамқорлық жасады. Бір жолы редакторым өзімнің туған ауылымдағы Әбжан Қамшыбаев деген атақты шопан туралы жазуды тапсырды. Ауылдың кеңсесіне келіп, парторгке жағдайды айттым. Менің түріме қарап баласынды-ау деймін: «Көлігім бұзылып қалды, гаражға барсаң жайлауға көліктер жүріп жатыр, солардың бірімен барып келерсің», деп шығарып салды. Гаражға келсем, жігіттер: «Жайлауға жетуін жетерсің, бірақ ол көлік сені күтіп отырмайды ғой, келесі көліктің қашан баратынын бір Құдай біледі, апталап күтіп жатасың ба?» деп күледі. Редакцияға қайтып келіп, редакторға болған жайды айттым. Рахаң дереу телефон шалып, «Сіз не, аупартком органын менсінбей отырсыз ба? Олай болса мәселеңізді бюрода қарайтын боламыз», деп парторгтің шаңын қақты. Аржақта парторг: «Рақа, кешіріңіз, бір әбестік болды, өзім алып барып келемін», деп шырылдап жатыр. Сөйтіп ертеңінде жайлауға өзі алып барып келген еді. Иә, Рахаңның жақсылығы аз болған жоқ. Келесі жылы «Алматыға оқуға барсам қалай қарайсыз?» дегенімде редакцияда тілші кадрлардың тапшылығына қарамастан «Дипломсыз болмайды, оқып кел», деп ақ батасын беріп, шығарып салды. Бірінші курстан кейін аудандық газетке өндірістік тәжірибеден өтуге келгенімде жұмысқа қабылдап, еңбекақымды бергізді. Сыптай киініп жүретін, жұмыста талапшыл, қызметте қатал Рахаңның білікті басшы, іскер ұйымдастырушы ғана емес, керемет журналист, тамаша очеркист екенін кейін облыстық газетте бірге жұмыс істеген жылдары біліп әрі таңғалған, әрі тәнті болған едім. Мөлдіретіп жазған очерктері әңгімеге бергісіз болатын. Төртінші курстан кейін өзіміздің облыстық «Еңбек туы» (қазіргі «Ақ жол») газетіне өндірістік тәжірибеден өтуге келдім. Алматыдағы басылымдардың бірінде-ақ өтуге болар еді, бірақ әке-шешем: «Онда Әлдихан деген көкең бар, өзіміздің бала, көмектесер», деп болмады. Жамбыл жәкемнің атындағы қалада бірінші рет болуым еді, орталықтағы редакцияны іздеп тапқанымша түс болды. Келсем, дәліз жағалай есіктердің бәрі жабық. Орта тұстағы бір есік қана ашық тұр. Жайлап қарап өттім. Үлкен столдың басында орта бойлы толықша келген кісі отыр. Әке-шешемнің сипаттамасына келеді. Маған барлай қарады. Тағы өтіп бара жатыр едім: Әй, бала, кір, – деді жұмсақ сөйлеп. Кірдім. Сәлемімді алғаннан кейін: – Сен осы Кербұлақтағы Сабырдың баласы емессің ба? – деп сұрады. Сенер-сенбесімді білмедім. Мені өмірі көрмеген, көру былай тұрсын бұл дүниеде бар екенімді білмейтін адам дөп басып танып тұр! Қалай таңғалмайсың! – Иә, аға, сол Сабырдың баласымын. – Ә, бәсе, ұқсап тұрсың, – деді жымиып. Әлдекеңнің бұл сұңғылалығының сырын кейін кітаптарын, шығармаларын оқығанда білдім. Қызмет бабымен қалада тұрақтап қалғанымен «кіндігі» ауылда байланып қалған екен. Қалалық болса да ауылдың тыныс-тіршілігін, ауыл адамдарының психологиясын жақсы білетін. Бар бітім-болмысынан ауылдың исі, әр шығармасынан ауылға деген сағыныш лебі аңқып тұратын. Расында да, Әлдекең көп қамқорлық жасады. Бірақ ол рухани қамқорлық еді. Өмірімнің түйінді