Меркі-Бурылбайтал трассасы қашан толық пайдалануға беріледі?

Меркі-Бурылбайтал трассасы қашан толық пайдалануға беріледі?
ашық дереккөз
Меркі-Бурылбайтал трассасы қашан толық пайдалануға беріледі?
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев аудандарға жұмыс сапарын жалғастыруда. Бейсенбі күні аймақ басшысы Шу, Мойынқұм аудандарында болып, елдімекендердің тыныс- тіршілігімен танысты. Ал, кеше Қордай өңіріне ат басын бұрып, атқарылып жатқан жұмыстарға назар аударды. Жергілікті жұртшылықпен жүздесіп, халықтың талап-тілегіне құлақ түрді.

ШАЛҒАЙ АУЫЛДАР ДА ТАЗА АУЫЗ СУҒА ҚОСЫЛУДА

Екі қабаттан тұратын мектеп ғимараты 1966 жылы пайдалануға беріліп, содан кейінгі 55 жылда бірде-бір рет күрделі жөндеуден өткізілмепті. Мектеп табалдырығын аттаған сəтте-ақ бұрынғы кеңес дəуіріндегі білім ордасына тап болғандай күй кешесің. Оқу жүйесі заманауи көшке іле скенімен, мектептің кескін-келбеті, техникалық базасы өзгермеген. Оны есіктің ағашына жағылған сыры мен қабырғасынан да аңғару қиын емес. Мектеп директоры Гүлнұр Əбілованың айтуынша, 400 орындық білім ошағында бүгінде 172 оқушы білім алуда. Оларға 36 мұғалім дəріс береді.  width= «Мектептің техникалық базасын қалай шешеміз?» – деп сұрады Бердібек Машбекұлы аудан əкімінен. Аудан əкімі Əлихан Балқыбеков мәселені көтеріп, шешу жолдарын қарастырып жатқанын айтты. – Ғылым мен техника дамыған ғасырда ауылда мынадай мектептің бары ұят-ақ. Сендер оның күрделі жөндеуіне қаржы сұрайсыңдар да, соңына дейін жүгірмейсіңдер. Негізі бұл іспен аудан əкімі айналысуы тиіс. Қаржы табатын да, оның көзін іздейтін де əкім. Менің үнемі айтатыным, бір істі бастағанда артынан өзің жүгірмесең жұмыс жарты жолда қалып қояды. Оны бүгін тағы көріп отырмыз. Əйтпесе бұл мектепті биыл-ақ күрделі жөндеуден өткізіп қояр едік, – деді облыс əкімі. Мектеп ауласында ауыл қарияларымен кездесіп, олардың ұсыныс пікірін тыңдаған аймақ басшысы алдағы жылы мектепті күрделі жөндеуден өткізуге қаржы бөлетінін жəне интернет мəселесін де шешіп беретінін айтып қуантты. Облыс əкімі Қарабөгет пен Сарыөзек елді мекендерінде де болып, ондағы құрылысы аяқталған сумен жабдықтау және су тарату ғимараттарының жұмысымен танысты. Тəуелсіздік мерекесі қарсаңында берілген нысанның құрылысына «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 640,7 миллион теңге бөлінген. Оның құрылыс жұмысын «СМК и Ж-7» ЖШС жүргізген. Бүгінгі таңда екі елді мекенде 136 аула таза ауыз суды тұтынуда. Мердігер өкілі Момынхан Наурызов жерасты суын 117 метр тереңдіктен ұңғыма қазып шығарып, су жинау стансасына 10 километрден тартып отырғанын айтты. Бір ғана Қарабөгеттегі су сақтау қоймасында 350 текше метр су жиналады. Ол 94 ауланы таза ауыз сумен қамтуға молынан жетеді екен. Ал қазылған су ұңғымасындағы су қоры 50 жылға жетеді дейді мердігер өкілі. Ауыл ақсақалы Уəлихан Бидайбеков осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Тəуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында таза ауыз суға қосылған ауыл тұрғындары атынан аймақ басшысына елдің алғысын жеткізді. Облыс əкімі аудан орталығы Мойынқұм ауылындағы «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында салынған құрылыс жұмысымен танысты. Аудан орталығындағы Б.Момышұлы атындағы орталық стадионда болып, құрылыс жұмысының барысын көрді. Нысанның құрылыс жұмысын «Әділ-Құрылыс и К» ЖШС жүргізуде. Оның жобалық құны 194,7 миллион теңгені құрайды. Бірақ мердігер құрылыс кестесінен бір айға кешігіп келеді екен. Облыс əкімі Бердібек Машбекұлы мердігер жұмысына сын айта келіп, сапаны назардан шығармауды тапсырды. Ал аудан əкіміне нысан айналасын абаттандыруды міндеттеді. Сонымен қатар аймақ басшысы тұрғын үй кезегінде тұрған көпбалалы жəне аз қамтылған отбасыларға берілген 8 баспананы көрді. Бұл үйлерді «Жол Де Люкс» ЖШС салыпты. Оның құрылысына «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында бюджеттен 109,2 миллион теңге бөлініп игерілген. Онда барлық жағдай жасалған. Тəуелсіздік мерекесі қарсаңында баспаналы болған көпбалалы ана Арайлым Рүстембекова жаңа шаңырағына көшіп алыпты. «Бұған дейін ата-енеміздің қолында тұрып келдік. Енді жұбайым екеуміз төрт баламен өз үйімізге көшіп алдық. Тұрғын үй кезегіне тұрғанымызға көп бола қоймаса да, жаңа баспаналы болғанымызға балаларымыз да қуанып жүр», – деді ол. Аймақ басшысы жұмыс сапары барысында №8 Мойынқұм колледжінің жұмысымен танысты. Аудандағы жұмыс сапарының соңында облыс әкімі аудан активімен кездесті. Аудан əкімі Əлихан Балқыбеков ауданның 11 айдағы əлеуметтік-экономикалық даму көрсеткішіне тоқталып, баяндама жасады. Облыс əкімі Бердібек Сапарбаев аудан басшылығына жұмыс қарқынын бəсеңдетпей, жылды жақсы көрсеткішпен қорытындылауды тапсырды.

