Мемлекеттік-жекешелік әріптестік: Жобалар жемісін берді ме?

Мемлекеттік-жекешелік әріптестік:   Жобалар жемісін берді ме?
ашық дереккөз
Мемлекеттік-жекешелік әріптестік: Жобалар жемісін берді ме?
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен  мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясындағы жобаларды жүзеге асыру мәселелері туралы кеңес өтіп, бірқатар жауаптыларға жұмысты ширату тапсырылды. Кеңесте аталған бағытта жүзеге асуы тиіс жұмыстың көп, уақтылы орындалмаған тапсырмалардың аз емес екендігі байқалды. Алдымен  облыс әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Сандуғаш Абдралиева баяндама жасап, бірқатар өзекті мәселелерді айтып өтті. Баяндамашы айтып өткендей, биыл 1 қарашадағы жағдай бойынша облыста мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында жалпы құны 10,9 миллиард теңгені  құрайтын 70 жоба іске асырылып, 8,6 миллиард  теңгеге  мемлекеттік міндеттемелер қабылданыпты. Оның ішінде 34 жоба жеке әріптестің шығындарын толық өтеуді, 1 жоба ішінара өтеуді қарастырады.  ҚР Ұлттық экономика министрінің 2021 жылғы 11 қаңтардағы №6 бұйрығына сәйкес облыстың мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша лимиті 2022 жылға 54,4 млрд. теңге сомасында бекітіліп, қабылданған міндеттемелерді ескергенде бос лимит көзі 45,7 млрд. теңгені құрайды. Бұл сома 29 денсаулық сақтау нысандары бойынша міндеттемелердің өзгеруіне, Тараз қаласындағы көшелерді жарықтандыру жобасы бойынша сот шешіміне сәйкес келісімшарттың бұзылуына, «Сергек» жобасы бойынша міндеттемелердің қабылдануына байланысты өзгеруі де мүмкін екен. Жалпы  Тараз қаласында – 14, Жуалыда – 12, Шуда – 10, Байзақта – 9, Жамбыл, Меркі аудандарының әрқайсысында – 8, Таласта – 3, Қордай, Сарысу, Т.Рысқұлов аудандарында 2 жобадан іске асырылған. Мойынқұм ауданында бүгінгі күнге дейін бұл бағытта ешқандай жоба жүзеге аспаған. Сонымен қатар өткен жылдың қорытындысы бойынша Ұлттық экономика министрлігінің тарапынан мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалардың іске асырылуына бағалау жүргізіліп, 54 жоба бойынша ескертулер беріліпті. Ескертуден нәтиже шығару жағы да мәз емес.  Аталған 70 жобадан бөлек облысымызда тағы  18 жоба іске асыру және қарастыру сатысында, оның ішінде: білім саласы бойынша 14 жоба, оның 9 жобасы – конкурс сатысында, 4 жоба бойынша конкурстық құжаттамаларға түзетулер енгізілуде, 1 жоба – орта мектеп салу. Энергетика саласында 9,7 миллиард теңге бойынша жобаны  іске асыруға  ұсыным түсті. Жобаның сметалық құны алдын ала есептеулер бойынша 12,0 миллиард теңгені құраған. Жобаны  «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында республикалық бюджет қаражаты есебінен іске асыру мүмкіндігі бар. Бұдан бөлек, Тараз қаласында орналасқан 219 көшеде жарық шамдарды орнатуға 2 әлеуетті жекеше әріптес тарапынан ұсыныстар түскен. Бұл – «Батыс Транзит» ЖШС тарапынан 9,1 миллиард теңгеге 219 көшеге 6850 дана жарық диодты шамдарды орнату және «TEK LED» ЖШС тарапынан 5,6 миллиард теңгеге 219 көшеге 6 183 дана жарық диодты шамдарды орнату бойынша жобалар. Тараз қаласында жалпы 1330, оның ішінде бұрылыстар мен тұйықтарды есепке алмағанда 798 көше бар. Оның 248 көшесі жарықтандырумен толық қамтылған. Қалған жарықтандыруды қажет ететін 550 көшенің бірқатарында шам ілетін тіректер бар, ал бірқатарында мүлдем жоқ. Тараз қаласы әкімдігі аталған 550 көшенің ағымдағы жағдайына талдау жүргізуде. «Тараз қаласындағы қауіпсіздікті және жол қозғалысы трафигін талдаудың зияткерлік жүйесін енгізу» бойынша МЖӘ жобасын іске асыру жоспарлануда. Жобаның құны 5,3 миллиард теңге, оның ішінде инвестициялық шығындарды өтеу 1,2 миллиард теңге, операциялық шығындарды өтеу – 3,5 миллиард теңге, қолжетімділігін қамтамасыз еткені үшін сыйақы – 0,6 миллиард теңге. Жобаның бизнес жоспары экономикалық сараптама қарауында. Ал 8,9 миллиард теңгеге «Тараз қаласында жедел медициналық жәрдем станциясын салу және 4 санат үшін 31 санитарлық автомашина сатып алу» жобасын іске асыру