Атыңнан айналайын,«Ақ Жол» деген!

Атыңнан айналайын,«Ақ Жол» деген!
ашық дереккөз
Атыңнан айналайын,«Ақ Жол» деген!
Біздің ауылдың үлкен кісілері бірдеңе оқып, жазып, түртінектеп жүретін талабы бар баланы «ішінде тынжысы бар» деп көтермелейтін. Солар айтқандай, «жазу» деген тынжы маған бәлкім алтыншы, бәлкім жетінші сыныпта оқып жүргенде жабысты. Сегізіншіде шимай-шатпаққа өзімше «төселіп» қалғанмын. Әдетте, қазақ қаламгерлерінің тырнақ алды дүниесі – өлең болады. Ол менің басымнан да өтті. Алтыншы оқып жүріп жазған алғашқы өлеңімнің алғашқы шумағын әлі ұмытқам жоқ. Ол: Көктем келді күлімдеп, Жер түрленді гүлденіп. Самал желмен шайқалып, Жас қайың тұр жайқалып, – деп басталатын. Ақындар өлеңді жазып біткенде бір рахаттанса, газетке басылып шыққанда екінші рет рахаттанады. Мен де тырнақ алды «дүниемнің» «рахатына» батып, «даңқына» бөлену үшін өлеңімді «өрем» жететін газеттерге түгел жолдадым. Бірақ қырсық шалғанда, ешқайсысы баспай қойды. «Қош-есен бол!» деп сәлем хат та жолдамады. Тек «Қазақстан пионері» ғана «көңіл айтты». Оған да мың рақмет. Бір жапырақ қағаздың астына «К.Ахметова» деп қол қойылыпты. Ол кезде ақын апамызды танымаймын. Хаттағы ақыл-кеңестен есімде қалғаны «тақырып таңдама» деген сөз. Бірақ бұл «сөздің» мағынасы ол кезде мен үшін мүлде түсініксіз еді. Қазір ойласам өзімнен өзім күлем, әлгі өлеңді көктем сайын жібере береді екем ғой. Содан 6-сыныпта ма, 7-сыныпта ма, «пьеса жазуға» отырайын. Оған Шона Смаханұлының балаларға арналған скетчі түрткі болды. Оны да «Қазақстан пионерінен» оқып алғам. Ұстазым Есалы Қырықбаев – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беретін ақынжанды азамат болатын. Газеттерге өлең, очерктері жиі жарияланып тұратын. Сол кісі «пьесамды» жатып кеп мақтады да, «мектеп сахнасына қоямыз» деп шешті. Сөйтіп, сыныптас досым Асқарбек Айдаров екеуміз скетчті Жаңа жыл кешін тамашалауға келген ата-аналар мен ұстаздарымыздың назарына ұсындық. Шәкіртінің бұл «жетістігіне» қанағаттанбады білем, ұстазым «бұл дүниені енді «Қазақстан пионеріне» жібер» деді. Менің ол газеттен көңілім қалғанын қайдан білсін. «Онда Ескен Елубаев деген ақын досым бар. Менің курстасым. Шығарады» дейді. Өйткені «пьесаның» ішінде бір кейіпкерім осы ақынның өлеңін айтатын. Жібердім. Бірақ бұл «шедевріме» де редакциядан «иә дұрыс, иә бұрыс» деген хат-хабар келмеді. Осы скетчімді ержеткенше сары майдай сақтап келдім де, әбден көңілім қалды ма, кейін біржола көзін құрттым. Сөйтіп, оныншыны бітірдім. Мектепті бітіретін жылы көктемде Балатай Байлашов деген әдебиеттен сабақ беретін ұстазымыз «Кім болам?» деген еркін тақырыпта шығарма жаздырды. «Баға қойылмайды, жай әшейін өскенде кім болатындарыңды, мектепті бітірген соң қандай мамандық таңдайтындарыңды жазсаңдар болды», – деп оқушыларды, тіпті, еркінсітіп қойды. Ұмытпасам шығармамды «Құдай қаласа апамның қара сиырын сатып, Алматыға барам да, ҚазМУ-дің журналистер даярлайтын фаультетіне құжат тапсырам. Қара сиырдың ақшасы «нысанасына» дөп тиіп, түсіп кетсем – түстім, ал топ етіп «құлап қалсам» ауылға келіп шөпке шығамын» деп бастадым. Сол кездегі шындықты жайып салғаныма біраз мұғалімдер (мысалы, физика пәнінен сабақ беретін Бегдан ағай) біразға дейін мені көрсе басын шайқап, еріксіз күліп жүрді. Қасқа сиырдың ақшасы ҚазМУ-дегі оқудың «сырттайына» ғана жетті. Арманым «іштей» оқу еді. Құдай «іштей оқуды» көп көрді. Ауылға келген соң, қарап жүрем бе, жұмысқа кірдім. Жұмысым – құрылыс бөлімшесіндегі қара жұмыстың бәріне қолқабыс беру. Бір күні бір бригаданы Жамбыл ауданы, Бірлесу Еңбек деген ауылдың қасынан қамыс оруға жіберді. Сонау Талас ауданының Жданов атындағы совхозынан қыстың көзі қырауда Бірлесу Еңбек ауылының маңына көшіп кеп киіз үй тіктік те, қамыс ора бастадық. Қамысты мұздың үстінде жүріп орамыз. Әлі есімде бір рет жұқа мұз ойылып кетіп, Асқарбек деген баяғы досым мұздай суға тізесіне дейін түсіп кетті.Мен мұның бәрін неге тәптіштеп отырмын? Қазір не көп, «жазушы», «журналиспін» деп кеуде қаққан жазармандар көп. Бәрі «классиктер». Жақында бір ағаға сәлем бере барсам солардың бірінің «кітабы» үстелінде жатыр. Парақтап отырып қарадүрсін сөздеріне ұялдым. Ана төбеге бір, мына төбеге бір шоқайып, түк бітірмегендер қазір «жазуға» көшті ғой. Ал ой-өре, сауат-сана деген мәселе «екінші планға» ысырылды. Кей күндері Жуалы жақтан Алатаудың айсберг сияқты әппақ шыңдары анық көрінеді. Сонда мен сұлу тауға ғашықтарша ұза-а-ақ қарап тұратынмын. Бір күні өлең туды. Алғашқы шумағы мынандай: Айбарлы Алатауым асқар биік, Секілді зеңгір көкке тұрған тиіп. Ақша бұлт ару шыңға ғашық тіпті, Алады ауық-ауық құшып сүйіп. Қамыстың лаулаған жалынына жылынып отырып Асқарбекке оқып беріп едім, ол: «биік, тиіп, сүйіп» деген ұйқастарың онша емес» деп бетін тыржитты. Дегенмен бас аяғы 3-4 шумақтан тұратын өлеңді жерге тастаймын ба, «нартәуекел» деп «Еңбек туына» жолдап кеп жібердім. «Еңбек туы» деп отырғаным осы күнгі өздеріңіздің «Ақ жол» деген газеттеріңіз. Өйткені Алматының газет, жорналдарынан жол болмай, көңілім қала берген соң, «алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала» деп аудандық, облыстық газеттерді «бомбалай» бастағанмын. Аудандық газет – «Ленин жолы», облыстық газет – «Еңбек туы». Бірақ Асқарбек жақтырмаған соң «Алатаудың» да жолы болып, оп-оңай жариялана салатынына күмәндімін. Аудандық, облыстық газеттердің бір «жаман» жері мақала, репортаж дегенді басуға келгенде «ләппай» деп тік тұрады да, ал өлең, новелла, әңгіме десе «кежегесі» кейін тарта қалады. Бірақ бір қызығы, Алатауға арнаған өлеңім ең алғаш рет осы «Еңбек туына» жарқ етіп шыға келді. Мен бұл қуанышты күнді сірә да ұмытпаспын. Бұл – 1979 жылдың күзі болатын. Жасым болса он тоғызда еді. Содан бастап бұл газет мен үшін ақжолтай хабардың жаршысы сияқты көрінеді де тұрады.