ЖЕРДІ САУДАҒА САЛУҒА БОЛМАЙДЫ

Кен өндірісі бойынша Шу ауданының шоқтығы биік. Облыс əкімі Бердібек Сапарбаев ауданға барған іссапарында «Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС «Шатыркөл-Жайсан» кен байыту фабрикасына арнайы атбасын бұрды. Серіктестіктің бас директоры Саят Бакировтың айтуынша, 2000 жылы іске қосылған кеніште алғашында мыс жер бетінен алынса, 2004 жылдан бастап жер астынан өндірілуде. Онда 290 адам жұмысқа тартылған. Бұдан бөлек, кен байыту фабрикасымен серіктестікте 17 компания бірлесе жұмыс істеуде, олар 500-ге жуық жұмысшыны жұмыспен қамтып отыр. Жылына 620 мың тонна мыс кені өндіріледі. Кен 200 метр тереңдіктен алынуда. Өткен жылы 11741,4 миллион теңгені құрайтын 670,4 мың тонна мыс кені өндірілсе, биылғы 10 айда 727 мың тонна кен өндірілген. Қазіргі таңда «Шатыркөл» кен орнынан бөлек «Жайсан» кен орны салынуда. Серіктестік кен өндірісіне 49 миллиард теңге инвестиция тартқан. Екі кен орны жұмысын бастаған сəтте оның жылдық қуаты екі есеге арттырылмақ. Онда мыстың мол қоры бар, оны 2042 жылға дейін өндіруге болады. – Жобаның екінші кезеңін іске асыруды 2023 жылдың желтоқсанында аяқтау көзделген. Толық қуатына көшкенде жұмысшы саны 2000-ға арттырылмақ. Шатыркөл мен Жайсан арасына жол салынады. Табыс та 30 миллиардқа дейін арттырылатын болады, – деді серіктестіктің бас директоры. Облыс əкімі республикалық өңірлік коммуникациялар алаңында журналистерге берген сұхбатында осы кен орнына қатысты сұрақ қойылғанын айта келіп, «Сол кездесуде журналистер кен тасымалымен айналысушылар руданы ашық тасымалдайды. Жол-жөнекей кен тастары шашылып жатыр. Оның экологияға тигізетін зияны қанша, одан ауаға радиация бөлінеді деген сияқты əңгіме айтқан болатын. Мен оларға «Қазақмыс Корпорациясына» өзім барып, компания өкілдерімен кездесемін деген едім. Оларға Сіздердің компанияларыңыз жауапты компания екенін, экологиялық талаптарды орындайтындығын айтқан болатынмын. Сондықтан кен орнында, оның маңайындағы елді мекендердің экологиялық ахуалын бақылауға алу үшін қандай шара жасап отырсыздар?» – деп кен байыту фабрикасының басшылығына сұрақты төтесінен қойды. Компания басшылығы экологиялық талаптарды сақтауға уəде берді. Бұл жұмысты облыстың экологиялық департаменті мен санитарлық эпидемиологиялық қадағалау басқармасы өз бақылауына алатын болды. Келесі кезекте облыс əкімі Бердібек Сапарбаев Шу-Бурылбайтал автожолының Шу өзенінен өтетін жəне Меркі-Шу автожолының Шу қаласы аумағындағы темір жолының ашылуына қатысты. «Қазавтожол» ҰҚ АҚ-ның облыс бойынша филиалының директоры Айжан Туғанова жалпы жолдың жайын баяндады. Оның айтуынша, «Шу қаласын айналып өту» жобасының құны 4,1 миллиард теңгені құрайды. Құрылыс жұмысы 2019 жылы басталған, аяқталуы 2022 жылдың қараша айы. Ал жолдың жалпы ұзындығы 266 километр. Оған қаралған қаржы 98 миллиард теңге. Бүгінгі таңда Меркі-Шу-Бурылбайтал автожолының 257 километрі пайдалануға берілген. Сондай-ақ Меркі-Шу автожолының Шу қаласы аумағындағы темір жолдан өтетін көпірді «Синьсин құрылыс жəне дамыту қытай компаниясы» ЖШС салған. Оларға бөлінген жоба құны 9,1 миллиард теңгені құрайды, ал мердігер жол құрылысын аяқтауды 2022 жылға межелеген. Серіктестік директоры Чжао Юедоу жыл соңына дейін жолдың бір бетін пайдалануға беруі тиіс болса, бірақ оны мерзімінен кешіктіргендіктен көктемге дейін тапсыруға уəде етті. Сонымен қатар Бердібек Машбекұлы Төле би ауданындағы «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында салынған «Оқушылар сарайының» ашылуына қатысып, ауыл тұрғындарының қуанышын бөлісті. Жаңа орталықта 3 мың баланың білім алуына барлық мүмкіндік жасалған. Аймақ басшысы Ескі Шу ауылдық округіне қарасты Белбасар ауылының тұрғындарымен кездесті. Кездесуде ауыл тұрғындары бір-екі ай бұрын егістік жерге өткізілген аукционға келіспеушілік білдірген. Ауыл тұрғыны Оразбай Əзімбаев аукционға қатысып 6 гектар егістік жерді ұтып алғанын айтты. – Бір ауылда тұрып айтысып-тартысып жатырмыз. Бұл өзі қызық жай болды. Аукционға қатысып жер ала алмай қалғандар біздің үстімізден арыз жазып жатыр. Сотқа да беріп қойды. Осылайша бір ауылда отырып бір-бірімізге алакөз болып қалдық. Жерімізді игерейік десек жұмыс істетпейді. Ертең жерімізден айырылып қаламыз ба деп қорқамыз. Осы мəселені шешуге өзіңіздің араласуыңызды сұраған едік. Біздің өтінішімізді жерде қалдырмай келіп отырсыз. Мəселені заң аясында шешіп беруіңізді сұраймыз, – деді ол. Халықтың арыз-шағымын мұқият тыңдаған облыс əкімі Бердібек Машбекұлы мəселені жан-жақты саралай келіп, ауыл тұрғындарын ортақ мəмілеге келуге шақырды. – Жастардың міндеті үлкенді тыңдау, үлкеннің міндеті елдің ынтымағын ұйыстыру. Айқай шумен ештеңе шешілмейді. Президентіміздің ұстанған жолы халық үніне құлақ асатын мемлекет құру. Сол бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Мен сіздерді тыңдадым. Жер халықтікі. Жерді саудаға салуға болмайды. Сіздердің ұсыныстарыңызбен жұмыс комиссиясын қайта жасақтап, қайта жібереміз. Округтегі барлық жерге тексеріс жасаймыз. Бəрі заңмен шешіледі. Ешкім заңды бұза алмайды, – деді облыс əкімі. Шу ауданындағы жұмыс сапарының соңында облыс әкімі аудан активімен кездесті. Аудан əкімі Нұржан Календеров ауданның 11 айдағы əлеуметтік-экономикалық даму көрсеткішіне тоқталып, баяндама жасады. Облыс əкімі Бердібек Сапарбаев ауданда атқарылған жұмысқа жақсы деген баға беріп, аудан басшылығына жұмыс қарқынын бәсеңдетпеуді тапсырды.

ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНЫҢ АТЫН ӘЛЕМГЕ ТАНЫТТЫҢЫЗДАР

Аймақ басшысының жұмыс сапары Қордай ауданында жалғасын тапты. Бердібек Сапарбаев Гвардейск қалашығындағы Биологиялық қауіпсіздік проблемаларын ғылыми-зерттеу институты қасындағы биофармацевтикалық зауыттың іргесінен салынып жатқан жаңа өндірістік цехтың құрылыс жұмысымен танысты. Цехтың жобалаушысы «Гипрогаз Компани» ЖШС болса, құрылысын «Ка-Строй ЛТД» ЖШС жүргізуде. Мердігер цех жұмысының іргетасын қазан айында қалапты. Нысанды тапсыру 2022 жылдың наурыз айына жоспарланған. Жоба құны 20 миллиард теңгені құрайды. Жоба директоры Бақыт Бектұрғановтың айтуынша, қазіргі таңда құрылыс алаңында бетон құю жұмыстары жүргізілуде. Жертөлесі бітіп, бірінші қабаттың бетон бағандары тұрғызылуда. Ақпан айының ортасына дейін монтаждау жұмыстарын аяқтап, шатырын жабу жоспарланған. Сонымен қатар сыртқы жəне ішкі инженерлік жүйе мен əрлеу жұмыстары бірге атқарылмақ. Мердігер жоспардағы мерзімде құрылыс жұмысын аяқтаймыз деп уəде етті. Облыс əкімі жаңа цехты мердігерге кестеден кешікпей мерзімінде тапсырып, мамырға дейін іске қосу керектігін ескертті. – Қазір күн санап құрылыс заттары қымбаттау үстінде. Сол үшін құрылыс заттарымен қатар цехқа, ғалымдарға қажетті құрал-жабдықтарды қымбаттамай тұрып сатып алу қажет. Тапсырысты қазірден бере берсе болмайды ма? – деп сұрады. Бұл шаруаны да мердігер күні бұрын ойластырып, тиісті мекемелерге тапсырыс беріп қойыпты. Бір-екі ай бұрын ғана институт қызметкерлеріне арналған 3 көпқабатты 180 пəтерлі тұрғын үй мен спорттық-сауықтыру кешені пайдалануға берілген еді. Оның ашылу салтанатына аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев қатысып, ғалымдардың қуанышымен бөліскені институт қызметкерлерінің есінен шыға қойған жоқ. Енді құрылысын «Базис ДорСтрой» ЖШС салған спорттық-сауықтыру кешенінде облыс əкімі институт қызметкерлерімен кездесті. – Тəуелсіздіктің 30 жылында жеткен жетістігіміз көп. Соның бірі Сіздердің өлкеде салынған вакцина зауыты. Бұл біздің Тəуелсіздік жылында жеткен үлкен жетістігіміз болды. Былтыр басталған індет əлем халқын онымен күресуге жұмылдырды. Осы бір сын сағатта ел ғалымдары вакцина ойлап тауып, дүниежүзіне біздің елде де мықты ғылымдардың барын танытты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен 9 айда зауыт салынды. Оған қосқан сіздердің де үлестеріңіз зор. Ғалымдардың алаңсыз жұмыс істеуі үшін Мемлекет басшысы көпқабатты тұрғын үй салуды да тапсырған болатын. Бұл тапсырма орындалып, 180 пəтерлі 3 көпқабатты тұрғын үй мен жабық спорт кешені пайдалануға беріліп отыр. Бұл бір сөзбен айтқанда зауыт қызметкерлерінің алаңсыз жұмыс істеуі жəне демалуы үшін барлық жағдай жасалды деген сөз. Сіздер өз жұмыстарыңыз арқылы Жамбыл облысының атын əлемге таныттыңыздар, – деді. Кездесу соңы марапатқа ұласты. Бердібек Машбекұлы осы мүмкіндікті пайдалана отырып институт қызметкерлеріне «Халық алғысы» медалін, «Жамбыл облысына еңбегі сіңген» төсбелгісін жəне облыс əкімінің Құрмет грамотасын тапсырды. Биологиялық қауіпсіздік проблемаларын ғылыми-зерттеу институтының директоры Күнсұлу Закарья институт қызметкерлері атынан сөз алды. – Біздің институттың жандануына, əлемдік деңгейде жұмыс істеуіне облыс əкімі Бердібек Машбекұлының қосқан үлесі зор. Вакцина зауытын салуда да қолдау білдірді. Осында талай рет келіп, жағдайымызды əрдайым біліп отырды. Баспана салып, алаңсыз жұмыс жасауымызға мүмкіндік берді. Ең бірінші осы жобаға қолдау білдірген Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевқа, облыс басшылығына айтар алғысымыз шексіз, – деп алғысын жеткізді. Аудандағы жұмыс сапарының соңында облыс әкімі аудан активімен кездесті. Аудан əкімінің міндетін атқарушы Бекзат Болатбеков ауданның 11 айдағы əлеуметтік-экономикалық даму көрсеткішіне тоқталып, баяндама жасады. Облыс əкімі Бердібек Сапарбаев ауданда атқарылған бірқатар жұмыстарға тоқталып, қанағаттанарлық баға беріп, аудан басшылығына жұмыс қарқынын бəсеңдетпей жылды жақсы көрсеткішпен қорытындылауды тапсырды.  

Марат ҚҰЛИБАЕВ,

Мойынқұм, Шу, Қордай аудандары.

Ұқсас жаңалықтар