тұстарында ақыл-кеңестерін беріп, жол көрсетіп отырды. Аудандық газетте жұмыс істеп ысылып қалған мен үшін облыстық газетте өндірістік тәжірибеден өту қиын болған жоқ. Редакция тапсырмаларын шұғыл әрі ойдағыдай орындауға барымды салдым. Оным ұнаған болу керек, өндірістік тәжірибені аяқтап, қайтар кезімде газет редакторы Арғынбай Бекбосын қарсы болмасам, оқуымды аяқтаған соң, университет басшыларына жұмысқа шақырту қағазын жіберетінін айтты. Қуана рақметімді айтып жүріп кеттім. Бірақ бесінші курста жағдай өзгерді. Бізге республикалық «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінің редакторы Уәлихан Қалижанов келіп дәріс оқитын. Ұстазымыз дәріс оқып қана қоймай, ішіміздегі осыдан бірдеме шығады-ау деген төрт жігітті көземелдеп жүреді екен. Жыл бойы әрқайсымызға тапсырма беріп мақала жаздыртып, газетіне беріп тұрды. Топтасып жұмысшы жастар жатақханасына барып, пікірталас ұйымдастырып, бет-бет мақала жазған кездеріміз де болды. Диплом қорғайтын тұста «Лениншіл жасқа» жұмысқа шақырды. Бұл екінің біріне жасала бермейтін ұсыныс еді. Бірақ... ауылдағы інім әскерге кеткен, ауру әкем мен қарт анама қарайласатын адам жоқ. Ойлануға мұрсат сұрадым. Ойлана келіп, жағдайымды айтып, жұмыстан бас тарттым. Сөйтсем қасымдағы үш жігіт те түрлі себептермен бас тартыпты. Уәлихан ағай бертінге дейін кездескенде ренішін айтатын. Амал қанша.. Ең «қызығы» – журфакты бізден бір жыл бұрын бітіріп, «Лениншіл жаста» жұмыс істеп жүрген жамбылдық Жақсылық Молдақұлов Уәлихан ағайдың мені жұмысқа шақырып жатқанын естиді де (өзі бір жағдайлармен Жамбылға жұмысқа ауысқысы келіп жүр екен) ауылға тартады. Арекеңе кіріп, менің «Лениншіл жаста» қалатынымды айтып, жұмысқа қабылдауды сұрайды. «Олай болса», деп Арекең қабылдайды. Бұл жайды мен оқу бітіріп келгенде бір-ақ білдім. Әрине, Жақсылыққа да реніш жоқ, мені «Лениншіл жасқа» жұмысқа шақырғаны рас қой. Енді не істеу керек? Арекең «ауданға барып жұмыс істей тұр, ары кетсе бір жылдан кейін қайта шақыртып аламын», деп кеңес берді. Өзіміздің Шуда бос орын жоқ екен, көршілес Мойынқұмды таңдадым. Арекең уәдесінде тұрып, бір жылдан кейін жұмысқа қабылдады. Осылайша 1988 жылдың қоңыр күзінде облыстық «Еңбек туы» газетіндегі ширек ғасырлық қызметім басталды. Облыстық газетте мені екі нәрсе т аңға лдырды әрі тәнті қылды. Бірі – редакцияда жұмыс істейтін журналистердің ғаламат шығармашылық әлеуеті. Бірі – керемет очеркист, бірі – қан шығармай соятын фелетонист, енді бірі – сараптама жазудың шашасына шаң жұқтырмайтын шебері... Соған қарамастан кез келгені кез келген тақырыпқа қалам тарта алатын әмбебап. Мені осы шығармашылық оркестрдің «дирижері» бас редакторымыз Арғынбай Бекбосынның әр сөзі тасқа қашағандай мақалалары тәнті қылатын. Көзі тірісінде-ақ қазақ балалар әдебиетінің классигі атанған Әлдихан Қалдыбаевтың, бір өзі бір редакция Бақытяр Әбілдаевтың, өнер әлемі, театр туралы тереңнен толғататын Елен Әлімжанның, ұлт тағдыры, тіл тағдыры туралы қанын шығарып жазатын Рахметбек Өзбековтің, жас журналист кезінде-ақ атақты Баукеңнен Бауыржан Момышұлынан сұхбат алып, ақ батасын естіген Қыстаубай Байтуовтың мақалалары, Рахметілдә Құдабаевтың мөлдірете жазылған очерктері мен үшін нағыз шығармашылық мектебі болды. Әріптес ағаларымнан журналистік шеберлікті ғана емес, тілшілік тегеурінділік пен табандылықты да үйрендім десем артық емес. Алдыңғы толқын ағаларымның ұлт, ел тағдырына қатысты түйінді сын тұстарда тегеурінділік пен табандылық танытқан кездері аз болған жоқ. «Горбачевтық жылымық» басталғанымен компартияның әлі де қылышынан қан тамып тұрған кездің өзінде Арекең осындай азаматтық танытып, Рахметбек Өзбековке арнайы тапсырма  беріп, ұлттық діл мен қазақ тілінің мүшкіл ахуалы туралы «Азаматтық диалектикасы» атты мақала жаздыртып, жариялап жіберді. Жазықсыз жапа шеккен ұлт қайраткері Асанбай Асқаровты ақтау қозғалысының бастауында да «Еңбек туы» тұрды. Тарихшымыз деп жүрген талай адам үйреншікті ленинизм, марксизм тақырыбында диссертация жазып жатқан «қайта құру» кезеңінің өзінде-ақ қазақтың күштеп ұмыттырылған талай тұлғаларын тарих тозаңынан аршып алған Бақытяр көкем облысымыздың орталығының көне атауы Тараз екенін дәлелдеп берді. Дәлелдеп қана қойған жоқ, осы азаматтық, тілшілік табандылығының арқасында жергілікті атқамінерлердің «бұл мәселені қозғамай-ақ қойыңыз» деген нұсқауына қарамастан, Елбасымен өткен жиында Жамбыл қаласына тарихи атауын қайтару туралы ұсынысын айтып, шаһар атының қайтарылуына мұрындық болды. Желтоқсан көтерілісінен кейін Кремльдің кәріне ұшырап, ақпараттық құрсауда қалған ұлт абызы Дінмұхамед Қонаевқа қазақ журналистерінің ішінде бірінші болып барып, жолығып, сұхбат алған Қыстаубай көкемнің табандылығы да нағыз ерлік  еді. Себебі Димаш Ахметұлының үйін күзететіндер кіргізбей қойған. Басқа біреу болса, бардым, кіргізбеді, арым таза деп қайтып кетер еді. Қыстекең қайтпаған, екі күн бойы есігін күзетіп отырған. Ақыры күзетшілер бірбеткей тілші туралы Димекеңе айтуға мәжбүр болған. Осылайша «Еңбек туында» сұхбат жарияланып, қайраткерді құрсаған ақпараттық сеңнің көбесі сөгілген болатын. Бір ғажабы редакциядағы тілшілер ғана емес, басқа қызметкерлер де сайдың тасындай еді. «Облыста ауылдарды былай қойғанда мен бармаған бірде-бір бөлімше жоқ», деп орынды мақтанатын газетіміздің фотокоры Орлик Кимнің фоторепортаждарын айтпағанда, әр суретінің өзі бір мақала болатын. Марқұм Орлик Николаевич өзінің фотоаппаратымен және талантымен Әулиеата өңірінің тұтас бір кезеңінің фотошежіресін жасап кетті. Рая апай бастаған машбюро қызметкерлері Райхан мен Сейдімкүлдің жұмысына да көпке дейін таңданып жүрдім. Өйткені олар нағыз өз ісінің шеберлері еді. Кез келгені уақыт қысқанда сала құлаш мақаласын машинкаға диктовка жасай салатын редакция тілшілеріне қамшы салдырмай ілесіп, басып беретін жылдамдықтарын былай қойғанда қолмен жазып апарып берген мақалаларымыздың анау-мынау қателерін өздері-ақ түзетіп жібере беретін. Қалай таңғалмайсың, қалай тәнті болмайсың! Осындай журналистика алыптарының ортасына түскенде «Кезінде дипломсыз аудандық газетте жұмыс істеген, «Лениншіл жаст а» мақа ла ларым жарияланған мықтымын» деп арқырап келген арыным басылып қалды. Өзімді көрсетпесем, «өгей бала» болып қалатынымды сезіп, барымды салдым. Көрсете алған сияқтымын. Бір жолы ғана мақаланы кешіктіріп, Жақаңның - Жақсылық Сәтібековтің қаһарына  ұшырағаным болмаса. Халықаралық әйелдер күніне орай бет беретін болып, бөлім басшысы Жақсылық Сәтібеков теміржолшы келіншек туралы суреттеме жазуды тапсырды. Сол күні кейіпкеріммен жолығып, қажетті деректерді алдым. Мақаланы алдымен басымда «пісіріп» алатын әдетім бар еді. Үйге жеткенше «дайын» болды. Бірақ бойдақта ес бар ма? Ерте тұрып, жазып тастармын деп, достармен бешірлетіп кеттім. Қара басып, азанда ұйықтап қалыппын. Атып тұрып, бір жарым беттік «дайын» мақаланы қағазға түсіріп, редакцияға ұштым. Жол-жөнекей машбюроға тастап, бөлімге келсем, Жақаң қаһарланып отыр екен. Сөзбен осып-осып жіберді. – Мақала қайда? – Машбюрода... – Бар, алып кел! Алып келдім. Көз жүгіртті. Байқаймын, жүзі жыли бастады. – Секретариатқа апарып бер, бетке салсын, – деді оқып шыққан соң. Бұл жолы дауысы жылы шықты. Үһ, дедім... Универде оқып жүргенімізде деканымыз Темкең – Темірбек Қожакеев «Тақырып, тақырып тұрсын ақырып», деп оқытатын. Редакцияда редакторымыздың да тақырыпқа аса қатты мән беретінін байқадым. Арекең өзінің мақалаларының тақырыптарын аса бір шеберлікпен қоятын. Америка сапарынан жазған, кейін кітапша болып шыққан жолсапар мақаласына «Жетіқарақшысы жоқ аспан» деп қойды. Ол кезде мүлдем таңсық, көз алмай қарайтын ғажап әлем Құрама штаттарда жүріп, аспанында жетіқарақшысы жоқ екенін аңғарған сұңғылалығына қайран қалғаным, шіркін сондай болсам, деп армандағаным әлі есімде. Арекең өзі тамаша тақырып қоюмен қатар, өзгелерден де соны талап ететін. Елең еткізер бейнелі тақырып қойылған мақалаға балаша қуанатын. Бір жолы қара күзде Қордай ауданына мәдениет ошақтарының қысқа дайындығы туралы мақала жазуға бір аптаға іссапарға жіберді. Келген соң жазған мақалама «Өлі шеңбер немесе алты ай қысқа алты күн командировка» деген тақырып қойдым. Арекең әбден риза болды. Лездемеде «міне тақырыпты осылай қою керек» деп мақтағаны есімде. Облыстық газетте мені таңғалдырған әрі тәнті қылған екінші жайт – аға буынның жас қызметкерлерге деген ерекше қамқорлығы. 1990 жылы облыста телеарна ашылып, келесі жылы облыстық телерадиокомитетке Елен Әлімжан төраға болып барды. Жазға салым Елаға мені жұмысқа шақырды. «Пәтерсіз жүрсің ғой, бізге оншақты пәтер бергелі жатыр. Жұмысқа кел, біреуін саған береміз», деді. Керемет ұсыныс! Бірақ... Арекең жібермейді-ау, деп ішім қан жылады. Оның себебі бар еді. Соның алдында «үш әріп» қызметі Жақсылық Молдақұловқа құда түсіп, жұмысқа алып кеткен. Одан кейін маған «құда түсті». Оны естіген Арекең бұлқан-талқан болып ашуланды. Алдына мені отырғызып қойып, ҰҚК-ның жергілікті басшысына