Арада 7 жыл өткенде тұсауымды, өлеңімді жариялап кескен «Еңбек туына» қызметке келдім. Оған келуіме өнеркәсіп бөлімінде тілші боп жүрген белгілі журналист Әбілдә Сәрсенбиевтің де көмегі тиді. Өйткені аудандық газетте жүргенде хабарласып, «бос орын болса, дереу айтыңыз» деп қойғам. Әбекеме рақмет, ауыс-түйіс боп жатса тез хабарлай қояды. Мен болсам сол кездегі қаптаған қызыл «Икарустердің» біріне отыра сап, Ақкөлден жетіп келем. Бірақ мен сияқты үміткер көп, ылғи жолым болмайды. Бір күні Жамбыл жақтан «редакцияда бір орын босады» деген хабар тағы жетті. Жетіп келдім. Кейбір абитуриенттер емтиханнан жылда «құлап», бірақ қайта-қайта барып жүріп түсіп кетуші еді ғой, сол сияқты мен де облыстық газет редакциясының табалдырығын тоздырып жүріп «Еңбек туының» үлкенді-кішілі журналистеріне түгел «танымал» болып қалғанмын. Сол кездегі жас ақын-жазушы, журналистерден Асқаржан Сәрсек, Мұрат Сыздық, Толымбек Әлімбек, әрине, маған үнемі «Костя, Жамбылға қарай «ұш», бір орын босады» деп, хабар жеткізіп тұратын Әбілдә көкеммен жора-жолдастардай араласып кеткем. Бас редактор Арғынбай аға да қаламымның қарымын байқады білем, алқа мүшелері алдында бір-екі мақаламды мақтап, сол жолы жұмысқа алды. Редакторлардан да жолым болды. Аудандық газеттегі Әбдірахман Әбдірәсілов, облыстық газеттегі Арғынбай Бекбосынның газетке деген пейілі бөлек еді. Жақсы дүниені жазу үстелінде жатқызбайтын. Әңгіме, өлең жазатын қызметкерлерін бағалайтын. Мәселе көтере білетін журналистердің де шоқтығы өзгелерден биік жүруші еді. Балалар жазушысы Әлдихан Қалдыбаевтың қасында жүру де қанат бітірді. Қордайдағы меншікті тілші Несіпбек Дәутаев ҚазМУ-де бір курсты сырттай бірге оқыған «студенттік дос» қой, ол кісінің жазу мәнерінен де көп үйрендім. Ақын Олжас Сүлейменов ол кезде «шер тарқату» үшін Мәскеудегі достарын іздеп кетсе, Несіпбек Алматының ақын-жазушыларына жақын жүретін. Повестері жыл сайын жүлде алып жататын. Менің Нәкең құсап жүлде алғым келді. Бірақ жүлде құр арманға беріле салмайды. Ойлану керек, жазу керек, жазу үстінде қиналу керек. Жақсы дүние туса, жүлде қашпайды. Талас аудандық «Ленин жолы» газетінде жүргенде ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Сәулембай Әбсадықовтың жұмысына тиянақтылығынан, мақала жазудан шаршамайтын еңбекқорлығынан көп нәрсе үйреніп ем, облыстық газетте арқалы ақын Жақсылық Сәтібеков, белгілі журналистер Қыстаубай Байтуов, Болат Мәуленов, Тұрсынхан Толқынбаевтар бөлім басшыларым болды. Олардан да көп нәрсе үйрендім. Мен «бәрін өзім біліп тудым» деп ешқашан айтқан емеспін, айтпаймын да, бойымнан бір процент талант табылып, ал оның қалғаны еңбек болса, сол еңбектің үлгісін осы ағаларға еріп жүріп, шығармашылық ізденістерін көріп жүріп үйрендім. Ақын Жақсылық Сәтібековтің бір жақсы әдеті – сенбі, жексенбі күндері кабинетіне келіп, бірдеңелер жазып отыратын. Осы әдет маған ұнады. Мен де бастығыммен қабаттасып сенбі, жексенбі күні кабинетке келіп жазатынды шығардым. Бір күні «Знамя труда» газетіне қарап отырсам, төртінші беттің жартысына жуығына жарнама басылыпты. Ол кездегі жарнаманың жайы белгілі, жол қауіпсіздігі ережелерін балаларға үйрету үшін ақыл-кеңес айтылып, суреттер салынатын. Қарасам бағдаршам «қолына» ала таяқ ұстап, балаларға жол сілтеп тұр. Ой табан астында келді. Бағдаршамды балалармен ойнатып неге ертегі жазбасқа? Содан Жақсылық аға  бір бөлмеге, мен бір бөлмеге отырып алып, жарысып жазатынды шығардық. Бір айдың о жақ, бұ жағында «Елгезек Бағдаршам, Ток-Қуат және басқалар» деген ертегі-повесті жазып бітірдім. Ең бірінші оқыған марқұм жазушы Мұрат Сыздықов болды. Ол қолымды алып, «жақсы дүние» деді де, жабық бәйгеге қалай жіберудің жолын үйретті. Бұл  –  1988 жыл болатын. Осы күні Әлем, Азия чемпионы болып елге танылған, олимпиадаға қатысқан Олжасым дәл осы повесті жазуды ойланып жүргенде дүниеге келді. Бұған дейінгі ұл, қыздарымның аттарын үлкендер қоятын. Ертегі-повесіммен бірге дүниеге келген балама ырымдап Олжас деп ат қойдым. Бұл атты «Ақ  жолдағы» Кеңес Рахметуллаев, Қыстаубай Байтуов, Болат Жаппаров, Берік Шамшиев, Асқаржан Сәрсек ағаларым мен Мейрамбек Сатыбалдиев сияқты ақын-жазушы, журналистер жақсылап тұрып «жудық». Осыдан ба, Кеңес аға дүниеден өткенге дейін мені көрсе «Олжас қалай?» деп сұрайтын. Мұны айтып отырған себебім, «Ақ жол» газеті «Алатауыма» атты өлеңімді ең алғаш рет жариялап, тұсауымды кессе, қазақ әдебиетінің қасиетті табалдырығынан тұңғыш рет аттатқан ертегі-повесім «Елгезек Бағдаршам, Ток-Қуат және басқалар» осы қара шаңырақтың қабырғасында дүниеге келді.
Сөйтіп жүргенде еліміз тәуелсіздік алды. Әрине, оның алдында біраз оқиға болды. Ол – 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі. Алматыдағы дүбір жай жатқан Жамбыл қаласына да жетті. Жамбылда да «ұлтшыл» жастар көп екен, партия мен комсомол комитеттерінің шолақ белсенділері білектерін сыбанып, шетінен «әшкерелей» бастады. Ондай «құқай» облыстық газет «Еңбек туынан» да шықты. Таңғалдық. Мен коммунист емес ем, жиналыстарына қатыса алмадым, әйтеуір партия бөлімінде әжептеуір қызмет істеп жүрген Байтанағали Төлентаев деген ағамыз бір күнде Жамбыл ауданындағы «Шұғыла» деген газетке «жер аударылды». Кім ұстап берді, кім «жер аудар» деп тапсырма берді? Осы жағы маған әлі күнге дейін жұмбақ. Әйтеуір еміс-еміс естігенім,  Байтанағали облгаздағы «газовик» достарына барып, Желтоқсан көтерілісін әңгіме ғыпты. Әңгіме ғып қана қоймай, Қызыл Кремльдің басып-жаншу саясатына қарсы пікір білдірген бе, Алашордашылар туралы, Сәкен Сейфуллин, Тұрар Рысқұловтар туралы да айтқан ба, әйтеуір, 1986-1987 жылдардағы облыстың белсенді коммунист хатшылары мен комсомол «атшыларына» жақпай қапты. Осы 17-18 желтоқсандағы сойқаннан кейін жаңа жыл мерекесі де таяп қалған. «Жаңа жыл күні түнде алаңға жастар жиналып кетуі мүмкін, сондықтан газетке кеп кезекшілік етесіңдер» деген жоғарыдан тапсырма келген екен, біраз адамдар түнгі сағат 00.00-ге дейін редакцияда отырдық. Анда-санда терезеден сыртқа қарап қоямыз. Алаң тым-тырыс. Он екіден кейін «қайта беріңдер» деді. Бүйтіп қайтқаны бар болсын. Автобустың бәрі тоқтап қалған. Ал мен Жамбыл-Қаратау-Жаңатас  теміржолының аржағындағы «барахолка» жақта пәтер жалдап тұрам. Оған жету оңай емес. Сонда да Ленин паркіне дейін (қазіргі Тұрар Рысқұлов атындағы саябақ) жаяу бардым да, 5 автобусты күттім. Анандай жерде ерлі-зайыптылар тұр екен. Бір кезде «Қуаныш» жақтан (бұрынғы тұрмыс қажетін өтеу комбинаты) айғай-шу шықты. Оның аржағында педагогикалық училище болатын. Солардың студенттері шығар «көтеріліп» жатқан деп ойладым. Бір кезде сол жақтан түр-түсі бөлек үш-төрт жігіт келді. Ентіккен демдеріне қарағанда біреулерден қашып келе жатқан сияқты. Біреуі кеп менен шылым сұрады. «Жоқ» дедім. Шынында темекі тартпаймын. Сөйтіп, оған ту сыртымды беріп бұрыла беріп ем, әлгі темекі сұраған сұмның қолында жасырып тұрған «торсы» (жіңішке ғып өрілген сымтемір) бар екен, мені басымнан тартып кеп жіберді. Құдай сақтағанда, сымтемірдің ұшы көзіме жетпей, қабағымды ғана тіліп өтті. Бетімді лезде қан жуып кетті. Олар болса қапелімде «жау түсіргендей» мәз боп, тапырақтап қаша бергенде аяғынан қағып үлгердім. Асфальт жолды мұрнымен сүзе құлады. Оның да беті қан-жоса. Тұра ұмтылып ем, ерлі-зайыптылар араға түсіп, ажыратып жіберді. Үш-төрт күндік демалыстан соң жұмысқа келдім. Көзімнің ісігі әлі қайтпаған. Оның үстіне қабағым тыртық. «Осылай да осылай болды» десем, ешкім сенбейді. Өйткені совет өкіметі кезінде жаңа жылдағы жарақат тек қана мас боп, төбелесуден болады деген түсінік қалыптасқан еді. Бірақ Желтоқсан оқиғасының салқыны екенін ешкімге дәлелдеп жатпадым. «Ақ жолда» жүріп тарихи оқиғаға тікелей қатысып, ұлтаралық дүрдараздыққа кішкентай болса да куә болғаныма тәуба дедім. Бас редакторым Арекең сын мақала мен мәселе көтеріп жазған журналистерді жақсы көретін. Сондықтан білімді журналист Рахметбек Өзбеков бастап, мен қоштап Жамбыл қаласында бір ғана қазақ мектебі бар болса, ал балабақша деген мүлде жоқ екенін мәселе ғып көп мақала жазып тастағанбыз. Бір күні Мәскеуде ГКЧП деген атпен «тамыз көтерілісі» бұрқ ете қалды. Ішімнен «егер мына ГКЧП жендеттері совет өкіметін қайта орната қалса (өйткені олардың үндеуін барлық мемлекеттік газеттер «жоғарыдан берілген бұйрық сондай» деп жарыса жариялаған. Бір ғана «Орталық Қазақстан» газеті баспапты, оны да кейін білдік), «ұлтшыл» ретінде сотталып, күніміз қараң болатын шығар деп  қауіптеніп жүрмін. Абырой болғанда, совет одағын қайта құрамыз дегендердің өздерінің көздері жойылды. Арқамыз ауыр жүктен, басымыз қорқынышты ойлардан арылды. Бір күні Арекең демография мәселесін көтеруіміз керек, сол жайлы ел оқитын, қолдайтын бірдеңе жаз деді. Бірақ өз атыңнан емес, көп баласы бар жас ананы «сөйлетесің» дейді. «Сөйлету» деген – бір адамның атынан мақала жазып шығу. Ал пытырлатып туғаны болмаса, демографиялық мәселені балаларының жөргегіне сүрініп жүрген келіншек қайдан білсін. Бір жас ананы таптым да соның атынан бар өнерім мен білімді салып жазып шықтым. Ішімнен «шіркін, өз атымнан жазғанымда ғой, есіл еңбегім-ай» деп қоям. Бірақ Арекеңе рақмет, таңертеңгілік «лездемеде» осы мақаланы алқа мүшелері алдында мақтап, кеңес ақшасымен 15 сом сыйақы бергізді. Ұшқан ұям – «Ақ жол» газетіне1986 жылы күзде алғаш рет  қызметке қабылданып, «облыстық газеттің  тілшісі» атансам, арада 28 жыл өткенде, 2014 жылдың 4 сәуірінде осы газеттің Директор-Бас редакторы болып тағайындалдым. Оған дейін республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі болатынмын. Ақжолтай «Ақ жолымда» сөйтіп бақандай 6 жыл басшылық еттім. Газет жаман болған жоқ. «Ақ жолдағы» ұстазым, басшым Арекең менің тағайындалғаным туралы бұйрықты ести салып түн жарымында ең бірінші боп құттықтаса, кейін газет ел ризашылығына бөлене бастаған кезде арнайы келіп: «Көсемәлі, сен газетті көтердің. Мен Баттал ағаң жиырма жыл басқарған газетке бас редактор болып келіп ем, ал сен мен осы жерден кеткен соң жиырма жылдан кейін бас редактор боп келіп отырсың» деп шын пейілімен риза боп кеткені бар.
Мұндай жақсы сөздерді алыстағы аудандарда тұратын оқырмандар да, ақсақалдар да, жастар да айтты. Газеттің таралымы 21 мың данаға дейін өсті. «Ақ жолдың» тарихи-танымдық экспедициясы» деген айдардың жетегімен Кекіліксеңгірге барып Хан Кене, Құланға барып Алма Оразбаева сияқты тарихи тұлғалар мен басқа да археологиялық жәдігерлерге қатысты көптеген қызықты сапарнамалар сериясы жарияланды. «Ақ жолдың» сенсациясы» айдарымен «Сталинмен бірге суретке түскен қазақ» деген мақала шыққанда да оқырмандар қатты риза болды. Отыз жетінші жылы жаптым жала, жақтым күйемен нақақтан-нақақ ұсталып, атылып кеткен ұлт жанашырларының бірі Оразәлі Жандосовтың туған қызы болса да, сонымен бірге Тараз қаласындағы жоғары оқу орнының