Жамбыл облысы жеті көрсеткіш бойынша алда тұр

Жамбыл облысы жеті көрсеткіш бойынша алда тұр
ашық дереккөз
Жамбыл облысы жеті көрсеткіш бойынша алда тұр
ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздің 2021 жылғы қаңтар-шілдедегі әлеуметтік-экономикалық дамуының және республикалық бюджеттің орындалу қорытындылары қаралды. Үкімет басшысы Қазақстан экономикасында төрт ай қатарынан сенімді өсім байқалғанын атап өтті. Жеті айдың қорытындысы бойынша ЖІӨ өсімі 2,7% құрады. Экономиканың нақты секторы өсімнің негізгі драйвері болып қала береді. Серпін өнеркәсіптегі (+2,5%), құрылыстағы (+11,1%) өндірістің өсуімен, сондай-ақ ауыл шаруашылығындағы тұрақты өсу қарқынымен (+2,4%) қамтамасыз етілді. Өнеркәсіптегі өсім 2,5%-ға, өңдеу секторындағы өндірістің 5,9%-ға ұлғаюы есебінен қамтамасыз етілді. Өндіріс қарқынының артуына фармацевтика өндірісінің (+38,9%), машина жасаудың (+22,7%), оның ішінде автомобиль жасаудың (+34,7%) және локомотивтер мен вагондар өндірісінің (+37,7%), мұнай өңдеудің (+8%), жеңіл өнеркәсіптің (+5,4%), азық-түлік өнімдері өндірісінің (+3,9%) және химия өнеркәсібінің (+1,9%) өсуі ықпал етті. Құрылыс секторында 11,1%-ға және тұрғын үйді пайдалануға беруде 10,3%-ға немесе 7,7 млн м² жоғары өсу қарқыны байқалады. Сақталып отырған шектеу шараларына қарамастан, саудадағы (+9,1%) және байланыстағы (+12,5%) жоғары динамика есебінен көрсетілетін қызметтер секторында өсу қарқыны (+2%) артуда. Ауыл шаруашылығы саласында мал шаруашылығындағы тұрақты өсу қарқыны (+3,4%) есебінен 2,4% деңгейінде тұрақты өсу қарқыны байқалады. Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсуі (НКСИ) тау-кен өндірісін есептемегенде 18,3%-ды құрады. НКСИ жоғары көрсеткіштері құрылыста (+129,6%), өңдеу өнеркәсібінде (+82,9%), ақпарат және байланыс саласында (+48%), ауыл шаруашылығында (+45,5%), саудада (+40%) байқалады. Осы жылдың 7 айының қорытындысы бойынша Алматы, Жамбыл, Маңғыстау облыстары және Шымкент қаласы барлық 7 негізгі макрокөрсеткіш бойынша, Ақмола, Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстары және Нұр-Сұлтан қаласы 6 көрсеткіш бойынша, Атырау, Шығыс Қазақстан облыстары және Алматы қаласы 5 көрсеткіш бойынша әлеуметтік-экономикалық даму өсімін қамтамасыз етті. Батыс Қазақстан облысы ең төменгі көрсеткіштерге ие. Үкімет басшысы әкімдіктерге әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын ұстап тұру шараларын күшейтуді және ерекше бақылауға алуды, Ұлттық экономика министрлігіне және мүдделі мемлекеттік органдарға биылғы тамыз айының соңына дейін инфляцияға қарсы ден қою шараларының кешенін, сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын ұстап тұру жөніндегі шаралардың жаңа топтамасын қабылдап, іске асыра бастауды тапсырды. «Барлық өңір  әлеуметтік-экономикалық дамудың жоспарланған көрсеткіштеріне қол жеткізуді және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алға қойған міндеттерді тиімді іске асыруды қамтамасыз етуі қажет», – деді А.Мамин.

ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметі.

Ұқсас жаңалықтар