Ананың мейіріміне бөлене отырып, әкенің қабағынан ығатын

Ананың  мейіріміне  бөлене  отырып, әкенің  қабағынан  ығатын
ашық дереккөз
Ананың мейіріміне бөлене отырып, әкенің қабағынан ығатын
Қазақ халқы қай заманнан ұрпақ тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп, отбасы құндылықтарын бірінші орынға қойған. Әженің әлдиін, атаның ақылын тыңдаған жастар саналы, білімді азамат болып өседі деп бесікте жатқан нәрестені әжелер бесік жырын айтып ұйықтататын болған. Ес біле келе аталар ертеден келе жатқан есті әңгімені немерелерінің санасына құя білген. «Тәрбие – тал бесіктен» деген осы шығар, сірә. Содан да біздің жас кезімізде балалар ананың мейіріміне бөлене отырып, әкенің қабағынан ығатын. «Үлкен тұрып, кіші сөйлегеннен без» деген сол біздің жас шағымызда жиі айтылатын үлкендер тарапынан. Бала тәрбиесіне қатысты мақал-мәтелдер мен ұлылардан жеткен ұлағат әр отбасының жазылмаған қағидасындай еді. Отбасындағы ұрпақ тәрбиесі ұмыт қала бастағалы қашан... Қалада тұратын қазақ отбасыларында бесікке бөленіп жатқан нәрестені көре бермейміз. Ауылда да солай. Біздің ертеңіміз «памперсқа» таңылып, манежде өсіп жатыр. «Әлдиін» айтатын әжелерді де көрмейміз. Ақылын айтатын аталардың да қатары сиреген. Қабағымен ықтыратын әкелер қайда? Аналық мейірімін төге жүріп, түзде жүрген әкенің орнын ауық-ауық ауыстырып қоятын арды ойлаған қайран біздің аналардың орны бөлек еді. Талай жыл өтті, әлдебір басылымнан «Жапондар баланы құрсақта жатқаннан тәрбиелейді» дегенді оқығаным бар. Құрсақта емес, жарық дүниені ашқаннан-ақ бала тәрбиесіне ерекше мән берген қазақ халқы білім мен ғылымнан, ақылы мен парасаты жағынан қай халықтан кем соғып еді. Шынын айту керек, отыз жыл ішінде ұрпақ тәрбиесін естен шығарып алдық. Бала тәрбиесінде жауапкершілік жүгі тек қана мектепке ғана жүктелді. Бала білім ошағынан тыс уақытта құқық бұзушылық жасаса да, тіпті сабаққа себепсіз келмей қалса да сынып жетекшісі жазаланады. Ал енді қылмыстық іске шатылса сынып жетекшісінен бастап, директорға дейін қатаң шара қолданылады. Ата-ананың бала тәрбиесі алдындағы жауапкершілігі ұмыт қалғалы қашан. Осындай-осындайдың кесірінен кейбір отбасыларда безбүйрек жастар тәрбиеленгені кешегі Қазақстанның бірнеше өңірінде өткен лаңкестік әрекеттер кезінде анық байқалды. Сана-сезімі әбден уланып, теріс ағымда кеткен, ақшаның буымен арбалған жастарды былай қойғанда өзіміздің облыс орталығы – Тараз қаласында өткен митингі кезінде облыс басшыларының сөзін бөліп, беттен алып, төске шапқан өрімдей жап-жас жігіттердің әрекетін қалай ғана ақтап аларсың. Мемлекет басшысының Жарлығымен еліміз бойынша Төтенше жағдай жарияланып, коменданттық сағат енгізілді. Өткенде облыста коменданттық сағат 19.00-ден басталғанда Тараз қаласындағы «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті» саябағында түннің бір уағына дейін алаңсыз ары-бері сабылған қыз-жігіттерді іргедегі үйіміздің терезесінен көрумен болдық. Үлкендігіңді білдіріп, ақылыңды айтып көр, беттен ала түссін. Тіпті жұдырық ала жүгіруден де тайынбас. Үлкенді сыйлауды әлдеқашан ұмытқан жастар таяқтаудан тайынбайтынын қаңтардың қаралы күндері көрсетіп берді. Үкімет тарапынан ұрпақ тәрбиесі жайлы кешенді бағдарлама қабылдау қажеттігін еске салды ол қаралы күндер. Енді тым болмағанда санасы уланып үлгермеген, адам қанын жүктемеген, мемлекеттік немесе жекеменшік мүлікті өртемеген, талан-таражға, тонауға қатыспаған жастарға дұрыс бағыт-бағдар беру әрбір ата-ананың мойнындағы аса үлкен жауапкершілік болуы тиіс. Әке мен анаға баланың қасіретін көрсетпесін! Кеше жасақталған жаңа Үкімет құрамы осы мәселеге баса мән беріп, жастар тәрбиесіне арналған кешенді бағдарлама қабылдайтын болса бұрын-соңды қабылданып келген көп бағдарламаның бірі деп қарамай, оның іс жүзінде жүзеге асуын ерекше назарға алса дейміз. Ұрпақ тәрбиесі ата-аналардың немесе қалалардағы, ауылдардағы білім беру мекемелерінің немесе құзырлы органдардың, тиісті басқармалардың, бөлімдердің ғана міндеті деп санамай, барша жұрт болып жұмылу қажет. Қалай болғанда да ел ертеңі жастардың қолында.

Амангелді ӘБІЛ

Ұқсас жаңалықтар