ұсынылған. Жобаның құны облыстың МЖӘ лимитінің 2 пайызынан асқандықтан Ұлттық экономика министрінің 2014 жылғы 5 желтоқсандағы 129 бұйрығына сәйкес Қазақстандық МЖӘ орталығына келісуге жіберілуі тиіс. Ол үшін денсаулық сақтау басқармасының инвестициялық ұсынымы қарастырылып, кемшіліктер анықталып, пысықталуға қайта жолданды. Ел Президентінің 2025 жылға дейін 1000 мектеп салу тапсырмасын орындау аясында 2 мектептің (Қордай ауданы, Тараз қаласы) құрылысын мемлекеттік жекешелік әріптестік аясында іске асыру ұсынылуда. Бұл бағытта жобаны іске асыру механизмдерінің құнына талдау жасалды. «Базис-А» ЖШС ұсынған МЖӘ тетігі бойынша 1200 орындық мектеп құрылысының құны 5,6 миллиард теңге болса, бюджеттік инвестициялық жоба  ретінде іске асыру құны 3,7 миллиард теңгені құраған. Баяндамашы осыған орай, білім басқармасына жан басына шаққандағы қаржыландыру сомасына кіретін шығындарды ескере отырып, жобаны іске асырудың тиімді механизмін таңдау қажеттігін де айтып өтті. Бұл баяндауларға облыс әкімінің көңілі толған жоқ. «Осы мемлекеттік-жекешелік әріптестік болған соң, жекеменшік иелерінің өздерінің салып жатқан қаржылары қайда? Неге біз бюджеттен қаржы бөлген соң, оның тиімділігін көрмейміз? Былтыр да бірнеше жобаға қаражат бөлдірттіңіздер. Салығы мен бюджеттің шығыны қайтады дедіңіздер. Ал қазір 1,5 миллиард теңге берешегіміз бар дейсіздер. Энергетика, денсаулық, білім, спорт басқармалары жобалардың тиімділігі туралы қашан ойланады? Мәселен, Тараз қаласында 550 көшеде жарық жоқ. Қала тұрғындары маған да жазып жатыр. Бұл деген сұмдық қой. Көшеге жарық тартып берейік. Оның тиімді жолы қандай? Талдау бар ма осыған?» – деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев. Осы жерде облыс әкімдігі энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаев: «Бердібек Машбекұлы, біз біршама зерделедік. Таразда шам ілетін тіректері бар 96 көше тізімге алынды. Бұл көшелерге ағымдағы жөндеу жүргізетін болсақ, бір шақырым жерге 4 миллион теңге жұмсалады. Егер жоба жасайтын болсақ, бір шақырым жерге 8 миллион теңге шығын шығады», деп түсіндіріп өтті. Денсаулық саласы бойынша 29 жоба қанағатсыз жағдайда болса, білім, спорт салаларында салынатын нысандардың құны едәуір көп. «Бір мектепті 3,7 миллиард теңгеге салу деген қалай? Алтын жалатылған мектеп пе?» – деп сұрады өңір басшысы. Бұл сауалға білім басқармасының басшысы Бейқұт Жамангозов мардымды жауап бере алмады. «Мектеп 1200 орындық, барлық заманауи құралдармен жабдықталған» деуден әрі аспады. Ал «Сергек» бойынша облыстық полиция департаментінің басшысы Жанат Сүлейменов те сөз алып: «Биыл жол ережесін бұзушылардан 1 миллиард 200 миллион теңге айыппұл түсті. Бұл жоба өзін ақтауы мүмкін. «Сергекті» облыс әкімдігі сатып алса. Кейбір облыстарда мұндай тәжірибе бар», деді. Бұл ретте облыс әкімінің орынбасары Талғат Мамаев: «Рас, биыл «Сергектен» түскен айыппұл көлемі қомақты болды. Бірақ бұл жылда осындай қаржы түсіп тұрады деген сөз емес. Бір айыппұл төлеген жүргізуші келесіде сақ жүреді. Ереже бұзбайды. Біздің мақсатымыз – айыппұл жинау емес, жол ережесінің бұзылуына жол бермеу», деді. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жиынды қорытындылай келе:  «Бір сөзбен айтқанда, тиісті басқармаларда, бірқатар аудандарда жұмыс жүйелі емес. Мойынқұм ауданында бір жоба да жасалмаған. Біз мемлекеттің қаржысын жұмсай бермей, жекеменшіктің де әлеуетін пайдалануымыз қажет. Мектеп саламын деп құлшынып отырған кәсіпкерлер бар. Мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің қанат жаюына жол ашуға тиіспіз.  Жаңағы 3,7 миллиард теңгеге салынғалы жатқан мектептің құрылысына талдау жасаңыздар. Өзге облыстармен салыстырыңыздар. Денсаулық, спорт, энергетика салаларына да айтарым осы. Бұл жұмыстардың тез арада жүзеге асуын, ретке келуін орынбасарым Талғат Шариұлына тапсырамын. Мемлекеттің берген әр қаржысының сұрауы бар. Оны ұмытпайық. Қашанда тиімді жағын, үнемдеу жағын ойлауымыз қажет», деді.

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар