Батырдың мұраларын жинақтау ісі жалғаса бермек

Батырдың мұраларын жинақтау ісі жалғаса бермек
ашық дереккөз
Батырдың мұраларын жинақтау ісі жалғаса бермек
Халқының дара перзенті, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының есімі халық жадында қашанда қастерлі. Туған халқы Баукеңе «Халық қаһарманы» деген атақты (ресми берілмесе де) әлдеқашан беріп қойған. Бауыржан мұраларын қастерлеу қай кезде де аса маңызды іс. Бұған дейін батырдың 100 жылдығына орай 30 томдық кітап жарық көрген болатын. Оған белгілі ғалым Мекемтас Мырзахметұлы басшылық жасаған. Енді міне, араға біраз жылдар салып, Алматыдағы «Өнер» баспасынан Бауыржан Момышұлы мұраларының 31,32 томдығы шығып отыр. Бұл кітаптар Баукеңнің 110 жылдығына орай ойластырылған. Оған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі қолдау білдірген. Бірақ былтырғы карантин жағдайына байланысты бұл томдықтар биыл жарық көріп отыр. Кітапты құрастырушы, редакциялық алқасының төрағасы – белгілі абайтанушы ғалым, әлемдік түріктанушы, филология ғылымдарының докторы Мекемтас Мырзахметұлы. Одан кейінгі еңбек М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті «Бауыржантану» ғылыми- зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері, педагогика ғылымдарының магистрі Әлімбай Найзабаевтікі екенін айта кеткен жөн. Екі томдық еңбектің жарық көруіне облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қолдау көрсетіп, Серік Үмбетов, Елен Әлімжан, Бекет Момынқұл, Мейрамбек Төлепберген,Әшірбек Көпіш және М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің ректоры Талғат Ешенқұлов мырзалар үлестерін қосқан. Ал енді кітаптың мазмұны жайлы айтатын болсақ, 31-томның «Қойын дәптерлер құпиясы» атты бірінші бөлімінде батырдың тарихи жазбалары, хаттар мен пікірлері, замандастарына айтып қалдырған ойлары, өткір мінезі мен қаһармандығын дәлелдейтін дүниелер көп енгізілген. Майдангер жазушы Әзілхан Нұршайықов пен мемлекет қайраткері Ильяс Омаровтың жеке мұрағаттық қорынан алынған жазба деректер, фотосуреттер де көпшілікті қызықтырып, толғандыратыны анық. Бір айта кетерлігі, бұл томға облыстық «Аq jol» газетінде басылған Баукең жайлы бірнеше мақалалар да қамтылыпты. Ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Тұманбай Молдағалиевтің ер Баукең Абай атындағы сыйлықты алған кезде құттықтап жазған өлеңі де көпшіліктің көңіліне жылы әсер қалдырады деген ойдамыз. «Батырдың хаты» тақырыбымен берілген Баукеңнің Мәлік Ғабдуллинге жазған хаты да оқырман үшін қызықты. Батырдың Таубұзардың немересі Бекетке өлеңмен жазған сәлемі, «Жүрекпен жырлап толғаймын» атты орыс тілінен аударылған (аударған Ә.Найзабаев) өлеңі де көпшілікті бейжай қалдырмайтын шығармалар. Осы томның екінші бөлімінің «Ноқтаға басы сыймаған» деп аталуы да бекер емес. Бұл бөлім Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның «Ноқтаға басы сыймаған» (Бауыржан батыр) атты екі бөлімді музыкалы драмасымен ашылған. Мұнан соң жазушы-драматург Елен Әлімжанның «Полковниктің жарияланбаған жазбалары» атты екі бөлімді драмасы қамтылған. Бұл шығарма да ерекше әсерлі. Мағира Қожахметованың «Тосын сыр- сұхбат» атты үш актілі, түрлі көріністі драмасы да оқырманға аса керекті дүние. Ол да осы томға енгізіліп отыр. Белгілі ақын Жәркен Бөдешовтың Баукең жайлы «Жұлдызтас» атты драмалық дастаны да осы томның салмағын ерекше көтеріп тұр. Бір сөзбен айтқанда, аталған томда аса қажетті, маңызды материалдар терең қамтылған. Ал орыс тіліндегі 32-томы да аса тартымды. Онда да ерекше, маңызды материалдар өте мол. Әсіресе Баукеңнің өз қолымен жазылған, бұрын көзге түспей келген блокноттары табылып, ондағы жазбалар осы томда қамтылып отыр. Бауыржан батырдың жан сыры, жүрек толғанысы осы жазбаларда айқын көрініс тапқан. Аталған екі томдық оқырмандар үшін аса құнды дүниеге айналатыны анық. Осы орайда Бауыржан Момышұлы мұраларын талмай зерттеп жүрген маман Әлімбай Найзабаев: «Біздің орталықтың бұрынғы қызметкері Мұхамеджан Кәтімханның айтуынша, Ресейдің архивтерінде Бауыржан Момышұлының 12 мың бет материалдары бар екен. Оны жинасақ, Баукеңнің мұралары жүз томға жетеді», – дейді. Демек, батыр Бауыржан Момышұлының мұраларын зерттеу, жинақтау алдағы жылдарда да жалғасын таба береді деген сөз.

Есет Досалы

Ұқсас жаңалықтар