телефон шалды. Біраз дауласты. Тәуелсіздіктің елең-алаңы еді ғой, аржақтағы бастық «қызметкерлеріміздің көбі Ресейге кетіп қалды, бізге жаңа кадрлар қажет», деген болу керек, Арекең: «Сонда тәуелсіз Қазақстанға жас журналист кадрлардың керегі жоқ па? Үміт артқан жастарымыздың бәрін алып кетіп жатырсыңдар, біз сонда кіммен жұмыс істейміз? Болмайды!», деп телефон тұтқасын қойды да «жұмысыңды істей бер, бармайсың», деді. Редакторымның сол ашуын білетін мен Арекеңнің тағы да ашуланатынына сенімді едім. Сондықтан телеарнаға жұмысқа шақырып жатқанын өзім айтуға батпадым. «Арекеңе өзіңіз айтып түсіндіріңізші», деп Елағаға қолқа салдым. Ертеңіне Арекең шақырды. Дірілдеп-қалтырап кабинетіне кірдім. Бірақ жүзінен ашу, реніш байқалмады. «Елен айтты, сені жұмысқа шақырып жатыр екен. Шиеттей балаңмен пәтер жағалап жүргеніңді білемін. Оңай емес. Егер пәтер беретіні рас болса бар, ренжімеймін. Пәтер алғаннан кейін қайтып келемін десең, әрдайым есік ашық», деді жаймашуақ. Қалай қуанғанымды айтып жеткізу қиын. Рақметімді айтып, алып-ұшып телеарнаға келдім. Жарты жылдан аса жұмыс істедім. Бірақ билік телеарнаға пәтер бөлуді соза берді. Бұл жылы баспаналы болудан үмітім үзіліп, ұнжырғам түсе бастаған тұста Арекең қоңырау шалды. «Қуаныш, жақсы жаңалық бар. Қалалық әкімшілікпен келісім бойынша облыс орталығы туралы арнайы бет беріп келе жатқанымызды өзің білесің. Соның өтеуі ретінде билік редакцияға бір пәтер бөлмек. Қайт, сол пәтер сенікі болады», деп қысқа қайырды. Бір жағы баспаналы болатынымды ойлап қуансам, екінші жағы «Елағаға қалай айтамын? «Шыдай тұрмадың ба, біз де беретін едік қой», деп ренжиді-ау», деп қиналдым. Алайда Елаға да түсіністік танытты. «Қолымда болса, жұмысқа келген күні-ақ пәтер берер едім, әкімшілік созып жатыр. Түсінемін, баспана беретін болса ойланба, бар, ренжімеймін», деп ризашылығын білдіріп шығарып салды. Содан «Еңбек туына» қайтып оралдым. Арекең уәдесінде тұрып, әкімшілік бөлген пәтерді бергізді. Арекең өзі басқарып отырған газеттің қамын ойлап, Елаға аяғынан жаңа тұрып келе жатқан телеарнаның жайын ойлап, «түбі бір баспаналы боласың ғой, осында жұмыс істей бер», десе қала берер едім. Бірақ асыл ағаларым олай етпеді, бірінші кезекте менің жағдайымды ойлады. Жас маманға деген нағыз қамқорлық осы емес пе?! Ал шешілмей тұрған мәселемізді айта қалсақ, өкіметтің жұмысын да, отбасының тірлігін де ысырып қойып, мәселемізді шешпейінше тыным таппайтын Бақытяр көкемнің жақсылығын редакцияның жас қызметкерлерінің бәрі көрді десем артық айтқандық емес. Жалпы алдыңғы толқын ағаларымыздың кез келгені көмек қолын созуға, материалдық та, рухани да демеп жіберуге дайын тұратын. Өз тұстарында «Ақ жолдың» абыройын аласартпаған, қайта асқақтата түскен әріптес ағаларымның әрқайсысы осылайша мен үшін журналистік шеберлікке де, биік адамгершілікке де баулыған бір-бір университет болған еді...

Қуаныш ИЕМБЕРДИЕВ,

«Aq jol» газетінің 2013-2014 жылдардағы бас редакторы.

 

Ұқсас жаңалықтар