ұлағатты ұстаздарының бірі ретінде танылса да сол тұстағы редакторлар мен журналистердің назарынан тыс қалып келген ардагер апамыз Раиса Жандосовамен алғаш рет әңгіме-дүкен құрып, Жандосовтардың отбасылық тарихи суреттерін жариялап, оқырмандарды риза еттік. Жоғарыда айтылған ГКЧП-ны ұйымдастырушы генералдардың үндеуіне Қазақстанда жалғыз өзі ғана қарсы шығып, «Орталық Қазақстан» газетінің бірінші бетіне қарсылық сөзін жазып, «егер билік тарапынан қуғындау болса, онда оған ұжым емес, мен кінәлімін» деп бар жауапкершілікті мойнына алған қаһарман редактор Нұрмахан Оразбековпен болған сұхбат та жұрт көңілінен шықты. Мұқағали Мақатаев, Асқар Тоқпановтың бірде тойынып, бірде торығып жүрген күндерінде жазған күнделіктерін де оқырмандарымыз қызыға оқыды. Аудандарға барғанда ардагерлер, мұғалімдер осы дүниелерді оқу арқылы алған әсерлерімен бөлісіп, рақметтерін айтатын. Сарысудан ұшқан сұңқарлар, Италия елінің атақты Ла Скала опера театрында ән салған жезтаңдай әнші Амангелді Сембин, өмірден жасындай жарқ етіп өте шыққан арқалы ақын Артығали Ыбыраев туралы эсселерім де толғандырды жұртты.  Туған-туыстары рақмет айтып, осы күнге дейін хабарласып тұрады. Бұлардан басқа түрлі тақырыптарға арналған беттердің өз оқырмандары да газетімізді іздеп, күтіп отыратын. Газеттің экономика, өнеркәсіп, өндіріс, кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы дейтін саласын өзің басқар деп, бөлім басшысы боп жүрген Ақылжан Мамытты бірінші орынбасар етіп тағайындадым. Ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Амангелді Әбіл екеуі «таласып-тартысып», «ұрысып-керісіп» жүріп әйтеуір бөлім жұмысын өрге сүйрей білді. Белгілі журналист ағамыз Болат Жаппаров аңқылдаған ақ көңілімен де, жазған мақаласымен де жастарға үлгі болды. Маңғаз қаламгеріміз Баймахан Ахметов те бөлім басшысы болды.
  Балалар әдебиеті мен сын-сықақ жанрына қал-қадерінше үлес қосқан Лесбек Сайлаубек те хаттар бөлімін басқарды. Журналистігі де мықты болатын. Оның «Жалын кешкен» деген әнін Қазақ радиосынан естіген сайын елпілдеп жүретін ақкөңіл мінезі ойыма орала  береді. «Тақтан түссе де, аттан түспеген» қаламгер-журналист ардагерлерді де ұмытқам жоқ. Меркіден Серік Құралбаев, Таластан Сәулембай Әбсадықов, Қордайдан Құрманбек Әлімжанов сияқты өз аудандарының тыныс-тіршілігін жақсы білетін, қаламы ұшқыр журналист ағаларды меншікті тілші етіп қабылдадым. Шу мен Мойынқұм аудандарына меншікті тілші боп Ерғали, Уәлихан деген жастар тағайындалды. Олар да үмітімізді ақтап, қазір аудандық газеттердің бас редакторлары боп отыр. Хатшылық пен компьютер бөліміндегі Әділбек, Жанна бастаған қыз-жігіттермен де қоян-қолтық жұмыс істеп, газет шығатын күндері таң атқанша көз майымызды тауысып, компьютерге тесіліп, қате «іздеп» отыратынбыз. Бір ерекшелігім, газет дизайнына өте қатты мән беруші ем. Жас кезімде сурет салғандығымнан шығар. Менің осы тұрғыдағы ойым мен  ұсынысымды Ернар мен Әсем бастаған қыз-жігіттер айтқызбай түсініп, қағып алып кетті. Фототілші Ақәділ Рысмахан да өте елгезек, айтқан тапсырманы мүлтіксіз орындайтын майталман болды. Жастарды қолдау деген мәселе де ұмыт қалған жоқ. Қарапайым тілші болып жүрген Фариза Әбдікерімованы бірден орынбасарлық қызметке көтеріп, «жастармен жұмыс жаса, солардың тілін тап» деп тапсырдым. «Арайдан» жас ақын әрі журналист Табиғат Абаилдаевты шақырып, мәдениет бөлімінің меңгерушісі еттім. «Жастар газетінде қашанғы жүре бересің» деп Есет Досалыны да шақырып алдым. «Ақ жолда» көп жылдар бойы тілші боп жүрген Ардақ Үсейінова, Маржан Рақай, Шынар Сағиевалар да бір-бір бөлімнің басшылары-меңгерушілері боп шыға келді. «Жасым қырыққа кеп қалды» дегеніне қарамастан Жуалыдан журналист Марат Құлибаевты шақырттым. Марат сенімімді ақтады. Журналистігін былай қойғанда, жазушылар қатарына қосылып, балаларға арнап шағын әңгімелер жаза бастады. Жақында әңгімелері жеке жинақ боп шығып, сол кітабына ақ батамды беріп, алғысөз жаздым. Жуалының тағы бір талдырмаш қызы Эльвира Жарылқасынова да белі майысып жүріп, біраз тапсырмаларды тыңғылықты орындап тастады. Жарнама бөлімін Жүрсінгүл Жақып, есеп-қисап бөлімін Райхан мен Шара дөңгелетіп әкетті. «Көрші редакцияның журналистері айлықтарын екі ай бойы алмапты» деген әңгімелерді құлағымыз шалып  қалатын. Ал біздің есепші қыздар ондай шетін әңгіме айтқызбады. Мерекелі күндері сыйақы да уақтылы беріліп тұрды. «СПК-Тараз» деген үстімізден қарайтын (о заманда, бұ заман, бір облыстың білдей газетін осындай мекеменің құзырына берген облыс әкімдерінің деңгейлерін де көрдік қой) аудиторы мен басшысы тексеріп, мені «сыйақы таратқыш басшы» деп жеккөрінішті етпек те болған. Оны айтасыздар, «айлық  та аласыңдар, қаламақы да аласыңдар, бұл неғылған батпанқұйрық» деп, журналистерімнің гонорарын да қиып тастады. Облыс әкіміне, ішкі саясат басқармасына осыны айтып қаншама рет хат жаздым. Осы үшін «СПК-Таразбен» қанша рет айтыстым, тартыстым. Бүгін осының бәрін ой елегінен өткізіп, өткен жолымызға қарап отырсам, бәрі де әдемі естеліктер екен. Сол естеліктерге қарап журналистік еңбек жолыңның текке өтпегеніне, өміріңнің мәнді де, мағыналы жылдарының «Aq jol» сияқты облыстық газеттің беттерінде шежіре боп хатталып қалғанын ойлап, көңілің марқаяды екен. Елу немесе жүз жылдан кейін облысымыздан әйтеуір бір жанашыр журналист-қаламгер шығып, «Ақ жолдың» архивтегі тігіндісін ақтарып, оның сарғайған беттеріндегі қызықты мақаларға лайықты баға беретініне, сөйтіп Жаңа Қазақстанның жаңа тұрпатты оқырмандарына газетіміздің тағылымды тарихын жеткізетініне кәміл сенемін. Атыңнан айналайын ақжолтай газетім – «Ақ жол»! Сен маған қашанда ыстық, қашанда қымбатсың. Сенің әр нөміріңнен жақсы мақала, әдемі әңгіме, өрнекті өлең оқысам әріптестеріме табан астында телефон шалып, ризашылығымды білдіремін. Ой-пікірлерімді де айтып отырам. «Ақ жол» менің әдебиет деген киелі сөз өнеріндегі тұсауымды ең алғаш кескен ақжолтай газетім. Сондықтан оның жаман аты шыққанын ешқашан қаламаймын. Жүз жылдық тарихи жолың мыңжылдық мұрағаттарға ұлассын, «Ақ жолым!».

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, «Жамбыл облысының мемлекеттік архиві» КММ директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы.

 

Ұқсас жаңалықтар